Ел сүйген дәрігер – Күлдәрі
Халық денсаулығын сақтау саласы – мемлекет пен қоғам үшін ең маңызды мәселе екені айдан анық. Ақ халатты абзал жандар сондықтан да ел-жұрттың қадірмендері атанып отырған. Оның үстіне біздің дана халқымыз "Бірінші байлығы – денсаулық" деп қалай керемет тауып айтқан. Ал шипагерлер осы ең құнды байлықтың қорғаушылары емес пе?!Арал өңірі медицинасының бір ғасырлық тарихын түгендеу мақсатында қолға қалам алып, өткен күннің парақтарын барынша ақтарғанымыз бар. Өткен ғасырдың басында балықшы жұрттың науқас-дертін емдейтіндер түгелдей дерлік өзге ұлт өкілдері болғанын білдік. Содан тек өткен ғасырдың 60-жылдары ғана өзіміздің қандастарымыз жер-жердегі дәрігерлер дайындайтын жоғарғы оқу орнын тәмамдап, туған жерге маман болып орала бастаған. Олар ел-халыққа өлшеусіз қызмет еткен тамаша медиктер Лиза Қырбаева, Бұғыбай Алмағанбетов, Жақсыбай Майданов, Дөңес Серғазиев, Жеңіс Құмаров, Сахи Жұмағұловтар бастаған тегеурінді, мықты топ еді. Дәрігерлік антына қылау түсірмеген осы жайсаңдардың қатарында Күлдәрі Төлепбергенова да бар.
1960 жылдардың ортасында аудандық денсаулық бөлімінің ауруханалары мен емханаларында еңбек жолын бастаған жап-жас қыз-жігіттердің атағы демде дүркіреп шығып, олар жаңа толқын медиктердің жұртшылық алдындағы өлшеусіз еңбегін айғақтап тұратын. Ал институт бітіріп келгеніне екі-үш жыл болған дәрігер Күлдәрі Төлепбергенқызының оқыған-тоқыған маман ретінде атқарған істері ел-халықтың аузында аңыз боп үлгерген. Бұл дәрігердің біліктілігіне деген сенім аса зор еді.
Бүгін қолға қалам алып, медицина саласынан өз орнын қапысыз тапқан талантты дәрігер Күлдәрі туралы жазуға оқталғанда, ойға алдымен айдынды Аралдың ақиық жыршысы, айбоз ақын Әбілхан Махановтың "Дәрігер Күлдәріге" деген өлеңі еске оралды.
"Күннің жылы шуағындай,
Сөзің шипа сырқауға.
Жанған үміт шырағындай,
Жатқанда жан құрсауда.
Сіз бердіңіз ғазиз жанға,
Теңдесі жоқ қуаныш.
Арайлы атқан әрбір таңда,
Айтам Сізге мың алғыс!
Есімің де Сізге лайық,
Аталыпты Күлдәрі.
Бар дәріні не қылайын,
Әр лебізің – шын дәрі.
Құрметтейік асыл жанды,
Адамға өмір сыйлаған.
Есте сақтап өтем мәңгі,
Көшкенімше дүниядан".
Айбынды ақынның осынау аз сөзінде қаншама ризашылық, өлшеусіз құрмет, ағынан ақтарыла айтқан алғыс, толғана жеткізген тілек жатыр. Сырқатынан іліксіз айыққан жанның ғажайып лебізі жатыр. Ақын дүр сілкініп өзін өмірге екінші мәрте келгендей сезінеді. Ал оны мына дүниенің жарығында сақтап қалған әрине Күлдәрі аса білімді, адамға шексіз жанашыр, жүрегі мейірімге толы асыл жан еді. Дәрігер бақыты деген осы емес пе?! Жан алқымға келген ажалды құрықтап, тіршіліктің тәтті қуанышын адамға қайта сыйлағаннан артық не бар?!
