ӘБІЛДА ЖЫРАУДЫҢ СЫР СЕБЕЗГІСІ

Азан шақырып қойған есімі Абдолла. Әбілда атамыз 1904 жылы Қызылжар ауылында дүние есігін ашыпты. Руы Бердіңғұлдың Жамансарысынан тарайтын Жылқайдары. Жасынан ескіше сауатты, оқу оқып, жаза білген. Бір әттегенайы ескіше білімді кімнен оқыды, қай ғұламадан дәріс алды, ол арасы белгісіз. Белгілісі әкесі Маханбеттің Қазалыда уезд бастығының хатшысы болғандығы. Сол заман үшін көзі ашық, көкірегі ояу әкенің тәлімтәрбиесі, өнегесі бала Әбілдаға қырық жыл азық болғандай даналық мектебі болды десек артық болмас деген тұжырым жасауға толық негіз бар. Сонымен қатар жыраулық өнерді де кімнен үйреніп, тағылым алғандығы туралы маліметті де таба алмадық. Орайы келген сәтті бекерге жіберуге тағы да болмайды. Сыр бойы тұнып тұрған өнерлінің өрісін ашып, аламан жыр, додаға қосып жіберетін жыраулықтың ордасы екендігі баршаңызға мәлім. Тағы да болжам, соны пікірлерге ден қойсақ, 20-30 шақырымдағы Мырзастың Еспенбеті мен Бітімбайына, сөз зергері Нұртуғандарына тіреліп-ақ тұрғандай. Мәлімет, дерек, өмір жолдары белгісіздеу болса да, Ақшатаудағы Серікбай жыраудың әуелетіп салған әндері мен дауыстары алыстан-ақ мені де тыңдап көрмейсіңдер ме деп тұрғандай. Қалай десек те, тақыр жерде өсетін көгалдың да болмайтындығы белгілі. Осыған қарап, зерделі жастың өнеге алар ортасының тағылымға бай, жырдың кәусар бұлағы демеске де болмайды. Бұған себеп те жоқ емес. Сырдың даңғар ақыны Нұртуған ауырып масаханадан шықпай, жан баласымен тілдеспей, ешкімді қабылдамай жатқанында Әбілда ғана кіріп, « болмайды деген қарсылығына қарамастан орамалымен бетін сүртіп, тәбәрік болсын деп» қалтасына салып алғандығын Арал қаласында тұратын қызы Бибігүл анамыз тебірене отырып жеткізді. Осы бір шынайы деректің өзіақ, көміліп, көмбе болып қалған тарихтың бетін ашып, бірталай сырдың саңылауынан сәуле себезгілегендей әсер береді.
Зейінді жас табиғатынан суырып салма ақын, арынды жырау болып қалыптасты. Жырау негізінен Нұртуған ақын жазып, елге таратқан «Ақкете-Шернияз», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай» дастандарын жырлаған. 1934 жылы Қазалының хан базарында «Едігені» төрт күн жырлап, ортекені ойнатыпты. Жырмен бірге ортекені ойнатуының сыры, жырау он саусағынан өнері төгілген бесаспап шебер болыпты. Оның қолынан өзі жасап шығарған ертоқым, мылтықтың құндағы, сандық, домбыралар сұранысқа ие зергерлік, ұсталық өнер туындыларына айналған көрінеді. Өзіне арналған домбырасын ағаш пен сүйектен жасап, шанағына қайыспен өрнек салған жиналмалы, көруге көз керек әсем, кәдесый тәрізді қымбат бұйым болыпты. Бибігүл қызының шаңырағында сақталып, жиендері таласа тартатын. Осындай өзара талас кезінде байқамай белінен омырылып сынып қалады. Нағашыдан қалған қасиетті жәдігердің бүлінгеніне күйінген туған жиені, өзі де өнерге жақын Өрікбайдың қарындасы Ләззат өзі оқу орынын бітірген Жетісайдағы маман шеберге жөндетпекші болды да. Домбыраның қадірін білетін әккі қулар, құндылығы мен әдемілігіне қызығып ақыр соңында бермей кетіпті. Осылайша қас шебердің қолынан шыққан асыл бұйым, ел асып, қазақ жерінің бір пұшпағындағы кімдердің қолында жырын төгіп жүр екен? Қаншама рет іздеп барып сұрау салғанымен қолға түспейтін сағымға айналған күйі жоқ болды. Осы бір тарихты туған жиені Бибігүл апаның үлкені Өрікбай ініміз өкінішпен жеткізді. Жырау атамыз жырлаған қиса-дастандар өз алдына бөлек тақырып. Себебі, «Едіге» сияқты кең көлемді жырды төрт күнге жеткізіп жырлаудың өзі мүлде бөлек туынды екендігін байқатады. Кейіннен осы күнге жеткен нұсқаларының тым қысқа, келте қайырылуының өзі өкінішті. Себебі, онда Алтын Орда дәуіріне қатысты көптеген деректер қамтылғанымен, кеңестік