«Мына бала прозаны біледі екен» деп еді… (эссе)
«Әбдіжәміл үшін ақ қағаздың беті – шайқас алаңы, оған осы алаңның астаң-кестең болып жатқанын көру ұнайтын сияқты» деп жазыпты жазушы Герольд Бельгер күнделік дәптеріне. Одан әрі тағы былай дейді: «…көлденең де, жоғарыдан төмен қарай да түгел шимайланған, әрбір жолы қат-қабат ала беттер менің төбе шашымды тік тұрғызады. Мұндағы сансыз көп жұмбақ белгілерді ажыратудың өзіне әжептәуір даналық керек. Ал мен болсам, осынау қырсығы арылмаған беттерді әуелі таза қағазға тездетіп көшіріп алуға тырысамын, тек содан кейін ғана маған әрбір сөз орнында тұрғандай, біреуін алып қосуға енді мүлде болмайтындай көрінеді. Бірақ Әбдіжәміл сол сәтте-ақ көшірілген таза бетті алдына алып, езу тарта жымиып қойып, оны қайтадан басынан аяғына дейін ерекше бір құлшыныспен сызуға, шимайлауға кіріседі».
Герағам осы сөзімен көркем өнер үшін Әбең өзін де, романын да аямайтынын айтып отыр. Ал Әбең өзін ғана ма, журнал қоржынына түскен шығармадан сәл ғана шалағайлық сезілсе, сол жерде отыра қап, табан астында жөндеп, түзеп, қашан оқылатын жөндем туындыға айналғанша жаны жай таппайтын. Мақала болса бір сәрі, біреудің көркем туындысына өз дүниесіндей қожалық етіп, түзеп-күзегенді, оны айтасың бастан-аяқ қайта жазғанды «Таң-Шолпан» журналына жұмысқа тұрған 2004 жылы осы Әбеңнен көрдім.
Жазушы Мархабат Байғұттың «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі журналға алғаш дайындаған дүнием еді. Оны да бұрын проза бөлімін меңгерген Қуаныш Жиенбай ағамнан қалған топанды ақтарып отырып тапқам. Алып бара жатқан үздік дүние емес, дегенмен жазып жүрген, аты бар қаламгер. Сол себепті онша қол батырмай, оң пікірімді сүйкеп оқуға жөнелткенмін. Ертеңіне Әбең редакцияға жетіп кеп тұр. Түрі өрт сөндіргендей. Қолында «Ақсақ кемпір».
– Өй, сен өзі халтурщик екенсің ғой, – деп, салған жерден қатулана тап берсін. Шошып кеттім. – Көркем әдебиет немен жасалатынын білесің бе өзің? – дейді тағы шүйлігіп. Абдырап, тілімді тістеп үнсіз тұрмын. – Айналайын, көркем әдебиет көркем тілмен жасалады. Ал мынада түк тіл жоқ. Қолындағы қағазды сілкіп қойды. – Дым тартпайды. Осыны да әңгіме деп ұсынып тұрсың ба?!
Мұндай қатқыл сұрақты ақсақал жазушыдан күтпеп ем. Бұрын жүздеспеген, сөйлеспеген адамым. Мінезінен де, талабынан да мақұрыммын. Ол мені тығырыққа осылай тіреп алды да, сәл босаңсып, жібиін деді. Өйтіп босаңсығаны да, жібігені де бар болсын:
– Мен сені түсінем, «Ана тілінде» де істейсің, жұмысың көп. Іренжіме, айналайын, мен проза бөліміне басқа адам іздеп жатырмын, – деп қара аспанды төндіріп қойды. – Жүр, осы шығарманың тілін талдайық, – деді сосын жұмсарыңқырап. – Анау Мырзанды да шақыр.
Шақырдым. Енді міне, екеуміз қатал молдадан дәріс тыңдауға келген мүриттей монтиып отырмыз. Әбең қаны суық қасапшыдан аумайды. «Ақсақ кемпір» алдында жатыр. Көзімнің қиығын салып қоям. Алғашқы беттің сау-тамтығы қалмапты. Ашық жер түгел шимай. Быт-шыт.
