Тарихтан ұзақ жасасын
Төрінде тұрсың сен естің,
Мен ессіз перзентің емеспін.
Алғашқы қадам – осы күн,
Құлдығынан құтқарған Кеңестің.
Иә, біз құлдыққа тең бе едік,
Өлтірмек болды.
Өлмедік.
Жетпіс жыл одақ астында,
Озбырлық қандай көрмедік?!
Орысша жазып хатыңды,
Жұдырықтай жүрек «ах» ұрды.
«Елім!» дегендер ел асып,
«Жерім!» дегендер атылды.
Ақ таңды күткен арайлы,
Табанға салды талайды.
Жұртының қамын сөз етсе,
Жер аударады, қамайды.
Тірілей көріп тозақты,
Жасы емес, көздің өзі ақты.
Көңілі тоқ халық едік біз,
Аштықтан көрдік азапты.
Бір бақыт қонбай бақты ерге,
Тағы бір сұмдық тапты елге.
Боздаумен қалды боздақтар,
Топырақ көміп жат жерде.
Тарпынған шақта тағы үміт,
Билікке қалдық бағынып.
Желтоқсанда мұз жастандық,
Судан жамылғы жамылып.
Халықты сүйсең жау болдың,
Жаныңа қандай сауға алдың?
Жиырма бесінші қазанда,
Азаттық алдың, сау қалдың.
Медеу боп жанға торыққан,
Бақыт боп алдан жолыққан.
Бұл күнді қылдық елеусіз,
Бір жан табылмай соны ұққан.
Қатарға қайта қостың да,
Қуаныш жатыр, рас, мұнда.
Бүркегеніңмен шын алтын,
Жатпайды топырақ астында.
Босасын көңілің, босасын,
Өткеннен қалай қашасың?
Тарихын ұлықтаған ел,
Тарихтан ұзақ жасасын!
Оңталап ЖОЛДАСОВ