Тұңғыш оқулық
1879 жылы момын, ұйқышыл, бұйығы қазақ даласы қалыңдығы пышақтың қырындай ғана ұлы жаңалықтың қандай ауыр да азапты жолмен дүниеге келгенінен бейхабар еді. Қазақ баласына таныс тек татар, шағатай, араб, ұйғыр тілдерімен ғана басылып шығатын Қазан, Уфа, тіпті Петербор баспаханалары кітаптарының бірі емес, бәлкім, елең еткізер жаңалық келді. Орынбор қаласында тұңғыш қарлығаш қанат қақты. Шын мәніндегі ұлы жаңалық!
Тұңғыш хрестоматия. Тұңғыш оқулық. Балаларға арналған ана тіліндегі түсінікті, тілге жеңіл, ойға орамды, ең бастысы гуманизм мен мәдениетті, білім мен ғылымды уағыздайтын аса құнды еңбек. Оқулықтың авторы небәрі 23 жасында қалың ұйқының құшағына енген маң далаға мектеп ашқан жас дарын, аса ерек таланттың иесі Ыбырай Алтынсарин еді.Мен бұл мақаламда Ыбырайдың қалың жұртшылыққа әбден таныс өмір жолын, қалыптасу кезеңін, қайда оқып, кімдермен сұхбаттасқанын, нендей еңбектермен танысып, асқақ, алайда азапты жолдың бұралаң-бұлтарысынан өткен тағдыр соқпағын тәптіштеп, талдап жатпаймын. Мақаланың мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің туылғанына 180 жыл толуына орай ең жауһар туындысы –«Қазақ хрестоматиясы» жайында хәл-қадарімізше ой қозғау. Сөз осы турасында болмақ.
Ыбырай – тумысынан ұстаз-тұғын. Оның ең ұлы миссиясы да ұстаздық еді. Жалпы, педагогтік жолға өзін басы бүтін арнаған Ыбырайдың ағартушылық ісі негізінен үш бағытта жүрді: біріншісі – қазақ даласында әр салалы мектептер ашу, жастарға білім берумен қатар, оларды еңбекке, қолөнерге, кәсіпке баулу; екіншісі – өзі ашқан мектептерге мұғалім мамандар даярлап, оларды әдіскерлікке үйрету; үшіншісі – сол мектептерге арнап оқулық және оқу құралдарын жазу.
Қазақ даласында оқушыға лайық бірде-бір кітап болған емес. Аракідік қара танытып, хат жазуға ғана жарайтын «Әптиек», «Мұғалім сәни», «Нәхву» тағы сол сияқты араб-татар тілінде жазылған кітаптар болмаса, олардың дені тек діни кітаптар оқуға, шариғат заңдылықтарын, дін ережелерін қараудан әрі аспайтын. Ыбырай «татар, араб, парсы кітаптарының көбі адам баласын дұрыс ойлаудан шатастырып, кері кетіретінін, ондай ықпалдан құтқару үшін... мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керектігін» айтады. Осы жерден аңғаратынымыз, Ыбырайдың түсінігінше, оқулыққа қойылатын ең басты шарт мынадай болуы керек: біріншіден, оқулықтың ең негізгі функциясы анық білім мен ізгілікті тәрбиеге баулитын; екіншіден, танымдық, зияткерлік ой-өрісін дамытатын; үшіншіден, баланың қызығушылығын оятатын, оның ынта-ықыласын қанағаттандыратын; төртіншіден, өз тілінде, ана тілінде жазылу керектігін баяндайды.
1876 жылдан бастап Ыбырай осы олқылықтың, осы үлкен айыптың орнын оңалтар ұлы іске кірісе бастайды. Кітап жазу ісі. Оқушыларға арнап әуеліұлттық менталитетіне сай, кейін бүкіладамзаттық құндылықтарға толық сәйкес келетін кітап жазу оңай шаруа емес еді. Олай дейтін себебіміз, қазақ жұртында бұрын-соңды осыған ұқсас, үлгі қылар, мысал етер, жетекші еш нұсқаның жоқтығы әрі ең үлкен кедергі фольклордың да, этнографиялық мұралардың да хатқа түспеуі еді. Ыбырай аталмыш оқулықтың жалпы нобайын ойша былай құрды: әуелі онда міндетті түрде халық ауыз әдебиеті болуы керек, кейін классикалық, нағыз педагогикалық практикалық сараптан өткен шығармалар енуі керек. Ыбырай бұл шартқа И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в русском языке», К.Д.Ушинскийдің «Детский мир», «Родное слово», Л.Н.Толстойдың «Рассказы для детей» кітаптарынан іріктеп, сұрыптап, ең таңдаулы деген материалдарын алды. Әуелгі шартқа елден естіген, ел көкейіне қонған тәлімді, ғибратты әңгімелер мен ертегілерді, аңыздар мен шешендік сөздерді жинақтап, оны шығарманың өне бойы, стержені етті. Яғни, бір оқулықтың жазылуы барысында Ыбырай фольклорды жинақтау ісі мен аударма мәселесін қатар алып шықты. Һәм оқулықтың ең үлкен олжасы – Ыбырайдың өз жанынан шығарған дидактикалық әңгімелері мен өлеңдері.
