Қала тұрғындарына қуаныш сыйлады
Мемлекет басшысы ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге жұмылдырылған. Тіпті 2030 жылға қарай біздің ел кәсіптік шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиістігін жеткізген болатын. Осы ретте, еліміздегі цирк саласы да күннен-күнге дамып келе жатыр. Мәселен, әуенді бағындыра білген акробаттар, жан-жануарлардың тілін тауып, оларды би билеуге үйреткен бапкерлер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар қазақ елін шет елдерге танытып жүр. Осыдан-ақ, ойын күлкілі іс-әрекеттермен жеткізіп, көпшілікке күлкі сыйлайтын сайқымазақтардың, жалпы айтқанда, өзге де цирк өнерінің қыр-сырын меңгерген әртістердің де тынымсыз еңбектеніп жүргенін түсінеміз. Осындай сахналық-эстрадалық саланының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген алматылық «ШАПИТО» циркіне биыл 5 жыл толып отыр. Қызылорда қаласынан бастау алған гастрольдік сапарларыҚазалы және Арал аудан орталықтарынан өз жалғасын тапты. Қала тұрғындарына, әсіресе балдай тәтті балақайларға жоғары көңіл-күй сыйлаған ұжым мүшелерінің өнерін екі күннің ішінде 2100 адам тамашалаған екен. Атап айтар болсақ, ондағы қолтырауын, жылан, бұқа, құндыз, маймыл, қасқыр, аю секілді өзге де көптеген жан-жануарлар мен аңдарды өз көзімен көрген жұртшылық ерекше сезімге бөленгенін жасыра алар емес. Тіпті, кейбіреулері акробаттар мен гимнастшылардың орындауындағы сақтандырылмаған билеріне таңдай қағысып, қаламызға аталмыш цирк жиі келіп тұрса екен деген өз өтініштерін жеткізді. Жиналғандардың ыстық ықыласына бөленген ең жарқын нөмірлік бағдарламалардың бірі ол-жас жігіттің ауыр салмақты гірді тоқтамай көтеріп, қатты темірді тісімен майыстырып, бірнеше жігітті арқанмен өзіне жұлқа тартып, құлатуы болды. Сонау жаугершілік заманда ел қорғаған нар тұлғалы батырларды көз алдымызға әкелген әсерлі қойылымнан соң, «ШАПИТО» циркінің директоры Ринат Фарагатұлымен тілдескен едік:
–Цирк дегеніміз- адамдарға, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мәдениетті орын. Циркте күлегештер, сайқымазақтар, әр түрлі жабайы аңдар неше түрлі өнер көрсетеді. Олардың өнерлеріне таң қалмайтын адам болмайды. Мысалы, Астана және Алматы қалаларында үлкен цирк орталықтары бар. Ол жерлерде де мерекелер қарсаңында өз қойылымдарымызды көрсетеміз. Біздің жұмысымыз оңай көрінуі мүмкін, алайда, 10 ай бойы ел-жер аралап, цирк өнерін дәріптеп жүру–қиынның қиыны. Дегенмен, өзімнің бала күннен бері машықтанып келе жатқан кәсібім болғандықтан, жылына бір-ақ рет берілетін қысқы демалысымызда да кәсіби деңгейімді дамытып отырамын. Ұжымдағы 30 адам өз отбасымның мүшелеріндей болып кеткен. Олардың болашағынан зор үміт күтемін,-деп, өзінің ата-анасы да кезінде цирк өнерінің майталмандары болғанын айтты.
«Түрі басқа болғанмен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір» басшыға қазақ тілін үйренуге ойыңыз бар ма деген сауалымызға былай деді:
–Шынымды айтайын, қазақша аса жақсы түсінбеймін. Мәселен, ағылшын, итальянша жақсы білемін, еркін сөйлеймін. Бірақ қазақ тіліне жоқпын, осыдан қысыламын. Ортам орыс тілді ғой, кейбірі қазақша сөйлеуін сұрағанмен, ортаның ығына жығылып кетесің. Себебі, біз тек Қазақстанда ғана емес, Ресейдің түрлі қалаларында өнер көрсетіп жүрміз. Алайда, болашақта қазақша үйренгім келеді. Әрбір қазақстандық тұрғынның сол елдің азаматы ретіндеқазақ тілін меңгеруін толықтай құптаймын. Сондай-ақ, сіздердің жерлестеріңіз өте ашық, ақкөңіл жандар екен. Біз аз ғана уақыттың ішінде ыстық ықыластары мен ақ пейілдерін байқадық. Мұны ауданда цирк өнерінің жоқтығынан емес, қонақжайлық қасиеттерінің жоғары болуынан деп түсіндік.
Света Үсенқұлова.