Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Толқын" – сенімді серігім

"Толқын" – сенімді серігім

Иә, бүкіл аралдықтардың ең сүйікті газеті «Толқынның» да 95 жылдығы жақындап қалыпты. Сүйіктісі деп ерекшелеп айтып отырған себебім, осынша жыл бойы Арал ауданының тарихын тасқа басып, шежіресін жазып келе жатқан жалғыз басылым өзі болғандықтан еді. Онымен қоса  сарғайған беттерінде аралдықтардың ата-әжелерінің, әке-шешелерінің еселі еңбектері мен ерен ерліктері сайрап жатыр. Асыл бейнелері де жылышырай қарап тұрады. Керек кезінде қажетіңді табасың... Жаныңа жақын. Міне, сондықтан сүйікті.
«Толқынның» мен үшін де орны бөлек. Өйткені 1965 жылдан, 12 жасымнан бастап күні бүгінге дейін қол үзген жоқпын. Әуелі әкем Өмірзақ жазылды, одан кейін өзім жазылып оқыдым. Бертін келе, осында шығармашылық еңбек жолымды бастадым.
Мені білмейтін оқырмандарға аспаннан түскендей болмайын, әңгімені өзім туралы деректерден бастайыншы. Мен 1953 жылы 10 қарашада осы Арал ауданының Беларық (Жаңақұрылыс) ауылында жарық дүниеге келгенмін. 1970 жылы қаладағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы қазақ орта мектебін бітіргенмін, мектеп қабырғасында жүргенде сурет салу өнерімен шұғылданып, аудандық сурет көрмелеріне қатыстым. Салған суреттерім 1980 жылдың ортасына дейін мектепте сақталды. Табиғат көрінісін бейнелеген бір суретімді сол жылдары ұстазым Аманжол Жолмағанбетов ағайдың кабинетінен көрген едім.
Еркін күреспен айналысып, 1969, 1970 жылда екі рет аудандық біріншілікте чемпион болып, екі рет облыстық біріншілікте жүлдегер атандым . Солай аудан намысын қорғадым 16, 17 жасымда. Баулыған Оразғали Есенов ағай еді.
Сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына 4 пәннен емтиханды сәтті тапсырғаныммен, балым жетпей қалып ауылға қайттым. «Приарал» совхозында (кеңшарында) құрылыс шебері болып істейтін бір ағайынымыз бар еді, сол кісі жұмысқа шақырды. Жұмыс істеп жүріп кеңшардың малшы-механизаторлары, маусымдық жұмыстары туралы мақалаларымды, суреттемелерімді бірінен соң бірін «Толқын» газетіне жібердім де тұрдым. Ол кідірмей шығады. Бірен-саран мақалам да жарияланды. Одан Мойнақ ауылындағы кітапхана меңгерушісі қызметін атқардым.
Міне, осыдан бастап зейнеткерлікке шыққанша ылғи шақырумен жұмыс істеген екенмін. Өз аяғыммен жұмыс сұрап бармаппын ешкімге. Бұл да Құдайдың маған берген бір сыйы шығар деп ойлаймын.
1972 жылы әскерге шақырылдым. Украинаның Хмельницкий қаласындағы Прикарпат әскери округінде азаматтық борышымды өтедім. Абыройлы болдым. Бару бойына спорттық разряды барларды жинап, секцияларға бөлді кесте бойынша. Бір сағат жаттығу жасатады. Мен екі дүркін дивизия чемпионы, қайтар уақыт таянғанда Прикарпат әскери округінің чемпионы атандым. СССР спорт шеберлігіне үміткердің нормативін орындағаныммен, куәлігін алып үлгермедім. Куәлік келем дегенше елге қайттық, 1-разрядтық төсбелгісімен.
Біздің әскери бөлімнің командирі, подполковник Равил Кадырович Камаловтың кеудеме «Отличник Советской Армий» төсбелгісін қадап тұрып: «Жарайсың, қазақ!» деген сөзі әлі құлағымның түбінде тұр. Әрине, орыс тілінде айтты, естілер-естілместей. Сондағы қуанғанымды-ай, бойым шымырлап кетті. Украина жерінде жүріп командирден мұндай сөз есту жас қазақ үшін үлкен мақаныш болып сезілді.
Әскерде жүріп жазған шағын әңгіме, өлеңдерім «Толқын» газетінде жарияланды аракідік.
1974 жылы әскерден оралғасын Мойнақ елді мекеніндегі «Жаршағыл» сегізжылдық мектебінде бір тоқсан денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып істеп, «Толқын» газетіне әдеби қызметкерлікке шақырылдым.
