ЖАРАПАЗАН ЖАРНАНЫҢ КӨЗІ ЕМЕС
Студент атанып, демалысқа қарсы ауылға келген кезім. Рамазан айына тұспа-тұс келіп, үйде кешкі ас пісіріп жатырмын. Бір кезде сыртқы есіктен 2-3 ер бала кіріп келді де, «Апай, жарапазан айтайық па?» деді. Ауылыма келген қуанышым бар, «Ал айта қойыңдар» дедім күле қарап. Тілдері бұлдырлап, өлең айтқан кейіп танытты да, қолдарын жайды. Бала көңілін қалдырмайын деп әмиянымды ашсам, майда тиын қалмапты. Балалар ғой деп ас үйдегі тәттілерден салып бердім. «Ой, апай, ақшаңыз жоқ па?» деді бойы ұзын, сарысы. Олардың көңіліне қараған менің көңіл күйім түсіп, сасып қалдым. «Майда тиын қалмапты, тәттілерді жеп, үйлеріңе қайта қойыңдар, кеш болып қалды» дегенім сол еді, «Жаңа бір кісі қағаз ақшаны да берді ғой» демесі бар ма. «Сонда ақша жинау үшін жүрсіңдер ме?» дедім мен де қарсы сұрақ қойып. «Әрине, қазір шығып, дүкенге барып, чипсы, сок аламыз» дейді әлгі бала. «Одан да қазір қайтып, ақшаны аналарыңа беріп, үйдегілермен бірге шай ішіңдер» деп, тәттімді бердім де, сыпайы ғана есіктен шығарып салдым.Рамазанның жыр сәлемі
Иә, қасиетті Рамазан айы да аяғына жетуге аз қалып, айнала жылы мейірімге тұнды. Осындай шақта жарапазан жыры – Рамазан айының рухани болмысын айшықтайтын, қазақ дүниетанымының терең қатпарынан орын алған ғұрыптық жыр. Ол он екі айдың сұлтаны Рамазанның келгенін хабарлаушы және халықты жақсылыққа, ізгілікке шақырушы. Кейбір өңірлерде «жарамазан» деп те атайды. Араб тілінен аударғанда «жә рамазан», яғни «Рамазан келді» деген мағынаны білдіреді. Рамазан – сабыр мен шүкірдің, тәубе мен тазалықтың айы болса, жарапазан – сол айдың поэтикалық үні. Қазақ халқы әрбір діни мерекені жүрекке сіңген өмір салты ретінде қабылдаған. Сондықтан да Рамазан айы келгенде, оның қуанышы мен қасиеті мешіт ішінде ғана емес, ауыл көшесінде, қараша үйдің табалдырығында, түнгі дала тынысында сезілген. Ғұрыптық жыр – оның сөзге айналған көрінісі. Бұл жырда исламдық мазмұн мен ұлттық өрнек астасып жатыр. Мысалы, «Ассалаумағалейкум, ақтан келдік,
Күн шығып, айы туған жақтан келдік.
Біз айтсақ жарапазан – әдет‑ғұрып,
Пайғамбар жолын қуып атқа міндік.
Бай Мұхаммет үмбетіне жарапазан,
Оразаң құтты болсын, ұстаған жан» деп бір жағында ораза, намаз, сауап ұғымдары болса, екінші жағында
«Айтамыз жарапазан есігіңе,
Ұл берсін пайғамбардай бесігіңе.
Наурыз көктемімен ырыс келсін,
Молшылық ала келсін несібіңе» деп, қазақы мадақ, бата, тілек, ақжарма ниет бар. Жарапазанның мәні – дін мен дәстүрді үйлестіріп, халықтың рухани өміріне ортақ тіл табуында. Ол – ұлттың жадында сақталған имандылық мектебі. Әр шумақтың астарында «береке», «ырыс», «сауап», «ниет» деген ұғымдардың терең философиясы жатыр. Жарапазан айтылған үйге сенім кіреді. Өйткені қазақ ұғымында сөз – тағдырға әсер ететін күш. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тәмсіл жарапазанның ішкі табиғатын дәл ашып тұр.
