Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дарынды дәрігер Досхана

Дарынды дәрігер Досхана

Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген жайсаң жандарға арнап айтылған аталы сөз бар. Солай десек, көп жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың арасынан қолы жеңіл, емі шипалы, білікті де білімді, дара да дарынды дәрігер Досхана Ранов ойға оралады. Ол өзінің іскерлік қабілеті, ізденімпаздығымен халықтың сүйікті дәрігеріне айналып, есімі Арал, Қазалы аудандары мен облысымызға да тез тарап кетті.
Атақтылардың бәрі ауылдан шығады дегендей, Досханада ауыл баласы. Ол 1943 жылы 15 қазанда Арал ауданының Мергенсай ауылдық кеңесінде дүние есігін ашты. 1959 жылы орта мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсті. Оны 1962 жылы үздік тәмамдаған талапкер Досхана мұнымен шектеліп қалмай Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түсіп, 1968 жылы мұны да үздік бітіріп шығады. Жас маман алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы облыстық аурухананың хирургия бөлімінде дәрігер болып бастап, облыстағы алғашқы анестезологтардың бірі болып та қызмет етеді. Ол кездері жоғары білімді дәрігерлердің көбі өзге ұлт өкілдері болып келетін. Сондықтан жас маман Досхананың қатарларына қосылғанына сол кездегі облыстық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Ш.Абдуллаев, бас хирург К.Құлсартов, реанимация бөлімінің меңгерушісі Б.К.Жақыпов ерекше қуанып, бар білгендерін үйретіп, қамқорлықтарына алды. Соның айғағындай олар Досханаға үлкен сеніммен қарап, Мәскеу мен Алматыға білімі мен тәжірибесін жетілдіру курстарына әлсін-әлі жіберіп отырды. Досхана да өзінің ізденімпаз, іскерлігін таныта ұстаздарының сенімі мен үмітін ақтай білді. Жас маманның үлкен ортада халыққа медициналық қызмет көрсетудегі болашағына деген қадамы жаңа жетісітктерге жеткізіп, жалғасып кете-барар ме еді, егер ол елге оралмағанда...
Досхананың әкесі Мұңайтпас бір аяғын Совет-Герман соғысындағы майдан даласында қалдырған соғыс ардагері болатын. Балдақпен жүрсе де, ел ішінде белсенді де беделді көрінді. Мергенсай ауылдық кеңесінің төрағасы, Сарбасат балықшылар тұтыну одағының бастығы қызметтерін атқарып, ауданның абыройлы азаматтарының қатарында жүрді. Сондықтан да өзі туған жеріне, халқына қандай қызмет көрсетсе, келешегінен үлкен үміт артқан баласы Досхананың да өзіндей елге қызмет етуін қалады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы берік ұстанған әкенің: «Балам, мұнда да қызмет те, абырой, атақ та табылады. Елге кел, халқыңа қызмет ет» деген тілегі Досхананы Аралға алып келді.
Бұл 1971 жыл болатын. Облыстық ауруханадан мол тәжірибе жинақтап келген білікті де жас маман Досхана Рановты аралдық әріптестері қуана қарсы алды. Аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне травматолог-ортопед дәрігері болып қызметке орналасты. Алғашқы күннен-ақ Досхана өз ісіне белсене кірісті. Ауыр жағдайда түскен адамдар отадан сәтті шығып, айығып кетіп жатты. Талай шыққан қол, сынған аяқ қалпына келіп, Д.Рановтың есімі елге кеңінен таныла бастады. Қолы жеңіл білікті маманға көршілес Қазалы ауданымен бірге басқа өңірлерден келушілердің саны да көбейіп жатты. Мұның өзі Досханаға деген үлкен сенім мен шынайы құрмет еді. Келгеніне екі-ақ жыл болса да, ерекше қабілетімен елге кеңінен танылған Досханаға бір күні сол кездегі аудандық Балық комбинатының директоры Құдайберген Саржанов келіп: «Комбинаттағы балық өңдеушілердің 25 пайызы күнделікті жұмыстарында балық өңдегенде тікенінен жарақат алып жұмысқа шыға алмай жатыр. Балық тікені саусаққа кіргесін іріңдеп, қарайып, күбірткеге ұласып кетуде. Осыған қандай ем бар, мұның алдын алуға бола ма?» деп өтініш айтады. Жаңалыққа жаны құмар Досханаға ағаның бұл өтініші жаңа бір талпынысқа, ізденіске жол ашқандай болды. Ауласындағы сарайын зертханаға айналдырып, дереу іске кірісті. Обаға қарсы күрес стансасынан 100 тышқан алдырып, оларға күбірткенің микробын жұқтырып, оны емдеу жолдарын іздеді. Күн-түн демей атқарған ізденісті еңбегінің нәтижесінде «Клей-БФ» дәрісін кілегей пленка түрінде жасап шығарды. Балық өңдеу алдында оны қолдарына қолғап ретінде киіп алғандықтан жұмысшылар арасында жарақаттан болатын күбіртке жарасы мүлде басылды. Балық өңдеуде жарақаттан сақтайтын пленка түріндегі мұндай дәріні арнаулы үлкен зертханада емес, үй жағдайында жасап шығару әлемде теңдесі жоқ үлкен жаңалық болатын. Рановтың бұл ашқан жаңалығын Аралдан кейін Астрахандағы балық өңдеу зауыты екінші болып өндіріске енгізді.
