Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қыз Жібек мінген көк күйме

Қыз Жібек мінген көк күйме

Қазақтың эстетикалық танымындағы сұлудықтың мінсіз символы – Қыз Жібек екендігіне сөз жоқ. Ол туралы дастанды оқыған адам біледі, оның әдемілігі, көркі ең сымбатты дегендерден де асып түсіп жатады. Бес ғасырдан бері қазақ баласы осы сұлулық әлемімен сырласып келеді. Ең бір ажар-көркі сай ару көрсе «Қыз Жбектей екен!» деп баға берер еді. Орыстың бір дана жазушысы Ф.Достоевскийдің «Әлемді сұлулық құтқарады» деген сөзін бағдар қылып алсақ, адамзаттағы, әдебиет пен өнердегі сұлулық қандай жүректерді де мейірімді ете түседі. Сұлулықты сезіне, көре, бағалай білу – кемелдікке қарай жасалған қадамның бірі болса керек.
Иә, халқымыздың өлең-жырлары – біздердің сарқылмас рухани қазынамыз. Осы қазына ұлтымыздың тілін өрнекті, ділін көрнекті етіп биікке көтереді. Керемет-керемет дастандарды оқымаса Алаш баласы өмір құбылыстарын, адам жанының алуан қырларын жете танымас еді. Әрбір жыр – жаңа бір әлем, өміртаным, адамтану әлемі.
Халқымыздың көп жыр-дастандарының ішіндегі елеулісі – «Қыз Жібек» дастаны. Ал жырдың басты кейіпкері алтыӘлімнің бір саласы Шектінің елден асқан сұлуы – Қыз Жібек. Сұлулық қай кезде де құпия сырлы. Жібектің де ғажап сұлулығы кез келген көзге көріне бермейді. Ару қыз әрдайым көк күйменің ішінде. Көк күйменің түймесі өткен-кеткенге ашыла бермейді.
Халқымыздың сұлулық туралы түсінігі өмір шындығынан алыс жатпас деп ойлаймыз. Жырды оқыған не тыңдаған адам Қыз Жібектің бейнелі сөзбен сомдаған періштедей санасына орнығып қалатыны анық.
Қане, жыршы-ақынның әуеніне ілесіп отырайық: «Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқырап, Алтын шашбау шашында. Қыз Жбіектің шаштары, Қоғалы көлдің құрағы. Көз сипатын қарасаң, Сегіз бейіш ішінде, Хорлардың жаққан шырағы. Қыз Жібектің ақтығы – Наурыздың аппақ қарындай. Ақ бетінің қызылы – Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары – Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы – Айбалтаның сабындай. Төсінде бар қос анар – Нар бураның санындай. Оймақ аузы, күлім көз, Іздеген ерге табылды-ай».
Міне, көрерге көз керек қыз сұлулығының сырлы бейнесі.
Әлгінде айтқанымыздай, Қыз Жібектің сұлулығын қаншама дәмелі жігіттер келіп көре алмай салдары суға кетіп қайтты. Қазақ халқы сұлулығын сары алтындай, көп те сұғанақ көзден жасырын ұстайды. Көшпен жүргенде оның мінер ерекше көілігі – әдейі жасатқан көк күймесі. Көк күйменің өзі көргеннің көзін арбайды, таңдай қақтырады. Жырда ақын былайша лебіздейді: «Көшпен бірге жүргенде, Бетіме тозаң тиер деп, Көк пәуеске –күймемен, Азаннан тұрып кеткен деп».
Сұлу қызға ынтызар боп сонау алыс елден келе жатқан сері мырза Төлеген арбаның қасына таяп, алдынан бір шықты, артынан бір шықты. Қанша ұмтылғанымен Жібекті көре алмады, өйткені сәнді пәуескенің қақпағы жабулы еді.
Көк күйме екінің бірінің қолы жететін қарабайыр дүние емес. Қыр мен Сырда көсіліп жатқан көп Шектінің ханы Сырлыбайдың кенжесі – сұлу Жібек міну үшін алтындатып, күмістетіп арнайы жасалған болар.
Әріге көз жіберсек, ертеде күйме жас жұбайлардың үйлену алдында тұратын үйі есебінде XVIII ғасырға дейін сақталған екен. Кейін уақыт өте келе бұл мақсаты өзгерген. Сәнді етіп жасалған, кіріп-шығатын шағын есігі бар және жібек перде тағылған ашық терезесі бар түрін жұртымыз «көк күйме» деп атады. Оны тек қолы жететін бекзадалар мен ауқаттылар ғана пайдаланған және арнайы бір отбасының тапсырысымен ниеттеніп істелген. Көк күйме сол әулеттің бір киелі мүлкі деп қаралған.
Қыз Жібек мінген осынау арбаның түсінің көк болып, «көк күйме» аталуында да үлкен мағыналы сыр жатыр. Көк түс қазақ халқының түсінік-ұғымында ерекше әспеттелетін, аса қасиетті деп саналатын ұлттық мәнге ие түс. Төрт-түліктің қазақ көк түстісін артық көрген. Көк сөзінің байырғы мағынасы «тамыр», «арғы тек», «негізгі» деген мағынаны білдірген екен.
Көк түс – символикалық жағынан тынық теңіздіғ ұқыптылықы, тыныштықты, жайлылықты, ал ақшыл көк немесе көгілдір – үлкен сезімді, нәзіктікті, бейбіт тірлікті білдіреді. Ол аспанмен, тәңірмен сабақтасады. Сондықтан ол рухы жоғарылықты, паңдықты танытады. Көк күйме ішіндегі Қыз Жібектің сұлу ғана болып қоймай, намысты қыздың паңдығының да көрінуі жайдан-жай емес болар. Көк түстің тағы бір білдірер мағынасы – романтика, сезім, нәзік үміт, махаббат, жақсылық, жылылық, жан жақындығы, тілек бірлігі.
Міне, Қыз Жібек көк күймемен көште кетіп барады. Ол өзі танымаған Төлегенмен сөйлесуге намыстанады. Тек ағасы, жанашыры Қаршығаның үгітінен кейін ғана бетін бір ашып, жарқ етіп ақ дидары көріне амандасады да, қайтадан бетін жауып, күйменің қақпағын түймелеп ала қояды. Сонда төре жігіт Төлеген оның ғажайып көркіне ғашық болып қалып: «Жиһанда бұл сипатты әйел көргенім жоқ» деп іңкәрлік сезіміне бөленеді. Айта кетерлігі, қыз қарай шыққан Төлеген ердің де астына мінгені көк жорға ат болатын.
Қазақтың қос ғашығы Қыз Жібек пен Төлеген осылай табысып, олардың махаббат сезімі кейінгі ғасырларға аңыз бен дастан боп қалды. Олар мәңгілік махаббаттың, асқан сұлулықтың, айнымас адалдықтың, сертке беріктіктің бейнелеріне айналған.
Көк күймені күмбез қылған Қыз Жібек бейнесі жас буын, жас қауым үшін «Бектер мінер сұр қасқа, Міне алмаса ұр басқа, Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтың жолы бір басқа» делінетіндей ерекше ұғым қалыптастырды. Жаңа заманда, өркениет есігін ашқан кезеңде «Қыз Жібек» операсы, «Қыз Жібек» кинофильмі ғашықтық символдарын халық санасында одан сайын нықтай түсті.
Сонымен көк күйме мінген сырлы сұлу Қыз Жібек неше ғасырдан бері ақын-шайырлардан тіліне бал-шырын боп оралып келеді. Сондықтан да Қыз Жібекті бірі іздеп, бірі аңсап, бірі сырттай ғашық боп шабыттың шалқарында теңіздей тебіреніп, жүрек сырларын ақ жауындай төгіп келеді. Айтулы ақын Тәпей Қайысханұлы: «Жібек қыздың жүрегі» атты өлеңінде: «Жібек, жібек, жібек қыз, Жібек еді-ау аты да. Салдың қанша жүрекке із, Жылап қалған артыңда. Биік таудың шырағы, Өтінде өскен жауынның. Сұлулықтың шырағы, Сәні еді ғой ауылдың» деп мұң шығады, шарқ ұрып оны іздейді. Тағы бір ақын, сазгер Марат Нұрқалиев: «Сенбісің Қыз Жібегім» деген ән-өлеңінде: «Ынтықсам да күндіз-түн ажарыңа, Ілінбей-ақ қойдым-ау назарыңа» деп тебіреніп келіп, ән қайырмасында: «Баянбысың, Жібекпісің, Қалықтаттың қалқажан, Жүрек құсын. Құлап түстім, Аққудай көл бетінде, Ынтықпын келбетіңе, Кім екен іздегенің? Болайын Төлегенің, Қыз Жібегім» деп толғанады, ғашықтық зарын әуенді сөзбен төгеді. Ал дарынды ақын Мөлдір Айтбай: «Менде қыздың келбеті мен көркі бар, Күндей жарық шашқанында ел тынар. Өзегімде сағыныштың өрті бар, Сезімімде Қыз Жібектің серті бар» деп өрлік танытса, өзіміздің өр ақынымыз Оңталап Базаралы: «Жұлдыздай жарқын жанарды, Жібектей сұлу жамалды, «Қайдасың?» – деген хабарды, Іздесе жігіт жарасар» деп, ай көрікті, алма сағақты, қиылған қасты аруды жер-көктен қарайды, оны тапсам деп түрлі-түрлі күй кешеді.
Әлі де талай ғасырлар өтер, талай-талай ғашықтар бір-бірімен сүйісе табысар. Сол табысқан әр қыздың бойынан жігіттер Қыз Жібек арудың сұлу келбетінің, сымбатты бітімінің бір белгілерін табары анық.
Елден асқан көрік-келбетіне шаң да түсірмей, жел де тигізбей көк күймеде құпия жымиған парасатты да паң, сырлы да сымбатты, ақылды да ажарлы Қыз Жібек қазақ даласын нұр-шуаққа, іңкәрлікке толтырып жүре бермек.
Ерғали АБДУЛЛА

Фото: автордан
15 сәуір 2025 ж. 80 0