Есіктен естілген есті әуен
Жарапазанның шығу төркінін ислам дінінің қазақ даласына таралуымен байланыстыра қарастырсақ та, оның поэтикалық құрылымы халық ауыз әдебиетінің бай дәстүрімен сабақтас. Бұл жыр – маусымдық ғұрып өлеңдерінің бір тармағы. Қазақта табиғат құбылыстарына, жыл мезгілдеріне, тұрмыс-салтқа байланысты туған жырлар аз емес. Солардың ішінде жарапазан Рамазан айының рухани кеңістігін айшықтайды. Әдетте өлең айтушы (жарапазаншы) үй иелерінен сыйлық дәметеді, тіленеді, талап етеді, алдымен олардың үйін (әрбір жабдығын, жиһазын санамалап) мақтайды, қарымына тарту-таралғы алады, содан кейін бата береді, сонымен бірге күнәһар жандарды о дүниеде тозақта небір қиыншылық, ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертіп, сауапты мол жасау парыз деп діни уағыз-насихат айтады. Демек, жарапазан айтудың құрылым-түзімі былай деуге негіз бар: үйді мақтау, діни насихат айту, сыйлық алу, бата беру. Кейде әзіл мен астарлы ишара да кездеседі, бірақ ол әдеп шеңберінен аспайды. Жарапазан ертеде сөз мәдениетінің мектебі болған. Оны айтушы да, тыңдаушы да сөздің салмағын түсінген. Бұл жырдың орындалуы көбіне кешкілік ауызашардан кейін жүзеге асқан. Бір топ жас немесе балалар ауыл ішін аралап, әр шаңырақтың алдына тоқтап, кезек-кезек жырлаған. Ол қоғамдағы өзара байланыс пен ынтымақты бекіту амалы. Үй иесі ризашылықпен сый-сыяпат ұсынған. Ол көбіне тағам түрінде болған. Мұның өзі Рамазан айындағы бөлісу, жомарттық, садақа беру ұғымдарымен астасып жатыр. Жарапазан – қоғамдағы әлеуметтік теңдікті жұмсартатын, адамдарды бір-біріне жақындататын құрал. Өйткені ол арқылы әр үй өз қуанышын ортақтасты, өз берекесін бөлісті.
Ғалымдар айтқан ғибрат
Ахмет Байтұрсынұлы ол турасында: «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазан айтатын екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады» деп жазады.
Әрине, тыңдаушыны еліктіріп, айызын қандыру үшін жарапазан айтушы ақын да, керемет әнші де болғаны дау туғыза қоймас. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жарапазан айтушыға түйе де берілетінін жазған. Соған қарағанда ел ішіндегі әнші-күйшінің кәсібіне де айналса керек. Бірақ оған қарап, бұл асқан өнерпаздардың кәсібі болған деуге келмейді. Кез келген бала-шаға, үлкен-кіші жарапазан айтқан.
Рамазан сөзінен шыққанын және ораза кезінде айтылатын болғасын жарапазанды тек дінмен байланыстырамыз. Ал Мұхтар Әуезов басқаша пайымдайды. «Қазақ жарапазандарының көбін алсақ күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнәкар болуды айтып, көп тәубамен жалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағынан қарағанда қазақтың көп жарапазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдеріне жақын келеді.
Қазақ ортасына «ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды» деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Жарапазан әу баста маусымдық-күнтізбелік ғұрыпқа қатысты түркі халықтарының бірлігі дәуірінде әлдеқашан пайда болып қалыптасып, кейіннен ислам дінінің қағидаларымен етене тоғысқан аса байырғы синкретті жанр деуге негіз бар. Жарапазан ұлыстың ұлы күні – наурызда айтылған, кейіннен рамазан айында айтылатын болған».
Демек, жарапазан секілді жанр, дәлірегі – соған ұқсас өлең айту қазақта исламға дейін болған. Яғни ұлыстың ұлы күнінде айтылған. Кейіннен діни түсініктер мен ұғымдар астастырылған. Оған дәлел де жоқ емес.
«Айтайын жарапазан есігіңе-ау,
Сәби бітсін осы үйдің бесігіне-ау,
Жарапазан тек қана дін жолы емес,
Бұйыртсын деп айтайын несібіңе-ау.
Ескі жыл кетіп қалған есіркейді-ау,
Жаңа жыл жетіп келген не істейді-ау.
Жаңа жыл жетіп келген жүкпен келер,
Жұбайлар жаңа-жаңа жұппен келер» деген жолдар осыған дәлел.