Газет редакторы Сағынжан Ермағанбетов пен жауапты хатшы Оңдасын Бектұрғанов екеуі келіп алып кетті. Мектептен оның алдында редакция жариялаған «Сапа» атты конкурста Шәкірат Дәрмағанбетов ағамыз бірінші, мен екінші орынды иеленгенбіз, жас шопан жайлы очеркім үшін.
Осында талай публицистикалық мақалаларым, очерктерім, әңгімелерім шықты. Арасында облыстық газетке де.
Майталман журналистер Өмірбек Төлепов, Кеңес Өмірзақов, Серік Сейітмағанбетов, Оңдасын Бектұрғановтан да үйренгенім көп болды.
Жас журналистер Аманкелді Өткелбаев, Қуанышбай Мұқашев, Әуесхан Әбдірашевтар менен 2-3 жыл бұрын келген екен.
1977-1980 жылдары Ақтөбе облысы, Истай аудандық «Дала таңы» – газетінің еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан теміржол басқармасының «Болат жол» –газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілші қызметінде болдым. Редакторлар Елеусіз Кенебаев пен Сәбит Баймолдин белгілі журналистер, ақындар еді.
Елеусіз марқұм Аралдың тумасы болатын. «Толқынның» түлегі. Талай айтысқа қатысып, Ақтөбе облысының намысын қорғады.
1981 жылы Арал аудандық «Толқын» газетінің өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі қызметіне келдім. 1991 жылы аудандық «Кітап» қоғамының жауапты хатшысы, 1992-1995 жылдары «Боздақтар» кітабының Арал аудандық редакциясының рекдакторы болып қызмет атқардым. Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіріп, кітапқа енгізу үшін уақытпен санаспай, күндіз-түні жұмыс  істеуге тура келді. Сәтін салып оны да абыроймен орындап шықтық. 1994 жылы әл-Фраби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып бітірдім.
1995 жылы Тараз қаласына қоныс аудардым. Кәсіппен айналыстым. Бірақ жазуға деген сағыныш қайтадан қолыма қалам ұстатты. «Жас Алаш» газетіне екі сын мақалам шығып, жұртты дүр сілкіндірді. «Тараздың «Жас Алашы» қайда?», «Отқа жаққан ақшалар», тақырыптың өзі айқайлап тұрды. Арты шу болғанмен, бұл менің беделімді көтеріп тастады. Республикалық тәуелсіз «Айғақ» газеті Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі етіп қабылдады, 1997 жылдың май айында. Өте қиын кез еді. Елде жаппай берексіздік орын алған шақ. Тәуелсіз газетте қызмет істеуге кез келген журналист тәуекел ете алмайтын.
Бір күні Арал азаматтарынан ұсыныс келе бастады, «Толқын» газеті баспасының директор-редакторлығына. Жұмабай Жақып ағамыз зейнеткерлікке шығып жатыр екен. Көп ойландым. 1997 жылы Алашыбай Баймырзаев шақырғанда бармай қалып едім. Бір көшеде ойнадық, бір мектепте оқыдық. Екі жастай үлкендігі бар еді. Ал, менің көшіп келгеніме екі жыл болған. Үйренісіп, талабым оңынан жүре бастаған. Одан бері он жыл өтті. Біршама жетістіктерім бар. Жаман атым шыққан жоқ. «Барсам, барайын енді» деп шештім.
Сонымен 2009 жылы 29 желтоқсан күні ертеңгі сағат 10:00-де аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев, аудан әкімінің орынбасары Көлбай Данабай, ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділханов аудан әкімдігінен шығып, «Толқын» газетінің редакциясына бет алдық.
Сыртқы есіктен кірісімен «он бізді «оркестр» қарсы алды. Әр жерге қойылған түрлі табақ, шелектерге төбеден су тамшылап, түрлі дыбыстар  шығаруда...
Тамшының дыбысын тыңдап отырып, редактордың кабинетінде әңгіме-дүкен құрдық. Ертеңіне актив жиналысында таныстырды.
Жаңа жылдан кейінгі алғашқы еңбек күні. Күн бірден суытқан еді. Кабинеттер мұздай. Кілтипанын таптық. Қалалық коммуникальдық кәсіпорынының жігіттеріне өтініш айтып жөндеттік. Ендігі қызықты қараңыз. Қағаз кесетін станок әлдеқашан сынып қалған. Газет басатын қағазды көрші Қазалы ауданынан қидырып әкеледі екен. Апта сайын шапқылап тұрады. Бұлай болмайды. Жан-жаққа хабарласып іздедік. Ақырында қағаз қиятын станокты Шалқардан таптық. Ол қағаз ғана емес, картонды да қиятын болып шықты. Көлемі үлкен. Қақаған аязда баспа цехының терезесін бұзып, станокты бөлшектеп кіргіздік. Оны қайтадан құрастырдық. Бәрін өз жігіттеріміз істеді.
