Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аға мен іні...

Аға мен іні...

Бір қалада екі ағайынды жігіт тұрады. Екеуі аға мен іні ретінде тату-тәтті өмір сүріп, өз алдына бала-шағалы болғанда да қарым-қатынастарын үзбейді. Бірақ тағдыр екеуін қатты сынайды.
Араларынан «қара мысық» өтеді. Бір-біріне деген көңілдері суып, араласпайтын жағдайға жетеді. Негізі болған жағдайға аға да, іні де кінәлі, алайда екеуі де өздерін «сүттен ақ, судан таза» сезініп, бір-бірін кінәлап, ақыры отбастарымен араласпастай болып, қарым-қатынастарын үзіп тынады.
Сөйтіп күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, жылдар жылжып жатады. Зейнетке шыққан ағасы інісін үнемі ойлап, уайымдап жүреді. Інісі де ағасын есінен шығармаған, бірақ екеуі де бір-біріне кішірейіп, іздеп келіп,кешірім сұрауға илікпейді. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демеуші ме еді, інісінің бүкіл шаруасы дұрыс жүрмей, ішкілікке салынып, отбасының берекесін кетіріп, әйтеуір өлместің күнін көріп жүріп жатады.
Ал ағасының тұрмыс жағдайы жақсы, дәулеті баршылық. Бала-шағасы ештеңеден таршылық көрмей, бақытты өмір сүруде. Тек соңғы кезде ағасы бір дертке шалдықты. Жазылар деген, болмады. Ауру күрт күшейіп, аз уақытта еңселі азаматты тұқыртып, аурухананың төсегіне таңды. «Ер арыса – аруақ» деген, тас емендей көрінетін әке жоқ, ауру, дімкәс.
Балалары, әйелі, дос-жараны қолдарынан келгенін жасап бақты. Небір мықты деген дәрігерлерге көрсетті. Шетелге де апарып қайтты. Дерт меңдей берді. Бірнеше отадан өтті.
Ақыры дәрігерлер: «Науқасты бұл аурудан емдеуге медицинаның әлі келмейді, дерті асқынып кеткен» деп үйіне шығарып салды. Үйіне келген соң науқастың бойына біртүрлі күш бітіп, өздігімен жүріп-тұра алатындай күйге жетті.
Бұл өзгерісті барлығы күнделікті ішіп жатқан дәрі-дәрмектің арқасы болар деп жорамалдады. Асылында, аурудың өз жағдайы өзіне мәлім. Дәм-тұзының түгесіле келгенін сезген жігіт ағасы осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келді.
Әйелінен дәрігерлер жазып берген қағазды қоярда-қоймай сұрап алып, оны бір конвертке салып, жуынып-шайынып, сақал-мұртын қырып, жақсы киімін киіп, әтір сеуіп, «Мен бірер сағаттан соң келемін, таза ауа жұтып келемін, қажеттерің болса, телефон бар, қоңырау шаламын» деп, сыртқа асығыс шығып кетті.
Қанша шыр-пыр болғанмен әйелі ештеңе істей алмады. Балалары болса, үйде жоқ еді. Содан ол салып отырып, қаланың шетіндегі інісінің үйіне келді. Есікті келіні ашты. «Қайнағам келді» деп қуанған ол балаларын жұмсап, төрге көрпе төсеп, дастархан жайып, қонақ күту қамына кірісіп, ұшып-қонып жүр.
«Келінжан, мен үшін әбігер болма, Ақанжан қайда? Бар шаруам сонда. Ақанжанға айтатын бір ауыз сөзім бар, сосын кетемін» деп бауырын сұрады. Жарықшақтанып шыққан үнінде қобалжу бар. Інісі ұйықтап жатыр екен.
Әйелі оятты. Басы мең-зең, оятқанға ренжіп, балағаттай бастаған Ақан ағасы Дарханды көріп, үндемей қалды. Ағасының амандасуына жауап қатпай, бірден: «Неге келдің»,-деді. «Інім, бауырым, ағаңды кешір, үлкен басымды иіп, алдыңа келіп тұрмын. Мен сені баяғыда кешіргем, енді сен мені кешір»,-деді.
Інісі: «Мен де сені баяғыда кешірдім... Осымен сөз бітті. Осы үшін келдің бе, болды, аға, бара беріңіз»,-деп Ақан көрпесін бүркеніп алды. «Ақанжан-ау, мені енді көрмейсің... Тек бір өтінішім бар, үш күннен кейін біздің үйде той болады, сені соған шақыра келдім.Сендерді шақыра келдім. Келінжан бар, балалар бар, бірің қалмай келіңдер. Біз сендерді күтеміз. Төріміз – сенікі, сендердікі, Ақанжан!» деп иегі кемсеңдеп, сөзінің аяғын айта алмай, қалтасынан конвертті алып, көрпеден шығып жатқан інісінің алақанына қыстырды.
Босағада көзінен жас сорғалап келіні Сұлу тұр. «Ақ көке, тойға шақыра келдіңіз бе, бізді? Алақай, тойға барамыз» деп Ақанның жігіт болып қалған қос тентегі қуанып жатыр. «Иә, тойға, құлындарым, бәрің де үш күннен соң біздің шаңыраққа келіңдер. Мен кетейін»,-деп Дархан шығар есікке беттеді.
Келіні Сұлудың дастархан дайындап қойғанын ескеріп, одан нан ауыз етті де балалардың басынан сипап, «Сендер аман болыңдар, бақытты болыңдар» деп күбірлеп, жайлап басып шығып кетті. Ақанның қолындағы конвертті алып, ішінде не жазылғанын қарауға Сұлудың да, балалардың да батылы бармады.
Білдірмей ала қоюға? Жоқ, болмайды. Ол ояу жатыр. Айқайға басса, үйді басына көтереді. Ақан конвертті кәдімгідей сығымдап ұстап алыпты. Бір сәтте әлгі ақ парақты ашылмаған күйі бетіне басып, егілсін келіп: «Ағатайым-ай, тойға шақыра келдің бе? Арада қанша уақыт өтті, өзі? Сенің де ұл-қызың өсіп кеткен болар? Солардың бірінің қызығы шығар? Әлде, ақ жеңгем екеуіңіздің шаңырақ тойларыңыз ба екен?!»деп келіп, еркек басымен егілді. Әйелінің «Ақан, қолыңдағыны ашып, оқысайшы» дегенін естімегендей, оны мыжғылай ұстаған күйі жанқалтасына салды.
Осы күннен соң да арада үш емес, бірнеше апта өтті, мүмкін бір ай, екі ай өткен болар, Ақан тәубесіне түсіп, ниеттеніп, «енді ішпеймін, түзелемін» деп ар алдында ант беріп отырған күні оң қолы пенжагының қалтасына бара берген, конверт ілікті. Алды, ашты, оқыды.
Екі көзінен жас парлап ағып жүре берді. Кеудесін өксік қысып, солқылдап келіп жылады-ай дейсің! «Ағекем-ай, ағекем» деп келіп, өксігенде өзегіңді суырар өкініш от боп қолқасынан атылып жатқандай, жанарынан тоқтамай аққан жас омырауын жуып, талайдан бері іште беріш боп қатқан шеменді ерітіп, ер жігітті езіп жібергендей күйге түсірген.
Оның бұл күйін ешкім көрмеді. Біраздан соң өз-өзіне келіп, медициналық қортындыға қайта үңілді. Осы сәт үйге әйелі Сұлу да келді. Болған жайды білді. Екеуі егіліп жүріп, жиналып, ағасы Дархандікіне төбе көрсетуге, көңіл айтуға асықты.
Иә, дәрігердің берген ауру қортындысында Дарханның дертінің өте асқынып кеткенін, оған ота жасалғанмен аурудың беті қайтпағанын, ақыры сырқаттың 30 күндей өмірі қалғанын ашып жазыпты. Қортындының берілген күнінен бермен қарай санағанда отыз күн өткен, ағасы бұларға 27 күннен соң келіп, «тойға шақырту» қалдырған екен.
«Үш күннен соң той» дегенінің сыры осы екен. Ақан конвертті сол бойда ашып қарамай, қалтасына салғанына өкініп, өзін жазғырумен келеді. Болар іс болды. Ағасы барлығын шақырды. Екі баласын да ілестіре шықты.
