БАЗАР АПАНЫҢ ШАШУЛАРЫ

Қ.К.Тоқаев
Қазақтың керемет бір дәстүрі - жақсылыққа балап шашу шашуы.
Шашу – үлкен қуанышты сәттің айғағы ретінде, береке-молшылық тілеу мәнінде ел ішінде ертеден атқарылып келе жатқан ғұрыптық жосын. Шашу –тәтті кәмпит, құрт-ірімшік, өрік-мейіз, ұсақ әшекей, күміс бұйым, тиын-тебен шашу арқылы жасалады. Ел арасында дүбірлеген той болып жатқанда, бір жақсылық нышандары болып жатқанда үйге келушілер сол қуаныштарға ортақ екенін білдіру үшін әкелген сый-сипапатының да атауы.
Ал шашуды, әрине, халыққа қадірі бар, әулеттің үлкені боп саналатын аналар, апалар ғана шашуының мәні өсіп-өну, өркендеу деген тілектен туған. Дәлірек айтқанда, осындай торқалы тойда, шат-шадыман сәттердің көп болуын, бірінің артынан бірі келуін, Жаратқанның үйіп-төгіп береке, молшылық беруінің тұспалдайтын әрекеті болып табылады. Аналар қолымен шашылған мол шашуды тойшылар, жиналған қауым таласа-тармаса теріп алып, оның жұғысты болуы үшін ырым ретінде балаларына, кішкентайларға апарып береді.
Шашу шашудың келесі бір мәні шаруашылық іс-әрекеттеріне де байланысты болады. Олар қандай бір істі бастар кезде немесе оларды атқару барысында болатын айтулы сәттерін белгілеу үшін де жасалады.
Төрт түлік мал өсірген халқымыз осыған байланысты «Кереғап шашуы», «Көгенбасы», «Шашыратқы», «Бие байлау», «Тулақ шашу», «Кілем бастау», «Кілем құру», «Құс қайыру» шашулары шашылады. Сондай-ақ осы шашуға байланысты ырымдардың бірі – сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде көп кешікпей үлкен қуаныш болады, той жасалады, молшылыққа кенелеміз деп ырымдайды. Және де шашу түйіп әкелінген асжаулыққа, түйіншекке сарқыт, сыбаға салып қайтарады.
Шашу шашудың түпкі мәні – көпшіліктің алғыс, ықыласына бөлену. Және игі істің бастамасы кезінде, қуанышты сәттерде бала-шағаны, жастарды шашылған тағам, бұйымдарға таластырып, көпшілікті қызыққа батыру арқылы, жүрекжарды көңіл-күйін әйгілей отырып, береке тілеу үрдісі. Содан да қазақ халқымызда «жиған-тергенің тойға шашылсын» деген дәстүрлі тілек айтылады.
Иә, шашу дегенде осы күні көбіне-көп ойымызға Арал өнерінің анасы, ғибратты жан Базар Қостаева көз алдымызға келеді. Бүкіл ғұмырын мәдениет пен өнерге арнаған атақты композитор Мұрат Сыдықовтың сүйікті жары Базар-ана өңірімізде болып жатқан барша мәдени шараларда, мерейтойлық салтанаттарда, өнер отауларының ашылу сәттерінде, мерекелік атаулы күндерде ұлттық киімін киіп келіп, ақ тілегін ақтара отырып алып келген шашуын көпшілікке шашады. Бұл өнердің анасы атанған жанның осындағы барлық қуаныштарға деген ыстық көңілін, ізгі ниетін білдірсе керек. Әрине, сол кештегі қуаныштың иелері де Базар-ананың шашуына балаша қуанысып, көңілдері көтеріліп, алғаусыз алғыстарын риясыз көңілмен жеткізіп жатады. Ал сол қуанышты сәттің куәгерлері болып отырғандар сол шашудан таласа-тармаса алып жатып: «Мұрат ағамыздай ел-халыққа танымал болсын, Базар апамыздай асыл ана, айдай ару болсын» десіп ырымдап алып, үйлеріндегі немерелеріне, балаларына апарып беріп жатады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы емес пе.
Кешегі өткен көпті көрген алтын құрсақты аналарымызды, елге белгілі апаларымызды көрген, олармен дәм-тұздас болған, сұхбаттасқан Базар-ана енді міне, халқымыздың осындай бір асыл дәстүрін барлық жерлерде насихаттап, үлгі-өнеге етіп, тәлімдік жағын көрсетіп те, түсіндіріп те жүр. Не деген жарасымдылық!
Әз-Наурыздың мерекелі онкүндігі келгенде, алғашқы шарасы аудандық Мәдениет орталығы Жыраулар аллеясында ұйымдастырған «Көрісу» күнінде де Базар-ана қоржын толы шашуын әкеліп, осында көріністі тамашалауға келген барша жұртшылыққа, өз өнерлерін көрсетіп жатқан жырау-жыршыларға, әнші-термешілерге, үкілі үмітті жас өнерпаздарға өз салтанат, сәнімен шашып, мереке көркін асырғандай болды.
Осынау әдемі сәтті көргенде жергілікті ақын Ерғали Абдулланың Базар-анаға арнаған өлеңі көңілге орала берді.
Халқының қадірменді жансын бағы,
Марқайсын айдынды Арал асылдары.
Ақ ниетін арнайтын адамдарға,
Шашылсын Базар-ана шашулары!
Мұраттай біртуардың ғасырдағы,
Музасы – жанындағы асыл жары.
Тойларды думан-тойға ұластырып,
Шашылсын Базар-ана шашулары!
Бақытын бағалайтын басындағы,
Аралдың жарқырасын жасындары.
Өнер мен мәдениеттің арнасында,
Шашылсын Базар-ана шашулары!
Аузынан тобасы кетпеген, қолындағы шашаршашуы сарқылмаған Базар-ана биыл 78 жастың көжесін ішіп отырған ардақты ана, мейірбан әже. Олұзақ жылдар бойы мәдениет, білім салаларында еселіеңбек етті. Өмірлік жары марқұм Мұрат Сыдықұлымен бірге Арал өнері мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосты. 1980 жылы Сыдықовтардың отбасылық ансамблі құрылып, ол осы жанұялық ұжымның әншісі болып, отбасылық ансамбль республикалық байқауда жеңімпаз болған.
1989 жылы ансамбль «Халықтық» атағын алды. Қазақтың күміс көмей әншісі Роза Бағлановамен кездесіп, өз шаңырағында жайлап, одан өнеге алған. Әлі күнге атақты әншінің дәстүрін, үлгісін, ән айтумәнерін жастарға үйретуден жалықпай келеді.
Айтқандай, композитор Мұрат Сыдықұлының көптеген әуенді әндері сүйікті жары Базар Қостайқызына арналған. Осынау әсем әндерді өзі де тамылжыта орындайды.
Айдынды Арал өнеріне, мәдениетіне, оның дара да, дарынды перзенттерінің мерейтойларына қай кездеде ниеттеп шашу шашып жүрген Базар-ананың әр шашуы ана әулетіне береке-дәулет боп қайтсын. Жақсы дәстүр кейінгілерге үлгі болсын!
Ерғали АБДУЛЛА