Досхананың осы жаңашыл еңбегі 1975 жылы Ленинград қаласында жарық көрген орыс ғалымдары М.Лыткин мен И.Досачевтің «Панариций» (күбіртке) кітабының 16-бетінде жарияланып, жоғары бағаланды. Осы жылы облыста алғашқылардың бірі болып бірінші дәрежелі травмотолог дәрігер мәртебесін қорғап шықты. Мұнан соң өзі ашқан жаңалығын одан әрі жетілдіріп, «Балықшылар арасындағы жарақаттану және оның алдын алу» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын жазды. 1976 жылдың 7 шілдесінде Алматы медициналық институтының үлкен залында алдын ала қорғауға талаптанды. Диссертациясына профессорлар А.Пальгов пен А.Сегізбаев жетекшілік етсе, кейін академик атанған С.Ормантаев аппоненті болды. Диссертация алдын ала сәтті қорғалып, оның бір данасы Мәскеудегі жоғары аттестациялық комиссиясына жолданды. Бірақ біреудің жақсылығын көре алмайтын кейбір ішітар жандардың қызғанышы салдарынан жолында көп кедергілер туындап, ғылымға бет бұрған талабы таудай шағылды.
Осыған байланысты сол кездері «Досхананың құнды диссертациясы ұрланып кетіпті» деген лақап сөз шыға бастаған-ды, бүгінде де солай. Бұл жөнінде журналист, өлкетанушы Бақытжан Абдул-Түменбаев біраз зерттеп, көп мәселенің бетін ашты. Соған назар салсақ: «Осы жылдың басында Ресейде шығатын «Аргументы и факты» апталық газетінің 2023 жылдың 23 ақпанындағы санында Юлия Бортананың «Рыба от рань. Что за заживляющую пленку создали наши ученные» деген мақаласын оқып, Арал аудандық ауруханасында қызмет істеп жүріп-ақ ғылыми жаңалық ашқан атақты травматолог-дәрігер Досхана Рановтың осыған ұқсас диссертациясының тақырыбы есіме түсіп, ақыры тауып алдым. Алдымен орыстардың ашқан жаңалығы туралы айтайын. Онда: «Майков қаласының ғалымдары операциядан соң іріңді жерлерді жазатын кілегейге (пленка) патент алды. Бұл ғылыми жаңалықтарды ашқандар Майков мемлекеттік технологиялық универститетінің «Тамақ өндірісі және ұйымдастыру» кафедрасы мен Майков мемлекеттік институтындағы әріптестері Майков қалалық клиникалық аурухана жанындағы «Биотехнология ғылыми-зрттеу орталығының» базасында ойлап тауыпты» делінген. Бұл жаңалықты олар 1975 жылы Ленинград қаласында жарық көрген орыс ғалымдары М.Лыткин мен И.Досачевтің «Панариций» деген кітабын оқығаннан кейін ашқан болуы мүмкін. Өйткені осы кітаптың 16-бетінде аралдық дәрігер Д.Рановтың күбірткені емдеудегі жаңа дәрісін сипаттап, оған жоғары баға берген болатын» деп ой түйіндейді өлкетанушы Бақытжан бауырымыз. Көз майын тауыса атқарған қыруар еңбегінің осындай қолды болуы қандай өкінішті.
