Мамандық – Табыс – Жауапкершілік

Иә, табыс табу – әр адамның өмір сүруінің, өзіне де, өзгеге де қажет бола алуының бірден-бір алғышарты. Бірақ соңғы жылдары бұл ұғым өзінің табиғи, мәнді мағынасынан алыстап, көбіне тек мақтану нысанына айналып бара жатқандай. Әсіресе әлеуметтік желіге тәуелді буын арасында табыстың өзі емес, оның сыртқы көрінісі – көлік, киім, демалыс, жалт-жұлт жарнамаға айналған өмір стилі ғана бағаланып келеді. Ал табыстың астарында жатқан еңбек, білім, кәсіпқойлық, мамандыққа деген адалдық, отбасы алдындағы жауапкершілік ұмытылып барады.
Дәл осы арада гендерлік жұмыс шекарасы мәселесі де туындайды. Бұрындары әйел мен еркектің кәсібі айқын бөлінетін: ер адам – сыртта, ауыр шаруамен, ал әйел үйде, отбасы мен балалармен айналысатын. Қазір әйелдер жүк көлігін жүргізіп, ер адамдар визажист немесе бала күтуші болып жүргенін көреміз. Бұл құбылыс – уақыттың, замана талабының белгісі.
Бір мысалы, әлеуметтік желіде перде тігумен және клинингпен айналысатын Нұрхан есімді жасты көпшілік таниды. Бозбаланың жұмысы сынға көп қалса да, өзі сұхбатында осы кәсібі арқылы отбасының бар қажеттілігін өтеп отырғанын айтады. Жалпы гендерлік шекараның бұзылуын біреулер «қалыпты» десе, ендігісі қоғамның құндылықтардан алыстағанының көрінісі деп қабылдайды. Дегенмен, табыс табу кім арқылы болса да, адал, заңды жолмен болса, оның жынысы, жасы, салтына қарамауы керек. Өйткені нәпақа табу – әр адамның өз өміріне, жақындарына деген жауапкершілігінің бір формасы.
Сонымен қатар қоғамда адамды оның тапқан табысына қарап бағалау үрдісі күшейді. Бұл бір жағынан бәсеке мен еңбекке ұмтылысты арттырғанмен, екінші жағынан көпшілікті «тез байып кетудің» жолын іздеуге итермелейді. Бірі криптовалютаға, тағысы «коучтардың» сөзіне алданып, енді бірі оңай жолмен атақ-даңқ іздейді. Алайда нағыз табыс материалдық игіліктен бұрын, адамның өз міндетін адал атқаруынан, кәсібін шын жүрегімен сүюінен туындайды. Ол Абай айтқандай, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбейдің» өмірлік шындығы.
Бүгінде табыс табудың жолдары әртараптанған. Кеңсе қызметкері, мұғалім, дәрігер, құрылысшы, жүргізуші, дизайнер, тігінші, SMM маман, стартап иесі секілді әркім таңдауы мен бейіміне қарай табыс көзін табуы мүмкін. Қоғамда дәстүрлі мамандықтарға деген көзқарас кейде төмендегенімен, олар әлі де өз маңызын жойған жоқ. 2025 жылғы Қазақстандағы еңбек нарығы жөніндегі мәліметке сүйенсек, ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында дәрігерлер, IT саласы қызметкерлері, ұстаздар, инженерлер мен құрылыс мамандары бар. Сонымен қатар, фриланс және кәсіпкерлік саласы да ерекше серпін алып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде жеке кәсіпкерлер саны 1,8 миллионнан асты, оның ішінде әйелдердің үлесі 47%-ды құрап отыр. Бұл – әйелдер де кәсіп бастауда белсенді екенін, табыс табуды тек ер азаматтың емес, жалпы отбасы жауапкершілігінің бір бөлігі деп түсінетінін көрсетеді.
Байқағанымыздай, бүгінгі таңда табыс көзі көбіне жеке кәсіппен байланысты. Жастар арасында тігін цехтары, кулинария, онлайн оқыту курстары, маркетинг, дизайн, фото-видео қызметі, IT саласындағы фриланс кең етек жайды. Жақсы үрдіс, себебі әркім өз ісінің иесі болуға, табысына жауап беруге, уақытын өзі басқаруға ұмтылады. Бірақ кәсіпкерлік те үлкен жауапкершілік. Кәсіп бастау – салық, клиент алдындағы адалдық, сапа, қоғам алдындағы этика деген мәселелерді де қамтиды. Шын кәсіпкер – өз ісіне адал, табысына тәкаппар емес, қарапайым, еңбекке құрметпен қарайтын адам.
Өкінішке қарай, кейбір жастар арасында «табыс» ұғымы тек ақша мен биліктің өлшеміне айналған. Адамның қандай мамандық иесі екені емес, айлығы қанша, көлігі қандай, киімі қандай дегенге көбірек мән беріледі. Бір-бірін «көтермейтін» жұмысқа менсінбей қарайтын жастар көбейді.
Мақтан үшін емес, мақсат үшін еңбек еткен адамның табысы – берекелі. Оның еңбегң қалай тапқаны, кімге пайда әкелгені, кімнің өмірін жеңілдеткені арқылы бағаланады. Пайғамбарымыздың хадисінде де: «Адал еңбекпен табылған табыс – ең жақсы табыс» делінеді. Демек, адал болу үшін еңбек ету – рухани кемелдіктің белгісі. Ал табыс – сенім мен аманат. Отбасын асырау, балаларды жеткізу, қарт ата-ананың қажетін өтеу, қоғамға аз да болсын үлес қосу – бәрі де табыс табумен тығыз байланысты. Сол себепті де бұл ұғым мақтану мен «жарқырау» үшін емес, сеніп тапсырылған жауапкершілікті орындау үшін қажет екенін ұмытпауымыз керек.
Қорытындылай келе, табыс табу – адамның тіршілік етуінің, дамуының, адам ретінде қалыптасуының бір бөлігі. Ол – борыш, өзіңе, еліңе, отбасыңа қызмет етуге берілген бір мүмкіндік. Сол мүмкіндікті кім қалай пайдаланса – өмірі де солай өрнектеледі.
Г. САҚТАПОВА