Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазіргі қоғамда әкенің рөлі қандай?

Қазіргі қоғамда әкенің рөлі қандай?

«Әкеңе айтамын» - бұл бала кезде тентектік жасай қалсақ көбіміздің естіп өскен сөзіміз. Әкеміздің қатулы қабағын көру былай тұрсын анамыз есмін айтқанынан ақ қаймығып бар еркелігімізді жиып алатынбыз. Бұл сол кездегі әкелдердің тым қаталдығынан емес. Тәрбие солай болды. Отбасында әкенің орны ерекше. Ол қандай болса да отбасының егесі. Отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі де әке. Біз көрген әйелзаты сол ердің қадірін түсініп құрмет көрсетті. Баласына әкесін сыйлауды үйретті. Ал бүгінгі қоғамда бір кездегі қабағымен қаймықтырған мысы басым әкенің орны төмендеп кеткен сыңайлы. Әкеден қауқар кеткен соң қоғамнан ұят кеткендей. Қыздарымыз ашық-шашық киінді, ұлдарымыз жыныс ауыстырып әйел кейпіне енді. Айтар ауызға ұят дүниенің қазақ қоғамына сіңіп бара жатқаны көңілге қаяу салады.
Зерделеп қарасақ, «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. Әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады.
Бір дана: «Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады» деген екен. Соны білген аталарымыз ер баланы жастайынан ерлікке тәрбиелеген. Қазақта батырлығымен, шешендігімен, даналығымен дараланған ерлеріміз көп-ақ. Соның бәрі отбасы, ошақ қасындағы тәрбиенің мәуелі жемісі.
Ертеректе еркекті көк Тәңіріне, әйелді жерге теңеген. Оған Күлтегін жазбаларында дәлелдер келтірілген. Әйел ерге қараса, еркек көкке қараған. Айырмашылығы жер мен көктей деп босқа айтылмаған. Өйткені әйел мен еркек ешқашан теңелмейді дегені. Көктен найзағай ойнап, жаңбыр жауса да, жер бірқалыптылығын сақтаған. Өйткені жер мен көк арасындағы үйлесімділіктің негізін жер қалап отыр. Яғни, жер мен көк қалай гармония тапса, әйел мен ер адам да солай бір гармонияда өмір сүру керек.
Қазақта әкесін көке деп атайды. Ол сөздің түпкі мағынасы көк деген ұғымнан пайда болған. «Көкеңді танытайын ба, көрсетейін бе, ұмытайын деген екенсің, көкем бар» дегенде, әкесін шексіз күш-қуат иесі санаған.
Отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын ұлттық санамызда әйел ерден бір саты төмен тұрады деген ұғым бар. Қасиетті Құранда «Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын» дейді. Оны жоғары қылып жаратуының себебі табыс табушы еркек әрі табысын отбасымен бөліп жеу керек. Әйел әркез еркектің беделінің жоғары болуына мүдделі. Еркек мал тапса, әйел бала табуға жаратылған. «Мал таппайтын еркек болмайды құрарын айт, бала таппайтын қатын болмайды тұрарын айт» деген сөз содан қалса керек-ті.
Бізің ел басынан өткерген саяси ахуалдар осы гармонияны бұзып алдық. Өйткені Кеңестік идеялогия еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды миымызға сіңірді. Мұның бәрі сайып келгенде қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түспейтін бозөкпе бозбалалар пайда болды.
Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Сондықтан оны мемлекет болып қолға алу керек. Отағасы ретінде табыс тауып, отбасын асырау – әкенің міндеті. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал соның айғағы. Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт. Әйел қанша жерден білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек. Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді.
Мен қарапайым қазақ отбасында өмірге келдім. Әкем табиғатынан момын, көп сөзге жоқ адам. Ал анам – үйінің сүт кенжесі. Нағашы әжемнің 42 жасында тапқан баласы. Кішкентайынан ерке өскен. Тентек, шайпау мінезді. Бірақ сондай мінезін әкеме көрсеткенін көрмеппін. Ылғи анам әкемнің қабағына қарап отыратын. Алдында құрақ ұшық қызметін жасайтын. Әлі де солай. Әкем көбіне түзде жүреді. Көлден балық, тортасын аулап, мезгілінде аңшылық құрып, одан қала берді ала жаздай жер жыртып егін салып жүргені. Әйтеуір бізге нан табу үшін қандай адал еңбектен де бас тартқан емес. Сондайда анам әкемнің тапқанын ұқсатып, әркез қанағат етіп отырады. Оған жылы шырай танытып, бізді де әкелеріңді сыйлаңдар, әкең ренжиді, әкеңнен ұят болады деген сөздерді жиі айтып, оны отбасының ең басты адамы екендігіне үйретті. Әрине, осыдан кейін біз үшін әке алып шынар.
Сыйлауға тұрмайтын еркек болмайды, сыйлай алмайтын әйел болады. «Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектің басын даң қылады» деген мақалдар әр сөзінің астарына мол мағына сіңірген бабалардан жеткен қасиетті сөз. Сондықтан, ұлым ұлықты, қызым қылықты болып өссін десеңіз, Құдай қосқан қосағын ұлықтау – қазақ әйелінің міндеті. Сонда ғана қазақтың маңдайына басатын ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.
Н. БАҚЫРАН 

Фото: ​egemen.kz​​​

30 қаңтар 2024 ж. 287 0