Елім деп ұрандатқан аралдық өрендер
Жер-жаһанда қанды төңкеріс жасап, даму бағытын өзгертіп, КСРО атты қан шеңгелді мемлекет құрған кеңестік билік 70 жыл бойы әлем жұртшылығының бас ауруына айналды. «Пролетариат диктатурасын» құрған сұрқия саясатымен адамзаттың қас жауы екенін көрсеткен өкімет тарихқа өзінің қанды іздерін тастап кетті. Соның ішінде қазақ халқының арыстарын, бетке шығар қаймақтарын, ел бастаған көсемдерінің көзін жойып, жазықсыз атып, ұзақ уақыт түрмелерге қамап, ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз залал келтірді. Сталиндік тоталитарлық репрессия дүркін-дүркін қайталанып, халқымыздың жүрегіне есепсіз қорқыныш ұялатты. Дегенмен де ержүрек алаш баласы әр кезеңде, әр жылдары кеңестік билікке қарсы көтерілістерге, қарсылықты қозғалыстарға дүркін-дүркін шығып отырды. Мызғымастай көрінген Кеңес одағының шаңырағының шайқалауына ең алғаш болып қарсы шыққан – 1986 жылғы қазақ жерінде болған Желтоқсан көтерілісі екенін бүгінде әлем мойындап отыр. Мызғымас сеңнің қозғалып, демократиялық дамуға жол ашқан және кейін тәуелсіз мемлекеттердің жариялануына бастау, түрткі болған – Желтоқсан көтерілісі.Қыстың сақылдаған сары аязды күндері Алматының орталық алаңында және Қазақстанның үлкен-үлкен қалаларында бас көтерген студент және жұмысшы жастар компартия саясатына қарсы шығып өр үндерін танытты. Әрине, Компартия саясатына қарсы шыққан жас өрендерді кеңестік өкімет аяусыз жазалады. Қаншама жас тағдырлар арман еткен мұраттарынан айырылып, қуғын-сүргінге ұшырады. Тор темірлі түрмелерде жылдар бойы зарықты. Алаш баласының осынау тарихи бас көтеруінде еліміздің ұлан-байтақ жерінің бір кішкентай бөлшегі – айдынды Арал өңірінің ұл-қыздары да намыстылардың қатарынан табылып, азаттық, теңдік сұрап ұрандатты.
Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай біз де қолымызға қалам алып, қаһарман жерлестерімізді іздеп тауып, «Аралдық желтоқсаншылар» атты кітапқа арқау еттік. Жүзден астам аралдық өрендердің желтоқсан күндері өздерінің азат сүйгіш ұрпақ екендіктерін көрсеткенін білдік. Ал, соның табанды елу өренін кітабымызға кейіпкер етіп енгізіп, жариялағанымыз бар.
Бір өкініштісі, желтоқсанда солдаттар мен милициялардың ұрып-соғуынан алған жарақаттары мен қуғын-сүргін көрген ауыр күндерінің зардаптарынан Еламан Әбдіреев, Күмісбек Тілегенов, Әбдіхамит Сермағанбетов, Марат Есмағамбетов, Марал Өтебәлиев, Әмірхан Ашықбаев, Айдархан Ахметов, Оңталап Жетесов, Әмірхан Қалымбетов, Сәбет Жұбанышевтер өмірден тым-тым ерте өтіп кеткен.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміздің көбісі қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде егемен еліміздің еңсесін көтеру жолында ерен еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп жүр. Ал, туған жерінен кіндік үзбеген жиырма шақты желтоқсандық ұл-қыздарымыз бүгінде арамызда жүр. Ел-жұртымыз олардың ерлікке толы өткен күндері туралы көбірек білсе деп ойлаймыз.
Желтоқсан көтерлісінен соң жүзден астам белсене қатысқан жігіттердің қолына кісен түсіп, әртүрлі мерзімге сотталып кетті. Темір тордың азабын көрген солардың бірі – Асқарабай Бекбосынов. Ол қаламыздағы №177 мектептің түлегі. Алматы құрылыс техникумында оқыған. Желтоқсан күндері өзі жатақхананың старостасы бола тұра алаңдағы бейбіт шеруге шыққан. Әскер және жасақшылармен болған теке-тіреске қатысып, көзге түскен. Кейін КГБ-ның тергеу абақтысынан бір-ақ шығып, онан соң соттың үкімімен бас бостандығынан айырылып, жазасын Балқаштағы қатаң режимді колоннияда өткерген. Қандай қиындық көрсе де рухы сынбаған жас жігіт туған жеріне оралып, Арал Кеме жөндеу зауытында еңбек етті. Бүгінде жеке кәсіппен шұғылданады. «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Қазақтың белгілі журналисі, осы көтеріліс туралы бірнеше кітаптар жазған Талғат Айтбайдың «Желтоқсан көтерілісі» кітабында аты аталатын қыздары¬мыздың бірі – аралдық Нұрсәуле Кенжебаева. Ол қаламыздағы №13 мектептің түлегі. Алматыдағы ҚазМУ-да оқып жүрген кезінде 16 желтоқсанда орталық алаңдағы шеруге қатысқан. Алаңдағы кеңестік биліктің өктемдігін көзімен көрген. Бүгінде «Арал әлемі» газетінде жұмысын жалғастыруда.
Есімі өңірімізге танымал хирург-дәрігер Серік Сералиев – желтоқсанның жалынды жасы. Ол 1986 жылы №83 мектепті бітірген соң, Алматыдағы СМУ-39 құрылысында еңбек етіп жүргенінде Желтоқсан оқиғасына куә болған. Оны ішкі істер қызметкерлері ұстап, ұрып-соғып жала жаппақшы да болған. Кейін Серік Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина институтын бітіріп, туған жерінде белгілі дәрігер атанды.
Арал қаласындағы №64 мектептің мұғалімі Сарагүл Ермекбаева, №220 мектептің мұғалімі Лаззат Сейілхановалар – сол бір ызғарлы күндердің куәгері, қатысушысы. Бірі шетел тілдер институтының, екіншісі Қыздар педагогикалық институтының жап-жас студенттері өз топтарымен бірге орталық алаңға барып «Менің Қазақстаным» әнімен ұрандатып, биліктің жосықсыз шешіміне қарсы шыққан.
Сексен алтыншы жылдың ызғарын басынан өткерген азаматтардың бірі – Оңдасын Жалғасбаев. Ол №15 мектепті бітірген соң, Ақтөбе теміржол институтына оқуға түсіп, екіаралықта Отан алдындағы парызын өтеп келіп, 1986 жылы үшінші курсты Алматы теміржол институтында жалғастырды. Өзі старосталық ететін механика факультетінің Т-84-3 тобындағы студенттерді алаңға бастап апарған. Кеш бата мұздай қаруланған солдаттар алаңдағы қалың топты қыспақтап, жастарды ұрып-соғып қанға бөктереді. Сол теке-тіресте бір жары таяқ жеген, біржары қашып құтылған студенттер жатақханаға түннің бір уағында жетеді. Бірге оқитын Қуаныш атты жігітті солдаттар овчаркі итпен қуалап ұстаған. Итке талатқан. Кейін оқудан шығарылды. Түрлі тексеруден кейін жазадан құтылған Оңдасын оқуын әрі жалғастырып, дипломды маман болып шықты. Теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етті. Қазір «Атамекен» балық зауытында еңбек етеді.
Сұлтан Елубаев №15 мектепті біріген. Он жеті жасында Алматы есеп-кредит техникумына түскен. Алматыдағы Поршень, Киров зауытының жігіттері алаңға шақырған. Жатақханадан шығармаса да, 18 желтоқсан күні жасырынып сыртқа шығып, Алматы көшелерінің біразын қамтыған шерумен жүріп өткен. 18-і күні болған милиционер, солдаттармен болған шайқаста спортшы жігіт Сұлтан ерекше көзге түсті. Қолға түскенді қару қылып қорғанып отырды. Соққы жеп, құлаған қыздарға көмектесіп, жолдан шығарысқандардың қатарында болды. Әйтпегенде ерсілі-қарсылы зуылдаған машиналар ес-түссіз жатқан қыздарды басып өтетін еді. Бір сәтте солдаттар тобының ортасында қалған ол ышқына жүгіріп, тік шарбаққа секіріп мінді. Спортшы жігіт өзі ғана қашпай, жолдастарына да көмектесіп, құтылып кетуге жағдай жасады. Қаһарлы күндерден соң, біраз уақыт милиция тергеушілерінен қашып жүрген. Атақты боксші Жандос Көкеевтің көмегінің арқасында ғана әскер қатарына алынған. Ол қазір Арал қаласында «Дінбайқожа» фотосалонын ашып, пластик терезелер жасайтын цех ашып, егемен елімізде бейбіт өмірді жалғастырып келеді.
