Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жылқы жалына жармасқандар неге аз?

Жылқы жалына жармасқандар неге аз?

Бәлкім, біз қателесіп те отырмыз. Бұны оқып бастаған адам «пәлі, жылқы мінбей не көрініпті, біздің елде мұндайлар баршылық» деп қарсыласуы да бек мүмкін. Оған қарсы жауап та айтпаймыз. Бірақ, бұл мақаланы жазбас бұрын бұрынғы мен бүгінгіні салыстырып алдық.
Иә, салыстырдық. Ат үстінде өмір сүрген ата-баба салты белгілі. Оны қозғамаймыз. Әрі кетсек, 20-30 жыл төңірегіндегі уақытты қаузап көрсек. Бір буын алмасар мұндай кезеңді ширек ғасыр деуші еді. Сол ширек ғасырда атқа мінген ағалар азайып, бала біткен оны сирек көретін болған.
Малды машинамен бағамыз
Мақала осы жайлы болатын. Атқа міну дәстүрінен алшақ кеткен біздің халықтың бұған сылтауы не? Жылқы жоқ емес қой. Саралап көрелік.
Атакәсіптен ажырамаған бұ­рынғылардың ізін қуған қазір­гі буын, шүкір, мал басын көбей­туге құштар. Бірақ, кейбір оқы­ғандардың пікірінше, қазіргі қа­зақтың мал бағудан қыры кеткен. Мал бақпақ түгілі, атқа отыратын қазақты да сирек көресіз. Осылай дейді. Кей-кей жерін мо­йындағанмен, төрт түлікті кө­бейтіп, ата дәстүрден қол үзбеуге тырысып баққандар бар.
Бір көрген жайт. Осыдан көп жыл бұрын ауылдағы қа­зақ­тың үйінде бір-бір жылқы тұ­ра­тын. Байлауда тұрған бұны мініс ат дейтінбіз. Осымен сыртта жа­йылатын малын қарайтын. Түгел­дейтін, қажетін ауылға айдап әкеліп, сойысқа жарататын.
Қазір мүлде басқа. Атқа мініп, мал қайыру тұрмақ, қой кезектің өзін көлікпен бағатындар бар. Жылқыны қарауға да машина не мотоцикл жақсы болып тұр. Жеңілі осы дейді малшы қа­уым­ның өзі де. Айылын тартып, атқа мінгеннен, әп-сәтте «жел­діртіп» өте шығар техниканы тә­уір көре­ді ғой. Бұл да дұрыс шы­ғар.
Атқа мінудің пайдасын бұ­рын­ғылар әбден білген бе?! Қар­лы боранда адасып, ат үстін­де қалған адамның тоңбау сыры жайлы оқығаным бар. Өйт­кені, жыл­қының қалыпты тем­пе­ра­ту­расы адамның дене қы­зуынан бір жарым градусқа жоғары бо­латынға ұқсайды. Иә, жыл­қының сыртқы температурасы адам­ның суыққа ұрынбауына кепіл.
Ал енді терлегендегі иісі мен ер-тоқымының өзіне улы жылан мен жәндіктің жоламайтынын кө­зі қарақты оқырман білер. Одан бөлек, жылқы сүтінде ағзаға керек дәрумен көп. Әрі олар өте күшті болып келеді. Өкпе ауруын жазатын қымыздың асқазан-ішек жолдары, бауыр мен өт қызметіне пайдасы орасан. Тері аурулары мен жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар. Ол жайлы келесі тақырыпқа үңіліп көріңіз.
Жылқы мінген аурудан жығылмайды
Ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерт­теу ветеринария институтының облыстық филиал меңгерушісі Дәулет Ибрагимовпен пікірлес­кенімде мынадай дерек айтқан.
– Пандемия басталып ауру қо­зып, барлығы саумал іздеп кетті. Дәрі ретінде іздеді бұны. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі бұл саумал дегеніміз бірден аурумен күреспейді. Тек біздің иммундық қорымызды көбейтеді. Дұрыс тү­сіндірдім бе, егер сіз ауырған жағ­дайда саумал не қымыз іш­кен кезде сіздегі жетіспеуші ви­таминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұ­бат, жалпы, ағарғанның құді­рет­тілігі осында, – деп ақтарыл­ған ғылым кандидаты.
Осы Дәулет аға – қаланың қақ ортасында бие ұстап, саумал мен қымызды қатар ішіп отыр­ған қазақ. Әңгіме әрі қарай жал­ғасқан. Жылқы жайын бір адам­дай білетін кейіпкеріміз «әр қазақ атқа мініп жүрсе» деп те армандайды.
– Үйдегі биелерден бөлек, сыртта бәйге аттарым да бар. Сенсең, бәйге кезінде соған отыр­­ғызатын бала таппаймыз. Атқа отырып дағдыланбаған. Баланы не деп кінәлаймыз, үлкен­де­ріміздің өзі атқа отырудан қал­ған. Темір көлік көбейгелі жыл­қы жануары шеттеп қала берді ғой. Жоқ емес, біздің облыста да оны көбейтіп отырған жігіт­тер же­терлік. Бірақ, мініске пайда­лан­баймыз. Ұдайы далада. Бі­рен-саран көкпар мен бәйгені әуес қылғандар болмаса, мал шаруа­шылығымен айналысатынның бі­разы малын машина не мотоциклмен қарайды. Солай. Көлікпен түгелдеп, сай мен жыраның ара­сын сүзіп жүргені. Заманға бе­йімделу шығар, бірақ, атқа мінген әр қазақта рух пайда болады. Екіншіден, ат үстінде барлық дене мүшең қозғалып, қан айналым жақсарады. Денсаулыққа деген пайдасын мінгенде байқайсың, – дейді Дәулет Ибрагимов.
