Қазақстанда аналардың декреттік төлемдерін үш жасқа дейін созу ұсынылды

Айжанның еңбек өтілі - 15 жыл. Соның 7 жылын декреттік демалыста өткізген. Ол да барлық әйелдер секілді баланың бір жасына дейін төлемақы алып, сол ақшадан зейнетақы қорына жарна түсіп тұрған. Енді үшінші баласы бірден асқанда төлемдер тағы тоқтатылған. Зейнетақы қорындағы қаражатты алуға рұқсат берілді дегенді естіген ол мемлекетке өкпелі. Үйде отырған кезде қорға ақша үзіліссіз түсіп тұрғанда, шекті мөлшер менде де болар еді дейді.
"Үкіметке декреттік демалыста отырған аналарға үш жыл бойы үзбей зейнетақы жарнасын төлеп отыру туралы заңға толықтырулар енгізсін деген өтінішім бар. Егер мен 7 жыл бойы 3 бала тауып үйде отырмағанда шекті мөлшерді жинап, қазір ипотекамды жабуға ақша ала алатын едім", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айжан Чен.
Ал қолданыстағы заң бойынша декреттік демалысқа шықпай тұрып азаматша жұмыс істесе, онда бала бір жасқа толғанша ай сайын жәрдемақы алып отырады. Яғни, дәл осы ақшаның 4 пайызы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотқа аударылады. Ал қалғанын мемлекет субсидиялайды.
"Зейнетақы жарналарын субсидиялау дегеніміз. Яғни әйел адамның жалақысы 100 мың болса, декреттік демалысқа шыққан соң ол соның 40 пайызын ай сайын бір жыл бойы алып отырады. Ал зейнетақы қорына 4 пайызы сол ақшадан аударылса, 6 пайызы мемлкет есебінен төленеді", - деді "Азаматтарға арналған үкімет" МК" коммерциялық емес АҚ орталық филиалының бас маманы Асыл Айтжан.
Ал бұл қоғамда біраздан бері талқыланып келе жатқан мәселе болса да, депутаттар ол туралы әзірге ойламапты. Ал егер аналардың тарапынан ұсыныс түссе, шешілмейтін мәселе жоқ дейді.
"Ұсыныс түссе қабылдаймыз, парламентке заңды түрде түсетін болса қабылдаймыз ғой", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсенбинов.
"Бұл мәселенің шешу жолдарын мен қазір көріп тұрған жоқпын. Тектен тек ұстысуға болмайды ғой. Егер мәселе туындап тұрса оның шешу жолдарын қарау керек", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов.
Ал әйелдердің декреттік төлемдерін үш жасқа дейін созу туралы мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Тіпті, мемлекеттік органдар төлемдерді бір жарым жасқа дейін созу туралы Президентке ұсыныс та айтыпты. Алайда жоғары жақта бұл мәселеге қатысты жылжу әзірге байқалмайды.
osken-onir.kz