Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ойлы өлең оң жамбасына келген ақын

Ойлы өлең оң жамбасына келген ақын

Тұлғасы таудай, жүрегі жазық даладай. Қашан көрсең де үлкен-кішіні өзіне баурап тұрады. Әңгімелесе қалсаң қазақтың қара өлеңі хақында кеңінен сөз сабақтайды. Бұл асқаралы алпыстың көжесін ішкен Оңталап Базаралиев-тұғын. Қалам ұстап, қиялын ұштаған бозбаланың алғашқы рет басылым бетінде өлеңі шыққаны өз алдына қызық... Ауданның айнасына баланған «Толқын» газеті редакциясына бас сұққан жас жүрекке арқалы ақын Серік Сейітмағанбетов сәт сапар тілеп, батасын берген. Содан бергі жол елдің көз алдында. Шөмішкөлге жақын Сорғақ пен Ақшатау көлдерінің ортасындағы шырайлы мекенде өскен бозбала бағытынан жаңылмады. Өзінің қабілет-қарымымен талайды мойындатты. Жазды, ойдың кенін қазды. Ералыдай әкеден ерте жетім қалған Оңталап ардақтысының атына кір келтірмеді. Қаршадайынан зейінді болып өскен, білуге құштар ұл аяулы Алтыншаштай анасының сеніміне селкеу түсірмеді. Қашанда қамқорлығына жарады.
Оң-солын енді танып біле бастаған шақта ақ сүт берген шынарынан көз жазды. Яғни, жетінші сынып бітіргенде қаншама жайсаңдар құндақталған қара жерге анасын тапсырды. Тағдыр деген осы. Оңталап Серік ақын «Оңталапқа оң талап» деп айтқандай, тәп-тәуір өлеңді бірінен соң бірін жарыққа шығарды. Алтын ұя мектебінен алған сапалы білім, саналы тәрбие талабы зор жасты алысқа апарды. Арқа сүйер қамқоры болған қос апасының ақылын екі етпей ержеткен ақын алғашқы еңбек жолын мәдениет саласында бастап киномеханик, араға уақыт салып автокөлік меңгерушісі, артынша әдіскерлік жұмыстарын мінсіз атқарды. Осынау жауапты істің басында жүріп ата-анадан дарыған еңбекқорлығының арқасында Ақтөбе қаласындағы мәлдени-ағарту училищесінің режиссерлік факультетіне түсті. Алаштың анасы атанған Сыр перзенті Астана асып немесе өзге өңірге қоныс аудармады. Өзінің облысындағы бас қалада тірлік кешуді жөн деп тапты.
Қазір қиялы ұшқыр, ойы орамды кейіпкеріміз бірнеше кітаптың авторы. Қазақтың қара өлеңінің қайнарын қанып ішкен, түбектен түлеп ұшқан таланттың ғибратты ғұмыры осылайша өрілді. Маңғаз кейіптен танбайтын ағаның таяуда ғана патша көңілді оқырманға жол тартқан «Алау» атты кітабын парақтадық. Аңғарғанымыздай, шымыр шумақтар, теңдесі жоқ теңеулер, көңілге қонымды көзқарас, боямасыз бейне, талғамға бай табиғат еріксіз бас шұлғытады екен. Біз көрдік, сіз де көріңіз. Парақтап ғана қоймай, бір шоғыр өлеңін рухнаи құндылықты дәріптейтінін көпке паш етуді жөн деп таптық.
Редакциядан

Ақ жаңбыр
Себелеп тұр ақ жаңбыр,
Тамшылары мөлдіреп.
Күркіреп күн салған жыр,
Ақ бұлттары желбіреп.

Майда жаңбыр денеге,
Жып-жылы леп құяды.
Бұлттан әрі төбеде,
Күн сәл нұрын тыяды.

Мінезіңе қанықпыз,
Сен Тәңірдің сыйысың.
Сағынып-ақ қалыппыз,
Ақ жаңбырдың иісін.

Аспан асты түрленіп,
Кемпірқосақ керілді.
Біз де қалдық үлгеріп,
Көтеріп бір көңілді.

Ашып көңіл түндігін,
Бүршік атты арман гүл.
Қандай ғажап күн бүгін,
Жансарайым ақ жаңбыр.

Сыр жігіттері
Отын жағып маздата жүрегінің,
Таңнан таңға жеткізген сыр өрімін.
Әнші, жыршы, ақыны, батыры бар,
Жігіттері сұңғыла Сыр елінің.

Ақ батасы мұрасы бабасынан,
Аяр жаны болмаған анасынан.
Жасымаған жігері қырандай-ақ,
Сырдың дархан шыққан соң даласынан.

Жүрегінде өшпеген үміт төрі,
Берген серттен айнымай шынықты өрі.
Ар-намысы тасада тапталмаған,
Жасасын Сырдың қайсар жігіттері!

Қуат берген, күш берген Қызыр бабам,
Олар барда, отбасы, түзің де аман,
Кім жетер Сырдың қайсар ұлдарына,
Уәдесі Құрандай бұзылмаған.

Пендемін ғой
Не келсе соны ақтардым көңіліме,
Шыққан төбем бақыттың төрі біле.
Айтаққа еріп, өзімді ұмытпадым,
Сценарий құрмадым өміріме.

Болмашыға боп жүрді тоқ көңілім,
Қыздырып жүрдім көңіл от көрігін.
Жанымның жасымайды ақ сәулесі,
Жүректе жыр тұрғанда, көкте Күнім.

Түсінбей-ақ өмірдің нақты есебін,
Пешенемнің нұрымен бақ кешемін.
Көрінгенге қос жегіп, ар сатпадым,
Білген соң тақ тұрлаусыз, бақ көшерін.

Айтпадым осы күнгі ғұмырға сын,
Қонып жатса бағымды кім ұрласын.
Жұмыр жерді тарсынып біреулер жүр,
Сыйғыза алмай сауғалап, жұмыр басын.

Ар-ұятым бағдаршам жүгінетін,
Жүрегімде, кеткенше құрып есім.
Жаңылатын жағым бар жасырмаймын,
Мен де бірақ пендемін сүрінетін.

Қыз бақыты
Көркіңді көріп нұр-жарық,
Құлпырды көңіл бүр жарып.
Беріпті көрік алғаусыз,
Табиғат жасап мырзалық.

Жаныңды мөлдір етіпті,
Жанарды мөлдіретіпті.
Сұлулық атты сиқырдың,
Барлығын сендік етіпті.

Күлкіңнен күміс төгілген,
Қос бұрым шашың өрілген.
Деміңнің дәру жұпары,
Арылтар шемен шеріңнен.

Келісті келген паң мүсін,
Ерекше ерін нәрлі шын.
Әлемнің ашар ұйқысын,
Алаулап атар таңбысың.

Сөйлесе көркем, сызыла,
Ұйимын үнге қызыға.
Осындай бақыт бұйырған,
Қазақтың ғажап қызына.

Ақ жауын – жыр
Жанарымда шамшырақ,
Жүрегімде сан сұрақ.
Астаң-кестең ойлар тұр,
Тіл тұлпарды қамшылап.

Көгенімде өлең жүр,
Көңілімде кемел жыр.
Сан соқпаққа сапарлар,
Сезімдегі елең бұл.

Ой тіземін сөрелеп,
Сезімге нұр себелеп.
Қанат қаққан тынымсыз,
Көңілім бір көбелек.

Сөз өнерін, үлгі ұқтым,
Аңсарымын жыр құттың.
Жүрегімнен ақ бұлттай,
Ақ жауындай жыр күттім...

Сабыр керек
Тұлпар келсе қуандым жүлде салып,
Бұндайда қай қазақта күлмес арық.
Көп ішінен ілуде біреу шығар,
Кететін қаңғы иттерше ірге сарып.

Толайымға торқалы той тіледім,
Алла қабыл етсін-деп, ой-тілегін.
Көре алмастай ілуде біреу шықса,
Елемей-ақ сорлының қойшы реңін.

Дұшпанды да қарырдай қарғысым жоқ,
Түндігімді, тойымсыз аңдысын кеп.
Тілеймін тәуір тілек тентекке де,
Етек жинап, ес кіріп таң қылсын-деп.

Жаза баспас пенденің, жары Құдай,
Жаңылмас жол таппайды жаның ұдай.
Отқа түсер көбелек секілдінің,
Болсын деп, тілек тіле, сабыры бай.

Алашыңмен астассаң, арқан өрде,
Сабыр керек негізі сәл-пәл ерге.
-Деп тілеген арманның ұшқыны бұл,
«Осының бәрі түгел болса менде!»

Адамдарды іздеймін...
Қабағын қылаудай да мұң шалмаған,
Күмбірлеген кеудесін күн шарлаған.
Адамдарды іздеймін көп ішінен,
Ой-санасы тұсалып, құрсалмаған.

Парасаты түннен де, күн шықтырған,
Қарапайым тұлғасы ынтық қылған.
Адамдарды іздеймін көп ішінен,
Залым ойды зынданда тұншықтырған.

Қара судан қанағат тапқан, ырыс,
Жасамаған тірлікте мақтанып іс.
Адамдарды іздеймін көп ішінен,
Ет-бауыры ақеділ, ақтарылыс.

Жүрегінен ақ сәуле шашыраған,
Кеудесіне нан пісіп, тасымаған.
Адамдарды іздеймін көп ішінен,
Көргеніне қуанар, досын аман.

Бәйгесіне жаттың да қуанатын,
Қонағымен қақ бөлген ұнар асын.
Адамдарды іздеймін көп ішінен,
Маңайына күн туса құралатын.

Сардар ойын санада сараптаған,
Данаға да, балаға далақтаған,
Адамдарды іздеймін көп ішінен.
«Тышқан мұрнын, тірлікте қанатпаған».

Мұратына жетеді талаптанған,
Ойым осы санамда сан ақтарған,
Адамдарды іздеймін көп ішінен,
Өзім осы шыққанда санаттардан.

Түлегімін күздің мен
Күздің басы, қыркүйекте туыппын,
Содан бәлкім жомарттыққа жуықпын.
56 жыл көтерген ойласам,
Жүгі жеңіл дей алмаймын иықтың.

Өмір-өзен, қалтарыс һәм арпалыс,
Бәзбіреуге бұл дегенің, мал табыс.
Көкірегімнен жыр ұшырау әлімше,
Бұл мендегі үкілеген бар шанс.

Өмірімнің бір тоғалау өрісі,
Жүрегімде жырдың жібек желісі.
Өрілуді мақсат тұттым өлең боп,
Болғаннан соң, жомарт күздің жемісі.

Толмаса да тай-құлынға қорам сан,
Оқырманға жыр боп бақыт, тоналсам.
Пешенеме жарқын тілек жазылар,
Атымтайдың жомарттығы оралсаң.

Қалықтасын өлең болып біздің дем,
Өлең жазған бір күн артық, жүз күннен.
Жүрегімде жел қақтырмай өсірген,
Бір өлеңін үздім міне, күздің мен.

Ол кезде көктем еді...
Ол кезде көктем еді, көк бел еді,
Ақ жаңбыр, қырда гүлдер көктеп еді.
Біздің де жүректегі ақ махаббат,
Жайқала бүршік атып көктеп еді.

Сен едің қызғалдақтай қырдың гүлі,
Тарайтын жанарыңнан Күннің нұры.
Әлемде ғашық жандар біздердей-ақ,
Тоғысып кеудемізде үн бірлігі.

Болатын бізде сондай керемет күн,
Ақ тамақ, бал ерінде сенен өптім.
Жүруші ең, жарасымды қара шашың,
Желбіреп қанатындай көбелектің.

Ақ сәуле нұр төгетін жанарыңда,
Өзің боп асылым да, бағалым да.
Мендегі ғашық жүрек өлшемінше,
Бір басың теңелетін сан аруға.

Ғашықтық ғажайып жол бізге ұласып,
Тұратын үлбір жонын гүлдер ашып.
Жібек пен Төлегеннен кейінгі жұп,
Жан жоқтай ғашық болған бізден асып.

Алтын кірпік, Ай қабақ

Ізетті де ибалы,
Жүрегінде иманы.
Менің қайсар халқымның,
Қазақ қызы сый-бағы.

Алтын кірпік, Ай қабақ,
Ақ көгершін, жәй қанат.
Жарқылымен жанардың,
Кетер әлем жайнап-ақ.

Қара шашы, қара орман,
Демі сылқым самалдан.
Тәрбиесі тәлімді,
Санасында сан арман.

Көркем мінез, тал мүсін,
Болмысында арлы сын.
Жүрегінде жаттаған,
Нар қазақтың жарғысын.

Артық кемсіз бір ісі,
Әсем, сәнді жүрісі.
Қазақ қызы, Қазаққа,
Жаратқанның ырысы.

Бұлт
Аспан мінез қара бұлт, ала бұлттар,
Ол төбеңе келгенде жаңалық бар.
Жатырқама, жасыма, шын қуанып,
Мөлдір тамшы қабылдап жаңарып қал.

Қара бұлттың ұнамас жұртқа несі,
Бұлт үйірілсе, бау-бақтың шыққан есі.
Құдасына кигізген кит секілді,
Жердің төсін суару, бұлт кәдесі.

Ақша бұлттың тамсанам сәлдесіне,
Көз тоқтатам қызыға әр көшіне.
Тәңірдің тиянақты тәртібіндей,
Жүріп өткен жолында бар несібе.

Кім түсінген ғаламның шиыр көшін,
Қарсы ал бәрін ақ-адал күйіңде шын.
Қара жерді қайыра басқан жандар,
Қабағыңа қара бұлт үйірмесін.

Сырғалы қыз
Біз дегенің сұлулық құрбанымыз,
Бүгінгінің Ақаны, Біржанымыз.
Нан мен Құран, басқаның бәрін аттап,
Көре қалсақ ұшамыз сырғалы қыз.

Бұл тірліктің ілескен көші көппен,
Бізде қия баспадық осы беттен.
Оқығанда бұл жырды жымиярсың,
Бір мен емес аруға есі кеткен.

Сырғалы қыз кеткенмен елең етпей,
Гүл аңсаған қалмайсың көбелектей.
Көңіліңде тыныстап, тыншымайды,
Сол арудың алдын бір бөгеп өтпей.

Тоқтаса бақ, болмаса сорың дайын,
Ақ сәулесін төккенмен көңілде айың.
«Мен үшін жаныңды бер» десе дағы,
Дегің келіп тұрады, орындайын.

Хас сұлудың сырғасы ажарына,
Ақ жүректі ұсындық таза мына.
Көктем, жаз қарайламай өткеннен соң,
Күздің қазір қараймыз қабағына.

Немереме
Үлгілі боп бас алға,
Тыс еркелік артық де.
«Құл болмайды қашанда,
Басын иген тәртіпке».

Ерте тұрсаң ұйқыдан,
Денең шымыр, сергек те.
Керек енді шын шыдам,
Білім, ғылым термекке.

Ойна асық азырақ,
Есеп, дәлдік бар мұнда.
Ойдан мүлдем ажырап,
Сабағыңды қалдырма.

Домбыраға үйір бол,
Үнін сіңір санаңа.
Күмбірлеген күйінде ол,
Айналады данаға.

Жұмбақ-қызық ғаламда,
Ғажайыптың бәрі бар.
Мынау дархан далаңда,
Іздегенің табылар.

Өсер бала өрісті,
Алмайды ол екілік.
Желбіретіп жеңісті,
Өсе берер жетіліп.

Міне осындай баланың,
Алған қабыл батасы.
Деп сүйеді «Қарағым»,
Риза боп атасы!
Оңталап БАЗАРАЛИЕВ
12 қыркүйек 2023 ж. 1 067 0