Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түйелі байдың қызы едім...

Түйелі байдың қызы едім...

Сексен жасқа таяп қалған Күншығар ақсақалдың арада қаншама уақыт өтіп кетсе де, Бақуат байдың өзіне жасаған әкелік қамқорлығын ұмытпай, әрі уәдеге беріктігіне сүйсіндім. Бір аяғы жоқ, балдақпен жүреді. Сонысына қарамай біздің әжемді іздеп келген. Бар болса, есен-саулығын біліп, жоқ болса, Құран бағыштап еліне оралмақшы екен.
КҮНШЫҒАР ҚАРИЯНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
– Күншығар ата, – дедім оған, – біздің болашақ әжеміз Оңайбикені «Теріс-түбек» қыстағына жеткізіп салғаныңыздан толық хабардармын. Оны әжемнің өзі баяндады. Ал сіз, іздеріңе түскен екі аттыдан қалай құтылдыңыз?
– Әжең айтқан болар, Бақуат бай ұлты бөлек, сірә, түрмеден қашқан ба, әскери адамды бақты-қақты, өзі түсетін моншада жуындырды, жақсылап киіндірді, сөйтті де өзінің саяжайындағы үлкен алаңда жиырмадан астам мен қатарлы жастарды әскери ойынға жаттықтырды. О кісіні Вова аға деп атадық. Соның ішінде ат үстінде келе жатып, қарсыласыңа шалма тастау да бар еді. Мен сол өнерді жақсы игердім. Ұстазымнан мақтау алдым, – деді.
– Ол қандай өнер екен, ата?
– Ол ма, ол ат үстінде келе жатып, жақындай қалған «жаудың» мойнына шалма арқан тастау (асау жылқыға құрық салғандай ғой). Оңайбекені қалың қамысқа кіргізіп, енді оған қауіп жоқ екеніне көзім жеткесін, атаныммен орғып келген жолға қайта түстім. Әлгі екеуі мені қуа жөнелді. Менің күткенім де осы. Жастауының аты Ұшқыр екен. Маған ілесіп келеді. Үлкені кейіндей берді. Менің тақымымның астында жылқы қылынан есілген екі бума арқан жатты. Өзім қатарлы пақырды тұсыма жақындатып алдым да, шалма арқанды дәлдеп мойнына тастап кеп жібердім. Ол оратылды. Атанды желдіріңкіреп, оны ат үстінен жұлқып жерге түсірдім де, зулай жөнелдім. Осы тұста артта қалған қарақшының:
– Сауға, сауға! – деген жан айқайы естілді. Өзі далақтай шауып келеді. Менің асау атаныма қайдан жетсін. Менің анау-мынау адамға алдырмайтын айлалы екенімді сезді. Бұларға осы да сабақ болар, әрі жас жігітті аяп, шалма арқанды ортасынан қонышымдағы қанжармен қиып жібердім де, қанжарды көрдің бе, дегендей жалт-жұлт еткіздім. «Әлсейіт» паромынан емес, оның өріндігі «Қарлаң» паромынан өтіп, елге қарай бет алдым. Желмаядай зымырағанның өзінде үш тәулік дегенде елдің шетіне іліндім. Әр жерде шашырап, қойнау-қойнауда қоныстанып, еш мемлекеттің есебінде жоқ, оқшау жұрт екенбіз-ау деген ой мазалады.
– Е-е, тау-тастың арасындағы таныс-біліс, бұйқы, малшы халық аман ба екен, көке!..
– Келсем, бәрі үрейлі. Жан-жақтан жақсы ақпарат күтеді. Ол жоқ. Бақуатпен бірге әр үйдің жалғызы да кеткен. Бәрі мұның арты не болар екен деп қорқады. Ауылдың үлкені Бейбіт ақсақал әр үйге ақылын айтып, сабырға шақырып жүр екен. Бақуат байдың әйелі Сымбат пен оның ажырамас досы Салиха екеуі буынып-түйініп, тас түйін болып отыр. Сымбат көзіне жас алып, менімен құшақтасып көрісті.
– Шырағым, Оңай қызды діттеген жерге жеткізсек, енді бізді баста, жолға шығуға қазір-ақ дайынбыз,-деді.
Мен ештеңеге түсінбедім. Сөйтсем Бағысбек қайнысы көшіп кетіпті. Оның әйелі Сайлаугүл қоштасарда жылаумен болыпты. Бағысбек жеңгесі Сымбатқа:
– Сымбат өзі шешсін, ақылды әйел ғой, – деген күйеуінің сәлемін құлағына сыбырлапты. Бар болғаны осы. Сол сәлемін есіткесін жолға дайындалған. Өзгелер қанша тоқтау сөз айтса да:
– Күйеуім мен баламнан жаным артық емес, соларды іздеймін деп қасарысып отырып алыпты. Оған Салиха қосылып:
– Мен Сымбатты жалғыз жібере алмаймын, не көрсек те бірге көреміз,-деп өжеттенеді.
– Ата, Салиха деген кім? Бұрынғы сөздеріңде мұндай есімді есіткен жоқпыз, –деп Білге немересі сұрақ қойды.
– Дұрыс. Бұл жалшы әйел. Өзі байдың аспазшысы. Сымбаттың  келін болып түскелі бірінші досы осы әйел. Бақуат жоқта Сымбатпен бірге түнейді. Өзі еңбекқор. Інген мен биені сауғанда Сымбатқа ілесетін осы Салиха ғана. Күйеуі Айкөрген Байқуат байдың бас жылқышысы еді. Бәйге торысының аяғы індікешке (шұқырға) кіріп кетеді де сүрінеді. Үстіндегі Айкөргеннің желкесі үзіледі. Содан ол келеге келмейді. Келесі тәуліктің таңында опат болады. Алдындағы екі әпкесі қайтыс болған екен. Қартайған ата-анасы: «жалғызым-ай!» деп жоқтаумен арада бір жыл өтпей бұлар да о дүниелік болады. Салиха белді бекем буып, қалған жұмыстың бәрін өзі атқарады. Бақуат бай мен Сымбат керек-жарағының бәріне көмектеседі. Сонда жиналған көпшілік: «Мың жасағыр Бақуат-ай!» деп разылық білдіріпті.
Айкөргеннің жылы өткесін Салихаға сөз салғандар болыпты. Сонда Салиха: «Мына салпы еріндер не дейді? Ардағымның тырнағына тұрмайтындар кілең. Арыстанның төсегінен дәмелі екенсіңдер, ә-ә. Әрі жүріңдер менен» деп қатқыл жауап қайырыпты. Әні, Күншығар ақсақал оны осылай сипаттады.
– Ата, одан әрі Күншығар көке не айтты? – деді Мейірбек немересі, әңгімеге ықылас қоя тыңдап отырып:
– Одан әрі, – деді Күншығар маған Сымбат ауылдың үлкендеріне дастархан жайып шай берді. Сол бас қосуда Бейбіт қарияға: –Енді басшы өзіңіз, әке! Ақылшы болыңыз. Байқуат байдың атынан ел билігін сізге қалдырамын, – деді.
Бұл ұсынысты өзгелері қолдады. Содан кейін төртеу болып жолға шықтық. Екі ат, екі түйеліміз. Атта Сымбат пен Салиха. Түйеде мен және Айқын. Мен өз атанымды міндім. Баяғы Оңайбике әжелеріңді осы жерге жеткізіп салатын  сыры өзіме таныс атан ше? Сол атан!
– Ата, Айқын кім? Өзгесін білеміз, –деді Білге.
– Ұмытып қалдың ба? –деді ата, –Бақуат байдың екі оққағары, әрі есеп-қисабын жүргізуші екі көмекшісі бар деп едім ғой. Соның бірі Айқын. Байқуатпен бірге тұтқында болған. Бір жыл өткен шамада оны тұтқыннан қашырған. Елге аман-саулығымызды жеткіз деп. Ол арып-ашып келген. Оны бұлар жолбасшылыққа алды. Себебі, барар жерді біледі.
– Жолда қанша уақыт жүріпті, ата?
– Күншығардың айтуынша, жиырма күндей жол жүргесін тау сілемдерінің төменіне тоқтадық. Төмен қарай жылға-жылға болып су ағып жатыр. Тұщы бұлақ суы. Айқын:
– Осы араға тоқтап бір түнейік,-деді.
– Неге, әлі күн жарық,-деп едім:
– Жо-қ, маған енді алға жүруге болмайды, іздеген нүктеге жақындап қалдық, надзирательдер байқап қалса мені танып қалуы мүмкін. Онда тұтқыннан қашқандарды оңдырмайды, оңашаға апарып атып тастайды,-деп ілгері аяқ басқысы келмеді.
– Тоқтадыңдар ма, ата?
– Иә, екі түйеде азық-түлік, киім-кешек, төсек орын және екі әйелдің екі қоржын заты бар-ды, –деді Күншығар сөзін жалғап,-сол жерге түнедік, бұл жолда жиырма бірінші түнеуіміз, мәжіліс құрдық. Шешімді айтатын – Сымбат. Ертеңіне Айқын бір түйемен бір атты алып, кері қайтатын болды. Қалған бір атта Сымбат, ал бір түйеге Салиха екеуіміз мінетін болдық.
– 10-15 шақырымдай жүргесін алдарыңнан қызыл қақпа (шарбақ) көрінуі керек. Бұлардың бас штабы сонда. Тіпті екі-үш атты надзирательдердің (тұтқындарды бақылаушы, қараушы) кездесуі мүмкін. Ешқандай қарсылық жасамай, айтқанын орындаңдар. Олар қарулы, бірден-ақ атып тастап, көліктеріңді иеленеді,-деп ескертті Айқын.
Айқын атқа мініп, түйені жетегіне алып жүріп кетті. Екі әйел жуынды-шайынды, қайта киінді. Сырға, білезік, сақиналарын тағынды. Бұрымдарын жазып, шашбау тақты. Кең көйлек киді. Оның мәнісі көйлектің ішіне алтын бұйымдарын жасырған масаты белбеу байлапты. Кең көйлектен онысы байқалмайды екен. Көйлектің сыртынан жеңсіз масаты бешпет, оның үстіне күзгі жылы жадағай, аяқтарында өкшелі қызыл етік киді. Бет-ерін боялған. Сымбаттың етік қонышына қанжар тыққанын көзім шалды. Мұнысы нендей жағдай болса да жастығымды ала жатамын дегенді білдірсе керек. Айқынның айтқаны дәл келді. 7-8 шақырымдай алға жылжығасын қарулы екі аттылы шыға келді. Сымбат ымдасып сөйлесіп жатты. Түк сасатын емес. Және оларға елпілдеп иіліп те тұрған жоқ. Малшы-жалшысымен сөйлескендей өзін маңғаз тік ұстап тұр. Біз екеуімізді «менің күтушім» деп таныстырғанын түсініп қалдық. Олар Сымбатқа сыпайы түрде «алға түсіңіз» деді де біреуі жол бастады. Ізіне ердік. Бірі артта келеді. Қызыл шарбаққа кіргесін  күзетші келіп ат пен түйені алып кетті. Және біреуі келіп, үшеуімізді үлкен бараққа бастады. Жатақхана екен. Төрт бөлмелі. Әйелдердің орны бөлек. Төрт темір кроват тұр. Соның біреуіне жайғастым. Әйелдердің бөлмесіне көз салып едім, қоржындарын әкеліп тастап жатыр екен. Салиха қатарлы бір жас әйел зулап қызмет етіп жүр. Кешкі асты елу қаралас адам қатысқан шағын асханада берді. Бәрі ерлер. Бәрі де тұнжыраңқы. Жас шамасы әртүрлі. Әйтеуір егде адамдар емес. Күзетшілер аралап жүр. Ас ішіліп болғасын солардың бірі мені алып кетті. Оңаша бөлмеге әкеліп жауап алды. Сірә, тәжік ұлтынан болса керек, жас жігіт тілмәштік жасады.
– Бақуат деген байдың түйешісі едім,-деп бастадым сөзімді.-Жәрмеңкеге мал айдап кеткен олар оралмады. Содан бері бір жарым жылдай уақыт өтті. Сол байдың әйелі күйеуі мен баласын іздеп шықты. Қосшылыққа Салиха есімді құрбысын және мені алды. Сымбат не айтса, соны істейміз. Өйткені біз соның  жалшысымыз, – дедім.
«Түсінікті» дегендей басын изеген тергеуші мені манағыдан басқа жатақханаға әкелді. 8 орындық бөлменің бір кроватына орналастырды. Мұндағылардың менімен шаруасы жоқ. Өз-өздері сөйлесіп жатты. Тілдеріне түсінбедім. Ертеңіне жұмыс киімін әкелді. Соны киіп, түнде бірге қонған кісілермен тау басына өрледік. Тас-тас болғанда көк тас! Соны қашап, домалақтап па, әлде кірпіш қалпына келтіріп пе, әйтеуір үйдің немесе мал қамайтын қораның қабырғасына қалайтындай формаға келтіруің керек. Өзгелер не істесе соны істе дегенді ұқтырды және күндік норма барын кешегі тәжік тілмаш айтты. Одан екі әйелді сұрағым келген. Ол соны байқап:
– Мұнда ешқандай сұраққа жауап берілмейді, сұрақты біз және тергеуші-күзетшілер (надзирательдер) береді. Сіздер тек жауап бересіздер,-деп қабағын шытты.
Осылай тұтқындағы қара жұмысшыға айналдым. Бала жастан еңбекпен өскенмін ғой. Көп қиналғаным жоқ. Күндік нормасын асыра орындағандарға тағы бір тарелке ас қосылатынын білдім. Күнаратпа дерлік менің қолым соған жетті. 15-16 жастағы жасөспірімдер кездеседі. Ойын балдары ғой. Ара-арасында соларға көмектесем. Кәйтесің көздері мөлдіреп, мен орнымнан тұрар кезде жалтақтап қарай береді. Олардың нормасы аз. Бірақ қолдары тез ойылып қалады. Оларға жанашырлық сезілмейді. Жүдә, кешкі дәмге келе алмайтындар да бар. Күндік нормасын қорытқанда орындамаған немесе жартылай орындағандардың ас мәзірі кемітіледі. Әйтеуір біреуін, түскі не кешкі астың тіпті екеуін қысқартады. Азаптың бір түрі десе болар.
Тас қашайтын аймақ жоғарылай берді. Тасты қашап көлік жүретін жол салынған. Біз дайындаған домалақ тастар қапталып, түйелер керуеніне тиеледі. Түйелер жоғарыға шығуын шығады, түсуі қиын. Түйенің бұйдасын ұстау оңай емес, ылдиға құлдилағанда түйе де, өзің де сүрініп домалауың ықтимал. Бұған тәжірибе, әрі батылдық керек. Оқыс оқиғалар да болды білем, біздің арамыздан да жұмысшылар іріктелді. Менің түйеші-бақташы болдым деген жауабым қағазға түсіп қалыпты. Сол себепті-ау, іріктелгендердің сапына мен де қосылдым.
– Сөйтіп түйе керуеніне қосылдым. Арасында өз атаным да бар екен. Мұрнын тесіп, бұйда тағыпты. Онсыз шөкпейтін жануар еді ғой. Момын болып қалыпты. Мені «танып» искелей берді, жарықтық. Мен де емірендім. Екеуміз көріскендей болдық. Бұл шаруаны да тез игеріп алдым. Өзгелердің түйесі түкірік шашып, бақырып жатқанда, менің бақпаларым тым-тырыс. Маң-маң басып жүріп келеді. Шашылып қалады деп күзетшілер төрт қаптан артық тиетпейді екен. Ондай көріністер жиі ұшырасады. Мен өз жауапкершілігіме алып 6-8 қаптан тиедім. Сонда күніге екі норма орыналады. Бұған күзетшілер таңданып:
– Түйенің тілін білетін болдың-ау,-деп күліседі және қанар қап қой кілең.
Осылай бір жылдай уақыт жүрдім. Қыс өтіп, көктем келді. Мал өсірумен қатар егіс те егіледі екен. Тау сілімдерінің ылдиы шылқыған шағын-шағын айдындар. Қысы қатаң емес. Тау басына қар көп түссе керек. Жылғалар суы мол. Жұмыс қолы тапшы. Техника бірең-сараң.
Біздің учаскеге Салиха екінші аспазшы болып ауысты. Мен қуанып қалдым. Қалай дегенмен ауылдас қой. Сымбатты сұрап едім:
– Оның жағдайы бөтен емес, сол бас штабта екінші аспазшы. Мұнда аспазшы беделді. Ондай мамандар жоқтың қасы. Бірақ сырттан келгендерге бірінші аспазшылықты бермейді. Келген азық-түлікке бас аспазшы ие. Десе де Сымбаттың пісірген тамағы дәмділігімен бас штабтағыларды тәнті етті. (Өз қызметкерлері сол учаскеден тамақтанады). Өзі жылқышылар асханасына сұранып жүр. 8-9 ай сайын аспазшыларды ауыстырып тұратын көрінеді.
– Күйеуі мен баласы осы жақта ма екен?
– Айтпақшы, бұл жерді босқындар лагері дейді екен...
– Ойпырай, онысы несі?
– Біз бен сіз «тұтқындармыз», өзгелер де солай. Демек, лас істерін осылай бүркемелеп, жүдә қайырымды, бізді тегін тамақтандырып, киіндіріп отырған жомарт жандар болып шығады ғой. Ал Сымбат күйеуі мен баласының осында, сол жылқышылар жақта екенін білді, жобалады. Ойша әйел арқылы.