Ыбырай – әділ фольклорист еді, оны күзеп, қалпын бұзбастан, саф, таза күйінде хатқа түсірді. Аударма ісінің озық үлгісін көрсетті. Мазмұн жағынан сыршыл, тиянақты сюжетті өлеңдер жазды. Алғаш қазақ прозасын, оның ішінде шағын әңгіме мен новелланың тұсауын кесті. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады. Бәрі-бәрі бір ғана еңбек – «Қазақ хрестоматиясын» дүниеге әкелу жолындағы өлшеусіз һәм ыждаһатты еңбек. Арыдан соң, «Қазақ хрестоматиясы» тіл үшін болған ең үлкен күрестің нәтижесі еді. Ыбырай араб-парсы тілдерімен шұбарланған қойыртпақ тілді кітаптарға да, татар тілді молдаларға да (оқытушыға да) түбегейлі қарсы болды. Тіл тазалығы үшін жүргізген Ыбырайдың анық күрес жолы – тілі әлі «бұзылып» үлгермеген жас жүрек балалардан бастауы еді.
1881-1886 жылдарда жазылған «Халық ағарту мәселелері жөніндегі ескертпелер» атты очерктерінде Ыбырай былай деп жазды:
«Қазір әр түрлі көмекші көрнекі құралдар алдырғалы жатырмын. Физика, химия, жаратылыстану пәндерін оқығанда жалаң кітаптан түсіндіру оқушыларға олар жайында толық түсінік бермейді, ал екіншіден, мектептен тек өздеріне түсініксіз кітаптарды ғана көрмей, мүмкін болғанынша, ғылым мен өнердің тірі үлгілерін де көрсін деген ой еді...
Мектептер жанындағы кітапханалар мен зертханаларды байытудың амалын қарастыра бермекшімін, сөйте келіп ерте ме, кеш пе, оларды қазақ халқының өз бетімен ғылыммен шұғылданатын сауатты адамдарының талабын азды-көпті қанағаттандыра алатын дәрежеге жеткізсем деп сенемін»
Арада жүз жылдан аса уақыт өтсе де, Алтынсариннің сол күнгі айтқан методологиясы айна-қатесіз бүгінгі күнге сұранып тұрғандай. Нағыз гений! Ол қалай айтсаңыз да теңдессіз педагог еді. ХХІ ғасырдың бүгінгі ұрпағы ретінде, бүгінгі өкілі ретінде батыл айтарым: Ыбырай ХІХ ғасырда сөз еткен білім мен ғылымның өркендеуінің алғышарты – жақсы мұғалім, жақсы оқулық, жақсы бағдарлама шығар, алайда, кітапханалар мен зертханалардың да Ыбырай айтпақшы ғылым мен өнердің ең негізгі тірі шарты екенін бұл ғасырда да ұмытып кетпесек болар еді.
Хош,«Ыбырай Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ол екеуінің ісін өз еңбегіне түйістіріп қоса білді. Сөйтіп, ол екеуі істемеген тың, тарихтық өресі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты», – деген еді қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Рас, Ыбырай ешкімге де ұқсаған жоқ әрі оның дәл осындай ұлы ісін осыншалық қайталаған бірде-бір қазақ баласы да болған емес. Естеріңізде ме, 1864 жылы Ыбырай алғаш қазақ мектебін ашып, жүрегі алып ұшқан алғадай сезімін ірке алмастан, зор қуанышпен белгілі шығыс зерттеушісі, профессор Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды.Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім», – деген еді ғой.