саясат жырды қайшылап, қысқартып жібергендігі аян. Әбілда жыраудың орындауындағы айтылатын жыр-терме, дастандарының ерекшелігі сонда, оның әншілігі, жыршы-жыраулығы, тыңдаушыларын өзіне тартып, баурап алуында. Ең бастысы қаумалаған әлеумет, ешуақытта жалықпаған. Жыраудың өзінің шығармалары көп сақталмаған, бізге жеткендері қысқа-қысқа, үзік-үзік жұқаналары ғана. Оның себептері, өзі қайтыс боларынан бұрын шығармаларын шәкірті Сәрсенбаев Тельманға тапсырған. Бірақ ол кісі ауырып жатырғанында көп дүниелері қолды болып, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп, әлдекімдердің пайдаланып кетулерінде екен. Ұрпақтары жарыса жеткізген осы мәліметтерді, арада ұзақ уақыттар өтіп кеткендіктен, аруақтарға шет болмауды ойлағандықтан менің іркіп қалуыма тура келді. Әбілданың жыраулық өнеріндегі қабілет-қарымының, талантының жарқырап көрінген тұсы, 1936 жылы Алматы қаласында өткен жыршы-жыраулардың республикалық слетіне қатысуы болатын. Мен осы кезге дейін қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі он күндігі қарсаңында өткізілген слетке Арал ауданынан Жаңаберген мен Кәрібоз жыраулардың қатысқандығы туралы деректі ғана білетінмін. Сол слетте түскен суреттің бар екендігін естігенгеніммен қолыма түсіре алмай жүретінмін. Жыраудың өмірдеректерін іздеп жүргенімде кенеттен Қызылорда қаласындағы, Белкөл кентінде тұратын туған жиені Серікбай баласы Өрікбайдың архивінен көпшілікпен түскен сол суретті көріп аса құнды олжаға тап болғандай күйге бөлендім. Сол жиын туралы толық мағлұматтарым болмаса да өткен тарих көз алдымда көлбең қаққандай әсерге түстім. Бірінші қатардағы орта тұстан Маханбет баласы Әбілда атамыздың бейнесі жарқ ете түскендей. Ал, екінші қатардағы орта тұста қос аққудай, аппақ болып киінген, ақ қалпақты, нағашылыжиенді Жаңаберген мен Кәрібоз жыраулардың тұлғалары жарқ ете түсті. Тіпті, Кәрібоздың жыр бастар алдындағы Жаңабергенге қаратып, «әуелі мен аздап термеден бастайын, мына Жәкең қара жоңқа алысқа шабады, жырды осы кісі айтсын» деген елге белгілі әзілдері де есіме түсті. Мұндай республикалық аса үлкен шараларға кез-келген ауыл арасының тай-құнандарының қатынаса алмайтындығы мәлім. Олай болса Әбілданы асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, жүйрік, жампоз жырау деп бағалауға толық негіз бар деп есептеуге болады. Әйелі Торғын қайтыс болғанда «О, дариға Торғынымдай қайда жолдас» деген жоқтау жыры және «Гүлін төккен», замандас інілері «Жалғасбаев Едіге мен Берекет Омаровқа» арнау хаты, «Кейінгі сау болып тұр қалған елім» деген қысқа өлең жолдары бізге жетті. Сонымен қатар Жақайым аталығының шежіресі менің қолымда сақтаулы тұр. Маханбеттің Әбілдасы тіршіліктің қамымен басқа да кәсіппен айналысқан екен. Екінші дүние жүзілік соғысқа дейін темір жол бойындағы Бекбауыл елді-мекенінде дүкенші болып та жұмыс атқарыпты. Елге келген нәубет Отан соғысына да аттанып, 1942 жылы жараланып елге оралыпты. 1950 жылы Қилыбай қызы Торғын анамыз қайтыс болды деп еске алды қызы Бибігүл. Әкеміз үшін аса қадірлі жан-жарын жоқтап отырғанында, қарақалпақтар келіп елдеріне шақырып қолқа салған екен. Қарақалпақтардың қолдауымен сол елге барып қиын-қыстау жылдарында сол ағайындарымыздың дәм-тұздарын да татыпты. Елмен бірге тұрмыс кешкен балалары Шапағат әке жолы жалғастырып жыр жырлайды, Қарақалпақстанның филармониясында қызмет істеп, өнер жолын жалғастырыпты. Идағаты бет ашады, сол жақта үйленіп отбасылы болады. Кейіннен Идағат депода кассир, Шапағат Түрікменстанның Ташауызында күріш бригадирі болып еңбек етті. 1955 жылы елге қайтуларына мына бір оқиға себеп болған көрінеді. Өздерін қолқалап елдеріне шақырған қарақалпақтың ақсақалдары Жұмағазы, Қожырбайлардың, Шапағаттың бір тайды ұрықсатсыз мінгені үшін «қаңғып келген неме» деген қорлау сөздеріне шыдамаған. Сонда Әбілданың суырып салып айтқаны; Жұмағазы, Қожырбай, Табиғатым тартпайды, Үлкендігін білмеген, Ақсақал болып көрмеген. Дарайы сөзін қадайды , Қылқанындай қарманың. Ізіндей болып сөйлейді, Қисаңдаған арбаның. Аяққа басып жүрсің бе, Әлімнің ұлық аруағын. Бұл біздің қолымызға түскен салалы өлең жолдарының үзінділері ғана екен. Екі баласы сонда қалып, өзі әйел балаларын алып елге оралды. Осы сапарыннан мынадай естеліктері үлкендер арқылы біздерге жетті. Үстіне мініп өрледім, Қос қанатты жорғаның – деген үзінді жыр жолдары. Су бетінде қос қанатты жорға бола ма. Бұл әдеби теңеуі кәдімгі балықшының қос ескекті қара қайығы екен. Осылайша балықшылық ата кәсіптің баға жетпес құралдарын қос қанатты жорғаға теңейді. Бір, әттегенайы өлең жолддары түгел емес, егер толық нұсқасы болса басқа да әдеби теңеу, афоризмдер кездесіп қалар ма еді деген ой ғана. Жалпы ел арасында жыраудың қарақалпақ еліне, Қоңырат жұртына үш рет барғандығы туралы әңгімелер баршылық. Алайда біздің қолымызда екі рет көшкендігі туралы ғана дерек, мағлұматтар ғана бар. Мүмкін бізге беймәлім құнды қазыналар тарих қойнауында жатқан болар. Елге келген соң Қасқақұланның Шаңды көлінде бір қыс қыстап, келер жылы Ақшатаудағы Сартайдың басына көшіп келді. Тағдырдың жазуына не шара үшінші рет Қоңыратқа қоныс аударуына себеп, ол кісінің ауыр науқасқа шалдығуы болатын. Балалары Қарақалпақ елінде болғандықтан бар ауыртпалық қызы Бибігүлдің мойынында қалыпты. Жығылғанға жұдырық дегендей өзінің күйеуі аурушаң күйге түсті. Қаншама қиын болса да, әкесі мен шаңырақ иесінің арасында тыным таппай жүгіріп қызмет жасауына тура келді. Шыдады, намысқа тырысып-ақ бақты. Әке жағдайын естіген балалары алыс елден ат сабылтып дереу жетті. Болған жағдайды көздерімен көрген Идағат, қарындасы Бибігүлге «екі бірдей науқас жандарға қарауың өзіңе ауыр соғады. Сондықтан да әкемізді өзіміздің шаңырағымызға апармасақ болмайды» деп шешім қабылданды. 1975 жылы қазан айында баласы Идағаттың көмегімен соңғы рет қарақалпақ жұртына жеткізілді. Бірақ, денесін жайлаған ауыр дерт көп ұзатпай-ақ мәңгілік мекеніне аттандырып тынды. Бұл уақыт жылнамасымен есептегенде 1975 жылдың 21 қазаны болатын. Денесі сол елдегі белгілі Дәуіт ата қорымына жерленді. Осылайша қазақ өнерінің тағы бір жарық жұлдызына айналған белгілі жырау, тума таланттың алтын сүйегі, өзіміздің қандастарымыз десек те, жетпіс бір жасында жат жерінде қалды. Маханбеттің Әбілдасы өз ғұмырында тағдырының қалауымен екі некелі болды. Бірінші әйелі Торғыннан екі ұл, екі қыз сүйді. Тұңғышы Шапағат 1936 жылы өмірге келген болса, Идағаты 1939 жылы жарық дүниенің есігін ашыпты. Ал, Жақсыгүлі 1942 жылы, Бибігүлі 1944 жылы туған. Кейіндері елге оралған Шапағат пен Идағаты бұл күндері өмірде жоқ, бейіттері Арал қаласының Водаканал бетіндегі зиратта жатыр. Бибігүлі Арал қаласында тұрып жатыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан асылтекті кейуана әкесі туралы бар білген дерек, мағлұматтарына куәлік бере отырып,бар ықыласымен ұсынды. Жақсыгүл апамыз Шымкент жаққа тұрмысқа шығып, сол жақта өмірден өтіпті. Ұрпақтары бар. Екінші әйелі Раушаннан 1952 жылы туған Қанағат, 1955 жылы өмірге келген Бейбіткүл тарайды. Қанағаты бұл күндері өмірде жоқ жан, Бейбітгүл тәжік азаматына тұрмысқа шығып, сол жақта ұрпақтарымен бірге тұрып жатыр. Тағдырдың айналы соғып тұратын өкпек желінің әсері болар, Әбілданың жан серігі болған домбырасы қазақ жерінің Жетісайында қалған болса, денесі шалғайдағы Қарақалпақ елінде мәңгілікке тыныстаған күйінде жатыр.
Тәңірберген ДӘРМЕНОВ