Ақ халатты абзал анаға айтылған алғыстың шет-шегі жоқтай көрінеді. Сол жүректерден алғаусыз шыққан ризашылық сөздердің тағы бірі міне, алдымызда жатыр. Күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбек етіп, науқастың емін табуға бар білім-білігін, күш-жігерін жұмсаған, антына адал дәрігер Күлдәрі Төлепбергеноваға айтар алғысы арнасынан асып, алғаусыз төгіліп жатқандай. Бір жылы дәстүрлі Медицина күні қарсаңында алыстағы Алатау баурайындағы Алматы қаласының тұрғыны, жерлесіміз Лақият Төлепбергеновадан аудандық "Толқын" газетіне хат келді. Ол хатта: "Осы атаулы күнді пайдаланып ерекше білікті дәрігер туралы айтып өткім келеді. Ол менің сүйікті дәрігерім – Күлдәрі Төлепбергенова. Мен 1978 жылы жаз айында перзентханада инеден жұққан сары ауруға шалдықтым. Кейін мені дәрігер Күлдәрі есепке алып, қал-жағдайымды мұқият тексеріп отырды. Егер шаршап қалсам, ем-дом шараларын жасайтын. Келе-келе біраз тәуір болып, ауруымнан құлан-таза айықтым. Бауырым да қалпына келді. Ол кезде Күлдәрі ауданның инфекционист дәрігері болатын., яғни жұқпалы аурулар ем алатын аурухана бөлімшесінің бас дәрігері, меңгерушісі еді. Ол білімді маман болып, дәрігерлік шеберлігін үздіксіз шыңдап, әр науқастың дертіне дауа, шипа болуды мақсат етіп, үнемі ізденісте жүретін. Қысылған адамға бар қызметін кідіртпей жасап, жылы сөзімен, ақжарқын адал көңілмен сырқаттың жайын таба білетін жан-тын. Сонымен бірге аудандық аурухананың партия ұйымының хатшысы болып, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын" деп сүйсіне жазылған.
Тамаша дәрігерге деген халықтың барша ықыласын осы хат танытып-ақ тұр. Ал Күлдәрі Төлепбергенованың осындай кәсіби биікке көтерілуі еш оңай болмаған. Ол жолда қаншама өмір-тірлік ауыртпалықтары қалды десейші?!
Дарында дара дәрігер Күлдәрі Төлепбергенқызы сұлу Сырдың бойындағы Райым ауылдық кеңесінде 1943 жылы дүниеге келген. Әкесі Төлепберген соғысқа дейін ауыл мектебінде мұғалім болған. Майданға алғашқылардың бірі болып аттанып, 1942 жылы бір қолынан жараланып, елге оралған. Аса қайратты кісі екен. Алайда Күлдәрінің екі жасында қайтыс болып кетеді. Ол өмірден өткен соң тұлымшақты қыздың шешесі, жас жесір Ырсалы екінші рет тұрмыс құрып кетеді де, кішкентай Күлдәрі атасы Абабүкірдің тәрбиесінде болады. Ол 1950-1958 жылдары Қызылжар мектебінде сегізінші сынып бітіріп, орта білімді Арал қаласындағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы білім ұясында алады. 1960 жылы Ақтөбедегі Медициналық институттың емдеу ісі бөліміне оқуға түсіп, оны 1966 жылы жақсы тәмамдап, Арал аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне дәрігер боп жұмысқа орналасады.
1967 жылы жаз айында ауданда іш сүзегі, сары ауру дегендер өте көп болады да, аурулардың көптігі сондай – ауруханаларға сыймай, қосымша аурухана жайлары ашылады. Бұл ауру – сол жылдары дария суының өте сапасыздығынан қайта-қайта өршіп кетіп жататын. Қала, ауыл тұрғындарына жайылып кеткен ауруды ауыздықтау үшін жігерлі де білікті маман ізделгенде, Арал аудандық денсаулық бөлімшесіндегі басшылардың көзі жас дәрігер Күлдәріге түсіп, оған үлкен сенім білдіріліп, аурухананың меңгерушісі етіп тағайындалды. Осы аурумен күресу жолындағы тынымсыз оның қажыр-қайратын денсаулық сақтау бөлімі де, жалпы өңірдегі барша халық та көріп, дәрігердің жанқиярлық еңбегін бағалады.
Жұқпалы аурулар – қай кезде басталса да, тұрғындар арасында дүрбелең тудыратыны белгілі. Өйткені тез таралуы жұртшылықтың көңіліне қорқыныш ұялатады. Сондықтан дәрігерлерге артылар жауапкершілік зор болатын.