– Ал оқиық!
Әбең жөткірініп алып, «Ақсақ кемпірдің» белден сызып тастаған бір сөйлемін ежіктеп оқи бастады. «Сол сызы кеппес, шірік иісі кетпес күреңқоңыр көлеңкеде темекі тартатын төменірек топтардағы, өмірі өспейтін шенеуніктердің әңгімелері әдеттегідей ызаға булығып, кекесінге көгенделетін-ді. Алайда, айтқан ақпараттары мен түйген топшылаулары шындықтың шенейіне де жоламайды дей алмайсыз».
Әбең осыны оқыды да, «бұған не дейсіңдер» дегендей алдында жіпсіз байланып отырған Мырзекең екеумізге кезек-кезек барлап қарап қойды.
– Осындай да сөйлем бола ма? Мұның орнына былай болса қайтеді? – деп, өзі түзеген сөйлемді оқыды. Расында автордың ойы екіұшты, мағынасы бұлдыр сөйлемі жұтынып шыға келіпті. Екінші сөйлемді де асықпай оқи бастады. О да түрленіп сала берген. Ақ қағаздың бетінен тірі адамдар бас көтере бастаған сияқты.
Аптықпай, әр сөзге мән бере оқып, жарты беттен асып барып тоқтады. Кейбір шұбалаңқы сөйлемдер бірнеше шағын сөйлемдерге айналып, өз алдарына енші алып кеткен. Автордың шикі сөйлемін оқыған кезде, осы әңгімені құдды мен жазғандай-ақ, сұп-суық жүзінен ызғар шаша көз тастап қояды. «Әдеби журналдың жұмысы осылай ма еді?» деп бір жағынан қайран қап, бір жағынан өзім құдайдай көретін жазушының қара құсша шүйлігуіне тіксініп отырмын. Жарты бетті оқуға бір сағаттан астам уақыт кетті-ау, шамасы.
– Бізге тым болмаса орта қол шығарма қажет. Шедеврді қайдан табамыз? Мына әңгімеде дән бар сияқты. Бірақ тіл жоқ, – деп бір сәт торығып отырды да: – Әгәр тілді білмесең проза бөлімінде қалай жұмыс істейсің? – деп, қайтадан кәріне мініп, маған өшіге қарасын.
– Тілі жоқ екенін мен де біліп тұрмын, – дедім кенет ызам кеп. – Бұл мақала емес, көркем әдебиет! Біреудің әңгімесі! Қалай өзгертем?
Әбең менің бұл сөзіме жауап берместен, балбал тастай мелшиіп отырып қалды.
– Дәл мынадай қып редакциялау қажет болса, онда мен де редакциялай алам, – деп қойып қалдым. Қайдан шықса, одан шықсын!
Көркем әдебиетте жарытып ештеңе тындырмаған мен сияқты боқмұрыннан мұндай сөз күтпесе керек, ләм-мим демей қолындағы қағазды алдыма қарай серпіп ысырып жіберді.
– Редакциялағыш болсаң, редакцияламайсың ба? – Бетіме салып қалардай ұмсына түсіп, екі қолын үстелге тіреді де, орнынан тез тұрып, кабинеттен шығып кетті.
Бұның алдында газетке жазған мақалаларымды бас редактор қол қойған соң да, мың өзгертіп, сан түзеп, терімші қыздарды ығыр етіп бітетін әдетім бар еді. Енді соным мына редакциялаумен салыстырғанда бұйым еместей көрінгені.