Жарапазанның діндік мәніне үңілсек, оның негізгі өзегі – ізгілікке үндеу. Исламда Рамазан айы – нәпсіні тыйып, рухты тәрбиелейтін кезең. Жарапазан осы тәрбиені халықтық тілмен жеткізеді. Ол шариғат үкімін тікелей түсіндірмесе де, оразаның сауабы, жақсылықтың қадірі, дұғаның күші туралы ой тастайды. Бұл жырда қорқыту жоқ, жұмсақ насихат бар. Қазақ ешқашан дінді үреймен емес, үмітпен ұғынған. Жарапазан – сол үміттің үні. Ол адамдарға: «Ораза ұста, сауапқа кенел» деп бұйырмайды, «Ұстаған оразаң қабыл болсын» деп тілек айтады. Осы айырмашылықтың өзі оның тәрбиелік қуатын арттырады. Дегенмен, дәстүрдің тағдыры уақытпен бірге өзгереді. Қазіргі қоғамда жарапазанның мазмұны кей жерде үстірт қабылданып жүр. Кей балалар оны толық мәтінімен, мағынасымен білмей, тек ақша алу үшін орындайды. Бұл құбылыс – дәстүрдің коммерциялану қаупін көрсетеді. Жарапазанның рухани салмағы азайып, материалдық мақсат алға шықса, оның мәні жұтаңдайды. «Ниет – амалдың айнасы» десек, ниет өзгерген жерде амалдың қасиеті де өзгереді. Сондықтан жарапазанның бүгінгі тағдыры – қоғамның рухани деңгейінің көрсеткіші.
Жаңарған жарапазан
Этнограф, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді насихаттаушы Майра Ақтөреқызы:
– Қазір жарапазан айтудағы басты өзгерістің бірі – жырдың күндіз де айтылып жүргені. Мысалы күндіз базарға барсаңыз, мойнына қоржын салып алып, домбыра мен баян тартып, тапа-тал түсте жарапазан айтып жүретін жігіттерді көресіз. Негізі жарапазанды сәресіге жақындағанда «ораза ұстаған адамдарды ұйықтап қалмасын» деп ояту мақсатында айтатын. Мәтінде жеңге мен қайын арасындағы қазақи әзіл-қалжыңға құрылған сөздер де болатын. Яғни сол үйдің иесін, ағасын мақтаған сөздер кездеседі. Ал қазір күндіз де айта береді. Бұл дегеніміз – жырдың мән-мағынасын түсінбеу ғой. Тіпті кішкентай балалар, автобуста айтады. Көлікте келе жатып бағдаршамға тоқтасаң, жол қауіпсіздігін елемей, көліктің жанына келіп айтады. Мұндай маңызды жырдың дұрыс нұсқасын келер ұрпаққа ақ-қарасын айырып жеткізуіміз керек. Ораза ұстаудың жөн-жоралғысын осы жырдың мәтінінде қолданса, ең әуелі ауыз бекіткен адамдар үшін пайдалы болар еді, – дейді.
Шыны керек, бүгінде балалар арасында жарапазан айтып, табыс тауып жүргендер де жетерлік. Қалтаға салған 5-10 теңгесін зиянды нәрсеге құртып әрі бос уақытында дала кезіп жүргендері де халыққа ұнамсыз әрекет.
– Жақында үйдің жанындағы көрші дүкенге бардым. Есік алдында қаумалаған бала жүр. Өлеңдетіп тақпақ айтып, сөздің соңын «қалтама ақша сал, апа» дегенге келтіріп, қалталарын ашады. Бұл өте мәдениетсіз, нашар қылық. Тіпті «заманауи қайыршылық» деуге келеді. Кейде кешкі ас уақытында, 22:00-23:00-де үй аралап келетін ер балалар бар. Ата-аналарға осы тұста балаларын тәртіпке шақыру керек деп ойлаймын, – деп пікірін білдірді қала тұрғына Асыл Маратқызы.
Ал этнографтар:
– Егер жыр дұрыс орындалса, табыс табудың әбестігі жоқ. Мысалы менің үйіме сәресі уақытында келіп, керемет жарапазан айтып жатса, ештеңемді аямай, иығына шапан да жауып жіберер едім. Мұның байыбына бара алатын адамдардың үйіне барса, ешкім аянып қалмайды. Егер жөнін, жолын білсе қазірдің өзінде жақсы табыс тауып кетуге болады. Бірақ ізденіп, тарихын біліп, мән-мағынасын түсініп барып айтса екен. Жарапазанды табыс көзіне айналдырған жастарға осы жағына көбірек мән бергізу керек, – дейді.
Иә, бүгінде сәресі уақытын күтіп, жарапазан әнін айтудың реті келмейді. Десе де кеш батқанда жарапазан айтудың әбестігінен бұрын қауіпі көп. Бұл туралы инстаграм желісінде белгілі блогерлер сөз етуде.
