Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бұйырған бота

Бұйырған бота

Жаңа жыл келген сайын маңғаздығымен ерекшеленетін түйе малының аңғалдығына еріксіз бас шайқап, кеміргіш тышқанның тапқырлығына таңдай қағатынымыз рас. Әлгі бір ертегідегі жыл бөлісу кезінде осылайша ойсылқара тұқымы жылдан құр қалғанын дүйім жұрт жақсы біледі.
Иә, айтпағым бұл емес. Бір-бірімен жолыға қалса мал-жан аман ба деп есендесетін қазақ суыққа да, шөлге де төзімді түйе малын айрықша қастерлейді. Өйтпегенде ше, түйенің қомында өскен көшпелі ұлтымыз асыл жануардан қай заманда да қол үзбеген.
Сонымен негізгі әңгіме төркініне оралайық. Совхоз тарап, ел әбігерге түскен кез. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар «Баймұрат» шаруа қожалығын құрып, құдық қазу ісіне кіріскен еді. Бізге жақын орналасқан өзге де малшы қауым төрт түлікті өріске өргізуге бар ынтамен жұмылды. Жаймашуақ күндердің бірінде қос өркеші баладай ойнақтаған бір бота із-түзсіз жоғалып кетті. Ақадал малынан көз жазып қалу кімге оңай тисін?! Малдың егесі, ауылдастары төңіректі үздіксіз шарлап шықты. Алайда, сүйкімді бота еш жерден табылмады. Қасат қар еріп, көктемнің шуағы сезіле бастады. Шаруаның бітпейтін тірлігі жалғаса берді. Бірде мал іздеп шыққан аттылы сәске түсте демалайын деп, мызғып алмақ болып көне қора іргесіне жантайғанда әлсіз ыңырсыған дауысты естіді. Алақ-жұлақ айналасына қараған ол сол маңдағы цистерна ішінде көзі жәудіреп тұрған түйе баласын көреді. Қар суының немесе жауын-шашынның ылғалынан темір цистерна шіріп кеткен. Құлап кеткеніне екі айдан асқан жануар әбден қалжыраған. Жан-жағындағы жантақ тамырларын талғажау етіп, тар қапаста ұзақ мерзім жатқан жас төл енді болмағанда аштан қатудың сәл алдында тұрғаны анық байқалады. Сүйінші сұраған әлгі аттылы, жоқ іздеушінің алғысын алды. Мал иесі ойнақшып жүріп, цистернадай орға түскен малына ерекше қуанды. Артынша жемдеп, жақсылап бақты. «Жаным арымның садақасы, малым жанымның садақасы» деп күнелтіп отырған шаруа осылайша өткен күнді еске алып, бұйырған ботаны келе-келе түйеге айналғанын жеткізді.
«Маңдай термен тапқан нан тәтті». Шүкір, қазіргі таңда ауданда мал шаруашылығы өркен жайған. Қамбар ата, Зеңгі баба, Қошқар ата, Шек – шек ата тұқымы да еселенген. Бір ғана түйе малын өсірушілердің көптігінен аудан алдыңғы қатарда. Бұл – жақсылықтың нышаны. Қуаңшылықты елей бермейтін, шөлге төзе алатын түйе шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қарқынды қолдау болса, тіптен керемет болар еді.
Теңізбай ЖАЛҒАСБАЕВ,
№73 орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі
13 қаңтар 2026 ж. 53 0