Ғылым кандидатының айтуынша, атқа міну – кәдімгі массаж. Қан айналымы жақсарып, жүрек ауруларына жол бермейді. Тұз жиналмайды, өйткені ат үстінде адам түрлі тербелісте, барлық буын қозғалыста болары анық. Ғылымда жылқымен емдейтін тәсіл бар. Иппотерапия деп аталады. Жұлынға зақым келіп, бастан жарақат алғандар, мінез-құлық өзгерісіне ұшырағандарға керек ем-дом. Дұрысы, жүйке ауруларын қалыпқа келтіруде жылқының жөні бөлек. Әсіресе, туабітті тірек қозғалысы қиындық тудырған кішкентайларды ат үс­тінде емдеу жақсы нәтиже беріп жүргенге ұқсайды. Бабалардың ат үстінде шымыр болатынын ежелден болжап кеткенін осыдан-ақ біле беріңіз.
– Простатит, геморрой сияқты ау­ру­мен бұрынғылар ауырды ма? Жоқ. Өйткені, ат үстінде же­ліс не шабыс тақымға ұдайы мас­саж жасайды. Меніңше, балаларды виртуалды әлемнен, мы­на ұялы телефондағы ойындардан алшақтатуды өзіміз бас­тау керекпіз. Атқа мініп, үлгі көрсетсек, балаң да соның айналасында болары анық. Жер-жерде атқа мінгізетін орындар, шағын ипподромдар болса ғой. Өзі қазақ болса, ол адам атқа қызықпай тұрмас. Онсыз да түрлі ойын-сауық орталықтарына баласын сүйреп жүргендер көп қой. Атқа мінуге неге апармасқа?! – дейді Дәулет аға.
Жылқыны жеу үшін ғана…
Осы тақырыппен кей-кейде елдегі ағалармен де тілдесіп қаламыз. Бәрі де «атқа мінудің» артықшылығын жыр етеді.
– Бұл жөнінде менің ауылға өк­пем бар, – дейді ауылдас ағам Жантөре Әбдірейімов. – Сен айтқандай, жылқысы барлар қа­зір атқа мінбейді. Сиыры бар сиыр саумайды. Мысалы, ауыл­дағы танысымның алты бұзауы енесін еміп жүр. Әйелі түске дейін ұйықтайды, тұрған соң Үкі­меттің «Моё» сүтін ішеді. Бардың қадірін білмейміз. Бір жағынан, бұл – ауылға жеткен интернеттің, асфальттің, бір-бір жеңіл көліктің нәтижесі. Өрістегі малды қарау керек болса, жылқыдан бұрын зуылдап тұрған машина бар. Жыл­қыны жеу үшін ұстайды. Оның тақымға сіңетін ащы терінің қа­сиетін, әсіресе, белсіздікке ем екенін білмейді. Жылқының иісі тыныс жолдарына шипа боларын, асауды бас білдіру балаға өжеттік, қайсарлық өз күшіне се­нім артатынын түсінбейді. Аттың арқасында жел бар екенін, оған мінген адам аруақтанып отыратынын, шапқанда пырылдаған та­науынан шыққан дыбыс шабыт беретінін ұмыттық. Ал сүті, қы­мызын айтпай-ақ қояйын. Айта берсе, көп. Жылқы қадірін білетін ауыл азаматтары азайып барады…
Жерлес ағайдың сөзінде ащы шындық жатыр. Дұрыс. Барлық жағынан да, өзімізге байланыс­ты. Сондай-ақ, екінші ойлайтын жағы да бар. Ол – тұрмыстық ке­дергі. Бұрынғы қазақы жылқы мінгендердің ішінде жағдайы бар жігіттер шет елден асылтұқымды аттың түрін әкеліп жүр. Жергілікті жылқы мініске жарағанмен, бәй­геге шаппай тұр. Делебе қоз­дырар тұлпарлар тым сирек бол­ғаннан да шығар, атқа құмартқан аз.
Ал өзіміздікін тек сойысқа қана ұстайды. Тағы бір айта ке­тетін нәрсе, қолға ат ұстап, мін­гісі келгенмен, оның жағдайын жасаудың өзі қиындау. Үш жыл­қыны қорада ұстап көріңіз. Жем-шөптің бағасы аспандап тұр.
Қорыта айтқанда, құла қасқа мен күрең төбел болсын, теңбіл көк пен шұбар ат болсын, қай жылқының да пайдасы зорын тәптіштеп жатырмыз-ау. Бірақ айтуын айтқанмен, іске асыру да – бір ерлік. Жылқы жайын ұққандар жалына жармасуды да азайтпаса екен. Ынталы топтар атқа мінгізуге арнайы жоба ойлап тапса, қанекей?! Мұндайда анық «бәрекелді» дейсіз. Атқа міну де, мінгізу де бізге ғана жарасады емес пе?!
Айтпақшы, Сыр бойындағы шұрқыраған жылқы санын нақты көрсете кетуді жөн көрдік. Қараңыз. 163700 бас. Бұл да сенімсіздеу. Әйтпесе, бір ауылдық округте 200 бас жылқы деп көрсетілсе, сол ауылда кейбірінің 500-600 бас жылқысы бар. Ал сондағы жылқылы ағайынның малы бұл есепке неге кірмей қалған деп сізбен бірге  мен де күмәнданып жүрмін…

Ержан ҚОЖАС

syrboyi.kz
06 сәуір 2021 ж. 761 0