Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 19 қазан-Құтқарушылар күні: Құрыш қайратты қайсар жандар

19 қазан-Құтқарушылар күні: Құрыш қайратты қайсар жандар

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қалыптасуы мен дамуы барысында азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі болды. Осы бағытта айрықша миссия жүктелген құрылым – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі. Мекеме биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – ел қауіпсіздігін күзеткен мыңдаған құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне берілген баға.
1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.Құтқарушылар азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
ҚР «Азаматтық қорғау» заңы бойынша іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын алдын алуға және жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару, ол жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азамттарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Әр өңірдегі департтаментте де жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді.
Сонау 100 жылдан аса уақыт бұрын, 1921 жылы Арал қаласында «Қауіпсіздікті қорғау орталығы өрт сөндірушілер командасы» құрылған болатын. Бастапқы кезде ерікті өрт командасы су жүйесіне бағынышты болды. Өрт сөндірушілерге әрқайсысы сыйымдылығы 300-350 литр болатын бөшке орнатылған екі ат арба беріліп отырған. Сол жағдайларға қарамастан, Аралдан шыққан алғашқы өрт сөндірушілер тобы өртке қарлығаштың қанатымен су сепкендей дабыл қағылған сәттен бастап өз жұмыстарын мүлтіксіз орындап, ерекше серпінмен қиын кезеңдерді еңсерді.
Мұның өзі аудан үшін үлкен абырой әрі ерлердің ерен еңбегінің жемісі еді. Сол кезде басшылық қызметте Мефодий Жуков айналысқан еліміздің экономикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы өте қарқынды дамыды, қала көлемі ұлғайып, өндіріс пен кәсіпорын күн сайын қос қолдың саясындай дамып отырды. Соған сәйкес, қаладағы өрт сөндірушілердің міндеті дараланып, жұмыстары айқын көріне бастады. Осылайша 1933 жылы су жүйесін бақылаушы мекемеден бөлініп шықты да, қалалық өрт сөндіру командасының иелігіне сол уақытта 43 өрт сөндіруші қызмет етіп, олар қажетті құрал жабдықтармен жабдықталды.
Дүрбелеңге толы кезеңде өрт сөндірушілер командасының облыс орталығында емес, Арал қаласында құрылуының да өзіндік мәні бар еді. Қаланың жедел өсіп-өркендеуі, Волга қаласындағы аштан қырылудың аз-ақ алдында тұрған Ресей халқын сақтап қалуы, теңіз маржандары мен оған жан-жақтан түскен сұраныс оның болашағынан үлкен үміт күттіретін. Одан кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 1934 жылы өрт командасының тұрақжайы ретінде қала орталығындағы бұрынғы атақты татар байының үйі берілген. 1939 жылы сол кездегі талапқа сай өрт командасы күллі еліміздегі ме кеме секілді ішкі істер министрлігінің қарамағына өтті. Сол тұста Арал өрт сөндірушілері Газ-АА автонасосына, цистернаның сыйымдылығы 2200 литр қол насосымен жарақтандырылған ЗИС-5 автокөлігіне ие болды. Және өрт сөндірушілердің жеке құрамы 41 жанға көбейді.
Ол жыл өрт сөндіру тарихында ең атаулы кезең ретінде есте қалған еді. Себебі бұрынғы ат арбаның орнын тілсіз жауды әп-сәтте сөндіре алатын техникалық құралдар бөлінген болатын, сонымен бірге өртке оранған үйлер мен қора жайларды сөндіруде бөшкелеп су таситын қиыншылықтар артта қалды. Қандай да бір тарих бетін ақтарсаңыз да тілсіз жаудың адам баласы үшін қаншалықты қайғы-қасірет екенін қапысыз ұғуға болады. Сондықтан бұл оқиғалар тізімі аудандағы үлкен қуанышты жаңалық болды. 2017 жылға дейін Мұрат Күмісов басшылық еткен мекеме қиын сәттерді еңсеріп, Мұрат Жиенбаев бөлім басшысы болған уақытта, яғни 2018 жылы Арал аудандық «№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі» болып, соңғы үлгіде салынып қайта құрылды. 2025 жылға дейін Дархан Шакенов басшылық еткен мекеме бүгінде үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Мекеме қарамағында бүгінде 107 жан жұмыс істесе, арнайы 4 өрт сөндіру көлігі, 1 жеке құрамды тасуға арналған «Урал», 1 авариялық құтқару аспаптарымен жабдықталған АСА-20 және 2 көмекші автокөлікпен қамтылған. Ал атқарылған жұмыстар легі туралы бөлім басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Айдос Мұратұлы Сыдықов:
Жалпы өрт сөндіру қызметкерлері кезекшілік уақытында өрт сөндірумен қатар авариялық құтқару жұмыстарына да қатыстырылады. Оның ішінде жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлік ішінде қалып, көмек қажет адамды көліктен шығару, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету және жоғалған адамды іздеу, септікке түсіп, шыға алмай қалған үй жануарын құтқару сынды жұмыстар бар.
№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне жыл басынан бастап 135 хабарлама тіркелді. Бүгінге дейін бөлімше 39 өртке, 59 өртке жатпайтын жану оқиғаларына және 14 авариялық-құтқару жұмыстарына шығып, төтенше жағдайлардың бетін қайтарды.
Сонымен қатар Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Атап айтар болсақ жыл басында қыс мезгілінде республикалық маңызы бар «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» тас жолы ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше рет автокөліктер қозғалысына тыйым салынған болатын. Сол уақытта бөлім қызметкерлері жолда жүрген жолаушыларға көмек көрсетіп, жылы орындармен қамтамасыз етті.
Көктем мезгілінде Сырдария өзенімен жүрген сеңнің қауіпсіз өтуін бақылауда ұстап, жақын орналасқан елдімекендерді су басу қаупінің алдын алды.
Сонымен қатар аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Жыл басынан бастап өрт қауіпсіздігі бойынша «Таза түтін мұржасы», «Қауіпсіз сауда», «Бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні» акциялары өткізілді, – дейді.
Бөлім қызметкерлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар минситрлігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 игі іс» акциясы аясында негізгі қызметтік міндеттерінен бөлекте ауданымыздағы тұрмысы төмен отбасыларға, жалғыз басты қарт кісілерге, мүгедектігі бар азаматтарға үйінің ауласын тазалау, азық-түлік, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз ету, «Мектепке жол» акциясы аясында кіші жастағы балаларды мектеп киімімен қамту сынды көмектер көрсетуде.
Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық тарихы – тәуелсіз Қазақстанның даму тарихымен біте қайнасып жатыр. Ол уақыт азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған үздіксіз еңбек, жанқиярлық пен жауапкершіліктің тарихы.
Мейрам қарсаңында барша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің отбасына амандық тілей отырып, жұмыстарыңыз жана берсін демекпіз.
Г.САҚТАПОВА
20 қазан 2025 ж. 84 0