Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚЫННЫҢ МАХАББАТЫ

АҚЫННЫҢ МАХАББАТЫ

Жалғасы. Басы №94 санда
 
Біршамадан кейін қыздар үйлеріне қайтатын болды. Сол сәтте Серік ақын әлі де қысылып-қымтырылып отырған Күләйға: «Ешкімге көңіл бөлме! Екі жылдан кейін институт бітірген соң өзім келіп алып кетемін. Мен хат жазуға салақтаумын. Жасырмаймын. Хат келмесе, ренжіме...» деді. Күләйдің құлағында ақынның осы сөздері қайта-қайта жаңғырып тұрғандай боп қалды. 
Келесі күні қонақтар таңертеңгі ұшақпен Қасқақұланға ұшып кетті.
Жасы он жетіге қараған Күләй қыз ештеңе түсініп жарытпады. Тіпті, сол бір күн бойы ақын жігіттің бетіне дұрыстап та қарамапты. Бұл әлгі қыз бен жігіттің арасында болатын махаббат па деп ойлайды. Бірақ ой түбіне жете алмайды. Тек арғы бір түйсікпен ақын жігіттің өзіне шын ниеті ауғанын ғана сезеді.
Бір айдан кейін Күләй қыз 9-сынып бітіріп, мектеппен қоштасты. Бұдан әрі оқимын дегендер кешкі мектепке жазылып білім алуға, 11-сыныпты бітіруге мұмкіндіктері бар. Қос құрбысымен бірге Күләй да кешкі мектепке тіркеліп, ауылдағы Әбужан Сариев басқаратын рабкопқа есепшінің көмекшісі болып жұмысқа тұрды.
Уақыт зымырап өтіп жатты. Атабай мұғалім Қызылорда қаласына өз шаруаларымен барып келген. Келген күні Күләйға «Серіктен...» деп тілдей қағаз қиындысын ұсынған. Қасындағылардан жасырып сыртқа шығып көз жүгіртті. «Күләй! Аман-есенбісің? Келер жылы оқу бітіремін. Іздеп барамын. Кетіп қалма!» деп ғана қып-қысқа жазылыпты. Ақыннан алыстан жолдаған сәлемі жүрегін дір еткізгенімен де, хат сөзінің соншама шолақтығы таң қалдырды. Бірақ тілдей қағазды үйдегі өзі қолдан тастамайтын әдемі кітапшасының ішіне ұқыптап салып қойды. Жүрегінде сол бір ақын жігітке деген бір сағыныш оянған секілді. Кейде тілерсегіне түсетін ұзын шашын ұзақ-ұзақ тарап тұрып ойлана қалғанда, дереу әлгі хатты қолымен аялай ұстап, айналдырған екі ауыз сөзді қайта-қайта оқып тұрғанын сезбей қалады.
Бір күні Күләй кеңсеге келгені сол еді, еден жуушы әйел: «Сені бір жігіт іздеп келді. Бұл жақтың адамы емес сияқты. «Қазір келеді» дедім» деді. Сөйткенше бұдан үш жылдай уақыт бұрын көрген Серік ақын күлімсірей кіріп келді. Әуелі тосылыңқырап қалғанымен де, Күләй бірден таныды. Ал Серік мұны күнде көріп жүргендей жарқылдай амандасты. Қасында өздерінің туыс ағайыны Сағидулла ағаның балдызы, яғни жеңгесі Ақжарқынның інісі Балтабай Тәжімбетов бар. Бұл да ақын. Өлеңдерін газеттерден оқығаны бар. Жігіттер ұзақ тұрмады. «Кешкісін кездесеміз» деп кетіп қалды.
Серік келіп түскен Сағидулла аға мен бұлардың үйі қатар, орталарында бір-ақ үй бар. Ақ пен қарада Ақжарқын жеңгесі келіп: «Саған сыртыңнан көз тігіп жүргендер көп. Мен сені әлі жас деп ондайларды тиып тастап келе жатырмын. Ал мына Серік тіл-көзім тасқа, маңдайыңдағы бағыңды ашатын адам. Жүрегі таза адамдар ғана ақын болады» деп жанашырлық танытып кеткен. Жеңгесінің бұл сөздерінің құлағына жаққаны да шындық.
