Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы: «Мақсат – жаппай кәсіпкерлікті дамыту»

Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы: «Мақсат – жаппай кәсіпкерлікті дамыту»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында биылғы бірінші жартыжылдықта елімізде экономикалық өсім бар екендігі айтылды. «Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді, әлеуетімізді толық пайдалану. Аталған жетістіктерді еселеуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.  Осы жиында бизнеске тұсау болғандар қатаң жазаланатыны ескертіліп, бірқатар салалар бойынша нақты тапсырмалар берілгені мәлім.  Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновпен әңгімеміз аймақтағы кәсіпкерлік саласының дамуы туралы болды.

– Фердоуси Әбілқасымұлы, Мемлекет басшысы жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауға маңыз берді. Бұл орайда үш жылды кәсіпкерлікті қолдау жылына арнаған Сыр елінде кәсіпті дамыту мақсатында жасалып жатқан ерекше қадамдарды атап өтсеңіз...
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Үкіметтің қазіргі кездегі  және болашақтағы басты міндеті – жұмыс орындарын құру. Біздің мемлекетіміздің экономикасының жағдайы және ішкі тұрақтылығы осы мәселені шешумен байланысты»,  деген болатын. Негізгі мақсатымыз – облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті нарыққа қажетті өнім және қызметтермен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселесін шешуге белсенді атсалысу.
Өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың санын қысқартуға ықпал жасау, өңірдің жалпыөңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін күрт ұлғайту мақсатында облысымызда өткен жылы Жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы  жарияланғаны белгілі. Аталған саланы қолдау мақсатында биыл арнайы Жол картасы әзірленіп, оған әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд теңге бағытталады деп жоспарлануда. Оның 5 млрд теңгесі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын несиелер мен мемлекеттік гранттар беруге бағытталып отыр.
Аталған қаражаттар есебінен «Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасы аясында шағын несиелендіру үшін 3,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде ауылдық жерлерге  – 3 210,476 млн теңге, Қызылорда қаласына – 299,49 млн теңге. Ал несиелерді кепілдендіру үшін 220,9 млн теңге бөлінді. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында аталған бағдарлама аясында шағын несиені барлығы 153 адам алды. Сонымен қатар, «Микробизнес-Қызылорда» өңір­лік бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 850 млн тең­ге бөлініп, нәтижесінде ісін жаңа бастаған 205 кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Бұған қоса, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін осы жылға 1 млрд 50 млн теңге (оның ішінде субсидиялауға – 900,619 млн теңге, кепілдендіруге – 119 млн теңге, гранттық қаржыландыруға – 31 млн теңге) бөлініп, шағын және орта бизнестің 216 субъектісіне қаржылай қолдау көрсетілді. Атап айтсақ, биылғы жыл басынан бері жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 91 жоба субсидия­лау үшін мақұлданды. Сонымен қатар, 41 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жалпы құны 432 млн теңге көлемінде кепілдіктер берілді.
Биылғы жылы мемлекеттік гранттар беру конкурсын өткізу үшін 31 млн теңге бөлініп, оның 21 млн теңгесі жас кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталды. Жалпы конкурсқа қатысуға 473 шағын кәсіпкерлік субъектісі өтінім білдірген-ді. Кон­курстық комиссия шешімімен бар­лығы 84 жоба қаржылай қолдау тапты. Қайтарымсыз қаражатқа ие болғандардың тең жартысынан астамы жас кәсіпкерлер.
Сондай-ақ, әкімшілік кедергілерді қысқарту бағытында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы 4181 қызмет көрсетілген болса, оның ішінде техникалық шарттар 788 тұлғаға ұсынылды. Еске сала кетсек, бизнесті дамытуда кездесетін кедергілерді азайтуға және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында сол кездегі облыс әкімдігінің қолдауымен 2017 жылдың қаңтар айында кәсіпкерлік және туризм басқармасы жанынан «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жұмыс жасап келеді. Аталған орталық «бір терезе» қағидаты бойынша 70-ке жуық қызмет түрін көрсетеді.
–  Енді Сыр өңіріндегі кәсіпкерлік саласында елең еткізер жаңа жобалар туралы тарқатсаңыз...
