Сұлтанбек Құдабай: Астана мен Ұлан-батырдың жақындасуы – жаһандық белгісіздік дәуіріндегі «горизонтальды ынтымақтастықтың» жарқын үлгісі
Қазақстан Халық партиясы Талдау және халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы, Сұлтанбек Құдабайдың Моңғолия мемлекетінің саяси порталына мақала/сұқбат жарияланды.Геосаяси айналар: Қазақстан мен Моңғолияның маневр жасау өнері
Бүгінгі халықаралық жүйе әмбебап нормалардан алыстап, күш пен тар шеңбердегі ұлттық мүдделер логикасына көбірек бағынуда. Халықаралық құқық пен жаһандық институттардың тұрақтылықты қамтамасыз ету қабілеті айтарлықтай әлсіреді. Мұндай жағдайда Еуразияның қақ ортасында орналасқан, теңізге тікелей шығар жолы жоқ Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттері үшін бейімделу мәселесі жай ғана талқылау емес, өміршеңдік міндетке айналды.
Екі ел – бір тағдыр
Қазақстан мен Моңғолияны ортақ шекара бөліп тұрмаса да (арақашықтығы 40 шақырымнан аз), олардың сыртқы саяси логикасы ұқсас. Сондықтан бұл екі елді «геосаяси айналар» деп атауға болады: олар тарихы мен институттары тұрғысынан бірдей болмаса да, қазіргі халықаралық тәртіптің сын-қатерлерін бірдей сезінуде.
Дегенмен, бұл қиындықтарға екі ел екі түрлі жауап іздеді:
* Моңғолия өзінің егемендігін қорғау үшін «үшінші көрші» саясатын ұстанып, АҚШ, Еуропа және Жапониямен белсенді байланыс орнату арқылы халықаралық беделіне ставка жасады.
* Қазақстан болса, экономикалық өзара тәуелділік жолын таңдап, өз аумағын Еуразияның маңызды логистикалық торабына айналдыру арқылы ірі ойыншылардың мүддесін тоғыстырды.
Стратегиялық тандемнің жаңа кезеңі
2024 жылдың күзінде қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы декларация бұл қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарды. 2026 жылға қарай бұл ынтымақтастық нақты жобалармен толықты:
* Технологиялық серіктестік: «Қазатомөнеркәсіп» пен «Мон-Атом» уран барлау мен өндіруде күш біріктірсе, қазақстандық инженерлер моңғолиялық әріптестері үшін 2028 жылға қарай іске қосылатын спутник жасауға кірісті.
* Адами капитал: 2025 жылы зейнетақымен қамсыздандыру келісімі ратификацияланып, еңбек миграциясы қорғалды. Қазақстандық GovTech-шешімдерді енгізу арқылы аймақтық мобильділік кеңістігі қалыптасты.
Тәжірибе алмасу: Парламентаризм сабақтары
Ынтымақтастық тек экономикамен шектелмей, ішкі институттарды дамыту диалогына ұласты. Қазақстан «Мемлекеттік басқарудың оңтайлы моделін» іздеу барысында Моңғолияның бір палаталы парламенттік жүйедегі көпжылдық тәжірибесін «case study» ретінде зерттеуде.
Түйін: Астана мен Ұлан-батырдың жақындасуы – жаһандық белгісіздік дәуіріндегі «горизонтальды ынтымақтастықтың» жарқын үлгісі. Бұл тәжірибе егемендікті ірі державаларға жалтақтамай-ақ, тең дәрежелі әріптестермен сенімді қарым-қатынас орнату арқылы да нығайтуға болатынын дәлелдеп отыр.
К. ЗДЕНОВА
.










