«ТОЛҚЫН» ГАЗЕТІНЕ МЕКЕНЖАЙ БОЛҒАН...

Аудандық басылым үшін тарихи уақытты, өздерінің облыс орталығы Қызылордадан көшіп келген шақтарын алғашқы редактор Әуелбек Қоңыратбаев кейін жазған «Алғашқы баспалдақ» атты мақаласында былай деп еске алады.
«Ол күн әлі күнге дейін есімде, ұмытпаймын. 1930 жылдың октябрь айы болатын. Ол кезде Қызылордадан шығатын округтық «Сыр бойы» газетінде істейтінмін. Окружкомның бірінші секретары Оразбәкиев жолдас шақырып жатыр деген соң барсам, жанында окружкомның екінші секретары Калуков отыр екен. Бірден Оразбәкиев жолдас шақыру себебін айтты:
– Аралда аудандық газет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, соған сізді редактор етіп жіберуді мақұлдадық. Бұған қалай қарайсыз? – деп маған ойлы көзбен қарады. – Мен қазір аудандық партия комитетінің бірінші секретары Потапов жолдасқа хабарласып, сіздің редактор болуға келісім бергеніңізді айтармын, – деді...
Аралға келген соң Балық тресінің қазіргі Оқу комбинатының жанынан бір үйді босаттырып, баспахананы орналастырдық. Бір бөлмесіне газет қызметкерлері отырды».
Міне, бір-жар жыл бұрын ғана өз алдына отау тіккен Арал ауданының айнасы болған жаңа басылым осы мекенжайдан 2500 данамен шалқар теңіз жағалауына жағалай орналасқан балықшылар мекендеріне, дария бойындағы тұрақтарға, қырдағы, Қарақұм қойнауларындағы малшы ауылдарға, тұзшылар кентіне, болатжол жиегіндегі бекеттерге жаңалық жаршысы боп тарайтын. Әуелде қазақ тілінде шығып тұрса, кейін оған орысша «Аральский ударник» қосылды.
Ал өңіріміздің бас басылымының екінші мекен-жайы болған ғимарат қазіргі М.Мақатаев (бұрынғы Калинин) көшесінде №7 үйде ол жылдары арнасын кернеп жататын теңіздің тынымсыз толқындарының гүрілі естіліп жататын тас бетонды жағалауға жақын орналасқан-тын.Бұл ғимарат туралы елімізге танымал журналист Киікбай Ізетов мынандай деректер жазады.
«Ұлтаны таспен биік көмкеріліп, үстіне бөрене ағаштардан кигізіле қондырылған шағын үй теңіз жағалауына орналасқан. Есігіне баспалдақпен көтерледі. Бұл үйді бұрынғы купецтерден қалған деседі. Мұнда қоныс тепкен – «Социалистік Арал» және «Аральская правда» газеттерінің редакциялары. Сыртқы есік біреу болғанымен, ішіне қарай дәліздер арқылы бөлініп кетеді.
Бөлмеге еніп, терезеден сыртқа көз салғанда, жібектей жұмсақ майда толқыны жағаға соққылап жатқан теңіздің осы бір көрінісі әліге дейін көз алдымызда. Таңертең терезені ашып қалғанда, теңіздің салқын самал желі тынысыңды кеңейте түседі... Кеңсенің қарсы беттегі қоршаған ауланы – Арал теңізі порты деп аталады. Мойны көк тіреген алып крандар тай-тай жүктерді кеме баржасына сүйреп шығарып, вагондарға тиеп жатқаны. Сол бір елуінші жылдар аяғындағы біз тұрған сол кездегі ағаш үй бүгінде бар ма, әлде жоқ па, ол жағынан хабарсызбыз...».
Шағын естелігінде белгілі журналист Киікбай Ізетұлы ағамыз сұрау қойған екен. Аудандық газетке редакция болған бұл үйде ұзақ жылдар бойы Арал мәдениетінің көшбасшысы Құдайберген Жасекенов тұрса, бүгінде оның ұлы Мәди Құдайбергенұлы қара шаңырақ қылып отыр. Бұрынғы редакция болған шағын ағаш үй кейін қосымша құрылыс жүргізіліп, бөлмелер қосылып, ауқымын кеңейткен. Бір айта кетерлігі, бұл шаңыраққа қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап қаншама әдебиет пен өнердің белгілі тұлғалары қонақ болып аттанған. Шынымен де, теңіз қолтығына өте жақын орналасқан ғимарат жыл сайын теңіз тасығанда суға кетіп қалмауы үшін іргетасы өте биік болған. Бүгінде салынғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл ғимарат әлі де еңселі болып көрінеді. Бұл редакцияда «Толқынның» танымал тарланбоз қаламгерлері Жәкебай Жаңабергеновтің, Қабыл Мақашовтың, Шәкірат Дәрмағанбетұлының, Сағындық Тұлдалиевтың, Мәлік Сәрсеновтің, Тәжімағанбет Тәжіковтердің іздері жатқаны анық.