– Жуырда облыс орталығындағы «Шаңырақ» кешенінде «Қазақстанның үздік тауары – 2019» өңірлік көрме-байқауы өтті. «Атамекен» ұлттық палатасы облыстық филиалының ұйымдастыруымен  шараға облыс аумағындағы 50 тауар өндіруші кәсіпорын қатысты. Ең алдымен осы дәстүрлі көрме-байқауға қатысып,  «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған «Қазақстандық Мұнай-Химиялық Кемикал Компания­сы» ЖШС-ның Шиелідегі құбыр зауытын атап өтуге болады. 2009 жылы құрылған компания түрлі өлшемдегі сапалы полиэтилен құбырларын өндіреді. Нақты кезеңде аталған кәсіпорын 100-ден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
«Қазақстандық Мұнай-Химиялық Кемикал Компаниясы» ЖШС – жоғары нәтижелерге қол жеткізе алған жас кәсіпорын. Зауыт төмен қысымды полиэтилен (диаметрі 20 мм-дан 630 мм-ге дейін) және поливинилхлоридтен (диаметрі 63 мм, 90 мм, 110 мм, 113 мм, 140 мм, 160 мм, 195 мм және 225 мм)  жасалған құбырлардың кең спектрін өндіреді. Бастысы, ол – аймақтағы қарқынмен дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Өндірістің ерекшелігі – экологиялық таза, қалдықсыз өндіріс болып табылады. Компания өндіретін құбырлары берік және жоғары сапалы болып табылады, ал, қызмет мерзімі қазақстандық өндірістегі құбырлардың басқа санаттарын пайдалану стандарттарын айтарлықтай арттырады.
Сонымен қатар, ЖК «Әбділла» деп аталатын кәсіпкерлік нысанын мақтанышпен айта аламыз. Биылғы көрме-байқауда «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз болған кәсіпкер Жаңақорған ауданы Кейден ауылында жүгері сусынын өндірумен айналысады. Жүгеріден жасалған, таза табиғи өнім өндіруші кәсіпорын бүгінгі таңда 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауданның шекарасынан шы­ғып, облыс көлеміне танылған команда 2017 жылы мемлекеттен 3 млн теңге грант алған еді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2018 жылы облыс әкімінен 1 млн теңге қаржылай көмек сертификатын иеленді.
Бұған қоса, Қазалы ауданында өндірілетін отандық попкорн өнімін де мақтанышпен айта аламыз. Еліміз бойынша қаптамадағы алғашқы попкорн Қазалы ауданына қарасты Бірлік ауылында жоғары сапада өндіріледі. Жаңа тауарға кәсіп иесі «Томпи» деген атау берді. Бүгінде Қазалы, Арал, Байқоңыр және Қызылорда қаласынан аталған өнімге сұраныс артып келеді. 
– Нақты кезеңде бизнес климатты жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар ат­қарылуда. Алдағы жоспарлы жұмыстармен бөліссеңіз. Бола­шаққа бағ­дар қандай? 
– Экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту.  Мұны кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы айрықша атап өткені мәлім. Яғни, қазіргі таңда мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға ерекше маңыз беріп отыр.
 Алдағы жоспарларға тоқталсақ, ең алдымен, шағын және орта бизнестің айқындамасын кеңейту мен нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік ортаның бастамаларын жүзеге асыруда ықпал ету, шағын және орта бизнестің бәсекелестік қабілетін арттыру. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды мерзімінде игеру, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаражаттарға қол­жетімділігін қамтамасыз ету. Мем­лекеттік бағдарламалар аясында несиелендіру бағыты бойынша жұмыстар жасау, атап айтсақ:
- «БЖК – 2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 165 ШОБ субъек­тілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету;
- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын кәсіп­керлік субъектілерінің 100 жобасын шағын несиелендіру;
- «Қызылорда» өңірлік инвестиция­лық орталығы» Микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы аясында шағын бизнес субъектілерінің 200 жобасын тартылған немесе қайта бөлінген қаражаттар есебінен шағын несиелендіру. Және атап өтетін жоспарымыздың бірі – шағын және орта бизнестің макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша қойылған межелерге қол жеткізу.
Әңгімелескен 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
syrboyi.kz
27 шілде 2019 ж. 845 0