Егін шаруашылығы: Меже мен міндет

Тұрақты егін шаруашылығы: табиғатпен үндестікте еңбек ету
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында егін шаруашылығы туралы айтқан болатын. Онда ол: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» – деді.
Жалпы аудан бойынша биылға 1000 гектар жерге егіс егуге меже қойылған. Оның ішінде атап өтер болсақ, 6,5 гектар картоп, 58 гектар көкөніс, 312,5 гектар бақша, 386 гектар ескі жоңышқа, 237 гектар жаңа жоңышқа. Осы 1000 гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін жобамен 6 миллион 294 875 мың текше метр су қажет.
Үнемділік – табыстың кепілі
Былтыр Үкімет басшысы Олжас Бектенов су үнемдеу технологиялары бойынша тапсырма берген еді. Ол өз сөзінде: «Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығын ескере отырып, жер асты суларын ұтымды пайдалану мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне жер асты көздеріне зерттеу жүргізуді тапсырамын», – деді.
Ауданда осы 2025 жылға су үнемдеу технологиялары бойынша 30 гектар жерге тамшылатып суару арқылы көкөніс, бақша дақылдарын және 60 гектарға подленка әдісімен бақша дақылдары егу жоспарланып, бүгінгі күнге 30 гектар жерге тамышалытап суару арқылы, 45 гектарға подпленка әдісімен көкөніс, бақша дақылдары орналастырылған. 2025 жылы егістік жерлерді суаруға 3 дана СНП-500/10 дизельді су насосы және 10 дана ДНУ-200/75 дизельді су насостары пайдаланылатын болады.
Ауыл шаруашылығының алтын діңгегі
Ауданға қарасты Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» шаруа қожалығы мал азықтық жоңышқа дақылдарын дайындау мақсатында 16 дана жаңбырлатып суару қондырғысы сатып алынып, бүгінгі күнге 10 дана жаңбырлатып суару қондырғысын орнатылып егу жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Техника тұрақты бақылауда
2025 жылы көктемгі дала жұмыстарына аудан бойынша 29 дана трактор, 7 дана соқа, 5 дана тұқымсепкіш, 20 дана жүк көлігі және 22 дана трактор тіркемесі қатысуда.
Шегіртке шеруі
Жуырда ғана Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы семинар-кеңес өткізіп, облыс, аудан әкімдіктері өкілдері қатысқан жиында биыл шегіртке шеруі жылдағыдан ерте басталуы мүмкін екендігі айтылған еді.
Мердігер мекеме өкілдері де әдетте араға уақыт салып жандана бастайтын зиянкес түрлерінің бір мезгілде «оянып» алғанынан қауіп күтетінін жасырмаған. Апта айналмай жатып айтқандары айнымай келді. Арал ауданындағы Қарақұм ауылындағы шегіртке шеруі әлеуметтік желіні кезіп кетті. Бейнежазбадағы кадрлардан зиянкестің біраз аумақты жайлап алғаны анық байқалып тұр.
Оқиғаға байланысты алғашқы болып облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы хабар таратты. Басқарманың мәліметінше, Қарақұм ауылдық округіндегі Көкаша елді мекенінде зиянкестер тұрғын үйлер ауласын емін-еркін жайлап алған. Бар-жоғы 4 үйден тұратын елді мекен толық бақыланып, қажетті шаралар қолға алынған. Қалған ауылдық округ орталықтарында зиянкестердің дәл мұнша еркінсуі байқалған жоқ.
Басқарма дерегінше, аудан аумағында шегірткелер сәуір айының соңында біліне бастапты. Әуелгіде Қарақұм ауылдық округіне қарасты Айдарлы шоқалақ, Ізбанқұмы, Төртқара өңірлерінде, сондай-ақ Сазды ауылдық округіндегі Бейсембай құмы, Тазшатөбе, Ескене өңірлерінде италиялық прус дернәсілдері көзге түскен екен. Сәл кейін Аққұм округіндегі Теңізбай құмы мен Айтжантабаннан, 15 мамырда Қосаман мен Жіңішкеқұм ауылдық округтерінен де зиянкестер белсенділігі байқалған. Осыған байланысты көктемгі-жазғы маусымға арналған мониторинг жұмыстары шұғыл басталып, қазір 145,6 мың гектарға жоспарланған аумақтың 5,7 мың гектары зерттелді. Нақты өңдеу аумақтары белгіленіп, техникалар жеткізілді. Аққұм, Қарақұм, Жіңішкеқұм, Қосаман ауылдық округтеріне 5 жер агрегаты, Қарақұмда 2 аса жеңіл ұшақ, Саздыда 3 дрон көмегімен химиялық өңдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 7 742 гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жасалды.
Мамырдың 24-нен бастап мердігер тарапынан тағы 1 «АН-2» әуе көлігі қосылып, күрделі рельефті өңірлерді улауға кірісіп кетті. Бұдан бөлек, Шижағада 2 жер агрегаты мен 5 РАНС аппараты, Тоқабайда 1 жер агрегаты мен 2 дрон, Қосаманда 1 жер агрегаты мен 1 РАНС, Қарақұмда 7 жер агрегаты, 2 дельтаплан, 23 РАНС аппараты бар.
Жолындағысын жайпап өтетін зиянкестер Аралқұм, Сапақ, Жіңішкеқұм, Бекбауыл ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалықтары аумағы мен мемлекеттік жер қорларына да залал келтіріп үлгеріпті. Осыған байланысты Сапақ ауылдық округінің Көктем елді мекеніндегі шаруа қожалығының 157 гектар жері арнайы техникамен өңделді.
Жалпы, облыс бойынша былтырғы жаз бен күздегі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде биыл 115,4 мың гектарға фитосанитарлық шаралар жүргізу жоспарланған. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы 24,7 мың га, азиялық шегірткенің таралуын болдырмау үшін 35,3 мың га, саяқ шегірткенің жолын кесу үшін 55,4 мың га өңделуі керек. Қазір италиялық прус дернәсілдері алғаш байқалған Арал ауданында жоспарланған 513,9 мың га аумақтың 164,8 мың гектары зерттелді. Оның ішінде экономикалық зиянды шегінен асқан 14,7 мың гектардың жартысынан астамы өңделді.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталып кетті. Тиісті сала өкілдері өңдеу жұмыстарының барысын жіті қадағалап отыр. Аудан, ауыл әкімдіктеріне мердігер компаниялар жұмысына жағдай жасап, жан-жақты көмек көрсету тапсырылды.
А. НҰРЛАНОВА