Редакция жылыды, жарықтанды, қағазды өзіміз қиятын болдық.  Қағазды қиып, газет басатын Айдар Есенжолов. Шаруаға бесаспап жігіт.
Апта сайын лездеме өтеді. Көп мәселені сонда талқылаймыз. Еңбек тәртібіне, кеңсе мәдениетін сақтауды, еңбек өнімділігін арттыруды қолға алдық. Алғашқы күннен газеттің көркемдігі (дизайны) мен мазмұнына мән бердік. Сосын материалдарды әр жерден, әр ауылдан түрлі тақырыпта болуын қадағалап отырдық. Жаңа айдарлар қойдық. Бұл жерде оның бәрін тізіп отыру артық болар. Газет беттеріндегі материалдардың географиясын жасадық. Солай. Беттегі сызықтардың үйлесімділігіне дейін зер салдық. Осыдан кейін газет мазмұны байып, көркемділігі көз тартып, құлпырып шыға келді. Ұдайы осылай жасадық. Осылай жалғаса берді. «Ақ айдын» атты әдебиет бетін, ауыл өміріне арналған «Жазира» бетін, «Шанышқы» сын-сықақ, «Көңілашар» демалыс мүйісін аштық. Бұл оқырмандардың көңілдерінен шығып, риза етті.
Көктем шыға редакцияның шатырын жөндеп, сыртын сылап, әктеп, шартақты бояп, артқы жағындағы қоқыстарды шығарып, таза құм төсеп, аршыған жұмыртқадай қылып қойдық. Алдыңғы беттегі қамысты шауып, жерін өңдеп, жағалата тал ектік. Ара-арасына Алматының «Ботаникалық бағынан» әдемі гүлдердің тұқымын алдырып ектік. Жазда редакцияның алды жайнап  шыға келді.
2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сырт келбетін жаңа ғимарат кейпіне келтірдік, іші де жөнге келді. Алды жасыл-желек, құлпырған гүлдер. Алыстан әп-әдемі көрініп, көзді қуантты.
Бір актив жиналысында аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев: «Сендер жер сор, тал да, гүл де өспейді» дейсіңдер. Әне, «Толқын» редакциясының алдын қараңдаршы, тал да, гүл де өсіп, жайнап тұр. Сөзді қойыңдар,  мекемелеріңнің алдына тал да, гүл де егіңдер» деп тапсырма бергенде көңіл  бір марқайып қалған. Көктемінің кезі еді.
Мен келгенде баспаның жұмысшы-қызметкерлері аз ғана жалақымен жүр екен. Жалғыз жалақы. Бұл мені қанағаттандырмады. Жалақыларын көтеріп, жағдайларын жасау үшін табысты молайту қажет. Ол үшін оның көзін табу керек. Таптық. Табыс көбейе бастады. Ұжым мүшелерінің бәріне тоқсан сайын бір айлық көлемінде сыйақы, еңбек демалысына шығатындарға экологиялық қомсымшаларға қоса, «он үшінші» айлық бердік тағы. Жағдай жақсарып қалды. Осы жерде бас маманымыз Мариямкүл Құрманованың да елеулі еңбегін айта кетуіміз керек. Көп жыл қызмет атқарған Зейнеп  зейнеткерлікке шыққан соң, бірнеше үміткердің ішінен еңбек тәжірибесі мол деп осы Мариямкүлді бас мамандыққа қабылдағанмын. Сенімді ақтады.
Жауапты хатшы Жаңабай Кемалов ағамыз да зейнеткерлікке шығып, орнына Абай Елешов отырды. Жаңадан Аққу Мелдешова, Света Үсенқұлова, Алтынбек Бисенов, Лаура Әйтімова, Оңталап Жолдасов деген жастар жігерлерін жанып, қаламдарын ұштап келді. Қал-қадірімізше ақыл-кеңесімізді айтып, тәжірибеден жинағанымызды үйреттік. Лаура Әйтімова мен Аққу Мелдешова облыстық бәйгеге қатысып, бас жүлделі орынды иеленді. Басқалары да жазу шеберліктерін шыңдай түсті. Соның арқасында оқырмандарға жақсы танылды. Бұрынғылардан редактордың орынбасары Құндыз Дәуітова мен бөлім меңгерушісі Толыбай Абылаев қалды. Ұжым жасарды.
2012 жылы «Үздік аудандық газет» аталымын иелендік. Облыстағы табысты ұжымға айналдық газет редакциялары арасында. Әрине, бұл ұжымдық еңбектің нәтижесі.
Дизайнер Руслан Смағұлов, корректор Күлдәрі Көздібаева, операторлар Күнзипа Ізденова мен Райкүл Пірманова, баспасөз маманы Күлмараш Ерғазиевалар нағыз өз істерінің мамандары болды. Жетістікке жетуімізге әрқайсысының өзіндік үлестері бар.
