Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өшпес із қалдырған өнер иесі

Өшпес із қалдырған өнер иесі

Арамыздан сұм ажал ерте жұлып әкетсе де, ел жадында мәңгі сақталған тұлғалар болады. Сондай жандардың бірі – ақын, мәдениет саласының майталман қайраткері Сағынай Дәріқұлұлы Ешекенов. Оның есімі Арал өңірінің ғана емес, тұтас қазақ руханиятының бір бөлшегіне айналып үлгерді.
     Сағынай Дәріқұлұлы 1951 жылдың 16 мамырында Арал қаласында қарапайым еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі Дәріқұл Ешекенұлы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, анасы Балиға Кеулімжайқызы отбасының ұйытқысы болған қарапайым жан еді. Отбасындағы тұңғыш перзент ретінде Сағынай жастайынан жауапкершілік пен еңбекқорлықты бойына сіңіріп өсті.
    Алғашқы білімін Арал қаласындағы №176 мектептен бастап, кейін Шижаға ауылында жалғастырды. Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде-ақ оның ақындық қабілеті байқалып, балаң жырлары аудандық басылымдарда жарық көре бастады. Осылайша, болашақ ақынның шығармашылық жолы ерте қалыптасты.
   Жастайынан өнерге құштар болған Сағынай Алматы қаласындағы театр студиясында білім алып, оны 1970 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрында бастайды. Театр сахнасында шыңдалып, тәжірибе жинақтаған жас маман кейін туған жерге оралып, аудандық мәдениет саласының дамуына зор үлес қосады. Театрда жұмыс істеп жүрген уақыттары ол болашақ жары Сақыпжамал Сырлыбаевамен танысып, 1971 жылы отау құрады.
   Арал аудандық мәдениет үйінде қызмет еткен жылдары ол ұйымдастырушылық қабілетімен, өнерге деген шынайы жанашырлығымен ерекшеленді. Түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, театрлық қойылымдар сахналап, ауыл өнерпаздарының шығармашылығын дамытуға бар күшін салды.
   1974 жылы Сағынай Ешекенов жастардың сеніміне ие болып, комсомол комитетінің хатшысы қызметіне сайланды. Бұл кезеңде ол жастар саясатын дамытуға, еңбекке баулуға, мәдени-рухани жұмыстарды жандандыруға ерекше үлес қосты. Оның бастамасымен Шижаға ауылында  екі қабатты жаңа мәдениет үйі салынып, ауыл жастарының өнерге деген қызығушылығы арта түсті. Өзінің еңбекқорлығының арқасында ол ел алғысына бөленіп, жастар ұйымы жетекшілігінен кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне ауысады.
  Сағынайдың табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қазақ музыка аспаптарынан тұратын тұратын шағын музыкалық ансамбль құрады. Ол клубтағы ансамбльді жүзге жуық өнерпаздардан тұратын үлкен ұлт аспаптары окестріне айналдыра білді. Осылайша, шағын ансамбль уақыт өте келе үлкен ұлт аспаптар оркестріне айналды. 1983 жылы бұл ұжымға Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің шешімімен Қазақ Ұлт аспаптары орексрі атағы берілді. Бұл – ауыл мәдениеті үшін үлкен жетістік еді.
   Сағынай Ешекенов ауылда жүрсе де Республикалық жоғары комсомол мектебін бітіріп, Москва қаласындағы Бүкілодақтық кәсіподақ мектебіне түсіп, білімін жетілдірді. Шалғай ауылда жүрсе де алғашқы еңбек жолын бастаған өнер ордасы Н.Бекежанов атындағы драма театрынан қол үзбей, атақты өнер адамдарымен етене араласып тұрды. Елге танымал халық әртістері, мәдениет қайраткерлері Серік Шотықов, Жібек Бағысова, Бақытбек
Алпысбаев, Яһұда Халықұлов, атақты режиссер, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір ағалардың ақыл-кеңесімен, өзі режисссер әрі жетекшілік етіп, қойған бірнеше сахналық қойылымдары көрермен ықыласына бөленді.
    Өнер мен мәдениет саласындағы қызметімен қатар, Сағынай ақындық өнерден де қол үзген жоқ. Оның жүрекжарды жырлары сол кездегі белгілі қаламгерлердің жоғары бағасына ие болды. Әзілхан Нұршайықов, Оспанхан Әубәкіров, Қуандық Шаңғытбаев сынды көрнекті тұлғалар оның шығармашылығына оң пікір білдірген.
     Сағынай азғантай өмірінде бірнеше шәкірттер тәрбиелеп, артында із қалдыра білді. Олардың арасынан айтыскер ақын, танымал жыршы Бекұзақ Тәңірбергенов, термеші Сұраған Мырзаев, бүгінде республикаға танымал мәдениет қайраткері, режиссер, ақын Оңталап Нұрмахановтың орындары бөлек.
  Өкінішке қарай, жалындап тұрған шағында, 1983 жылдың 17 мамырында, небәрі 32 жасында өмірден озды. Қысқа ғұмыр кешсе де, артына өшпес мұра қалдырды.  Сағынай Дәріқұлұлы тек өнер иесі ғана емес, өнегелі әке, ардақты азамат болды. Жұбайы Сақыпжамалмен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың ұрпақтары еліміздің әр өңірінде еңбек етіп, ата жолын жалғастырып келеді.
  Сағынай Дәріқұлұлы қысқа ғұмырында-ақ мол мұра қалдырып үлгерген дарынды ақын еді. Оның жүрек түкпірінен туған қос жүзге жуық жыры оқырманымен қауышып, рухани әлемге өз өрнегін салды. Ақын дүниеден озғаннан кейін де оның сөзі өлмеді. 1995 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Мамырдың майда жаңбыры» атты жыр жинағы соның айғағы. Бұл кітапта ақынның сыршыл да шынайы өлеңдері топтастырылып, оқырман жүрегіне жол тартты. Ал 1996 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Арманда кеткен ақындар» атты жинақта да Сағынай жырлары лайықты орын алып, оның есімі қазақ поэзиясының аспанында қайта жаңғыра түсті. Сонымен қатар, «Жұлдыз ғұмыр – жыр ғұмыр», «Сағыныш» атты кітаптарда бұрын жарық көрмеген туындылары жарияланып, ақын мұрасы жаңа қырынан танылды.
   Осылайша, Сағынайдың ғұмыры қысқа болғанымен, оның жырлары уақытпен бірге жасап, оқырманымен мәңгілік сырласып келеді. Ұлы Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деген сөзі дәл осындай тұлғаларға арналса керек. Сағынай Ешекеновтің есімі мен еңбегі – ел жадында мәңгі сақталатын рухани қазына.
А. НҰРЛАНОВА
07 сәуір 2026 ж. 66 0