Ұлттық киім – ұлттың мәдени келбеті
18 наурыз - Қазақстанда Ұлттық киім күні ретінде атап өтілетін ерекше ейрам. Бұл күн қазақтың дәстүрлі мәдениетін жаңғыртып, ұлттық киімнің маңыздылығын насихаттауға бағытталған.Ұлттық киім- халқымыздың тарихы мен мәдениетінің көрінісі. Әрбір өрнек пен ою, әрбір түстің өзіндік мән-мағынасы бар. Қазақы шапан, камзол, тақия мен сәукеле- ұлттың салт дәстүрін, тектілігін айқындайтын асыл мұра .
Ұлттық киім – ұлттың мәдени келбеті. Ол халықтың ғасырлар бойғы өмір салтын, рухани құндылықтарын бейнелейді. Ұлттық киімді сақтау – ата-бабамыздан қалған мұраны қастерлеу, рухани жаңғырудың бір белгісі. Демек, ұлттық киім кию – өз мәдениетімізге деген құрметіміздің көрінісі. Ұлттық киімді дәріптеу – мәдени мұраны сақтаудың бір жолы.
Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов қазақ халқының киіміне қатысты: «Қазақ киімі – көшпелі өмірге барынша бейімделген, әрі ыңғайлы, әрі сәнді»деп сипаттаған. Қазақтың ұлттық киімі ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған болып бөлінеді. Бөлінуінің негізгі себебі әйел адамның киімі ерлердің киімдеріне ұқсамауы тиіс. Ендеше ел арасында ер кісілерге тән киім ретінде танылған киімді әйелдің киюіне болмайды.
Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар. Тымақ – ерлердің қысқы баскиімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түрлері: түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап та таныған.
«Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп жырлаған: Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ, Ішкі бауын өткізген тесік құлақ. Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап, Артын белге қыстырған бар құрысақ.
Тымақ – қасиетті баскиім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұрынғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс. Ұлтымызға жарасатын баскиімнің бірі – бөрік. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, жанат бөрік, сусар бөрік, түлкі бөрік, күзен бөрік деп аталады. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-сері ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген.
Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем баскиім. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылған қыздарға ғана киігізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды. Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы баскиімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киген. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүз Сапақ бай құда болыпты. Байсақал құдаларына қызының сәукелесін жіберіп: «Басқа ештене сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», - депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының қалыңмалы без жүз жылқы болсын», - деп кескен екен. (Бұл дерек ғалым, этнограф, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінен алынып отыр. «Қазақ әдебиеті» газеті, 9 қаңтар, 1996ж.).
Тон – қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Тон тігісіне, үлгісіне қарай қималы, бүрмелі деп аталады. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат бағалы түрі – қамқа тон. Оны бұрын хан, би, бай, мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар ғана киген. Абылай ханның ұрпақтары ХІХ ғасыр басында аққу терісінен қамқа тон тіккізген. Уәли хан өлгенде оның қамқа тонын Айғаным ханша ханның сыйлас замандасы Байдалы биге кигізген. Жақы – ертеректе ауқатты адамдар киген, қазір өте сирек кездесетін жағалы әрі асыл киімдердің бірі. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен, құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөлінеді.
Шапан – қазақтың ежелгі кәделі киімі. Ол – арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, барқыт сияқты әдемі әрі мықты мақтамен қапталып, ішін астарлап тігетін жылы киім. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» тәртіп бұзған адамдарға ат немесе шапан айып тарттырып жазалауда қазақтың тұрмысында шапанның зор маңызы бар екен дәлелдейді.
Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырткиім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма жаға, тік жаға салады. Ботаның нмесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жастар мұны сәндікке киген. Ішік – сәнді әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен тігеді. Қазақтың әдет-ғұрпында ішіктің алатын өзіндік орны бар. Мысалы, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды. Сол сияқты екі адам боранды күнде адасып, қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі үсіп өлсе, онда өлген кісінің туыстары қасқыр ішікті кісіден кұн даулауға хақысы бар, өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді.
Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сырты берік бір түсті матадан тігілетін жылы әрі қарапайым киім. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан, мұны бұрынғы қазақтардың бәрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.
Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі ерлердің баскиімі. Бұл киім бірнеше сайдан (құрамнан) құралып, жиегі қайырмалы болады. Сайлары ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, төбесіне салбырап тұратын шашақ тағылады. Мұны көбінесе белгілі, лауазымы биік адамдар киген.