Қаратереңнің айлы кеші еді. Келісімді уақытта жүректері дүрсілдей соққан балауса қыз бен қырғидай жігіт көл жағасында кездесті. Әуелі бір уақыт әдемі, тұмса табиғаттың үніне құлақ түргендей үн-түнсіз қатар жүрген. екеуі тілсіз сырласып келе жатқандай еді. Осы үнсіздік қызға да, жігітке де ұнағандай. Ауыл шетінен ұзай бере ай сәулесінің жарығына қарсы тұра қалған Серік ақын қыз қолын ұстай алып:
– Күләй, мен сені алып кетуге келдім, – деді.
Қыз селт еткен. Ай сәулесі түскен оның жүзіне тұңғыш рет тайсалмай қарағаны шығар. Содан сәл шегіншектегендей боп:
– Жоқ. Мен әлі кешкі мектепте оқып жүрмін. Одан соң мамандық алуым керек. Әбужан ағам: «Шымкенттегі сауда техникумына оқы» деп отыр. Әзір есепшілік жұмысты үйреніп жүрмін... – деді де, өзінің шешіле сөйлеп кеткеніне қысылғандай болды.
– Мен саған ғана үйленемін, – деді Серік ақын нық үнмен.
– Сіз қызық екенсіз, мен сізді әлі де дұрыс танымаймын ғой, – деді Күләй бұл жолы батылданып.
– Ал мен сені баяғыда-ақ танып болғанмын, – деді ақын  жігіт қайтпас мінезін танытып: – Күләй, мен бір сөзді адаммын. Екі жылдан соң алып кетемін деп едім, сол сертті сөзіммен келіп тұрмын. Мен сөзімді жұтпаймын.
Мына соңғы сөз Күләйдің жүрегін елжіретіп жіберді. Оның бір сөзді жігіт екенін көргендей анық танығандай болды. Енді қарсылық блідіріп айтар сөз таппай:
– Маған екі ай бер, – деді. Осы сөздің аузынан қалай шығып кеткеніне таңы бар. Ақын жігіт көңілденіп сала берді. Рақмет айтқандай басын шұлғып қойды.
– Күләй, өлең оқиын, тыңдайсың ба? – деді бір кез. Қыз жауап қайтармады, бірақ басын изеді.
Серік ақын сәл жуандау қоңыр дауысымен оқи жөнелді:
– Айлы түн. Арал жағасы.
Келемін асыл еркеммен.
Керім-ау маңай қарашы,
Сайрайды құстар ерке үнмен.
Тыңдаймыз теңіз жырларын,
Қараймыз бірге жұлдызға
Шертеді мөлдір сырларын...
Ақын өлеңі ауыл шетіндегі үйдің алдына келгенде барып үздіге тоқтады.
Сөйткенше «Аға, сау болыңыз!» деп жанындағы жас ару асыға басып ауласына кіріп кетті.
Ақынның аруына ғашықтығы шағын балықшы ауылда ауыздан-ауызға тарап, қызды қызғанған кейбіреулердің ашуын да тудырған екен. Екі жүректің қайта кездесуіне қиындықтар да туып қалған жағдайлар болған. Серік ақын сенім білдіріп қолына өзінің құжатын ұстатып жіберген жан досы Молдахмет Қаназ «Ақ Сәкем, сен үшін қайда да барамын ғой. Махаббатыңды қолыңа әкеп тапсырамын деп» барып Күләй қызды алып кетпекші болғанда адуынды ауыл әйелдері момын қызды ұшақтан түсіріп те алып қалған. Мынаған ызасы келген Серік ақын сол күні Қазалы аудандық партия комитетінің сүліктей қара «Волгасын» сұрап мініп, Қаратерең ауылына кірместен көлікті сыртқа тастап, өзі жаяулатып барып сүйген аруы Күләйді түнделете алып қашып, туған жері Бекбауылға келін етіп түсіреді.
Ақынның екі жыл бойы жүрегін мазалаған махаббат сезімі мұнан кейін өзінің ұлы арнасын тапқан. Оларға жарқын өмірдің есігі айқара ашық еді...
 
Ерғали АБДУЛЛА, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
13 желтоқсан 2025 ж. 74 0