Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ – ТЫНЫШТЫҚ

ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ – ТЫНЫШТЫҚ

Қазіргі таңда әлемнің саяси, әлеуметтік, экономикалық мәдени және рухани жағдайына ықпал етіп отырған діни экстремизм мен терроризм ХХІ ғасырдың ең бір өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Террорлық актілерге итермелейтін қарсыластық және қайшылықтар өсе түсуде.
Діни экстремизмді алатын болсақ, ол адамдар арасына іріткі салуға, өшпенділік отын тұтатуға, қантөгістер ұйымдастыруға жол ашады. Ниеті бөтен қазақтың болмысына, жат ағымдарға қазір тосқауыл қоймасақ, ертең елдігімізге,бірлігімізге сызат түседі. Елімізде нағыз мұсылман, Құранның жолымен жүретін адам көп болса ғана елде береке-бірлік, тыныштық болады. «Экстремизм» термині сөзбе-сөз алғанда (лат. Extremus-шеткі) шектен тыс көзқарастар мен ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталды. Экстремизм – әр уақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Ал «терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсініктемелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда оның зорлық- зомбылық, кінәсіз адамдарға қорқыныш, үрей туғызушылық кесір тигізуі сияқты басты белгілерін айқындай кетуге болады. Қазірге кезде халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп. – Экстремизмнің негізгі белгілерін қалай ажыратуға болады: Біріншіден, мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту. Екіншіден, елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды. Үшіншіден, заңсыз қарулы жасақтар құрады. Төртіншіден, елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді. Бесіншіден, елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға ұмтылады. Діни экстремизм өте ауыр әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық мәселе бола отырып, көпаспектілі болып табылады. Яғни діни артықшылық, діни алауыздық, жеккөрушілік, дінді саясаттандыру сияқты ең шеткі қисынсыз көзқарастары мен әрекеттері арқылы пайда болатын қоғамға қауіпті құбылыс. Қазақстан өзі тарапынан аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр деуге болады. Әрбір азамат қоғам тыныштығы үшін діни экстремизмге табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Қазақ халқы ертеден-ақ бірліктің, ынтымақтың маңызын жете түсінген. Бабаларымыздан өсиет болып бізге жеткен «Бақ қайда барасың ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын деген қанатты сөз бүгінгі күн ішінде өз көкейкестілігін жойған жоқ. Кемеңгер бабаларымыз «Алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер»деп, елді бірлікке шақырып отырған. Сондықтан бәрімізге қастерлі тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін, елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың сақталуы үшін бір кісідей атсалысайық.

Гүлмира БЕКЕНОВА,
Сексеуіл ауылдық кітапханасының кітапханашысы
17 маусым 2025 ж. 43 0