Қазақстанда 60-жылдары аумақтың өзгерістерге байланысты жабылып қалған аудандық газет 1965 жылы тамыз айында қайта ашылып, «Толқын» аталғанда, редакция өз тарихындағы үшінші ғимаратқа орналасты. Арал аудандық атқару комитеті басылымға мекенжайды қаланың қақ ортасынан таңдады. Сол редакция үйінің есігін алғаш ашқан күнін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы қаламгер Амангелді Өткелбаев бізге әңгімелеп берген.
«1965 жылы маусым айында мектеп бітіру бойына Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсуге Алматыға аттанып кеткенмін. Алайда емтиханнан жиған балым жетпей, конкурстан өте алмай ауылға қайттым.
Ертеңіне әкем:
– Аудандық газет ашылып жатыр екен. Соған редактор болып облыс орталығынан Мәлік Сәрсенов ағаң келіпті. Ол – азамат соғысына қатысқан, ауданға белгілі азамат Сәрсен Тоқбергенов ағаның баласы. Сенің жазып жүргендеріңнен хабары болуы керек, Мәлік ауданға келген соң сені сұрапты, – демесі бар ма. Үлкен өмірге енді ғана қадам жасаған жаспын ғой. Әкемнің мына сөзін естіген бойда, орталыққа қарай тұра жөнелдім.
Содан көшеге шығып, әркімнен сұрастырып жүріп жаңадан ашылған газет редакциясының мекен-жайын тауып алдым. Сөйтсем, редакция үйі қаланың нақ ортасында, өзіміз екі күннің бірінде құрдастарымызбен барып, кино, концерт көріп жүрген Арал теңізі портының «Маяк» клубының (қазіргі аудандық Мәдениет орталығы, Жыраулар үйі) қарама-қарсысындағы екі қабатты үйдің бір жағына орналасқан екен. Үйдің аула беттегі кіре-беріс жағындағы маңдайшасына «Аудандық «Толқын» газетінің редакциясы» деп үлкен әріппен көрнекті қып жазылған жазу анадайдан бадырайып көрініп тұр. Ал ғимараттың көше беттегі бір бұрышына «Пушкин көшесі, №1 үй» деген тақтайша ілініпті.
Сонымен жүрексінсем де ауызғы бөлмеде машинка басып отырған Оңай есімді келіншектен рұқсат сұрап, редактордың кабинетіне кірдім.
Ұзын сөздің қысқасы, маған лайық тілшілік бос орын болмаса да, редакцияның фото-тілшісі қызметіне бұйрық алып шықтым» дейді ардагер журналист алпыс жыл бұрынғы өткен күндерді еске түсіріп.
Қайта туған «Толқынға» жылы ұя болған бұл ғимарат әлі бар. Ал көше атауы Тәкей Есетов болып өзгерген. Бұл да бір тарихтың еншісі болып қалды.
Аталмыш ғимаратта екі-үш жылдай ғана болған газет редакциясы 1968 жылы Ворошилов көшесі 60 үйге қоныс аударды. «Толқын» газетінің ең бір жарқын жылдары өз ауласы бар осы көнелеу үйде өтті. Газет оқырманы 10 мыңнан асып, республикамыздағы ең үлгілі басылымға айналды, тіпті Бүкілодақтық дәрежедегі сыйлықтарды да алып, ең биік шығармашылық белеске көтерілді. Басылымның мықты шығармашылық ұжымында Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағамбетов, Өмірбек Төлепов, Оңдасын Бектұрғанов, Кеңес Өмірзақов, Жұмабай Жақып, Шымкентбай Жылмағанбетов, Толыбай Абылаев, Жаңабай Кемал, Серік Сейтмағанбетов, Әуезхан Әбдірашев, Амангелді Өткелбаев, Қуанышбай Мұқашев, Нұрсауле Кенжебаева, тағы басқа да белгілі журналистер еңбек етті.
Мұнан кейін де «Толқын» газеті қаламыздағы Ленин көшесі 34 үйде, 1997 жылы аудандық Білім бөлімінің бұрынғы Оқу орталығы болған «Толқын» газеті көшесіндегі №1 үйде бірнеше жылдар аудан жаршысы болса, кейін 2006 жылы осы күнгі Қарасақал Ерімбет көшесі №66 үйге (бұрынғы аудандық ауылшаруашылығы басқармасы отырған) табан тіреп, міне, енді өзінің 95 жылдығын мерейлі атап өтуге дайын отыр.
Осы жылдар ішінде ауданның бас басылымының редакциялары орналасқан жеті мекенжайдың орындарын атай отырып, «Толқын» газеті қаламгерлерінің ауданның барша жаңалықтарының жазылуына жайлы баспана болған ғимараттардың іздерін ақтаңдақ аршып оқырмандарға, жалпы жерлестерімізге танытып қоюды мақсат тұтқан іздеуіміздің жемісі осы.
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист