Қайта туған басылым

Биыл ауданымыздың рухани өміріндегі бір елеулі дата "Толқын" газетінің шыға бастағанына 95 жыл болып отыр. Сонау 1930 жылдың қараша айында "Балықшылар" атауымен шыға бастаған басылым 1932 жылы "Екпінді балықшы" аталса, кейін 1938 жылдан "Социалистік Арал" атымен өз кезегінде қоғамдық өмірдің шынайы айнасы бола білді. алайда 1962 жылы жоғары партия ұйымдарының шешімімен көптеген аудандық газеттер жабылып қалды. Солардың қатарында Арал аудандық "Социалистік Арал" газеті де 1962 жылдың 25 сәуіріндегі №3741 санынан бастап шығарылуын тоқтатқан болатын.
Уақыт өте келе, қоғамдағы өзгерістерге байланысты аудандық газеттер қайта шығару күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп 1965 жылы бұрынғы "Социалистік Арал" газетінің редакторы Тәжмағамбет Тәжіков болашақ жаңа редакцияның құрамын жасақтай бастаған. Ол аудандық партия комитетінің бөлім басшысы болатын. Басылымның басшысы болып белгіленген-тін. Алайда оның тағдыр жолы басқаша өріліп, мезгілсіз қайтыс болып кетті. Сонымен жаңа басылымның редакторы қызметіне облыстық "Ленин жолы" газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарып жүрген жерлесіміз Мәлік Сәрсенов шақырылды. Мәлік Сәрсенұлы жасақталып қойған команданы шашау шығармай қабылдады. Жаңа басылым "Толқын" аталып, 1965 жылы 1 тамызда өз оқырмандарына жол тартты.
Белгілі журналист Мәлік Сәрсенов 1930 жылы Арал қаласында қызметкер отбасында туды. 1937-1947 жылдар аралығында Т.Шевченко атындағы қазақ орта мектебін оқып бітірген. Мектептен соң Алматы қаласындағы С.Киров атындағы университеттің журналистика факультетіне түсіп, 1953 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Еңбек жолын республикалық "Лениншіл жас" газетінде әдеби қызметкер болудан бастаған ол кейін Қызылорда, Шымкент облыстарындағы басылымдарда меншікті тілші қызметін атқарады. 1955 жылы туған жеріне оралып, аудандық "Социалистік Арал" газетінде жауапты хатшы болды. Ол жабылғаннан кейін Қызылорда облыстық "Ленин жолы" газетінде бөлім меңгерушісі, аз уақыттан кейін жауапты хатшы қызметіне тағайындалады. Міне, осылайша облыстық, республикалық газеттерде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған саңлақ журналист жаңа дәуірге жаңа леп беріп ашылған "Толқынның" редакторы қызметін бастап кетті.

"Толқын" газетінің құрылған кездегі алғашқы уақыттар туралы журналист Кеңес Өмірзақов былай деп еске алған еді: "Қазалы аудандық "Ленин туында" редактордың орынбасары болып жүрген бұрынғы "Социалистік Аралдың" редакторының орынбасары Шәкірат Дәрмағанбетов, Оңтүстік Қазақстан облысы "Ленгер" газетінде істеп жүрген бұрынғы өз қызметкері Жәкебай Жаңабергенов, Тереңөзекте баспахана бастығы болып жүрген, бұрынғы Арал баспаханасының директоры Еңсеп Ізбасқанов, мал қабылдау, мал сою пунктінде бухгалтер болып жүрген бұрынғы редакция мен баспахана бухгалтері Қатыш Медетбаева шақырып алынды. Жаңадан оқу бітіріп келген Сағынжан Ермағанбетов жауапты хатшылыққа, Өмірбек Төлепов әдебиет және мәдениет бөлім меңгерушілігіне, Елеусіз Кенебаев ауылшаруашылық бөлім меңгерушісі, "Аралсульфат" комбинатынан келген мен радио ұйымдастырушылық қызметке кірістік.
Әр түста, әр салада шілдің қиындай шашырап кеткен бұрынғы баспахана қызметкер-жұмысшыларын іздеп тауып, жинақтау да редактор мойнындағы жауапты жұмыстар еді. Мәліктің тынбай ізденіп, табандап талап етуінің арқасында бұрынғы баспахананың жұмысшы-қызметкерлері әр тұстан қайтып алынды.

Газет аптасына үш рет шығады. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма верстка күндері, сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері газет таралуы керек. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетов: "Осы күндері менің кабинетімен бүкіл газет-журналдарды "Толқын" бастап кіруі керек" дейді екен".
Сөйтіп тамыздың алғашқы күні оқырмандарының қолына тиген аудандық газеттің бірінші бетінде ақын Елеусіз Кенебаев шабыттана шалқып, өлеңмен беташар берген.
Ақылшы бол адаспайтын әр шақта,
Туған жердің қай жеріне барсақ та.
Балықшымен, жұмысшымен, малшымен
Келер күнге бір қадам бас, боп сапта.
Қуаныш боп атта есігін әр үйдің,
Шаттық болып желпі жүзін сәбидің.
Саған деген арта түссін сағыныш,
Жақсылықты шартарапқа алып ұш!
"Толқын", "Толқын",
Құтты болсын бұл атың!
Оқушың көп жан сырыңды ұғатын.
Қақ айырған жартастарды мізбақпас,
Толқындардан болсын сенің қуатың,-деген өлең жолдарында айтылғандай, жаңа басылым жаңалықтардың жаршысы болып содан бері бүкіл аралдықтардың күтіп отыратын қадірлі қонағына, өткен күннің елуелі шежіресіне, күнделікті тірлігінің тынысын кеңейтетін рухани досына айналды.
"Толқынның" бірінші номерінде Қызылорда облыстық "Ленин жолы" газетінің, облыстық баспасөз басқармасының, Қазалы, Қармақшы аудандық газеттерінің құттықтауы жарияланған.
Газеттің мекен-жайы сонда көрсетілгендей Пушкин көшесі (қазіргі Тәкей Есетов) нөмірі 1-ші үйде орналасқан екен. Және ол аудандық баспаханада басылып, таралымы 4073 боп оқырман қолына тиген.
Шығармашылық әлеуеті мықты сақа журналистер мен жас толқын тілшілер бас қосқан редакцияның шығармашылық ауқымы өте кең болды. Газетте "Балық - халық қазынасы", "Қала мен ауданда", "Еңбек сүйгенді ел сүйер", "Адам ісімен көрікті", "Дабылға құлақ асыңыз", "Редакция поштасынан" атты айдарлар арқылы өңірдің сан-салалы тіршілігін қамтып отырды. Газетте партия тұрмысы, ауылшаруашылық және өнеркәсіп, транспорт бөлімдері жұмыс істеді. Алдыңғы лек журналистеріне ілесе басылымға екі-үш жыл аралығында Омар Әбдуалиев, Аманкелді Өткелбаев, Ыбырай Әлжанов, Зәйтөн Абдуллаев, Киікбай Мырзағұлов, Жанар Барбосынова, Серік Сейітмағамбетұлы, Болған Жұбатқанова, Жұмахмет Есенжолов қызметке келді. Редакцияға 1966 жылы сегіз орындық автокөлік беріліп, оның рөліне Әбділда деген жүргізуші отырды.
Газеттің тірегі – жергілікті тілшілер мен авторлар. "Толқынның" сол жылдардағы тігіндісін аударып отырсақ, Дөңес Алдамжаров, Шыңғыс Айбосынов, Қарасай Дінахметов, Оңдасын Тәжіғұлов, Жақау Дәуренбековтер әр нөміріне ауыл-аймақтардан, өндірістен жазған түрлі мақалаларын үздіксіз жолдап отырды. Газет жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауды сол алғашқы нөмірінен бастаған екен. Оған дәлел №1 санында-ақ ақындар Әмірадин Әленов, Тастыбай Әбдиевтердің поэзиялық туындыларының берілуі куә.
Иә, 1965 жылы КОКП Орталық Комитетінің қаулысы негізінде қайта ашылып, "Толқын" аталған газет кейін өркенін кеңге жайып, жыл өткен сайын сапалық мазмұндық жағы ерекше көзге түсті. Тіпті атақ-даңқы сол кездегі бүкіл одаққа тарады десек болар. Басылымның ерекше көзге түскені сондай, сол кездегі үлкен мәртебенің бірі – М.И.Ульянова атындағы бүкілодақтық конурста КСРО Журналистер одағының арнайы дипломын жеңіп алды. 1970-1971 жылдары республика бойынша өткен аудандық байқауларда жеңімпаз атанып, араулы жүлделерге қол жеткізді.
"Толқында" Аралдың талай перзенттері қаламын ұштап, әдебиет әлемінде қанат қақты. Жұмабай Жақыпов, Айжарық Сәдібеков, Жақысылық Түменбаев, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, Қази Данабаев, Қуаныш Жиенбай, Толыбай Абылаев және басқалары алғашқы туындыларын жариялаған.
1970 жылы «Толқынның» 5 мыңыншы саны шығып, үлкен деңгейде аталып өтілді. Оған басылымның ең алғашқы редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев қонақ боп келген.
"Толқынның" уақытпен үндесіп, шығармашылық биіктерден көріне беруіне әрине редакторлардың білімі мен іскерлігі үлкен даңғыл ашатыны белгілі. Кейінгі жылдары Сағынжан Ермағамбетов, Еркін Әбілов, Жұматәлі Әбдіраманов, Жұмабай Жақып, Шымкентбай Жылмағанбетов, Абай Елештер қарымды еңбек етсе, бүгінде талантты ақын, журналист Айдар Сайлауов тізгінін ұстап отыр.
60 жылдық "Толқынның" тарихында қаламы ұшқыр журналистер Оңдасын Бектұрғанов, Қуанышбай Мұқашев, Әуесхан Әбдірашев, Жаңабай Кемал, Нұрсәуле Кенжебаева, Құндыз Дәуітова, Лаура Әйтімовалар ауданның өндірісі мен ауылшаруашылығы, білім мен денсаулық, басқа да салалар туралы, тұлғалы азаматтар, еңбек озаттары туралы мақала-очерктерімен туған жер айбынын асырып отырды.
Иә, "Толқын" атауы бәрімізге де ыстық. Осынау қарашаңырақтың табалдырығын аттаудың өзі шығармашылық адамдарына ерекше бір әсер береді. Қолымыздан шыққан алғашқы туындыларымызды осында әкеліп оқып, айбынды ағаларымыздың ақ батасын алып марқайып қалушы едік.
Өткен ғасырдың 70-жылдарында Алатау баурайындағы Алматы қаласына бардым. Негізгі мақсатымның бірі - жазған-сызғандарымды сондағы басылымдарға ұсыну. Бірде республикалық "Жас алаш" газетінің (бұрынғы "Лениншіл жас") редакциясының есігін қаққаным бар, мәдениет және әдебиет бөлімінде қазіргі академик ғалым, ол кездегі жап-жас жігіт Құлбек Ергөбек отыр екен. Келген мән-жайымды айта бастағанымда ол:
-Қайдан келдің?-деді.
-Айдынды Аралдан келдім,-дедім мен.
-О-о, Арал дейсің бе? Онда "Толқын" газеті шығады ғой,-деп жаңа бір танысын айтқандай көтеріліп қалды.
-Иә, бізде "Толқын" газеті шығады,-дедім мен де.
-"Толқын"! Қандай керемет атау! Өзің қарасайшы, біздің газеттердің бәрі "Социалистік Қостанай", "Коммунизм туы", "Көкшетау правдасы" сияқты болып келеді ғой. Менің білуімше, ерекше аты бар еліміздегі жалғыз газет осы "Толқын" сияқты...-демесі бар ма ағамыздың.
Мен де шынымен қуанып қалдым. Өйткені маңдай тіреп барған кісім менің бауырымды танып жатқандай болды және ол туралы айтқан сөздері құлағыма жағып та кеткен.
Міне, біздің аудандық "Толқын" газетінің атауының өзі әп дегеннен ерекшеленіп, зиялы қауымның құлағына жылы тиіп жүр екен.
Биыл "Толқын" газетінің әріден "Балықшылардан" басталған тарихына 95 жыл толса, "Толқын" атауымен шыға бастағанына 60 жыл толып, бұл да мерейлі дата болып отыр. Басылым бүгінде 6 мыңнан астам таралыммен тарайды.
Арқалы ақын Серік Сейітмағанбетов "Сырласысың баршаның" атты өлеңінде:
Үгітші боп, жыршы боп,
Сен жүрсің барлық ауылда.
Жырлай бер қырдың самалын,
Ерлердің отты жанарын.
Айнам деп сені біледі,
Батыр да жәннат Аралым.
Басталсын сенен жыр басы,
Жақыс істе тынбай шырқашы.
"Толқыным" менің баршаның,
Бола бер досы, сырласы!-дегеніндей, әрбір аралдықтың рухани досы болған "Толқынның" ғұмыры ұзақ болғай!
ЕрғалиАбдулла,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі