Косоводағы күрделі ахуал
Өткен аптада Косово мен Сербия арасы тағы ушықты. Оған Косово билігінің 1 тамыздан бастап енгізген жаңа талабы себеп болды. Ел үкіметі Сербияның төлқұжатымен жүрген азаматтарға Косово жеке куәлігін алуды талап ету, сондай-ақ серб нөмірлері бар барлық көлікті қайта тіркеу туралы шешім қабылдаған. Бұл жергілікті сербтердің наразылығын тудырды.
Косоволық сербтер елдің солтүстігінде Сербиямен арадағы шекара бекеттерін жапқан Елде сиреналар дауысы естілген. Баспасөздегі хабарларда Косовода сиреналар естілгені айтылса, косоволық сербтердің осы дыбыстарға байланысты шекараны жауып тастағаны хабарланды. Ертеңіне аймаққа НАТО-ның Косово күштеріне (KFOR) тиесілі екі көлік келгені хабарланды.
Косово полициясы директорының орынбасары Бесим Хоти өз мәлімдемесінде косоволық сербтер көліктермен шекараға тосқауыл қойғанын, полиция күштерінің Брняк пен Яринье шекара қақпаларын жапқанын мәлімдеді. Сонымен қатар Косово полициясы кейбір жерлерде оқ дауыстары естілгенін, олардың кейбіреулері полиция күштеріне бағытталғанын, бірақ ешкім зардап шекпегенін алға тартты.
Косоволық баспасөз беттерінде албан текті азаматтардың шабуылға ұшырағаны және бұл шабуылдарда көліктердің зақымдалғаны туралы ақпараттар тарады. Үкімет Косоводағы сербтердің шекара өткелдерін жабу әрекетін айыптағанына ескере отырып, мұны Белград тарапы дайындаған деп күдіктеніп отыр. Косово премьер-министрі Альбин Курти елдегі агрессивті әрекеттерді Сербия жоспарлағанын және оның арандатушылығымен жасалғанын, көтерілістердің басты жауаптыларының бірі Сербия президенті Александр Вучич пен Сербия үкіметі кеңсесінің директоры Петар Петкович екенін алға тартады.
«Сербияның заңсыз құрылымдары бұрынғыдан да агрессивті қылмыстық топтарға айналды. Бұл біздің ел үшін оңай емес, өйткені оларды солтүстік көршіміздің бүкіл мемлекеттік құрылымдары қолдап отыр. Кеше ондаған өрескел және анық заң бұзушылықтар болды. Біз халықаралық ұйымдарды, ЕО мен НАТО-ны Белград ашық түрде арандатып, арнайы дайындап қаржыландырған Косовоның солтүстігіндегі қылмыстық топтардың зорлық-зомбылығы мен агрессиясын айыптауға шақырамыз», деді Курти.
Сербия Қорғаныс министрлігі Косоводағы ахуалға араласпағанын және әлеуметтік медиадағы жалған ақпаратқа сенуге болмайтынын мәлімдеді. Сербия президенті Александр Вучич оқиғаға қатысты мәлімдеме жасап, косоволық сербтер бұдан былай қудалауға шыдамайтынын ашық айтты. Президент Вучич өз сөзінде «Біз бейбітшілікті қалаймыз, бірақ біз берілмейміз», деп ортаға бейтарап пікір ұсынды. Дегенмен өз елінің қақтығыс тудыратын және қақтығысты қалайтын тарап емес екенін атап көрсеткен Вучич: «Сербия Слободан Милошевич пен Борис Тадич кезіндегідей оңай жеңетін ел емес» екенін ескертуді ұмытпады.
Сербияның бұған дейін мұндай күрделі және қиын жағдайда болмағанын атап көрсеткен Вучич өз сөзінде Приштина әкімшілігін өздерін үнемі құрбан ретінде көрсетуге тырысатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар Вучич Косоводағы албандардың премьер-министр Альбин Куртидің кесірінен қиындықтарға тап болғанын және Батыстың Косовода болуы мүмкін қақтығысты қаламайтынын айтты.
Еуроодақ Косоводағы оқиғаларға алаңдаулышылық танытып, оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. ЕО Косовоның солтүстігіндегі оқиғадан соң тараптарды Брюссельге аталған мәселені талқылауға шақырды. Сербия мен Косово арасындағы барлық мәселенің диалог арқылы шешілуі керектігін атап көрсеткен Еуроодақ комиссиясының өкілі Питер Стано «Еуроодақ екі тарапты да шешім табу және мұндай шиеленістердің қайта болуына жол бермес үшін Брюссельде алдын алу жолдарын талқылауға шақырады» деді. Сонымен қатар Стано тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін және барлық азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін кез келген келісілмеген және біржақты әрекетті дереу тоқтату керек деп мәлімдеді.
Осыдан кейін Косово үкіметі елдегі сербтерге ұлттық нөмірлер мен жеке куәліктерін өзгерту туралы енгізген шешімін бір айға кейінге қалдырып, 1 қыркүйекке дейін шегерді. Жалпы, Косово мен Сербия арасында түрлі себептермен шиеленістер жиі болып тұрады. Негізгі себептердің бірі – 2008 жылы тәуелсіздігін жариялаған Косовоны Сербияның әлі күнге дейін өз территориясы деп санауында.
egemen.kz