Үнсіз үндер: АСМР неге трендке айналды?

АСМР – ағылшын тіліндегі "Autonomous Sensory Meridian Response" сөз тіркесінің қысқартылған түрі. Қазақ тіліне аударар болсақ, "автононмды сенсорлық шектік реакция" деген мағынаны береді екен. АСМР кезінде адам миында дофамин мен серотонин сияқты "бақыт гормондары" бөлінеді. Мұндай бейнероликтер адамды тыныштандырып, бойындағы стрессті азайтады. Сонымен бірге кей адамдарда ұйқыны жақсартады. Көбіне АСМР бейнелерінде пай-пайлап, сыбырлап сөйлеу, сондай-ақ қағаз, пластик, ағаш секілді дыбыстар, шаш тарау, бетке массаж жасау, немесе микрофонға тақалып отырып тамақ ішу секілді триггерлер қолданылады.
Бұл түрдегі бейнеролик ұйқысы қиын адамдарға, стрессті көп сезінетіндерге, мазасыз, уайым басым жандарға, демалғысы келетін немесе медитациямен айналысатындарға пайдалы. Дегенмен, АСМР сезімін барлық адам бірдей сезіне бермейді. Ол адамның жеке өзінің қабылдауына байланысты әсер етеді. Ең алғаш АСМР-ді 2010 жылы американдық Джениффер Аллен ойлап тапқан болатын. Ол өзінің ғарыштық дыбыстарды естігенде, миының демалғандығын айтады. Сонымен бірге бұрын-соңды болмаған түсініксіз сезімге бөленгендігін байқайды. Ол мұны интернет арқылы іздеп, ешқандай ақпарат таппайды. Кейін фейсбук желісіне өзінің басынан өткерген сезімді жазып қалдырады. Бірнеше күннен соң, оның жазбасына пікір жазушылар саны артады. Яғни, Д.Алленның басынан өткен оқиға, барлық қолданушылардың бойынан табылады. Содан ол зерттеуге кіріседі. Нәтижесінде, АСМР-дің адам миының бөліктеріне жақсы әсер ететіндігін анықтап табады.
Көптеген психологтар АСМР-дің релаксация процесіне оң әсер ететінін мойындаған. Психолог әрі нейробиолог Крейг Ричард бұл жөнінде: "АСМР – бұл адамдардың миына тыныштық пен қауіпсіздік сигналдарын жіберетін дыбыстар мен қимылдардың үйлесімі. Бұл жағдай ұйқы алдында немесе стресс кезінде өте пайдалы." – деген екен. Психологтар атап өткен маңызды жәйт, АСМР сезімі барлық адамдарда бірдей бола бермейді. Кей адамдар жұмсақ дыбыстарды жағымсыз немесе тіпті мазасыз күйде қабылдауы мүмкін. Ал психология ғылымының кандидаты, терапевт Елена Лебедева бұл туралы: "АСМР – мидың сенсорлық реакциясы, бірақ оны тек жағымды етіп қабылдайтын адамдар бар. Біреулерге бұл көмектессе, енді біреулерге бейтарап немесе тіпті тітіркендіргіш сезімі болуы мүмкін" – деп, пікір қалдырған.
Бұл туралы ғылыми зерттеулер әлі де жалғасып келеді. 2018 жылы жүргізілген зерттеулер АСМР тыңдайтын адамдарда жүрек соғысы баяулайтынын, босаңсығанын және эмоциялық тұрақтылық артатынын көрсеткен. Бұл оның психофизиологиялық әсерінің бар екендігін дәлелдейді екен.
Біздің елімізде де АСМР мазмұнын жасайтын блогерлер мен контент жасаушылар саны біршама артып келеді. Қазіргі кезде қазақ тіліндегі АСМР видеолары көбейіп, өз тыңдармандарын табуда.
А.НҰРЛАНОВА