1971 жылы маусым айындағы Арал ауданының Сексеуіл кентінде түйе сойған бір жігіт ыстығы көтеріліп, қатты ауырып, дереу ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер мұқият тексерген соң оған оба вирусын жұқтырған деген диагноз қойылады. Ал оба вирусын анықтаған Күлдәрі еді. Осындай қауіпті аурудың белгісі анықталған соң облыс орталығынан, еліміздің сол кездегі астанасы Алматыдағы республикалық институттардан тиісті мамандар дереу шақырылды. Алайда олар да оба ауруы екендігін нақты айта алмағандықтан, ақырында Мәскеуден, Кеңестер одағының денсаулық министрлігінен бас маман келіп, қойылған әдепкі диагнозды дұрыс деп бекітті. Осы қауырт кезде анықтама толық бекігенше Күлдәрі Төлепбергенова Арал аудандық обаға қарсы күрес станциясында оқшауландырылып, екі апталық шектеу бөлімшесіне жатқызылды. Айналамен қарым-қатынас үзілді, ешкімді оған кіргізбеді. Арнайы киім киген дәрігерлер ғана жанына бара алатын.
Ал осы уақытта Арал қаласында бір апта толық карантин жарияланды. Тіпті жолаушылар пойызының Арал теңізі станциясына тоқтауына да тыйым салынды. Әйтеуір қабылданған шаралардың нәтижесінде оба ауруының өңірде жаппай таралып кетуіне жол берілмеді. Бастысы дәрігер-инфекционист Күлдәрі Төлепбергенқызының оба белгісін дөп басып, ерте анықтағанында еді. Сондықтан да оған осы жылы 28 жасында "Денсаулық сақтау саласының үздігі" деген атақ берілген.
Күлдәрі дәрігер осы жұқпалы аурулар бөлімінде тапжылмай он жеті жыл қызмет атқарды. Өз мамандығының бүкіл аймақтағы аса бір білімдісі боп танылды. Ол ұдайы ізденіс үстінде болатын. Білім жетілдіру мақсатында Алматы қаласында төрт ай оқып, білім жетілдіру курсынан да өтіп келген. Медицина қызметкері ретінде өңірімізде өсетін шөптерді теріп әкеліп, содан дәрі-дәрмек жасап, науқастарды емген. Оның бұл халықтың ем-домы да нәтижелі болып отырған. Осы жылдар ішінде дәрігер Күлдәрі Төлепбергенова білікті инфекционист, тамаша терапевт, хирург болды. Содан да ол ұзамай жоғары санатты дәрігер атанды.
Өмірдің адам болжап болмас өз заңы бар. Білетіндер айтқандай, тіл-көз бе, әлде талайлы тағдырдың жазуы ма, бір күні ойсызда жазатайым бақытсыз жағдайға тап болып, Күлдәрі жарақат алды. Сол жарақатынан айыға алмай асыл жан, антқа берік дәрігер 1984 жылы тамыз айында бұл фанимен мезгілсіз мәңгілікке қош айтысты. Ол бар болғаны 41 жаста еді. Айдынды өңір аса дарынды, қамқор көңіл дәрігерінен айырылды.
Дәрігер Күлдәрі Төлепбергенқызы аз өмірінде адал жар, аяулы ана болды. Белгілі жақсы әулеттің ибалы келіні ретінде ағайын-туыстың құрметін иеленді. Өмірлік жары Қуантқан Аташбаевпен 1967 жылдың қоңыр күзінде бас қосқан. Жан жолдасы да елге танымал құрылыс саласының айтулы маманы болды. Екі жақсыдан іркес-тіркес Нұрхан, Нұрлыбек, Мейрамбек, Жаңабек атты төрт ұл дүниеге келіп, олардың төрт құбыласы түгенделген. Бүгінде олардың бәрі де еліміздің түкпір-түкпірінде белгілі азаматтар боп жүр.
Аралдың ақтаңгері Әбілхан ақын атақты дәрігер Күлдәріні еске алып:
"Аққудай асыл аруым,
Ақылы дария ғалымым.
Жастай кеттің өмірден,
Басылмай жүрек жалының.
Әділет бойға жинаған,
Талайға өмір сыйлаған.
Ақ жүзің еске түскенде,
Көкіректі қайғы қинаған.
Жаралған ылғи асылдан,
Жаныпсың от боп жасыннан.
Аз өмірің асып тұр,
Жамандар сүрген ғасырдан" деп жанарына жас іркіпті.
Арал аудандық денсаулық саласының дара болмысты дәрігері Күлдәрі Төлепбергенованың есімі өңірдің медицина шежіресінде жазылып, ел-халыққа ерен еңбек етудің шынайы үлгісі болып қала бермек.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі










