Сағымданып, сағындырған Сағынай
Сағынай досымның баласы Қайрат хабарласып, асқар таудай әкелеріне еске алу рәсімін жасағалы жатқанын айтқанда, қос қанатының бірінен айырылған қырандай күйге түстім. Бары-жоғы 32 жасында бұл өмірмен мезгілсіз «хош» айтысып кеткен досымның бітім-болмысы көз алдымда көлбеңдей тұра қалды. Әттең, көзі тірі болғанда 75 жастың желкесіне мінер еді-ау.Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер!
Солар жайлы толғанайық, жазайық, – деп арқалы ақын Мұқағали айтқандай, бала кезден құлын тайдай тебісіп бірге өскен Сағынай жайлы жүрек жазбамды ақ қағаз бетіне түсіріп, ұрпақтарына ұлағат етуді өтелмеген парызым санап отырған жайым бар.
Қайтесің, қамшының сабындай келте ғұмыр-ай! Келте ғұмырында келісаптай іс тындырып, артында өшпес із, өлмес мұра қалдырып сағымданып кете барған Сағынай досым-ай! Жыр жазып, өлең өрнектеп жалындап жанатын, сахнада ойнап, талай-талай тұлғаларды сомдайтын шағында арналы өмір-өзені ажал құрдымға тірелген екен. Сағынайға бұйырған үлес әттең аздық етті-ау. Алайда жұмырбасты көп пенделерден «Сегіз қырлы да бір сырлы» Сағынайдың айырмашылығы сол – өзі бұл дүниеден «о» дүниеге мәңгілік сапарға аттанған соң, өшпес, өлмес екінші ғұмыры басталды десем, артық айтқандығым болмас. Сағынайдың кезінде Н.Бекежанов атындағы драма театрында сомдаған тұлғалары мен ұшқыр қаламынан туған нәзік те албырт, мұңлы да ақжарқын өлең-жырларын, толғауларын оқып отырып, осындай ойға ораласың.
Қайырылған қанатым – Сағынай досым жайлы әңгімені әріден бастасам, біз екеуміз құлын-тайдай тебісіп бірге өстік. Алланың жазмышы болар, біз екеуміз бір жылы, яғни 1951 жылы Арал теңізі қойнауындағы ат төбеліндей шағын ауыл – Шижағада дүниеге келіппіз. Сол бір балалық дәуреніміз Нұртуған бастаған даңғайыр жыршы, шайыр, әнші-күйшілердің туған жер топырағында басқан іздері әлі суымаған кезбен тұспа-тұс келді. Өнер саңлақтарының әуен саздары, жыр жолдары құлақ құрышымызды қандырып, тай қазандай қайнап тұрушы еді. Сезімі сергек, ойы алғыр, көзі көреген Сағынай ес біліп, етек жабысымен соқпақты да тоқпақты өнер жолына түсті. Әлі есімде, екеуміз мектеп оқушысы кезде табысып, ол бұл өмірден өткенше тонның ішкі бауындай ғұмыр кештік. Ол өлең, ал мен қара сөзге қаймақ тұрғызып жарыса жазушы едік-ау.
Көкірегіне саз ұялап, жүрегін жыр билеген Сағынай 1968 жылы Арал қаласындағы №13 орта мектепті тәмамдасымен Алатау аясындағы Алматыға ат басын тірейді. Осындағы театрлық студиядан дәріс алған оның өнердегі еңбек жолы Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы драма театрында актер болудан бастау алды. Біз сол жылдары, ұмытпасам, 1972 жыл болу керек, Қази досымыз екеуміз педагогикалық институттың филология (қазақ тілі және әдебиеті) факультетінде дәріс алушы едік. Актер Сағынай досымызды Якуда Халықұлов пен бүгінде Қазақстан Республикасы еңбегі сіңген әртісі атағын иеленген Бақытбек Алпысбаевпен бірге құшақ жая қарсы алдық. Сағынай сахнадан түспейді, ал біздер театрдан шықпаймыз. Сондағы Сағынай сомдаған бейнелер күні бүгінге дейін көз алдымызда көлбеңдеумен тұр.
Күн мен түнді бірге өткізіп, бір табақтан ас ішіп, бір таба нанды бөле жеп, бір бөтелкені бөле ішіп жүрген сол бір жастық шағымызда тағы бір өмірлік маңызы бар жағымды жаңалық болды. Біз Сағынайды группалас сұлутөбелік сылқым сұлу Сақашпен таныстырып, оны айтасыз, табыстырып қара шаңырақ көтергіздік.
Сағынай мен Сақаш драма театрының есігі мен төрінің арасы ат шаптырымдай бір цехының ішінде өмір кешіп, ақ дастархандарын жаюмен бізді күнде құшақ жая қарсы алушы еді. Группалас 25 студент күндіз Сағынай қоныстанған театр цехында дәм татсақ, кешкілік сахнадағы Сағынайды тамашалап театрда отырамыз. Тегін. Құдай-ау, қайда сол күндер.
Шынымды айтсам, Сағынайға басты кейіпкердің бейнесін сомдау қаншама рет ұмтылыс жасаса да бұйырмады. Бірде Сағынайға Ақан сері бейнесін сомдауға тапсырыс беріледі. Күн мен түн көз ілмей Ақан серіні тірілтуді мақсат еткен оның маңдай тері моншақтай төгіліп жүруші болатын. Әттең, жеме-жемге келгенде Ақан сері бейнесі басқа біреуге беріліп, Сағынайдың сандалақтап қалғаны бар. Осы бір шешімге төзбеген ер мінезді азамат:
– Достарым, мен театрдан кеттім. Ауылыма барып, ауыл өнерпаздарын өрге сүйресем деймін, – деген ол туған топырағы Шижағаға ат басын тіреп, өз өмірін өнер жолында сарп етті.
Кезінде бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, жұмысшылар комитеті төрағасы қызметін абыройлы атқарған Сағынайдың ауыл өнерін өрлетуде атқарған қыруар шаруасын бүгінде ауыл тұрғындары «жыр ғып» айтумен келеді. Сағынайдың бастамасымен ауылда ұлт аспаптар оркестрі шаңырақ көтеріп, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, талай-талай тыңдармандардың таңдайларын қақтырады десем, артық айтқаным емес.
Жоғарыда айтқандай, сегіз қырлы, бір сырлы Сағынайдың жүрегінде жазылған жыр жолдары да ақ қағазға бұрқырай түсіп, баспасөз беттерінде жарқырай шығып жататын. Бүгінде ақ қағазда өрнектеліп қалған оның жыр-қазынасын қайта-қайта оқисың, шөліркеген жаныңды сусындатасың. Жыр жолына көз салалық.
Шыныңды айтшы:
Тосырқап неге қарайсың?
Мен үшін мәңгі өшпейтін алау-арайсың.
Төңкерілген мөлдір қарақат жанар ішінде,
Шер болып мәңгі жатқандай өкпе, талай сын.
Тыныстап біраз далаға шығып, жаздым бел,
Қайтадан бірақ сиқырлап тартты сазды үндер.
Қой тастан мәңгі қамалын салып кеткен бе?
Елеусіз ғана құс болып ұшқан аз күндер.
Мен емес пе едім өзіңмен мәңгі жарыспақ,
Сен емес пе едің қаламды берген сан ұштап.
Шалалық мінез көрсетіп әлде алдық па?
Шамалы күндер хабарсыз кеттік алыстап.
Шынымен саған кеттім бе болып тағы тым,
Кешірім ет те,
Құшақта мені, шабытым.
Жүректің шерін тарқатып біраз тастайық,
Мен дайын, кәні,
балауса жырлар ағытып.
Өкінішке орай, Сағынайдың көзі тірісінде жыр жинағы жарық көрмеді. Ақын досымыздың артында қалған әдеби мұрасы 1995 жылы Алматыдағы «Ер-Дәулет» баспасынан «Мамырдың майда жаңбыры» деген және «Арманда кеткен ақындар» топтамасында жарық көрсе, 2006 жылы Ақтөбеде «Сағыныш» атты өлеңдер жинағы кітап болып шықты.
Сағынай шын мәнінде жүрегі нәзік, жаны жайсаң ақын еді. Ол әдеби ортаға поэзияның ақ тұлпарын самғата келіп, самғата өмірден өтті. Өзінің бары-жоғы 32 жасында, яғни қысқа ғұмырында арқалы ақын екенін мойындап кетті.
Сахнада талай-талай тұлғаларды сомдап, ал өмірді өлеңмен өрнектеген Сағынайдан азын-аулақ мұра қалғанын мақтаныш етеміз. Өзі өлсе де артында өлмейтұғын сөз қалдырған Сағынай досымыз Сақашпен жұптасып жеті бірдей ұл мен қызды өмірге әкелсе, бүгінде ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Жастайынан жұбайынан айырылып жесір қалса да жеті бірдей бүлдіршіндерін жетілдіріп, бұршік жарғызған Сақашқа иіліп тағзым жасауға әбден болады.
Сағынайдың соңғы жырымен жазбама нүкте қойғым бар.
Сапар шексем,
(шыным сол, ақтарамын)
Бір иіскеп баламды аттанамын.
Әйтеуір, бір атымды шығаратын,
Ұрпақ бар деп артымда мақтанамын.
Сырым осы,
Ей, досым,
Нанасың ба?
(Ата-ананың үміті баласында)
Бесігі бар шаңырақ бақытты ғой,
Толып тұрған өмірі жарасымға.
Маған шаттық әкелсе бұл егер шын,
Үмітімді дүние біле берсін.
«Бала деген – бауыр ет», соның үшін,
Бар қызықты қиып сен жібересің.
Уілдесе кірпігің ілінбейді,
Шаршағаның ұмыт боп білінбейді.
Шалықтаса нәресте риясыз,
Анасы да еріксіз күлімдейді.
Өтіп жатыр сәбилік жөргекте күн,
Рәт көріп анасы тербеткенін.
Бірақ, бірақ... байқармыз бір-ақ, сәтте,
Біздің шал боп, ал оның ер жеткенін.
Тағы да бір сапарға мен беттедім.
Иә, Сағынай өзі айтқандай, тағы бір сапарға беттеді. Өкініштісі сол, қайтпас сапарға беттеді. Содан да мезгілсіз сағымданып кеткен Сағынайды сағынышпен іздейді екенсің. Қайдансың сен, қайран досым!
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Арал ауданының құрметті азаматы.