Шынтуайтына келгенде, Қазан университетінің профессоры, академик Н.И.Ильминский патшалы Ресей үкіметінің бұратана халықтарды отарлау ісінің кәнігі идеологы еді. Әлбетте, Н.И.Ильминскийдің Ыбырайға тигізген әсері, еткен ықпалы зор болды. 18 жасар Ыбырайдың Орынбор мектебінде жүргенінде-ақ оның бойынан нағыз педагогтің қасиетін сыншыдай аңғарған да Н.И.Ильминский еді ғой. Алайда, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, Н.И.Ильминскийдің бар ойы қазақ балаларын шоқындыру, тілінен, ділінен айыру еді. Әрине, «мәдениетті» жолмен, қан төкпей, ұрыс қылмай «мәртебелі білім» нұсқай отырып, санасына дендеп кіру-тұғын.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы патшалы Ресейдің қазақ жерін отарлаудың әбден шарықтау шегіне жеткен шағы еді. Көшпенділердің соңғы ханы Кенесарыны біржола күйретіп, бас көтерер ешкімі жоқ халықтың хандық жүйесін жойып, елдің арасына жаңа бір іріткі ойын партияласу, болыстыққа таласу, арыз-шағым түсіру сынды қитұрқы саясатты енгізді. Ал ол үшін патша үкіметіне әбден берілген, ұлыққа жалынышты бас шұлғығыш тілмаштар мен ұсақ шенеунік, оқыған қаратаяқ сынды кадрлар даярлау үшін Троицк, Орал, Торғай, Қазалы қалаларында миссионерлік мектептер ашылды. Мысалы, 1841 жылы біздің Ыбырай дүние есігін енді ашып жатқан уақытта, Ішкі Бөкей ордасының ханы Жәңгір ең алғаш болып мектеп ашты. Шын мәніндегі сенсация! Әрине бұл мектептерден тек қана үкіметтің жандайшаптары ғана оқып шықты деу қате болар, керісінше қабілет-қарымы мен күш-жігерін патшалықтың емес, өз халқының мұң-мұқтажына сарп еткен асыл азаматтар да шықты. Алайда, олар тым аз еді. Дәл осы орайда миссионер Н.И.Ильминский: «Мектеп ашу арқылы... алға қойылатын мақсат – бұратана халықтарды орыстандыру, тіл жағынан да, дін жағынан да орыстарға мүлде қосып жіберу» деп, тап сол кезеңді жазған болатын.
Академик Н.И.Ильминский бұл ойын ұстаздыққа бар ынта-ықыласымен құлаған Ыбырай арқылы жүзеге асырмақ. Ең қызығы, бұл арам айланы әлбетте Ыбырай жақсы біледі, тамыршыдай дөп таниды. Алайда, Ыбырайдың ісі Н.И.Ильминскийді өзіне де жау қылмай, қазақ халқын да көкпарға салмай, қазақша айтқанда, тығырықтан «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» аман алып шығу еді. Кітаптың құрастырылып, жазылып шығуы үлкен еңбек, зор машақат болса, оның жарыққа шығуы да өз алдына бір мәселе. Және қандай мәселе?! Патша үкемітінің зор сенімді өкілі, тіс қаққан айлалы Н.И.Ильминский! Ыбырай орыс, батыс еңбектерін аудара жүріп, сол стильде шығармалар жаза жүріп, әдемі маневр жасап кетті. Шығармаларын астарлай отырып, таза қазақи үлгіде, қазақы таным-түсінікке қабысатын нақышта, әрине, білім мен ғылымды, гуманизм мен өркениетті алдыңғы орынға қоя отырып, «Қазақ хрестоматиясын» өз ойлағанындай жазып шықты. Кітаптың кіріспесі өз өлеңімен:
Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық! –
деп басталды. Сөйтіп, 1879 жылы Орынбор қаласында тұңғыш қарлығаш қанат қақты. Тұңғыш хрестоматия оқулық. Ыбырайдың көзінің қарашығындай болған асыл мұрасы, кейінгі ұрпаққа қалдырған ғажап жәдігері. Шын мәніндегі, қазақ балаларын тұңғыш рет білім-ғылымға шақырған «дала қоңырауының» мәңгілік үні.
Осыдан тура он жыл өткен соң, дәлірек айтқанда 1889 жылыЫбырай қайтыс болғанда, сол жылы «Оренбургский листок» газетінде берілген қазанамада бір топ ағартушы-демократтар, оның шын тілеулес достары мен сырлас бауырлары: «Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер еді, ол өзінің қараңғы, көшпенді халқының ішіне еуропалық мәдениеттің жарық сәулесін таратты», – деп жазған еді. Қазақ даласына тұңғыш болып заманауи классикалық білім мен ғылымның алып шамшырағын жаққан сондағы Ыбырайдың жасы небәрі 48-де ғана-тұғын. Ыбырай жаққан сол шырақ бүгінгі күнге жетіп, небір ала құйын дауылдар мен ақ басқын борандарға да шыдас беріп, әлі маздап, әлі лаулап, қараңғылықты қақ жарып жанып тұр...
Дархан АМАНЖОЛҰЛЫ