Бұған мойымаған Досхана ізденісті жұмыстарын одан әрі жалғастыра, мамандығын жетілдіре отырып 1999 жылы Н.Сызғанов атындағы институтта академик М.Ә.Әлиев төрағалық еткен комиссия алдында жоғары дәрежелі травматолог-ортопед санатын сәтті қорғап шығады. Д.Рановтың алдында енді бір мақсат тұрды. Ол – хирургия жанындағы төрт-бес орындық травматология бөлмесін өз алдына дербес бөлімше етіп ашу болды. Өйткені жарақат алып келушілер саны уақыт озған сайын көбейіп, хирургиядағы төсек саны таршылық ете бастады. Бұл мәселені аудандық, облыстық денсаулық сақтау бөлімдерінің басшыларының назарына нақты фактілермен әлсін-әлі ұсынып отырды. Осындай халыққа болсын деген тынымсыз еңбегінің нәтижесінде облыстық денсаулық сақтау бөлімінің 1982 жылғы 18 қарашадағы бұйрығына сәйкес аудандық кеңесі атқару комитетінің 1983 жылғы 31 қаңтардағы шешімімен аудандық аурухана жанына 42 төсектік дербес травматология бөлімшесін ашу аудандық денсаулық сақтау бөліміне міндеттелді. Осылай бір мәселені шешсе, енді екінші мәселе туындады. Аудандық ауруханада 42 төсектік жаңа травматология бөлімшесін ашуға бос орын жоқ. Сондықтан Досхана аудандағы іргелі мекеме Жақсықылыштағы «Аралтұз» комбинатының сол кездегі басшысы Сейітжан Досжановқа келіп бар жағдайды баяндап, травматология бөлімшесіне қосымша құрылыс нысанын салып беруді өтінді. Халық үшін жүгіріп жүрген жас маманның сөзін жерде қалдырмай, қамқор басшы Сейітжан ағасы сол кездегі хирургия бөлімшесі жанынан төрт палаталы, кең коридоры және қабылдау бөлмесі бар травматология бөлімшесінің қосымша құрылысын салып берді.
Бір кездегі қол жетпес армандар орындалды. Енді жан аямай жұмыс істеу керек. 1983 жылдың 1 наурызында бөлімше ашылып, оның меңгерушісі Досхананың өзі болды. Қасына травматолог дәрігер етіп мені алды. Сонымен бірге бөлімшеге травматолог дәрігерлері болып Ғабит Нұрғалиев, Тереңөзектен Болатбек Кемалов, аға медбикелікке Зина Бахова, шаруашылық меңгерушісі болып Алуа Қыпшақова келіп, жұмысты бір адамдай ұйымшылдықпен бастап кеттік. Осындай халықшыл, ізденімпаз дәрігер Досхана Рановтың белсенді еңбегінің арқасында облыста бірінші болып Арал ауданында дербес травматология бөлімшесі ашылды.
Досхана күнделікті жұмысымен бірге енді білімін жетілдіру ісіне де ерекше ден қойды. Білімін жетілдіру сапарлары одақ көлемін шарлатты. Травматология жұлдыздары мәскеулік КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор В.В.Польковтің, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Г.А.Илизаровтың емдеу әдістерін, Алматы білім жетілдіру және Алматы мемлекеттік медицина институты траматология және ортопедия кафедраларының меңгерушілері, медицина ғылымының докторлары, профессор А.У.Сегізбаев, К.А.Польговтан алған білімдерін іс жүзіне асырды.
Алматылық профессор Е.Азаровадан бас пен миға ота жасау және емдеу ерекшелігін шеберлікпен меңгеріп, оны өмірде пайдалана білді.
Оған бір мысал, 1983 жылы Арал теміржол вокзалына қарама-қарсы тар көшемен келе жатқан «ЗИЛ» машинасына қарсы шыққан Т. есімді жігіт машина бортынан маңдайдан жарақат алып бөлімшеге ес-түссіз жеткізілді. Бастағы жарақаттан сұйық қан (ет жуғанда болатын қанды су сияқты) ағып жатты. Бұл қан сынған бастың сүйегіндегі ми қан тамырларына зақым келетіндігінің белгісі. Шұғыл тексерістен кейін ота жасалды. Ол кезде қазіргідей жарақаттанған тамырларды күйдіретін құрал жоқ. Досекеңнің ептілігінің арқасында мидағы тамыр тігіліп, қан тоқтатылды.Ота сәтті аяқталды. Науқас екі жетіденкейін үй жағдайындағы емге шығарылды.