Желтоқсан күндері алаңда болып, көп азапты сәттерді басынан өткізген қаракөздеріміз Бибізада Абишова, Әлия Сарсенбаева, Жаннат Абдалиевалар. Бибізада Алматы электробайланыс техникумында оқып жүрген. Желтоқсан күндері алаңда болғаны үшін қудаланып, ақыры оқудан шығуға мәжбүр болған. Ал, Әлия Сарсенбаева Алматы мемлекеттік медицина институтынан, Жаннат Абдалиева Алматы политехникумынан оқудан шығарылып, қуғын-сүргінге ұшыраған. Тек арада екі жыл өткен соң ғана олар оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының қиғылықты күндері сол алаңда болған жерлестеріміз Алматы сәулет-құрылыс институтында оқыған Ислам Жұбанов, Сәбит Нағашыбаев. Зооинженерлік малдәрігерлік институтында оқыған Батырбек Сәтекеев, Ауылшаруашылық институында өндірістен қол үзбей оқып жүрген Рақым Айназаров, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының көркем сурет және бейнелеу факультетінде оқып жүрген Алмагүл Кенжебаева, Берік Бөкешовтер – бүгінде өңірімізге белгілі өр тұлғалы азаматтар.
Желтоқсан күндері ұлт намысын көтеріп шыққан жігіттердің бірі – Қарақұм ауылының тумасы Абай Әлдешов. Ол Алматы қаласындағы Кинотехникумда оқыған. Алаңда болған қанды қырғын кезінде ауыр жарақат алып, милиционерлердің қолына түскен. Сол үшін де кінәлі болып, оқудан шығарылған. Қуғын көрген Абай қиындықтарға мойымай, кейін Алматы Зоотехникалық институтын бітіріп алып, мемлекеттік қызметте істеді.
Бүгінде Тоқабай ауылының әкімі қызметін атқарып жүрген Мұқансерік Әлішев және осы ауылда бокс спортын дамытуды мойнына жүктеп алған белгілі боксші Нағашыбай Сариевтер де оқиға болған күндері алаңда болып, қиян-кескіге ұласқан бейбіт шеруге қатысқан.
Биліктің жосықсыз саясатына тек Алматының студенттері мен жастары емес, Қазақстанның көптеген қалаларында шерулеткен жастар болды. Соның бірі Жезқазған политехникалық институтының студенті Серік Жаңабаев. Ал Ақтөбе қаласында болған жастар қарсылығының қатарындағы Нұрбай Жүсіп те ұлтым деп өр үнін көтерген. Серік бұл күнде Аманөткел дегі мәдениет Үйінің директоры болса, Нұрбай қарымды журналист.
Облыс орталықтарныда болған дүмпулі қарсылық шерулеріне Ұлболсын Құлтаева, Рая Изнатова, Сәбит Нұрхожаев, Қайыржан Әйкешов, Жарылқасын Ешниязов, Гүлсара Тәжібаева, тағы басқалар қатысып, елдік ұрандарын асқақтатқан.
Ел Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сол жастарды, студенттерді «азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсанның қаһармандарының азаматтық ерлігі» деп айрықша атап өтті. Тура 5 жыл өткенде ҚР Тәуелсіздігінің жариялануының өзі жайдан жай емес. Азаттықты аңсаған жастардың ұлы мұратының жүзеге асуы халықтың ғасырларлық арманы еді. Азаттық жолындағы күрес ел-халықтың есінен шықпақ емес. Желтоқсаншыларға мың тағзым!
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі









