Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық жағдайы

Көкжөтел ауруы науқаста бастапқы кезде салқын тию белгілерімен басталады, яғни дене қызуы 38 0С -қа дейін көтеріліп, мұрыннан су ағу,түшкіру, бас ауру, құрғақ жөтел секілді белгілері болады. Одан әрі ауру белгілері дамып, құрғақ жөтел күшейіп ұстамалы жөтелге айналады. Бұл жөтел әсіресе науқастарды түнде және таңертеңгілік уақытта қатты мазалайды. Жөтелген кезде ауаның жетіспеушілігі сезіледі. Жөтел ұстамалары кезінде бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып ысқырықты тыныс тартуға ұласады. Ұстаманың соңы шырышты қақырық бөлумен немесе құсумен аяқталады. Ұстамалар күніге жеңіл жағдайда 5-8 реттен, ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін. Бұндай белгілер, көп жағдайда осы ауруға қарсы екпе алмаған балалар мен жасөспірімдер ауырған кезде байқалады .
Көкжөтел ауруымен ауырған кезде дер кезінде дәрігерге көрініп, уақытылы, сапалы ем алмаса науқаста мидың зақымдануы, пневмония, иммундық жүйенің әлсіреуі тәрізді асқыну жағдайларына ұласады.
Аурудың алдын алу шаралары:
-Көкжөтел ауруының негізгі алдын алу шарасы осы ауруға қарсы екпе болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн.
А. БАЛШАМБАЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысының м.а
Фото: Нұрболат Нұржаубай