Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕРДЕРІ – КӨНЕ ЗАМАННЫҢ КУӘСІ

КЕРДЕРІ – КӨНЕ ЗАМАННЫҢ КУӘСІ

  Бізде демалыс деген бола бермейтіні бесенеден белгілі. Журналистік қызметтің өзге салалардан артықшылығы да осында. Көреді, көргенін көңілге түйеді.Жеті атасын түгендеп өскен қазақпыз. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп ұлан-ғайыр даланы ұрпаққа аманаттаған жауынгер халықпыз. Соның бір айғағын дәлелдеген шара аудандық мәдениет үйінде шымылдық түрді. Нақтырақ тоқталсақ, қараша айының екінші жұлдызында Кердері руының V-Құрылтайы салтанат құрып, оған республиканың түкпір-түкпірінен аталмыш рудың ұрпақтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» алыстан ат арылтып келді. Тіптен сонау көршілес Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінде де руым «Кердері» деп тұратын қандастарымыз төбе көрсетті.
Жалпы, Кердері – Кіші жүздің Жетіру тайпасының құрамына кіретін ру ретінде тарихтан мәлім. Хорезмнің солтүстігінде Кердері деген мемлекет болған. Бір дәуірлерде қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен жауының мысын басқан осы рудың батыр бабалары қазақтың қас дұшпаны саналған жоңғарларды қынадай қырған.  Айбаты алысқа танылған Кердері руынан қаншама қаһармандар шығып, елін, жерін ниеті бұзық дұшпандардан қызғыштай қорыған. Біреу білсе, біреу білмес, X ғасырда Арал теңізі «Кердері теңізі» деп аталған екен. Ол жөнінде танымал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі Нұрбек Әмиша дайындаған журналистік жолжазбадан анық аңғарылды.
Кердерідей бабасын ұлықтауға жиналған жұртшылық өздерінің аталарымен марқаятындарын жарыса жеткізді. Осындай тәрбиелік мәні зор бастамаға ұйытқы болған ұйымдастырушылар алдында сөз алған аудандық «Толқын» газетінің Бас редакторы Айдар Сайлауов қатпарлы тарих беттерінде Кердерідей құндылықтың айна-қатесіз екенін айғақтайтын дерек те дәйекте жетерлік екенін алға тартты. Ұрпақтар ынтымағын нығайтып, Кердері дәуірін дәріптеген үлкен-кішіге шынайы алғысын өлең шумақтарымен өрді.
Мұнан соң зал толы қауым сауабы мол бастаманың басында жүрген жанның бірі де бірегейі «Күрес пен үміт» атты бейнефильмнің авторы  Орал, Ақтөбе қалаларында өткізілген құрылтайлардың жүргізушісі Төрехан Құрманбайұлы сахна төріне көтеріліп, көпшілік назарына ұсынылған фильм төңірегінде ой бөлісті. Сондай-ақ ол мұның алдында да еліміздің бірқатар аймақтарында қолға алынған Кердері құрылтайының айдынды өлкеде жалғасын тапқанын жақсылықтың нышанына балап, Кердері атауы мен Арал теңізі қатар аталатыны осы рудан тараған ұрпақтар үшін үлкен мерей екенін тілге тиек етті. Артынша рудың басын қосқан құрылтайда белсенділік танытқан бір топ жандар Алғыс хатпен марапатталды.
Қанымызда кездесетін бір жәйт бар. Айталық екі қазақ танысса алдымен амандық сұрайды, содан соң туған жерін, шыққан тегін, жеті атасын тәптіштеп сөзге тартады. Артынша тума-туыс жайында білістік жалғасады. Содан да болар, қазақ «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп өткірлейді. Осы бір салмақты сөздің астарында үлкен мән жатыр. Қазақ руды бөліну үшін емес, бірігу үшін сұрасқан.
 Басқосудың артықшылығы осында ма деп қаласың. Өйткені мұнда қаншама тәрбиелі сөздер, көпке ой саларлық өсиеттер жан-жақты қаузалды. Әсіресе, жастар жағын жеті атасын білуге үндеген алқалы жиында «Кердері руының шежіресі» атты кітаптың таныстырылымы болып, аға буыннан бала буынға дейін өткенді ой елегінде екшеді. Күләш Төлегенқызының елеулі еңбегі оқырмандар олжасына айналып, деректер негізінде жазылған туынды көнекөздерге бәрекелді дегізді.
Артынша жергілікті өнерпаздар бабасын ұлықтаған, туған жерді ұмытпаған қауымның құрметіне домбыра шанағынан күй күмбірлетіп, әсем ән әуеледі.
Бұдан кейін Арал қаласында көрініс тапқан Кердері руының Құрылтайы «Нұр-Ай» мейрамханасында жайылған ақдастарханға ұласты. Қазаққа тән қонақжай болмыс. Өлі әруақтар рухына Құран бағышталғаннан кейін жер-жерден келген меймандар ақжарма тілекпен, жүрекжарды лебіздерін арнап, біркісідей жұмылған аралдықтарға ризашылықтарын білдірді. Бұл жерде де елжандылыққа шақырған өсиетке толы термелер орындалып, батыр бабаларымыздың бейнесін сомдаған көріністер көрсетілді. Жергілікті айтыскер ақын Қайрат Құлекешовтың Кердері жұртына арнаған арнауы ағайынның көңілін бір серпілтті.

А ҚАРЫМСАҚ
10 қараша 2025 ж. 55 0