Қамзол – әйелдердің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға, мауыты т.б.маталардан әсем безендіріліп тігілетін киім. Жағалы, жиекті, жеңді немесе жеңсіз тігіледі. Өңіржиек, алқа, тұмарша, үкіаяқ т.б. алтын, күміс зергерлік бұйымдары тағылады, қапсырмалы, түймелі болады. Жағасына, етегіне зерлі оқалар, өрнектер жүргізіледі.
Жаулық – ақ матадан жасалатын әйелдердің ең негізгі баскиімі. Әз әжелерді, асыл аналарды ардақтап, ақ жаулықты деп атайды. Жаулық – қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болғандықтан әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде мұндай жаулықтарды көбінесе бәйбішелер киген. Әжелер иығынан асып тұратын кимешек те киеді. Оның алдыңғы жағы түрлі түсті ою-өрнекті болады.
Белбеу – ерлер де әйелдер де қалың киім сыртынан буынатын өте қымбат бағалы зергерлік бұйым. Ер адамдар белбеуі жалпақ етіп жасалады. Әйелдер белбеуі жұқа әрі жіңішке болса да, өте сәнді, жұмсақ болады. Ұзарып, қысқарып тұратын ілгектер арқылы буынады. Берік маталарды да бірнеше қабат орап, белбеу ретінде пайдаланады.
Жарғақ шалбар – ешкі терісінен тігілетін еркектер киімі. Байлар, мырзалар, жас жігіттер сәндік үшін киген. Мұндай шалбарлар әдемі әрі жеңіл болады, бағалы киім қатарына жатады.
Етік – былғарыдан, құрымнан тігілетін ерлер мен әйелдердің аяқкиімі. Түрлері: жым етік, қисық табан етік, жәй табан етік, шоңқайма етік. Мұны қыста да, жазда да киеді. Ерлерге арналған, қонышы тізеден асып, қара санға дейін жететін етік жырым етік, ішіне байпақ салатын етікті байпақты етік дейді. Соңғы екі түрін еркектер қыста ғана киген. Етікшілер мұндай етіктерді тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегелеп тігеді. Кейбір шеберлер сықырлап жүрсін деп етік ұлтанына тоз салады. Мұндай етікті сал-серілер мен бозбалалар киген.
Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан алынған.
Қазақтың ұлттық киімдері
Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Халқымыз атам заманнан бері мың бір сырлы әсем киім үлгілерін жасап киініп келген. Киім жай ғана бір жапырақ мата емес. Ол – белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет-бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні де орасан.
Ұлы Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегендей, өз мәдениетін құрметтеген адам ғана өзгені де сыйлай біледі. Ұлттық киімді кию арқылы біз өз болмысымызды дәріптеп, келер ұрпаққа аманат ете аламыз.
Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.
Киім – адам киетін, денесін ыстық, суықтан қорғайтын бұйым.
Тымақ – аң, мал терісінен жасалған қыстық бас киім.
Бөрік – жиегіне аң терісін салған, төбесіне үкі қадалған, сырты әшекейленген, ерлер де, қыздар мен жас келіншектер де киетін бас киім.
Бөкебай – түбіттен тоқылған әйелдердің бас киімі.
Тақия – қыздардың үкілеген, әсем зергерлік бұйымдар тағылған бас киімі.
Қасаба – қымбат матадан тігілетін қыздардың бас киімі.
Қалпақ – ер адамдардың бас киімі.
Төбетей – төбеге киетін жаздық шағын бас киім.
Құлақшын (малақай) – қыстық бас киім.
Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі.
Сәукеле – ұзатылатын қыздардың қымбат бас киімі.
Сәлде – молдалардың орап киетін бас киімі.
Желек – сәукеленің немесе қыздар бас киімінің желке тұсынан төгіліп тұратын жібек мата.
Жыға – мойынға су кетпеу үшін дулығаның немесе бас киімнің желке тұсынан тағылған қалың мата.
Күләпара – су немесе қар түспес үшін бас киімнің сыртынан қаптай киетін, брезеттен тігілген бас киім.
Күндік – егде әйелдер басына орай тартатын жаулықтың бір түрі.
Жаулық – тұрмыстағы әйелдердің тартатын бас киімі.
Кимешек – әжелердің тек беті ашық, басын, иығын жауып тұратын бас киімі. Шалма – түбіттен тоқылған ерлердің мойынорағышы.