Үйге келген соң әлгі әңгімені нұрпейісовшілеп түзеуге кірісейін. Әрі айналдырам, бері айналдырам. Еркін көсілуге түпнұсқа тұсау. Біреудің жазу мәнері ілгіш сияқты, қармақша қармап еркіме жібермейді. Нұрпейісовтің көзімен қарасам, мұнда сау сөйлем жоқ. Шетінен кемтар, шетінен шала-жансар. Мүгедек. Артына май құйғанмен, мал болмайтын тәрізді. Қайтсем екен? Бағана шалға айтып-айтып тастағаным анау. Қатты қиналдым. Қанша қағаз умаждалып лақтырылды. Болмаған соң қолжазбаны былай ысырып тастап, ақ қағазға басынан бастап өз сөзіммен жаза бастайын. Әңгіменің өзегі қалды ғой, әрине. Байқаймын, осыным дұрыс сияқты.
Жаңа нұсқаны ертеңіне Әбеңнің үйіне бара жатқан хатшы қыздан беріп жіберіп қана еңсемді басқан салмақтан құтылғандай, жеңілдеп сала бердім. Келесі күні Мырзекең екеуміз түскі астан соң бас редактордың қабылдау бөлмесіне бас сұқсақ, Әбдіжәміл ағамыз сонда отыр.
– Ассалаумағаликум, – дестік қол соза жарыса сәлем беріп.
– Слушай, – деді ол туған жиені Мырзекеңе назар салмастан маған ұмтылып, – сен өзі жалқау екенсің ғой?!
«Астапыралла, мына шал тағы не тапты!?»
Жүрегім тас төбеме шығып, қайтерімді білмей, тосылып қалыппын.
– Тоқта! Бері кел! – дейді ол білегімнен тас қып қармап ұстай алып. – Жалқау екеніңді айтайын. Редакцияң маған ұнады. Қолыңнан келеді екен. Оқыдым. Просто молодцы.
Әбеңнің жүзі жаз күніндей жадырап, өзіне тән сүйкімді күлкісімен езу тарта жымиып қарап қалыпты. Жанары мейірімге толып тұр.
– Мен үнемі проза бөліміне адам іздеумен болып едім. Енді іздемеймін, – деді. Абдырап мен тұрмын. Әбеңнен мұндайды күтсем не қыл дейсің.
– Қане, маған Мерекені қосшы, – деді хатшы қыз Раушанға. Раушан дереу Мәкеңнің қалта телефонына соғып, байланыстыра қойды. – Болды. Проза бөліміне адам іздеуді тоқтат. Мына бала прозаны біледі екен, – деді Мәкеңе.
Мен өз құлағыма өзім сенбеймін.
Журналдың проза бөліміне осылай орнықтым. «Поэзия» бөлімінде кәдімгі Мырзекең, Мырзан Кенжебай. Журналдың қара жұмысы екеуміздің иығымызда. Бас редактор – Мереке Құлкенов. Әбдіжәміл Нұрпейісов редакторлар кеңесінің төрағасы. Төраға екенмін деп тыныш жатқан ол жоқ. Нөмірге ұсынған дүниелерді қадағалап оқиды. Тағдырын шешеді. Өлеңде шаруасы жоқ. Шұқшиятыны – проза. Тұрақты түрде лездеме шақырады. Әр нөмірді сараптауы қатаң. Қатемізді тапса, тұп-тура іреп сояды. Аяу, мүсіркеу атымен жоқ. Сондай кезекті бір талқылауда нөмірге баратын бір мақаланы ежіктеп оқи бастады.
«Таңба – қоғамдық дамудың интеллектуалдық қуатын, ойшылдық өріс қабілетін, даналық тұғыр деңгейін танытатын қасиетті нышан, ұлттық зерделеудің рәмізі».
Бұл – білікті ғалым, Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Аманқос Мектептегінің мақаласы. Солғындау сезілген бастапқы азат жолын солайымен сылып тастап, мәселені тоқетерден бастатқанмын. Соным дұрыс болды ма, бұрыс болды ма деген дүдәмал ой мазалай бастаған. Әбең алғашқы сөйлемді оқып болып, кілт тыйылып үнсіз қалды. Таңба туралы пікірі қалай екенін білмей дағдарып мен отырмын. Әдеттегідей ысыра сала ма деп қауіп ойлап, «соғысқа» іштей дайындала бастап едім, Әбең:
– Түу! Мынау неткен ғаламат сөйлем! Қандай қуатты ой! – деп, жел ырғаған нарқамыстай теңселіп кеткені. Мен түсінбей бетіне аңтарыла қараймын. Күлімсіреп отыр. Журналға келгелі Әбеңнен мұндай мадақ естісем оңбай кетейін. Кенет маған бұл мадақ емес, мазақ сияқты болып сезілгені. Иә, иә, келеке ғой мынау. Басқа не? Өткенде «сен өзің нағыз халтурщик екенсің» демеп пе еді. Мына шалдың істегенін-ай! «Осыдан тағы бір қырсық сөз айтсын, тұрам да кетем. Бүйткен журналы бар болсын!» Бетіне қарасам, елжіреп, мейірімін төгіп отыр. Шыны ма, өтірігі ме? Біліп болмайсың. Бұл шалдың осылай да қинап өлтіретіні бар.
– Слушай! Шынымды айтайын, мына сөйлем мені дүр сілкіндірді. Рас айтам! Әрі қарай оқиық: «Қазаққа тән ортақ таным-түсінік, өзін-өзі құрмет тұтудың, елдік мұрат-мүдденің, арман-аңсардың, ерлік өжет рухтың, айбыны мен айдынын бейнелейтін кітті түйіні – таңба». – Осы сөйлем бұларға қалай әсер етті екен дегендей Мырзекең екеумізге бажайлап қарап қояды. – Апырмай, мыңдаған жыл бұрын ұрпақ үшін жортқан бабаларымыздың тасқа қашап таңба салуының өзі даналық екен-ау!
Шалың шын тебіреніп отыр. Мен ойлағандай келеке емес.
Сол сәтте аспаннан түсті ме, жерден шықты ма, дыбысын шығармай мысықша басып Аманқос Мектептегінің келе қалғаны. Жалбыраған шашы иығына жетіп, миығынан күліп тұр. Мақаласын талқылап отырғанымыздан еш хабарсыз. Орнымнан ұшып тұрдым.
– Міне, мына ініңіз… – дедім, оның қалай кеп қалғанына өзім де қайран қап. – Мақаланың авторы осы!
Әбең оның «Ассалау…» деп созған қолын шап беріп ұстай алып, бетіне бағанағы күлімсіреген мейірімді қалпын бұзбай қарады. Ассалауға қайтарған әліксаламы жоқ.
– Мына мақалаң маған ұнады, – деді, ұстаған қолын ажыратпай. – Сен айналайын, қазір кетіп қалма, менімен бірге түскі асқа жүресің.
Аманқос Мектептегінің сонда қандай күйде болғанын білмеймін, мен болсам, дайындаған дүниемді Әбеңнің жаратқанына қатты қуандым.
Сөйтіп Әбеңнің талғамын тани бастағандаймын. Прозаның тылсымына арбалған жайым бар. Қолыма әңгіме тисе, бұтарлай бастайтын ауруға ұшырадым. Сонда да, Әбеңе ұнамай қалатын кезім көп.
Марқұм Несіпбек Дәутайұлы сөзге ұсынақты жазушы еді ғой. Тілі өзіме ұнайды. Ондай жазушыға қол тигізу әділетсіздік емес пе? Несағамның «Көгілдір көйлекті келіншек», «Көрбай» атты екі әңгімесін бір келгенде Әбеңнің қолына ұстатып жібергем. Оқыпты. Ертеңіне салып ұрып жетіп кеп тұр. Тәрізі, бір сөйлемдер ұнамай қалған, екпіні жаман.
– Айналайын, анада сені мақтап ем, соған дандайсып кеткенсің бе? Мынаның да тілінде олақтық бар ғой, – дейді таптап өтердей төніп кеп.
Журналда жарты жүктемемен жүргем. Негізгі жұмысым «Ана тілінде». Газетті тастап, журналға толықтай ауысу арманым. Мереке Құлкенов екі басылымға да бас редактор. Ол мені газеттен еш жібергісі жоқ.
– Газеттің шаруасымен қол тимей жүр, – деп жақаураттым Әбеңе. – Мереке аға босатар емес. Босатса, бірыңғай прозаны қарар едім.
– Босат деп айтайын оған, – деді Әбең елп ете қап. Іреңі ілезде жібіп сала берді. – Осы қазір айтайын. Керек болса, газетіне адам тауып алсын!
Бас редактордың кабинетіне баса-көктеп кірдік.
– Мереке, мына баланы босатшы газеттен, – деді Әбең әңгімені төтеннен бастап. – Прозаны қарау оңай емес. Көп қой. Өлең болса бір сәрі. Босат!
– Ақшасы азайып қалмай ма? Журналдан алатыны айлықтың жартысы. Он жеті мың-ақ, – деп Мәкең мені газеттен жібермеудің айласын жасап жатыр.
– Көбейт! Толық бер. Қолда тұрған нәрсе емес пе?
Шалдың айтқаны көңіліме майдай жағып барады. Баяғыда облыстық теледидарды жазушы болам деп тастап кеткем. Журналистиканы желкемнің шұқыры көрсін деп ішкен ант-суым жазатайым жадымнан шығып, «Ана тіліне» жұмысқа тұрып қойған қателігім бар. Газеттен құтылатын болдым деп қуанғанымды қайтейін, екеуі мен туралы әңгімені тастай салып, басқа бір нәрсені сөйлесіп кеткені. «Айтқан нәрсесін біржола шешіп алмай ма?» деп, іштей кейіп отырмын. Менің мәселем сол күйі айтылмай, аяқсыз қалды. Сонда да бас редактордың кабинетінен жеңіске жеткендей масайрап шықтым.
Кейін ұқтым, Әбеңнің журнал қоржынына түскен туындыларды бас салып редакциялай бастайтыны кейбір жазушылардың тіліне көңілі толмауынан екен. Қазақ прозасы көркейсін деген игі тілегі екен. Шәкен Күмісбаевтың бір хикаятын қатырып тұрып өзі редакциялап жариялағанын білем. Тынымбай Нұрмағамбетовтың де «Мешкей» атты хикаятын көп түзеді деп еді Мырзекең. Қуандық Түменбайдың «Аяз би» атты хикаятын да аяусыз шимайлаған. Ақыр соңы бас кейіпкерін өлтіру керек деген қатал үкім шығарған соң, Қуандық ағам хикаятын алды да қашты.
Ал мен осынау қым-қуыт тірліктің арасында жүріп, біреудің жазғанын неге екінші біреу толықтырып, түзеуі керек деп басым қатады. Сөйте тұра өңдеген сайын оқиғаның өңі кіріп, бояуы айқындала түсетініне қарап, сөз сиқырына еліге берем. Герағамды оқып отырсам, «Еланчик Хамзекеңнің романын редакциялап шықты…» дейді, «Новиков Жұбановтың кітабын редакциялап жатыр» дейді. Ілияс Есенберлиннің де жазбалары редактордың редакциялауы арқасында роман қатарына қосылғаны айтылып жүр. Соған қарағанда біреудің кемшілігін екінші біреудің түзегені әбес емес тәрізді. Кей жазушының журналға басылған әңгімесі кейінгі жинағына менің редакцияммен шыққанын көргенде кәдімгідей көңілденіп қалам, демек автордың келіскені ғой деп. Ал енді кейбірінің маған деген реніші болса, оған да келісем. Шығармасына тиіскеніме қарсы болып, осы уақытқа дейін авторлардың екеуі ғана хат жазды. Біреуі Ақселеу аға Сейдімбек.
Туындысын қорғаған жазушыны құрмет тұтам. Өз басым жүрегімнің қанын тамызып жазған дүниеме біреудің қол салғанын жақтырмаймын. Бөтеннің ұрығы араласып кеткендей тітіркенем. Проза колхоз болып, ұжымдасып жазылмайды. Әңгімелеріме, эсселеріме сирек те болса, кейбір газет-журналдардың сөз қосатын жағдайлары болып тұрады. Егер шығармаңа шырай дарытып жатса, іштей келісуге болатын шығар. Бірақ олардың қай-қайсысы да артық қылмай, керісінше тыртық қып тынады. Эмоция содан бұзылады. Жорғасы жаңылады. Сондықтан өзім кестелеген күйінде қалғанын қалаймын. Жаманына өзім күйініп, жақсысына өзім сүйінсем, дұрысы сол. Айгүл Кемелбаева да жалғыз сөзі үшін жанын беретін жазушы екен. Бір шалағай редактор өзіндік жазу мәнерін мансұқтап, шығарма реңін бұзғанын көргенде, шыдамай жылап жіберіпті. Осыдан келіп, қазір баспа редакторына редакциялау құқын беру керек пе, жоқ па деген сұрақ туындайды. Социализм заманында ондай қасапшы редактор сол бір құрып қалғыр қоғамның мүддесі үшін қажет болған шығар. Қазір ше? Қазір дарынды жазушы үшін редактор бақ емес, сор. Ал шалағайлар үшін жақсы редактор – мүмкіндік. Сонда не болды?
Бір көңілденгенде Әбең «мен хат жазсам да осылай, бірнеше мәрте көшірем» дегені бар еді. Сол рас-ау деп қалам. Герольд Бельгер: «Ол шұғыл телеграмманың өзін үш күн бойы жазады» депті «Кемелденудің өрелі биігі» деген мақаласында.
Бірде редакция алқасының жиналысында осы редакциялау мәселесі сөз болды.
– «Жұлдыз» журналында неге бірден екі роман басылады, ал бізде, «Таң-Шолпанда» бір де роман жоқ? – деп бастады Әбең әңгімені.
– Өйткені «Жұлдыз» біз сияқты редакциялап, қайта жазып жатпайды. Жобаға келсе болды, топырлатып жариялай береді, – дедім мен. – Сенбесеңіздер «Жұлдыздағы» сіз айтқан романды оқып көрелік. Романның қандай екенін бірінші сөйлемнен-ақ білуге болады.
Әбең «Жұлдыздағы» романды оқи бастады да, сөйлемнің соңына жетпей журналды тарс еткізіп үстел үстіне тастап жіберді. Иегін қолымен тіреп, бір уақ бәрінен үмітін үзгендей самсоз боп отырып қалды.
– Қазақтың әдебиеті құрыған екен, – деді сонан соң үні әрең шығып. – Не боп барады? Күлдібадам шығарманы журналға қалай басасың. Басқанмен не пайда? Әне бір жылы осы Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді» деген романын журналға әкеп еді. Оқып көрсем, тілі олқылау. Содан отыра қап редакциялап, өзіне көрсеттім. «Келіссең, осылай басамыз» дедім. Ол ашуланып, романды алып кетті. Ертеңіне келіп тұр. Ашуы басылған. «Сенікі дұрыс екен, осылай баса бер» дейді. Одан жаман болған жоқ ол. Романы оқылатын болды. Редакциялаудан неге қашасыңдар? Қашпау керек.
– Жо-жоқ, – деп Қажығали Мұханбетқалиұлы өршеленіп кетті. – Баяғыда, «Жұлдызда» жүргенімде Дихан Әбіловтің бір романын редакцияладым. Тіпті біраз жерін қайта жаздым. Ал содан не болды? Құрысын, жұрттың жаман шығармасын жазып бергеннен қазақтың әдебиеті көгере ме? Көктей ме? Одан да «мынау жарайды, мынау жарамайды» деу керек.
– Онда журнал шығарып не керек? Жабайық журналды! – деді Әбең түңіліп.
– Әбеке, журнал жабылды екен деп жұрт халтура жазуын қоймайды. Қайта өршіп кетеді, – деді Смағұл Елубаев кербездене сөйлеп.
Редакция алқасының өзге мүшелері – Шериаздан Елеубеков, Герольд Бельгер, Дулат Исабековтер бір себептермен жиналысқа қатыса алмаған еді. Зейнолла Қабдолов ағамыздың бақилық болғанына жыл толмаған. Сөйлейтін адам таусылғасын ба, Әбең маған қарап:
– Ал сен не дейсің? Прозаны басқарып отырған сен ғой. Сен айтшы? – деді. Мен не дейін? Алдымда асқар таудай боп тірі классик Әбеңнің өзі отырғанда, мынау Қажығали, Мереке, Мырзан, Смағұл ағаларым отырғанда мен не пікір айтып жарытам?
– Мен айтсам, – дедім сонда да болса ойымдағыны ірікпей, – бізге роман жариялаудың қажеті жоқ. Алақандай журналға роман сыя ма? Роман ұсынылған күннің өзінде үзінді ғана берген жөн. Одан да шағын әңгімелерге назар аударайық. Авторды көбейтейік.
Менің бұл пікірім жұртқа қалай әсер еткенін қайдам, осы кезде «Жұлдызды» парақтап отырған Мырзекең мырс етіп күліп жіберсін. Жұрттың назары соған ауды.
– «Жұлдызға» шыққан бір өлеңді оқып берейін. Тыңдаңыздар. Былтыр мемлекеттік сыйлық алған ақын әйелдің өлеңі, – деді Мырзекең. – Міне:
Алсам ба екен, мен сырға?
Барсам ба екен театрға.
Алқа-қотан отырғандар жайраңдап күлісіп алды. Тек Әбең ғана жанын уайым жеген жандай міз бақпады. Бізге күлкілі көрінген жай оның жүрегіне жүк түсірген болар, сірә.
2007 жылдың күзінде Әбең журналдан біржола кетті. 83 жасқа толған кезі екен. Журналды онсыз шығара бастадық. Енді әрбір сөзге шұқшиып, мағынаға мән беріп отыратын Әбең жоқ, редакциямыз жүдеп қалғандай, көркем әдебиеттен көрік кеткендей. Дегенмен Әбеңнің жұмыс істеу мәнері әдет боп қалған, редакциялауды тілеп тұрған туындыларға қол батыруым батыл. Сол жылы «Жұлдыз» журналының проза бөлімінде аз уақыт жұмыс істеген едім. Сонда «Таң-Шолпандағы» тәсілді қолданам деп корректор Бақыт Қордабаева апайдан «қатаң сөгіс» естігем. Ол апай мені бас редактор Темірхан Медетбекке «желкелеп» апарып, шағымданған. Менің редакциялауымды көрсетіп, жыларман болған. Сонда Темкең кеңк-кеңк күліп, «тым өйте бермесейші» деген де қойған.
Әбең кеткен соң біраз уақыт өткесін Мырзекең екеуміз сағынып, Әбеңнің үйіне бардық.
– Жорнал шығып жатыр ма? – деп сұрады Әбең бірден.
– Иә, иә, – дестік біз.
Әбең көңілі толмай басын шайқап қояды. Сенбегені ме, білмеймін.
Тағы бір барғанымда басын сүлгімен орай таңып алып, жазу жазып отыр. Қағаз құрып қалғандай, алдындағысы оқушы дәптердің сыңар беті. Біркелкі әріптері сызықтың бойымен сап түзей қалыпты. Маңайы толы умаждалған қағаз.
– Мынаң қара, – дейді көңілі ортайып. – Бүгіндікке жазғаным бір-ақ бет.
«Қан мен терге» қоспақ болған жекелеген детальдары екен.
Кездесуіміз содан соң сиреп кетті. Күнделігіме қарап отырсам, 2008 жылы үйіне екі мәрте ғана бас сұғыппын. Онда да Темірбек Жүргеновтың 110 жылдығын атап өтуді сұрап, Президенттің атына жазылған хатқа қол қойдыру үшін.
2009 жылғы ақпанның 18-інде тағы барыппын. Әбең екінші қабаттағы өз бөлмесінде екен. Үстінде халат. Белін буып алған. «Қан мен тердің» орысшасын редакциялап, қызу жұмысқа кірісіп кетіпті. Тәңірбергеннің Түрікпенге барымтаға баруын төрт-бес бет қып ұлғайтқан. Орысша өзі жазыпты. Енді соны қазақшалау керек дейді. Бұрын сол жері бар болғаны жарты бет екен. «Тыңда» дейді. Менің тыңдамауға еркім жоқ. «Қалай?» дейді оқып болған соң. «Тамаша!» деймін мен. Әбең бетіме қарап, басын шайқайды. «Өтірік айтасың» дейді сенбей.
Мәскеудің бір баспасы бес томдығын, тағы бір баспасы «Қан мен тер» романын шығармақ екен. Баспаның бірі жазған хатын факс арқылы жолдапты. «Сіздің кітаптарыңыздың Ресейде шығуы әдебиеттегі үлкен жаңалық» деген сыңайда. Сол хатты Әбең маған көрсеткісі кеп еді, онысы жер жұтқандай табыла қойсашы. Үстел үстінде бір жапырақ қағаз жатыр екен, «анау не, қарашы» деді. Қарасам, «Азат» қозғалысының Әбеңді митингіге шақыруы екен. Талабы – Премьер-министр Кәрім Мәсімовті отставкаға жіберу. Әбең әлгі Ресейден келген хат емес пе екен дегендей үміттене жауап күтіп тұр.
– Өй, митингіге шақырған қағаз екен ғой, – деп, көңілім толмағанын танытып, лақтыра салдым. Әбең менің бұнымды жақтырмай:
– Сен жазушы адамсың. Сүйте тұра халықтың сөзін тыңдағың келмейді. Қазір халық не күй кешуде? Менің бір інім қаладан елу шақырым қашықта тұрып жатыр. Күні күн емес. Экономикасы өркендеген деп мақтап жатқан мемлекетіміз осы ма, сонда? Сенің бұның маған ұнап тұрған жоқ, – деп, кәдімгідей ренжіп, кейіп тастады.
Осы сөзі мені әжептәуір ойға салып қойды. Содан бастап митингіден қалмауға тырысам. Полиция бір мәрте қамауға алғаны бар. Жазушының оны да көргені жөн шығар.
2020 жылы сәлемдесіп, хал білмек боп Мырзекең екеуміз үйіне соқтық. Бұрынғы үйі бұзылған, орны тегістеліп кетіпті. Аула төрінде зәңкиген сарай. «Иманғали салып берген» деді Мырзекең.
Әбең кең холда отыр екен. Біздің келгенімізді көрді де, орнынан тұрып, бері жүрді. «Ау, інім, айналайын, сені де көретін күн болады екен ғой» деп мені құшақтап жатыр. Арада он жылдай уақыт өтіп кетіпті. 2010 жылғы көкектің 29-ында опера және балет театрында «Әбе достарын шақырады» атты кеш өткен, Әбеңнің 85 жылдығына арналып. Содан кейін көріспеппіз. Әбең де бұрынғыдай емес, едәуір шөгіпті. «Қарт адам, тани қоймаған болар, біреумен шатыстырған шығар» деп ойладым. Сөйтсем, жоқ, ұмытпапты. «Таң-Шолпанды» жалғыз өзің шығарып жатсың ба?» деп сұрады қарттық мейірімін төге елжірей қарап. Шын танығанын содан білдім. 96 жастағы қарт жады қандай мықты ә! 96 жаста біз не болар екенбіз деп ойладым.
Бұл өмір бойы қолынан қаламы түспей, «Қан мен терді» мың мәрте жөндеген, мың мәрте қырнаған, сөйтіп көркем прозаның шыңына жуықтап барған суреткер жазушымен соңғы кездесуім екен.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының бас редакторы