Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың ардақты сазы

Аралдың ардақты сазы

Мұрат Сыдықов 1940 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде дүниеге келген. Оның ата-анасы өнерге жақын жандар болған: әкесі Сыдық – мерген аңшы әрі домбырашы, анасы Болқан – қолөнер шебері, сөзге ұста адам. Осындай ортада өскен Мұрат бала шақтан-ақ ұлттық музыкамен тыныстап, бес жасынан домбыраға қызығушылық таныта бастаған.
Әлі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Мұрат домбырада қазақтың классикалық күйлері мен халық әндерін орындауды меңгеріп, өзі де шығармашылыққа бет бұрады. 1958-1959 жылдардан бастап әндер, күй-толғаулар, өлең-жырлар жазумен айналыса бастайды.
1965-1980 жылдары «Аралбалық» өндірістік бірлестігінің өнерпаз жастарынан тұңғыш рет «Шағала» ән-би ансамблін, «Алау» эстрадалық ансамблін, «Алтыбақан» ойын-сауық отауын, №220 орта мектеп ұжымынан «Толқын» ән-би ансамблін құрып, еңбекші халықтың рухани мәдениетін көтеруге зор үлес қосты.
1967 жылы Алматы қаласында одақтық деңгейде өткен өнер байқауында өнер көрсетіп, осы байқаудың лауреаты атанды. Артынша сол жылы Қазанқап атындағы «Халық оркестрі» құрметті атағына ие болды. 1974 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілхалықтық халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетіп, күміс медальмен марапатталды. Ал 1980 жылы жұбайы Базар Қостайқызымен бірігіп, өз отбасы мүшелерінен тұратын тұңғыш Сыдықовтар отбасылық ансамблін құрып, аудан, облыс жұртшылығына концерттер беріп, өнерсүйер қауымның мақтанышына айналды.
Кейінгі жылдары аудандық Мәдениет үйінің қазақ ұлт-аспаптары оркестрінде домбырашы, одан соң көркемдік жетекші қызметтерін атқарды.
Мұрат Сыдықов – таза қазақы дәстүрмен үндескен, сонымен қатар заманауи музыкалық ізденісті үйлестіре білген серпінді өнер иесі. Ол күй орындаушылық қырын ғана емес, композитор, ақын-жырау ретінде де шығармашылық жолда өзін танытты.
1985 жылы «Халықтық және кеңестік музыкаларды жоғары дәрежеде насихаттағаны үшін» КСРО Композиторлар одағының «Құрмет» дипломымен марапатталды.
Мұрат ағамыздың «Қайдасың сен», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария» әндері мен «Арал толқыны», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Мұраттың төкпесі», «Қос тұйғын» күйлері тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленіп, қазақ өнерінің алтын қорына енді.
Сонымен қатар, оның симфониялық күй-поэмалары – «Батыр баба – Жанқожа», «Махамбеттің толғауы» – салалық ұлт-аспаптар оркестрлерінің репертуарынан берік орын алып, аудан мен облыс мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты.
Мұрат Сыдықов – өз қолынан шыққан шәкірттері арқылы өнер дәстүрін жалғастырған ұлағатты ұстаз. Ол домбыра үйірмелерін ұйымдастырып, жастарды төл өнерге баулыды.
Оның өмірлік ұстанымы мен шығармашылық жолы – қазақ өнерінің сақталуы мен дамуына арналған өнегелі еңбек.
Мұрат Сыдықов ұлттық өнерге сіңірген еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды. Ол – Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Арал ауданының «Құрметті азаматы».
Сонымен қатар, туған жерінде домбыра үйірмелерінің ашылуы, авторлық кештерінің өтуі, шәкірт тәрбиелеуі – оның сазды ғұмырының нақты жемістері.
Неге Мұрат Сыдықов – Аралдың мақтанышы? Себебі ол – Аралдан шыққан, өз тыңдарманын тапқан, кеңінен танылған өнер иесі. Оның шығармашылығы қазақылықтың иісін, Сырдың мұңы мен жырын терең жеткізеді. Ол ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, ұлттық саздың өміршең болуына еңбек етті. Оның туындылары – бүгінгі де, болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес рухани қазына.
Мәтін «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Арал аудандық архиві» филиалы қорындағы №328 Т-2 «Жыршы, композиторлар» коллекциясындағы автордың қолжазбалары негізінде дайындалды.


ЭЛЕГИЯ
Бұл жырымды Аралдың біртуар перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты күйші-композитор марқұм Мұрат Сыдықовтың рухына арнаймын.
Қылығы жұрттың есінде,
Баладай бейне бір жасар.
Тулаған толқын төсінде,
Тумайды теңіз ұлды осал.
Аузына елді қаратқан,
Туады теңіз өжетті.
Өнерің құйттай шанақтан,
Күй болып туған кезекті.
Күй төгіп сендей берер кім.
Көтерді күйің көкке елді
Төріне мынау өнердің,
Төктің де кеттің «Төкпеңді».
Дүниеден қанша адамың,
Армансыз әсте өткен жоқ.
Ата-жұрт Қарашалаңның,
Күтетін сені көптен көп.
Өнердің бар ғой жетегі,
«Жыны» бар жанның талантты.
Күйші мен әнші екеуі,
Күймедей еді пар атты.
Таң қалам саған Жаратқан,
Тең емес бөзің жібекпен.
Күй төктің күмбір шанақтан,
Саусақпен емес ,
жүрекпен.
Күтіп ең көктем... жазыңды,
Өнердің құнын білдік пе.
Кім ұқсын сенің назыңды,
Қым-қуыт мынау тірлікте.
Жүлделі талай таласта,
Жұлдызың жанды әй, аға-ай,
Озды атың күллі алашқа,
Аралда жүріп аядай.
Амал жоқ ашкөз ажалға,
Айта алмай ақтық сөзіңді.
Бір қарап жарың Базарға,
Мәңгілік жұмдың көзіңді.
Өмірдің бәрі тозақ па,
Оған да жүрміз бағынып,
Жата бер тыныш о жақта,
Жұмақтың нұрын жамылып.
Толыбай АБЫЛАЕВ
27 желтоқсан 2025 ж. 66 0