Шәлі (салы) – әйелдердің басқа тартатын шашақты, сәндік орамалы.
Жейде – іштен киетін ерлер киімі.
Көйлек – әйел киімі.
Киіт (кәде) – құдалыққа ұсынатын киім, бұйым.
Күрте – ерлердің жейде сыртынан киетін жұқа киімі.
Кеудеше – жылылық үшін кеудеге киетін жеңсіз киім.
Бешпент - ерлердің жазда киетін сырт киімі.
Шапан – тізеден төмен түсетін қалың сырт киім. Түрлері: қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан.
Қамзол – әйелдердің көйлек сыртынан киетін киімі.
Шекпен – су өтпес үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәдлі киім.
Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан.
Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон т.б.
Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбас үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Ішік – аң терілерінен тігілген, қыста киетін сәнді киім. Түрлері: қасқыр ішік, бота ішік, түлкі ішік, жанат ішік, күзен ішік, құндыз ішік, қоян ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішік.
Күпі – ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі.
Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім. Белдемше – үй шаруасында пайдаланатын белден байланатын алжапқыш.
Белбеу – киім сыртынан буылатын, былғарыдан, матадан жасалатын бұйым. Шалбар – ерлердің балақты бұт киімі.
Дамбал – ұзын балақты іш киім.
Лыпа – балақсыз іш киім.
Жарғақ шалбар – тықыр теріден тігілген шалбар.
Тері шалбар – жүнін ішіне қаратып тігілген қыста киетін шалбар.
Иткөйлек – жаңа туған нәрестеге кигізетін жөрмеп тікке көйлекше.
Етік – былғарыдан тігілетін қонышы ұзын аяқ киім.
Саптама етік – байпақ салып киетін қысқы етік.
Байпақ – етік ішінен киетін киізден тігілген аяқ киім.
Жым етік – өкшесі аласа қисық табан етік.
Шоңқайма етік – еркекке де, әйелге де арналған биік өкшелі, түрлі түсті жіппен әдіптелген сәнді етік.
Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі.
Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім.
Мәсі – кебіспен киетін қонышты, өкшесіз аяқ киім.
Шоқай етік – жұмысқа киетін аяқ киім.
Ұлтарақ – аяқ киім ішіне жылылық үшін салынатын киіз.
Шұлық – жалаң аяққа киетін жүннен тоқылатын киім.
Шәрке – жазда киетін жұқа аяқ киім.
Сандал – үсті ашық жаздық аяқ киім.
Шұлғау – етік, мәсі ішінен аяққа орайтын жұмсақ мата.
Пима – жүннен басылған жылы, қыстық аяқ киім.
Қолғап – қыста немесе жұмыс жасағанда киетін киім.
Түйме – киім өңірін қаусырынғанда бекітетін бұйым.
Құрысқақ – тымақ желкесін төбесіне іліп бекітетін ағаш тиек.
Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұлттық киімдерімізді мерекеде ғана емес, жиі киіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Бүгінгі таңда қазақы нақыштағы киімді кию сәнге айналып келеді.
Ұлттық киім - ұлт рухының айнасы
Қазақ халқының ұлттық киімдері дәуірден дәуірге көшіп, баба болмысын, ана қасиетін, ұлттық таным, түсінігін бүгінге жеткізген материалдық мирас.
ХІХ ғасырдағы қазақтың атақты адамдарының мерекелік киімдерін былайша суреттейді: «Менің басшым үстіне қара түсті барқыттан тігілген шапан, басына әдемі кестеленген тымақ, ал аяғына биік өкшелі қызыл былғарыдан тігілген етік киген. Оның әйелі салтанатты реңк беретін сары, қызыл және жасыл түсті жібектен тігілген шапан киетін. Сұлтан басына тығыз жібектен тігілген, күміспен кестеленген бас киім, үстіне көк бұлыңғыр түсті шапан, аяғына қызыл қоңыр былғарыдан тігілген биік өкшелі етік киетін. Оның әйелі үстіне әдемі қара шапан, басына ұшы үшкірлеу, таспасы беліне дейін түскен, шеттері жібекпен әсем кестеленген бас киім киген», деп жазған. Ата-бабамыз жыл мезгілдеріне сай адамды терлетпейтін, кей тұста жауратпайтын материал түрілерін дәлдікпен таңдай білген. Осы орайда олардың құланның, киіктің, жолбарыстың терілерін, сондай-ақ қара түсті жанаттың, су тышқанның, бұлғынның және сусардың, ақ түсті тышқанның, күзеннің үлбірлерін аса бағалы деп санағанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек құс қанаттарын, қасыр, түлкі сынды жануарлардың үлбірлерін, қозы, түйе терілерін де жиі пайдаланған.
