Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Қара қайық

«Теңіз толсын» деп талай өтінген ер,Кезінде көк айдынмен жетілген ел.
Қайраңдағы қайықтар қайрандардың,
Майдандағы сүйегі секілденер...

Қайдасың, жайраңдаған жаға ғайып,
Сор бетін сормаңдай боп жағалайық.
Құм астында қалыпты кеше барсам,
Қарағайдан жасалған қара қайық.

Мұны көріп, сыр бағасың, мұңданасың,
Тәңірім түзу көзін бұрмағасын...
Ескектері есіме салып тұрды,
Сыралғы сұрап келген Сыр баласын.

Жылайды-ау, жағалауын жағалатып,
Болатын теңізде бақ, жағада құт.
Атырапқа қарғысын айтатындай,
Топыраққа жұтылып бара жатып.

Көбелек пе куәгер гүлдегі анау,
Тағдырыңа керек-ау бірге қарау.
Таудан биік толқынды тоқтатқанмен,
Тауының шағыларын білмеген-ау.

Қара қайық су жолын жалғамайды,
Қарағым, мұнан асқан барма қайғы.
Қарма жеген қазақтар түсінеді,
Қара қайық тек суда қармамайды.

Қабаданда қалғандай тосын ғәріп,
Балықшың аз жүретін қосын салып.
Жайын жайлы жайменен айтады әкем,
Сазанды сағынады сосын барып.

Ауыл қалай бұл сыздан тоңды не қып,
Сол арада алынды соңғы демік.
Тағдырласын жұбатып жүрген сынды,
Бір шағала қайыққа қонды келіп.

Сонда ғана өртеніп жанбас болдым,
Демеймін баба жолын жалғастырдым.
Осы бір қасіретке қарап тұрып,
Әкемнің жылағанын алғаш көрдім.
Айдар САЙЛАУОВ
08 қазан 2024 ж. 179 0