– Қазір заман басқа, ағайындар. Балаларыңызды көпқабатты үйлерді аралатып жалғыз жібермеңіздер. Құдай сақтасын, бірақ біреу есігін ашып кіргізіп алса, кім жауап береді?! Жамандықтың да, жақсылықтың да шығып жатқан жері үлкен мегаполистер. Түн жамылып, ақша сұраудың арты қай кезде де жақсылыққа апармайды. Абай болайық, – дейді олар.
Дәстүрдің демі өшпесін
Бұрын жарапазан ауыл өмірінің ажырамас бөлігі еді. Ол балаларды сөзге шешендікке, әдепке, батаны құрметтеуге үйретті. Жас буын үлкендердің батасын алып, өздері де тілек айтуды үйренді. Бұл – ауыз әдебиетінің тірі мектебі болатын. Қазір ақпараттық дәуірде ауызша дәстүрлер әлсіреп барады. Балалар жырды интернеттен жаттауы мүмкін, бірақ оның рухын сезінбеуі ықтимал. Осы тұста жарапазанның тәрбиелік мәнін қайта жандандыру қажет. Оны тек ақша табудың амалы ретінде емес, ұлттық мұра ретінде түсіндіру маңызды. Дәстүрдің мәні – оның сыртқы формасында емес, ішкі мазмұнында. Егер жарапазан тек есік қағып, сыйлық сұраумен шектелсе, ол уақыт өте келе өзінің тарихи биігін жоғалтады. Ал егер оның астарындағы имандылық, жомарттық, бірлік идеясы сақталса, ол заманмен бірге жаңарып өмір сүре береді. «Рухы сақталған дәстүр ғана ұлтты сақтайды» деген қағида осы жерде айқын көрінеді. Майра Ақтөреқызы:
– Егде буын, ата-әжелер жарапазан жырының дұрыс нұсқасын қазіргі жастарға дәріптеуіне болады. Мұны өз мысалымнан айтайын. Біздің көшеде ауызашар уақытында кішкентай балалар үй аралап, жарапазан айтып жүреді. Сол кезде бірінші олардың жырын тыңдап, кейін үйге кіргізем. Кімнің баласы екенін, қайда тұратынын сұраймын дегендей. Қазіргі балалар «ақ тауық, көк тауық, қырман шашар ей, алып шық-алып шық, ақ табаққа салып шық» дегеннен басқа сөз білмейді. Олардың қолына ақша беріп тұрып, «сен келесі жолы батаны жақсылап үйреніп келсең, бұдан да көбірек беремін» деп айтып жіберемін. Қазіргі балаларды қызықтырудың басқа жолы да жоқ сияқты. Келесі жолы ол бала көбірек ақша алу үшін батаны жаттап келеді. Сол жолы оған жарапазанның құрылымын айтып, келесіде сол бойынша айтып келуін тапсырамын. Егер үлкендер үйге жарапазан айтып келген әр балаға осылай түсіндірсе, балалар да тырысар еді. Қоғам не нәрсенің болсын жеңіл жағын қабылдап алады. Жарапазан жырын жеңіл әуенге салып айтылуы да сол себепті шығар. Бұл өсіп келе жатқан өрендер санасына тез сіңуі мүмкін. Біз университетте «Мерекелік салт-дәстүр» пәнін оқытамыз. Сол пәнде «салт деген не, дәстүр деген не, әдет деген не, ғұрып деген не» екенін үйретеміз. Әрқайсысының бөлек анықтамасы бар. Жарапазан мұның ішінде ғұрыпқа жатады. Яғни мұның діни әуені бар. Біз содан ауытқымауымыз керек. Жарапазанды діни әуенге салып, үш бөлігін де ескеріп, мәтінге аса мән беріп орындаса болашақ ұрпаққа дұрыс насихатталар еді, – деп, жарапазанның дұрыс насихатталу барысына тоқталдды.
Түйін: Жарапазан – қазақ халқының рухани мәдениетінің айрықша көрінісі. Ол Рамазан айының қасиетін жырға қосып, дін мен дәстүрді тоғыстырған бірегей мұра. Оның тарихи тамыры тереңде, мазмұны мағыналы, тәрбиелік ықпалы зор. Бүгінгі қоғам алдында тұрған міндет – осы жырдың ішкі мәнін жоғалтпай, оны жаңа буынға дұрыс түсіндіру. Егер біз оның шынайылығын сақтай алсақ, ол болашақта да Рамазан түндерін нұрландырып, қазақ даласының рухани тынысын тербетіп тұра береді.
Гүлмарал САҚТАПОВА