Олар ештеңені білмейді. «Тойға барамыз» деген ойда. Екеуіне айта қоюға әке-шешенің жүрегі дауаламады, бала ғой, Дархан көкесін сондай қатты жақсы көретін балаң көңілге қаяу түсіруге батпады, бірақ барған соң бәрі бір біледі емес пе, сол сәтте ауыр соқпайды ма, қазір, алдын-ала ескертіп қойса да болар еді.
Екеуі бір-біріне қарап, айта алмай-ақ қойды. «Әке, Дархан көке қалдырған шақырту билетте біздің де аттарымыз жазылған ба?» деп сұрайды кішкентай Азамат. Әке-шешесінің көңілін, жүзіндегі қайғының ізін аңдап, бір нәрсені сезгендей болып келе жатқан ұлдың естияры Есмұрат:
«Көкеміз бәріңді шақырдым дегенін өз құлағыңмен естідің емес пе? Ендеше, онда екеуміздің де атымыз жазылған» деп інісі күткен жауаппен көңіл жұбатты. Ақан бала-шағасымен ағасы Дарханның үйіне келгенде аула толы адамдарды көрді. Барлығы да көңілді.
Шыныменде бұл үйде бір жақсылық, той болғалы жатырғандай. Бұлар болса, басқаша болады деп ойлаған. Екі бала ағасының балаларына қосылып, құлын-тайдай шұрқырасып жатыр. Ағасының зайыбы Айғаным абысыны Сұлудың бетінен сүйіп, одан қайнысын құшақтап, сөйткенше Ақанның екі баласы жүгіріп келіп, не керек басқа да жақын-жуықпен сағыныштарын баса алмай амандасып, бір ерекше сәт орын алды.
Ал Дархан үйде, меймандардың ортасында отыр екен. Бәрі көңілді. Бүгін қасиетті жұма күні бұл шаңырақта «құдайасы», яғни «садақа» беріп жатыр екен. Ақан мен Сұлу мән жайды аса түсінбесе де, бір айрықша оқиғаның, өзгерістің болғанын сезді.
Ас желініп, шай ішіліп, қонақтар Дарханның тәуір болып кетуіне тілектерін айтып, садақа қабыл болсын деп бірінен соң бірі сөйлеп бола келген. Ақан не дерін білмей отыр. Қалтасында өткенде ағасы ұстатқан «шақыру билеті». Сұлу екеуі көңіл айтуға келген.
Келсе, мұнда шыныменде той болып жатыр десе, жарасқан. Ақан ағасына қарай береді. Інісін көріп, көңілі бұзылып, әрең отырған Дархан сөз бастады.
–Қадірменді қонақтарым, көрші-көлем, тума-туыс, құда-құдағи, дос-жараным, біздің шаңырақтағы бұл садақаның төркіні менің ауруханадан шығып, үйіме, бала-шағамның, сендердің орталарыңа қайтып қосылуыма арналған десе болады. Құран оқып, Аллаға шүкіршілік ету біздей пенделерге парыз. Орталарыңда інім – Ақанжаным келіп отыр,-деп Дархан сәл кідірді, айтар сөзі тастай кесектеніп, қолқасына кептелгендей, көңілін орнықтырып,-менің айтайын дегенім, жаман бір дертке шалдыққаным рас, бала-шағам мені қайда емдетпеді, небір білікті деген дәрігерлер қарады, бірақ менің ауруым күшейіп, ақыры ажал сағатымның соғатын сәті таяғанын іштей өзім де, дәрігерлер де сезіп, оны қағазға жазып та берді.
Небәрі бір айдай өмірім қалған екен... Мен баршаңызбен туыстық қарым-қатынасымды үзбеуге тырыстым. Тек інім Ақанжаным екеуміздің арамыз суып кеткені жаныма қатты батты. Мені әзәзіл азғырып, туған бауырымды тірідей жоғалтқандай болдым.
Осы сары уайымға айналды. Ақыры ауруға душар болдым. Сағатым санаулы болған соң бірден інімдікіне іздеп барып, дәрігерлердің қортындысын қалдырып кеткенмін, үш күннен кейін үйіме қонаққа келіңдер деп, қонақтығым – қазалы күніме... алайда, мырза Құдайым рахым қылыпты.
Айтылған мерзім өтті. Мен өзімді тәуір сезіне бастадым. Әйелім де, балаларым да мені дәрігерге қаратуды ұйғарды. Дәрігерлер таң-тамаша қалды. Жаман аурудың, әлгі қанша ота жасаса да қайтып өсіп шыға берген ісіктің ізі де қалмаған көрінеді. «Сіз мүлдем ауырмаған сияқтысыз. Тек ұзақ уақыт ауруханада жатып, дәрі ішкен, қайта-қайта ота жасатқан себепті, күтіну керексіз, күш-қуатыңыз біртіндеп қалпына келеді, ең бастысы жазылдыңыз» деді. Бұған сенер-сенбесімізді білмедік,-деп Дархан сөзін аяқтап, айналасына қараған, барлығы ұйып тыңдап қалыпты. Бұл алқада көпті көрген ақсақал бар еді. Сол кісі байыппен сөз сабақтады:
–Дархан шырағым, бәрін түсініп отырмыз. Дәм-тұзың таусылмапты, әлі көрер жарығың бар екен. Алланың рахымы түсіпті. Өзің жаңа «тума-туыспен қарым-қатынасымды сақтап келем, тек інім екеуміздің арамызға әзәзіл түсіп, соған өкіндім» деп бүкіл жағдайды жайып салдың.
Алла-Тағала Құранда айтады, «тума-туыстарыңмен қарым-қатынастарыңды үзбеңдер және кімде-кім ренжісіп қалған бір туысына барып, кешірім сұрап, арадағы байланысын қайта түзейтін болса, оған рахым етемін, молынан сауап жазамын, тіпті, оның өлім сәтіне үш күн қалса да кешіріп, өмірін отыз жылға, одан да әріге ұзартып, мерзімін кешіктіріп қоямын» деп.
Ал қазақ айтады: «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп». Дарханжан, сен аға болсаң да інің алдында кішірейіп, оны іздеп бардың, міне, сол сәттен бастап Алла сенің кінәңді кешіріп, өзінің рахым-шапағатына алған, денсаулығыңның бұлай түзелуге бағыт алуы Жасағанға жағатын жақсы амалды жүзеге асырғаныңның салдары, әйтпесе, біз бүгін сенің шаңырағыңда бұлай отырмас едік.
Атам қазақ және айтады: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп, алдыңа Ақанжан да келіп отыр. Бәрін жақсы түсініп отырмыз. Алла-Тағалаға шүкір, үйлеріңде құт-береке болсын. Аға мен іні, жалпы ағайын арасы ажырамасын. Әзәзілге ырық бермелік! Иә, Ақанжан екеуіңнің қайта табысуың шынымен – той, құдайасы, құдайалды той!
Ендеше, бұл жақсылық ұзағынан болсын! Адамдар, жақын ағайындар бір-бірін тіріде сыйлап, құрметтесе, Алланың алдында да құрметті болады. Айналайындар, бақытты болыңдар!
Ақсақалдың ақ батасына бір ауыздан «Әумиін» дескен ағайын ортасында іні мен аға бір-біріне жаутаңдай қарап, көздері мөлдіресе, екеуінің бала-шағасының, барша туысқанның ет-жүрегі езіліп, елжіреп, шүкіраман айтып, терең ойға берілді, бұл алқадан ажырағылары келмей, барлығы бірін-бірі жаңа көргендей ұзақ әңгімелесіп, қимай-қимай үйлеріне жадырай тарқасты.
Бес күн тірлік – сынақ толы тағдырың,
Елеме, сен, үй мен киім тарлығын.
Бауырыңның қалдырма, қам көңілін,
Өлтіреді сары уайым, жанды мұң.
Тату-тәтті өмір сүру – байлығың,
Айдан – айға жетпесе де «айлығың».
Ағайынға «жоқ» деп айтып, жөнелме,
Мініп алып, қайығына қайғының.
Адамды сүй, Алланың сез, барлығын,
Бойұсынып, орында, әр жарлығын.
Өсек, өтірік, мақтануға толмасын,
Кірлемесін, жүрек деген сандығың.
Өз қолыңда, ар-иманың, тағдырың!
Қазақ Елі
21 қазан 2023 ж. 882 0