Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыйлықтың ең асылы – кітап

Сыйлықтың ең асылы – кітап

Кей сыйлықтың құны алтынмен өлшенбейді. Оның бағасы – жүректегі ықыласпен, ниеттегі тазалықпен таразыланады. Сондай асыл сыйдың бірі – кітап. Кітап – адамзаттың ақыл-ойы мен арманын, тарихы мен тағдырын сақтаған үнсіз шежіре. Ол – уақытпен бірге жасайтын, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жалғасатын рухани қазына.
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Арал аудандық орталық кітапханасында өткен «Сыйға тартылған кітап – рухани байлық» атты шара осы асыл құндылықтың қадірін айшықтай түсті.Бұл күн жүректерді жақындату, ойды байыту, рухани кеңістікті кеңейту мерекесіне айналды.
Негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырмандарды кітап оқуға ынталандыру, сондай-ақ кітапты ең бағалы сыйлық ретінде насихаттау болған кеште кітапхана төрінде ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, ардақты ардагерлер мен тұрақты оқырмандар бас қосып, кітаптың қоғамдағы орны, оқу мәдениетінің мәні туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Әр сыйланған кітап – иесінің шынайы ықыласын, білімге деген құрметін білдіргендей.
Акцияның ең маңызды сәті – кітап сыйлау рәсімі болды. Қатысушылар кітапхана қорын толықтыру мақсатында өздері оқып, рухани азық алған құнды кітаптарын тарту етті. Сыйға берілген әр кітап – болашақ ұрпаққа қалдырылған асыл мұра екені ерекше аталып өтті.
Мереке аясында тағы бір қуанышты жаңалық орын алды. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, теңізді өлкенің перзенті, ақын Ш.Сариевтің жыр жинақтары кітапхана қорына табысталды. Ақынның жұбайы Жұмагүл Сариева апайдың бұл сыйы – рухани сабақтастықтың, сөз өнеріне деген құрметтің айқын көрінісі. Ақын мұрасы – халықтың ортақ қазынасы. Оның жырлары оқырман жүрегіне сәуле түсіріп, ой әлемін тереңдете түсетіні сөзсіз.
Сонымен қатар кітапханаға ерекше туындылар табысталды. Соның бірі – жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекнұр Сейтжанұлының «Тұзды көлдердің әндері» романы. Бұл шығарма – тұз өндірушілер мекені «Соль Арала» кентінің қалыптасу кезеңіндегі адамдар тағдырын суреттейтін кең тынысты туынды.
Романда бір әулеттің өмір жолы арқылы тұтас өңірдің шежіресі өріледі. Арал экологиялық дағдарысы, балықшылар тұрмысы, шөлдің жылжуы, халықтың тұзды көлдерге қоныс аударуы, жаңа кәсіпорынның бой көтеруі – барлығы оқиғалық желіде шынайы бейнеленген. Сонымен қатар ауылдық клубтың қойнауында құрылған алғашқы ансамбльдің тарихы суреттеліп, өнер мен өмірдің өзара сабақтастығы көркем өрнектеледі.
Бұл – домбыраның қоңыр үні, шығармашылықтың қуаты, музыка әлемі мен мәңгілік махаббат жайлы жазылған роман. Басты кейіпкерлер Мәриям мен Сейіт өмір теңізінің толқындарымен арпалыса жүріп, тағдыр сынын бірге еңсерген жандар ретінде бейнеленеді. Олардың махаббаты – өмірдің өз әуені секілді. Автор кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген «Аралтұз» АҚ ұжымына алғыс білдіріп, туындысын туған жер оқырмандарына аманат етті.
Және акция барысында Орталық балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары Ә.Қайранның «Ерасыл», Ромен Ролланның «Жан Кристоф», Дәнеш Ахметұлының «Таң арайы», Рахат Қосбармақтың «Жалқаудың жазасы» Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ шағала» және тағы басқа көркем әдебиеттерді сыйға тартты. Осылайша кітапхана қоры жаңа туындылармен толықты.
Сонымен қатар «ПарақTIME» кітапқұмарлар клубының мүшелері де белсенділік танытып, қала мектептерінің кітапханашыларын клуб мүшелігіне қабылдап, заманауи форматта кітап сыйлау дәстүрін жалғастырды. Бұл – жас буынның кітапқа деген қызығушылығының, рухани ізденісінің жарқын көрінісі.Осылайша, бір күннің аясында өткен шара үлкен мәнге ие болды.
Қай қоғамда болсын, кітап қадірі биік болса, сол елдің рухы асқақ болмақ.Сондықтан кітап сыйлау – өткенге құрмет, бүгінге парасат, ертеңге сенім білдіру. Рухани қорымыз толыға берсін, оқуға деген сүйіспеншілік әр жүректе мәңгілік мекен етсін.
Г. ӘЛНИЯЗИНА
14 ақпан 2026 ж. 67 0