Жанына дауа іздеп келген жандардың Досханаға деген алғыс баталары мен құрмет-қошеметін санап тауыса алмассың. Ол Арал, Қазалыдай екі ауданның төл баласы, тең дәрігері атанып, халқына қалтықсыз қызмет етті. Жанкешті еңбегін сатпады. Шен-шекпен, марапат қумады. Арғы аталарынан бойға сіңген тектілігін сақтап таза жүрді. Бірде облысымызға белгілі журалист Шәкірат Дәрмағамбетов ел мақтаған Досхана жайлы жазбақшы болып әңгімелесіп отырғанда: «Атақ-абыройың дардай, ал омырауың көп адамдар тағып жүрген сыйлы сылдырмақтардан жұрдай ғой» дегенінде: «Мен үшін халықтың алғысынан артық марапат жоқ» депті ғой. 2014 жылы өмірден өткенінде де жаны жайсаң Досхана Ранов мәңгілік мекеніне халықтың өзіне деген сол алғысын арқалап кеткен еді.
«Орны бар оңалар» дегендей, артында өнегелі ұрпақтары қалды. 1962 жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түсіп, соңғы курсында оқып жүрген кезінде Орал қаласындағы облыстық ауруханаға тәжірибеден өтуге келеді. Сонда жүріп Орал педагогикалық институтының соңғы курсында оқитын студент Рая Хамзинамен танысады. Сол таныстықтың аяғында екеуі үйленіп, Рая Аралдың келіні атанады. Өмірге Изатулла, Ботакөз, Әділет, Сәуле, Әділжан есімді ұл-қыздарын әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, әр саланың маманы атанып қызмет етуде. Рая Наушақызы болса №14 мектепте ұзақ жылдар мұғалімдік қызметтен зейнеткерлікке шыққан, Досханадан қалған шаңырақтың иесі, ұрпақтарының ақылгөй анасы.
Ел тәуелсіздік алып, нарықтық қатынасқа көшкен жылдардағы оңтайландыру саясатының салдарынан 1997 жылы дарынды дәрігер Досхана Рановтың табанын тоздыра ашқан травматология бөлімшесі жабылып, аз ғана төсекпен хирургия бөлімшесінің құрамына қосылды. Кейін ел экономикасы көтеріліп, мекемелердің қаржылық жағдайы жақсарған соң, 2013 жылы 1 наурызда бұл бөлімше қайта ашылып, меңгерушілігіне білікті дәрігер Тұрғанбек Ерсейітов тағайындалып, қазіргі таңда сапалы қызмет атқарып келеді.
Айтайын дегенім, бүгінгі жастар, әсіресе аудандағы жас дәрігерлер дарынды да талапшыл Досхана Рановтың елге сіңірген еңбегін біле бермейтіндігі. Жасыратыны жоқ, аудандық ауруханада Досханалар қызмет істеп жүрген кездері көршілес Қазалы ауданынан және басқа да өңірлерден жанына дауа іздеген жандар Аралға ағылатын. Өйткені ол кездері біздің ауданда Досханадай білікті, ізденімпаз дәрігерлер баршылық еді. Атап айтсақ, хирургия саласының мамандары марқұм, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Зәуір Абдраманұлы Мақатов, медицина ғылымдарының кандидаттары Жақсыбай Төремағамбетұлы Майданов, Толыбай Жұмашұлы Медетов, денсаулық сақтау саласының үздіктері Геннадий Трофимович Ким, Мақашбай Алмағамбетов, Ғабиболат Меңдібайұлы Нұрғалиев, Махмут Бекетов, сондай-ақ Досхананың тәлімін көрген, қоштауын ұмытпаған әріптес, замандас және інілері денсаулық сақтау саласының үздіктері Асылбек Жамалұлы Измағанбетов, Асылхан Нұрхожаұлы, Балтабек Бапанұлы Кемалов, ауданның Құрметті азаматы Әмірхан Избайырұлы Жүсіпов, ғылым кандидаты Жаңаберген Жұмахметов, травматология бөлімшесінің меңгерушісі Тұрғанбек Жаңабергенұлы Ерсейітов, тағы басқалар қызмет еткен болатын. Ал Досхананың медицина саласындағы ашқан жаңалығы өз алдына бір төбе.
Осындай білікті дәрігерлеріміздің жолын қуған бүгінгі жастарымыз халыққа медициналық қызмет көрсетуде Аралдың өткен сол бір кездегі даңқы мен абыройын қайта оралтуға күш салса екен дейміз. Ол үшін көп ізденіп, көп еңбек ету керек. Бүгінгі жас дәрігерлеріміздің қолынан бұл келеді деп сенемін. Досханадай дарынды дарабоз дәрігер ағаларымыздың сендерге жолын берсін демекпін.
Асылхан НҰРХОЖАЕВ,
Денсаулық сақтау саласының ардагері
26 желтоқсан 2023 ж. 1 133 0