Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тресті түлеткен басшы

Тресті түлеткен басшы

Қасиетті ата кәсіптің берекесімен бой көтеріп, талай ұрпақтың маңдай тері сіңген, дәстүрі мен тарихы жазылған балық байлығын тасытқан Арал 100 жыл толды. Осы тұста комбинатты тарихына бір көз жүгіртіп өткен де артық болмас.
Қоғам өзгерсе де, мәнін жоймайтын құндылықтар болады. Тулаған толқынмен арпалысып, елдің байлығын еселеп, балық өнеркәсібін жандандырып, комбинаттың тізгінін ұстаған, мақсаты бір, жұмыс барысы мен жоспары ортақ болған, еңбегі мен ерлігін қайта тірілтіп, Арал балық тресі республиканың өнеркәсібі жүйесінде өз орнын алып, оның қалыптасуы мен дамуына белгілі еңбек сіңірген басшылар көп болды. Республиканың балық өнеркәсіп министрлігі және балық трест басқарушылары, жоғары білімді мамандар сол өнеркәсіптің қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосты.
Арал ауданы халқының тең жартысын асырап келе жатқан Арал балық тресін әр кезде әр адам өзінің шама шарқына қарай балық шаруашылығын өркендетуге үлесін қосып, еңбек сіңірді. Расында Арал балық комбинаты о баста басшыдан бағы жанған өндіріс болды. Қай-қайсысы да өз тұсында өндірістің көшін өрге сүйреді. Соның бірі – Хамит Мұсағалиев. Ірі өндіріс орнын 1952 жылдан 1967 жылға дейін 15 жыл бойы табан тайдырмастан басқарып, 1967 жылы өз еркімен директорлық қызметінен босағаннан кейін де осы саладан алыстамай, бас экономист, директордың орынбасары, Ақтөбе балық заводының экономисті болып, 20 жыл қызмет атқарып, 75 жасында зейнетке шыққан. Арал балық мекемесіне басшылыққа келген тұста балықшылар жүздеген мың центрнер балық аулап,мемлекетке тапсырғанымен балық тағамдарының төрт түрлі ассортименті дайындалатын. Өндіріс қол еңбегіне негізделген, механикаландырылмаған. Барлық ау-құралдары мен әдістері ескіше. Осындай өндірістің сын көтермейтін жағдайын көрген жаңа басшы алып трестің материалдық-техникалық базасын нығайтуға белсене кірісіп, тоңазыту цехы озық құралдарымен, техникамен жарақтандырылды. Өндірістік қуаты бірнеше есеге артқан мекеме КСРО-да өнімділігі жөнінен екінші орын алды. Тәулігіне он тонна балық ыстап шығаратын автоматтандырылған ыстау зауыты іске қосылып,аралдықтардың мақтанышына айналды. Теңіз жағалауындағы балық қабылдау пунктері жаппай мұздатқыш құралдарымен жабдықталып, балықшыларға капроннан жасалған ау, қабадан, жылыммен жұмыс істеуге жағдай жасады. Ал маторлы қайықтар теңіз айдынында сыралғы балықшылардың сенімді серігіне айналды. Әлгі қайықтар бара алмайтын жерлерге «РБ -160», «РС-150» типті алып кемелер пайдаланылды.
Ауланған балықтардың түрлерін көбейтуді мақсат етті. Дайын балық тағамдарының ысталған, мұздатылған қаяз, ақбалық,жайыннан төстік алу, арқалығын ұстау, шағын ыдыстарға салынған балық өнімдерін әзірлеу тұтынушылардың сұранысына ие болды. Міне, сол 60 жылдары Арал балық тресінің атағы республика танылып, Бүкіл Одаққа әйгілі бола бастады.
Теңізде құстай зымырайтын «Аралка» деген атқа ие болған жаңа қайықтардың пайда болуы да Хамит Мусаұлы есімімен тығыз байланысты. Одақтың бір қиырында шыны пластикадан жеңіл маторлы қайық шығарыла бастағанын баспасөзден оқып, біліп, соның бірнеше данасын алдырған. Жүйрік қайықтарды сынақтан сан мәрте өткізіп, кем құтығын түзеп, балықшылардың кәдесіне жарайтындай қылып туындатты.
Ол қызмет атқарған 1952-1967 жылдары теңіз маржанын сүзген балықшылардың тұрмысы, мәдениеті үлкен өзгерістерге ұшырады. Жаңа заманның ғылыми-техникалық жаңалықтары өмірге жедел еніп жатты. Балықшы колхоздары орналасқан ауылдарда 26 клуб, 21 қызыл мүйіс, 9 жазғы кинотеатр жұмыс істеді. Ең бастысы – еңбегі ауыр балықшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында олардың жалақысына 30 пайыздық аудандық коэффицент енгізілді. Арал балық тресі кадрларының өндірістік техникалық қызметкерлерінің қалыптасуы үшін ерен еңбек етті.
Халқымыздың тарих беттерінен терең сыр шертетін өндіріс орынының тарихын сол дәуірде басшылық саласын басқарған тұлғалардың еңбегін өз дәрежесінде жеткізіп наихаттау біздердің парызымыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 маусым 2025 ж. 50 0