Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылша дегеніміз не және ол несімен қауіпті?

Қызылша дегеніміз не және ол несімен қауіпті?

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның  алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
Сұрақ: Қызылша ауруының тіркелу деңгейі соңғы кездері  біршама төмендеп, жағдай тұрақтанған тәрізді, облыс,аудан  бойынша аурудың тіркелу деңгейі  қалай қалыптасып отыр, сол жөнінде айтып өтсеңіз?
Жауап: Облыс бойынша 2024 жылдың қантар  айында қызылшамен 366  адам ауырып, 314 -і 14 жасқа дейінгі балаларды құраса,  2025 жылдың қантар  айында қызылша ауруы  тіркелмеді. Жалпы аудан бойынша 2024 жылдың қантар  айында қызылшамен 16 адам ауырып, 14-і 14 жасқа дейінгі балалар құраса, 2025 жылдың қантар айында қызылша ауруы тіркелмеді.
Сұрақ: Қазірауа райының салқындауына байланысты халық арасында салқын тию белгілерімен  ауырып, дәрігерге көрініп, үй жағдайында немесе ауруханалық жағдайда емделіп жатқандар саны көбейетінін білеміз. Қызылша ауруының да алғашқы белгілері салқын тию белгілеріне ұқсас, осыған байланысты науқастанған адамдар көбінесе өздерінің қызылшамен ауырып қалғанын білмейді. Сондықтан адам өзінің   қызылшамен ауырғанын қалай білуге болады, қандай белгілерге мән беру керек, сол туралы айтсаңыз?
  Жауап: Қызылша  ауру қоздырғыштары  ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. 
Аурудың белгілері: бастапқы кезде салқын тию белгілері болады,  дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады.  Одан кейін қызылшаның негізгі белгілері пайда болады, науқастың ауырғанына 2-4  күн болғанда ауыздың шырышты қабығында ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жабады . Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы  ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін, кей жағдайда 21 күнге дейін  созылады. Салқын тиюдің  алғашқы белгілері  пайда болғаннан бастап-ақ науқас дәрігерге көрініп, тиісті емдерін алуы тиіс, ем неғұрлым ерте басталса, науқастың айығуы да тез болады.    
Сұрақ: Қызылша ауруының алдын алу шаралары жөнінде тұрғындардың тағы да естеріне сала кетсеңіз?
Жауап: Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату.  Ауру тіркелген жағдайда науқас  ошағында  жақын байланыста болған  30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да   қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға  қарсы егілуі тиіс.  Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында  қызылша ауруына қарсы тұру  қабілеті қалыптасып, бұл балалар қызылша ауруынан қорғалады. 
        

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА

Сурет: www.gov.kz
19 ақпан 2025 ж. 131 0