–Ойшаң кім?
– Біз осында келіп түскенде жатақханаға әкеліп орналастырған жұқалтақ әйел ше? Әлгі тәжік тілмәштің әйелі екен. Сымбат әуелі соны айналдырды. Қолына алтын сақина салды. Келе-келе сыйлас болып кетті. Ымдасып сөйлесіп-ақ түсініседі. Күйеуі мен баласының түрі-түсін айтып, сол Ойша келіншекті жылқышылар қосына жұмсайды. Бұлар өзі вахталық әдіспен жұмыс істейді-ау, деймін. Он бес тәулік жұмыста болады да, он бес тәулік демалады. Сондай демалысында Ойша Сымбаттың тапсырмасын орындайды. Іздестірсе, ондай есімділер ондағы тіркеуде жоқ. Бірақ Сымбаттың айтқанына дәл келетін әкелі-балалы адамдар бар. Асау жылқының «жынын» басып ноқталап, жүгендейтін солар. Олар бірнешеу және сыйлы деседі. Өйткені асау жылқылар толассыз келіп тұрады, ер салып мініске үйретілгесін зым-зия кетіп жатады. Қайда кетеді? Оны осы аймақтың қожасы ғана біледі деседі. Әні солай. Жауабыма қанағаттандыңыз ба?-деп Салиха маған шырайлана көз салды.
Осы тұсқа келгенде Күншығар қария әңгімесін үзді. Тым-тырыс отырып қалды. Тықақтап сұрауға ұялдым. Студент кезім ғой. Әдептілік сақтадым. Есіктен Ұлжан жеңгем кірді.
– Әй, төрем,-деді сыбырлағандай болып,-түскі ас дайын, жүріңдер. Үлкен кісіні шаршаттың ғой.
– Ой, ауыш, дедім жеңгеме ренжіп,-мен қолға енді түсер-түспесі белгісіз абыздың бар көрген-білгенін сығып алғым келіп отырса, о несі-ай!
Ұлжан жеңгем, – дедініз, ол кім  деді Мерей немересі орнынан тұрып.
– Бағымкүл апаңды білесің бе, соның анасы, Дәрмағамбет деген үлкен бабаның туған ісі Мақаш көкеңнің жұбайы.
– А-а, солай ма?!
                                                 ***
– Сол көзқарас, Салиханың мөлдірдей таза көзқарасы өміріме төңкеріс әкелді,-деді Күншығар ойға шомып.
– Төңкеріс дейсіз бе, ата?
– Иә, төңкеріс. Салиха Айкөргені қайтыс болғалы ешбір жігіт-желеңге мұндай мейірлене қараған емес. Тіпті сөздеріне елең етпейді. Маңайына жолатпайды. Өзі менен екі жас кіші. сүйіктісінен айырылғанына үш жылдай болып қалды. Мұңын, қайғысын білдіргісі жоқ. Рухы күшті. От болып жанып тұр. Жұмысы жойқын. Шалт қимылдайды. Ал мына көзқарас!.. Маған күш қосып, жігер сыйлағандай болды. Мен жалшымын, есікте жүрген құлмын. Төтесін айтсам, солай. Бай не айтса, соны орындап, бас иемін. Маған ой келді: «Салихаға сөз салсам қайтеді? Ал оны қалай айтам? Өзі бала көтермеген әйел. Жіңішке, сылыңғыр, аққұба. Бойында бір шұқым ет жоқ дерсің. Бірақ тас қайнатар пысық. Тындырымды. Ертелі-кеш шапқылайды да жүреді».
– Салиха! – дедім. Даусым қаттырақ шығып кетсе керек. Ол маған жалт қарады.
– Иә, не айтпақсың?!
– Саған үйленгім келеді...
– Е-е, бұл не деген батылдық. Осынша күш-қуатты қайдан алдың?-деді күліп, әрі мүлде жайбарақат.
 – Жасым жиырма бесте. Қайтемін енді, ондай күш-қуатты өзіңнен алдым» дегім келді. Бірақ одан әрі тіс жармадым. Ол жайлап орнынан тұрды да, жұмыс жағына кетті. Бұл кешкі астың таяп қалған кезі-тұғын.
– Сөйтіп, Күншығар көке, Салихамен бас қостыңыз ғой, ә-ә?
– Иә, бұйырмыс солай болды.
Жазып алған Динара Сапиқызы

Сурет: qazaly.kz
25 маусым 2024 ж. 457 0