Табиғат төсінде өскен, еркін ғұмыр кешкен қазақтың киім киісі өзге ұлттармен салыстырғанда өзіндік ерекшелікке ие. Қазақ киген киімнен-ақ адамның кім екені, яғни, оның жасы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, қызметі, шыққан тегі т.б. аңғарылатын болған. Қазақ халқының күнделікті және сән-салтанатта киген киімдері – бір төбе.
Б.Хинаят, А.Сужикова құрастырған «Қазақ халқының ұлттық киімдері» кітабында көшпендiлер адамзат тарихында атқа отыруға қолайлы болу үшiн ойлап тапқан кең шалбар мен екi өңiрi ашық, қаусырылатын кеуде киiмi – шапанды адамзат өркениетiне қосқаны айтылады. Әрине, қазіргі қазақтың ұлттық киімдері ертедегі көшпенділер киімінің үлгісін еске түсіреді. Тіпті, күнделікті киіп жүрген біраз киiм үлгiлерi сақ дәуiрінен бастау алады. «Қазақтардың киiмдi солға қаусыратыны сақ киiмдерiнде, орта ғасырларда түрiктерде кездеседi. Көшпендiлердiң киiм үлгiлерiнiң тiгiлу мен пiшiлу тәсiлiнде сабақтастық сақталған», – делінген кітапта.
Бай мен кедей балаларының киім киісі бөлек болған. Мәселен, қазақ байларының қыздары тұрмысқа шыққанда киген сәукелесі алтын және күміспен, інжу-маржандармен, асыл тастармен безендірілген. Ұзатылатын кезде сәукелені бай қыздары алдын ала жасатқан. Кімнің сәукелесі биік болса, қыздың мәртебесі де соншалықты биік деп есептелген. Бұл туралы этнограф Ғалия Қайдауылқызы «Киелі кимешек» кітабында былай дейді: «Сәукеле – кимешектің бастамасы, басты бастықтыратын байыпты баспалдақтай бойжеткеннің әйелдік кезеңге мойынұсынғандығының белгісі. Сәукеленің сұлбасы көк әлеміне шаншыла үшкілденген оттың алауына ұқсайды. Бұл шаңырақтың иесі – отағасы болса, ошақтың иесі – отанасы деген ишара. …Сәукеле неғұрлым биік болған сайын салтанаты арта түседі. Шамамен екі қолды төбеден асыра созып, саусақтарының ұшын түйістіргендей ұзындықта болған. Астыңғы тиянағы қозының жүнінен талдырып, басып қарпылған жұқа ақ киізден қиылып тігіледі».
Тұрмысқа шыққанға дейін қазақ қыздары басына орамал тақпаған. Белгілі жазушы Зейнеп Ахметова былай дейді: – Қазақ қыздары бұрын тұрмыс құрғанға дейiн орамал салмаған. «Басына орамал түстi» деген «ақ некелi әйел болды» деген ұғымды бiлдiрген. Күйеуге шықпай тұрып, орамал салу Кеңес өкiметiнiң келуiмен, комсомолмен бiрге келген. Қазақ қыздары оған дейiн кәмшат бөрiк, үкiлi тақия, моншақты сораба, шашақты қасаба, жырға секiлдi керемет сәндi бас киiмдердi киген. «Қыздың көркi – шаш» деп шаш күтiмiне ерекше мән бергендiктен «шашын он күн тарап, бес күн өрген» деп әнге қосып әсiрелеген. «Қолаң шаш», «сүмбiл шаш», «қара шаш», «алтын шаш» деген қазақ қыздарының шаш бiтiмiне орай берiлген әдемi теңеулер де бар. Ендi осындай шашқа тағатын шолпы, шашбау, шаштеңге сияқты әшекей бұйымдарды қосыңыз, – дейді.
Күнделікті өмірде қыздар бүркіт қауырсынымен тақия киіп, шашбау тағып, тұмар ретінде қызмет ететін күміс зергерлік бұйымдарды таққан. Қыздар өсіп келе жатқанда, көйлектің етегіне қосымша қабаттар тігіліп, ұзартылған.
Қазақ халқының өткені, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдары жыр-аңыздарда, эпостарда жырланған.