2014 жылы жазда барлық аудандық газеттер облыстық «Сыр-медиа» ЖШС-іне қосылды. 2016 жылы пошта қызметінің қымбаттауына байланысты бұл жұмысты әр редакция өз міндеттеріне алды. Бұл жұмысты ұйымдастыру кезінде қатты қиналдық. Қала көшелерінің тізімін жасап, оны учаскелерге бөлдік. Әр учаскіге бір газет таратушы. Сексеуіл кентіне де солай. Басқа ауылдарда бір-бір газет таратушы, бұрын мұндай жұмысты істеп көрмеген газет таратушылар әдепкі кезде қиналғанымен, кейін төселіп кетті. Сөйтіп кәдімгідей жолға қойып алдық. «Сыр-медиа» ЖШС-і жанынан шығатын газеттерге жазылуды да өзіміз жүргіздік. Алынбас қамалдай көрінгенімен, бұл да қалыпқа түсті. Бұрынғы үйреншікті жұмысымыз бен соңғы тың ісіміз бір ырғаққа қосылып, үйлесім тауып кетті.
Айтпақшы, осы аудандық  «Толқын» газеті мен  аудандық баспахананы қосу идеясын Сағынжан Ермағанбетов ағамызға редакция тіршілігіне қиындық туа бастаған 1990 жылы айтқанмын. Өйткені, 1978 жылы Исатай аудандық газет пен баспахана бір мекеме болатын. Жұмыс таныс. Тиімді. Селқос тыңдады. Сөйтіп жүргенде 1991 жылы журналист, жазушы, Сырдария аудандық осы аттас газеттің редакторы Жақсылық Рахматуллаев ағамыздың екі мекемені қосып, тіпті оның жанынан қосалқы шаруашылық құрып, басқарып отырғанын есіттім. «Толқынның» өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісімін. Сол күні сапарға шықтым. Азанда поездан түсіп, Тасбөгет кентіне тарттым. Жұматәлі Әбдіраманов «Сырдария» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі еді. Іссапарда жүр екен. Редактордың өзіне кірдім. Амандасып, аты-жөнімді айттым. Жылы қабылдады.
Келгендегі шаруама көштім. Құп көрді. Обалы не керек, бүкіл құжаттардың үлгісін берді. Рақметімді айтып, түнгі пойызбен ауылға қайттық. Арсалаңдап Сағынжан ағама келдім. Қуанышымда шек жоқ. «Бала, кеше жұмысқа неге келмедің?» деді. Себебін айттым. Құжаттардың үлгісін көрсеттім. Бастығым самарқау қарады. «Болмайтын іс қой. Бар, жұмысыңды істе» деді.
Менің сондағы мақсатым, редакцияны қаржылық тығырықтан шығару еді. Соның жолын іздеген түрім, бір терінің пұшпағын илеп жүргесін. Басқадай титтей де ойым болған жоқ. Шаруашылық есепке көшіп, редакцияның қиналған кезі еді, жоғарыда айтым ғой.
Сонан көп ұзамай аудандық «Кітап» қоғамының жауапты хатшысы болып кеттім. 1995 жылы күзде құжаттардың үлгісін аудан әкімі Биғали Кайыповтың кеңесшісі, журналист Еркін Әбіловке беріп кеткенмін. Өзі редактор болғаннан кейін екі мекемені қосуға қол жеткізді, аудан әкімі Алашыбай Баймырзаевтың көмегімен.
Өзім туралы өмірі жазып көрмегендіктен біраз ыңғайсызданып, қиналдым. Бірақ редакция тапсырмасы солай. Амал жоқ, орындауға тура келді. Сонда да қолайсыз сезінгендіктен, көркем тілден гөрі өмірбаяндық тілден аса алмадық. Сол ізбен жалғастыра берсек, менің «Толқынмен» байланысымның үзілмегеніне 55 жыл болыпты. Қайда жүрсем де, хабарласып тұрамын. Материалдар жіберемін. Аралға табаным тисе, редакцияға соғып, қыз-жігіттермен сөйлесіп, сағынышымды басамын. Аттап кеткен кезім жоқ. Өзім де осы шаңырақта 21 жыл еңбек еттім. Сол жылдар көшінде талай-талай жолдастар да, достар да болды. Бірақ бәрі өз жолдарымен кетті. Марқұм фототілші Жұмахмет Есенжолов достыққа берік еді. Топырағы торқа болсын.
Серіктерімнің ішінде айнымай келе жатқан осы «Толқын» газеті. 55 жыл үзбей байланысып келеміз...
Бүгін аралдықтарды алда келе жатқан «Толқынның» 95 жылдығымен құттықтаймын! Ортақ қуанышымыз көп болсын!
Шымкентай ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалінің» иегері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі.
16 қыркүйек 2025 ж. 74 0