БАС ҚАЛАДАН ЖЕТКЕН БАЙЛЫҚ немесе құнды қолтаңба хақында

Жуырда осы Бауыржан Омарұлының төрт бірдей құнды туындыларын оқып шығудың сәті түсті. Баға жетпес байлыққа баланған рухани қазынадан өлшеусіз еңбек айқын аңғарылады. Сөз зергерінің суреткерлік қасиеті ә дегеннен-ақ өзіне баурап әкетеді. Қысқасы, бір деммен оқисың. Оқып қана қоймай, өзінен-өзі қаланып жатқан неткен сөйлемдер деп бас шайқайсың. Әдебиет танушы, ғалым әр кітабына мерзімдік басылым және әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларын енгізген. Журналистиканың жарық жұлдызы іспетті қаламгердің әр шығармасы патша көңілді оқырманды өзіне тартып, соңына дейін оқып шығуға асықтыратынын жақсы білетінмін.
Кейіпкердің келбетін айшықтап, журналистика саласының әр жанрынан қанымызда бар қасиеттерді тауып, ұлттың ұлылығын айшықтаған кітап авторы ауыл мен қала адамдарының портретін әдемі әспеттейді.
Ойы ұшқыр қалам иесінің қамтымаған тақырыбы жоқ. Тоқтаусыз еңбек алысқа жетелеп, әдебиет танушы ғалым атандырды. Қалам ұшымен қоғам қалыптастырған Бауыржан Омарұлы өзінің кіндік қаны тамған Аралды айтудайын айтты, жазудайын жазды. «Әркімге туған жері – Мысыр шаһар» дегендей, Қаратереңнің жайын бір сәт жадынан шығармады. Қаз-қалпында, алақандай эссе тақырыпшаларында «Басына бақ қонған ауыл» деп жергілікті тұрғындардың кескін-келбетін, болмыс-бітімін барынша қаузады. Ал, Арал. Ауыл. Адам деп аталатын жазбасында жазу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлер төңірегіне толғанып, олардың жүріп өткен жолдарын көркем де әдеби тілмен кестелейді. Осылайша ол жанға жылылық ұялататын, санаға сәуле түсіретін, ғажайып тіркестермен оқырман олжасына айналған туындыны тартымды ете түседі.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Бауыржан ағамен қайталанбас жастық шағымнан таныспын. Шендімін деп шіренбейтін. Бір қарағанда түсі сұсты көрінген ағаның кішіпейілдігіне көңіліміз марқаятын. Кейіннен жүзбе-жүз жүздеспесек те, әлеуметтік желідегі түрлі тақырыпты қамтитын жазбаларын оқып, аға-ініге айналдық. Интернет иірімінен жазбасын аласұра іздейтінді шығардық. Өйтпегенде ше? Әрбір жазғаны жанға жылы. Тақырып таңдаудағы талғамын айтсаңызшы, еріксіз оқуға үндейді. Сонан бас көтермей, соңғы нүктеге дейін үңілесің.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік журналистиканың дүрдарасы Бауыржан Омаровтың «Толқыны», «Шағаласын», «Шегеқұмын» бас алмай оқыған журфактың әрбір студенті кәдімгідей-ақ көп нәрседен сусындап, қолындағы баға жетпес құнды дүниеден білім сарайын кеңіте түсері хақ. Себебі, журфактың жазылмаған заңдарына қанығып, мүйізі қарағайдай жазушылар мен журналистердің өткені мен бүгінін ой елегінде екшей алары сөзсіз.
Иә, туған жерді сүйсең Бауыржандай сүй, теңіз деп толғансаң, Бауыржандай толған, шағаланы аңсап шарқ ұрсаң, Бауыржандай шарқ ұр. Оған тілге тиек еткен кітаптарды парақтағанда, сіздің де көзіңіз анық жетеді.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