БАСПАГЕР-ПОЛИГРАФИСТ МҰРАТБЕК
Аудан айнасы – «Толқын» газетінің 95 жылдық мерейтойы – өткенді қайта еске оралтып, тұлғаларды тағы бір мәрте жадымызда ояту, бүгінгіге баға беріп, барымызды түгендеу, келешекке жаңа бағдар алып, соған ұмытылудың көзі. Шынымен де ғасырға жуық шежірелі тарих қаншама мақалаларға арқау болып жатыр.Редакция қызметкерлері дайындаған газет оқырманға жетер жолындағы бір белес – ол баспагерлердің күн демей, түн демей атқаратын елеулі еңбегі болатын. Журналистер дайындаған матералдардың әр әрпін қия жібермей теріп, баспа машиналарына түнімен басып, таңертең ертемен оқырмандарға ұсыну осы мамандық иелерінің міндеті болатын. Сондай бір қадірлі мамандық иесі, отыз жылдай аудандық газетті басқан баспагер-полиграфист Мұратбек Нағашыбаев.1973 жылы азаматтық парызын өтеп, әскер қатарынан келген соң, ол Арал аудандық «Толқын» газетінің баспаханасына жұмысқа орналасқан. Баспахана директоры, соғыс және еңбек ардагері Еңсеп Ізбасқанов жылы шыраймен қарсы алды. Баспаханада төрт цех бар екен. Оны әріп теруші Бақытжан Жолдасбаевқа үйренуші қылып жіберді.
Әріп теруді екі айдан кейін үйреніп алып, ІІ разрядты маман болып жұмысқа бел шеше кірісті. Іскер жігіттің қабілетін байқады ма, баспахана директоры Еңсеп аға шақырып алып: «Сен енді газет басуды да үйрен. Бұл жерде кейде жұмысшылардың бірі ауырып-сырқап қалғанда орнын ауыстыруға болады. Біздің жұмыс аса жауапты. Аудандық партия комитеті уақытында шығуымызды қатал бақылап отырады» деді.
Баспагер ағаларының жанында жүріп жүріп Мұратбек он шақты күнде газет басуды да үйренді. Бұл енді тіпті оңай жұмыс емес екен. Баспа машинасына салынған қағаз сәл қисық кетсе бітті, газет жарамсыз болып шығады. Аудандағы оқырмандардың саны сол кезде он мыңның үстінде екен. Осыншама газетті басуға бес-алты сағат уақыт кетеді. Түнімен аппарат маңында зыр жүгірген Мұратбек таңертеңгі сағат 5-терде маңдай терін сылып тыным тауып, газетті пошта қызметкерлеріне тапсырады.
Шынымен де баспагердің жұмысы адамнан төзімділікті қажет етеді екен. Сол жылдары жастар жұмысқа орналасқанымен де, шыдамай шығып кетіп жатты. Үлкен мерекелерді баспаханада қарсы алады. Өйткені мерекелік газет сол уақыттың талабымен міндетті түрде қызыл бояумен басылады. Ол үшін баспа машинасындағы қара бояудың орнын әбден жуып, орнына қызыл бояуды құяды. Ал машина дұрыс тазаланбаса газет қызыл-қара болып екі түрмен басылып шығады. Тек бертінгі уақытта ғана ленотип деген машина келіп, баспагерлердің жұмысы азды-көпті жеңілдеді. Бұл линотипті де Мұратбек жұмыстан қолы босаған кезде машина жөндеу шебері Бақытжан ағасынан үйреніп алды. Сол жылдары баспаханада цех бастығы Әнапия Ізбасқанов, баспашы Мұхтар Ілиясов сияқты тәжірибелі мамандармен бірге Қайдауыл Райысов, Омар Махамбетов, Мүтіби Сембиева, тағы басқа да жастар жұмыс істеді.
Жалпы аудандық газеттің жанындағы баспахана сол жылдары ғимарат жағынан үнемі қиындық көріп, қаламыздағы бірнеше жерге қайта-қайта көшіп жүрді. Баспахананы көшіру оңай емес. Әрбір техниканың салмағы кемі 2-3 тонна тұрады. Ал енді жазатайым бір бөлшегі істен шықса, қосалқы бөлшек табу өте қиынға соғатын. Содан да болар әрбір көшу мәселесі аса тиянақтылықты керек ететін. Аппараттарды қайта қосқан сәтте ол жұмыс істеп кеткенше баспагерлердің жаны мұрын ұшына келетін. Сол кездегі баспахана басшылары Еңсеп Ізбасқанов, Әуесхан Әбдірашев, Қайырбек Есетов, Оңдасын Бектұрғановтар баспа жұмысшыларына барынша қамқор болып жүретін.
Баспа жұмысы материалдық-техникалық базаның нашарлығымен қоса адам денсаулығына зиян да болатын. Сондықтан әр күні оларға сүт немесе айран берілетін.
Қиын да қызғылықты мамандық иесі болған баспагер-полиграфист Мұратбек Нағашыбаев еңбек еткен осы отыз жыл ішінде белгілі редакторлар Сағынжан Ермағанбетов, Еркін Әбілов, Жұматәлі Әбдіраманов, Жұмабай Жақып, Шымкентбай Жылмағанбетовтермен бірге қоян-қолтық араласып жұмыс істеді.
Ауданның мықты баспагер-полиграфисі болғандықтан да болар, Мұратбек аға көрші Қазалы ауданының «Ленин туы» газетін басуға да атсалысып отырды. Қазалылық газеттің редакторы белгілі ақын Сейіл Боранбаев болатын. Ал баспахана директоры Асан Боранбаев еді. Үш жыл қатарынан бір айдай болып өңір газетін басып қызмет істегеннен кейін олардың да Мүкеңе алғысы зор болатын.
Маман ретінде Мұратбектің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жылда Баспасөз күніне орай жоғарғы органдардың мадақтамалары мен ақшалай сыйлықтарына ие болды, суреті Құрмет тақтасынан түскен жоқ. Елеулі еңбегінің, көкірек көзі ашық азаматтық болмысынан болар Мұратбек Нағашыбаев үш мәрте Арал қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Сонымен бірге он бір жыл бойы аудандық сот төрағалары Ғаниев, Жұбанғанов, Тәжімбетовтердің кезінде халық заседателі болып сайланып, қылмысты істердің ақ-қаралығына байланысты әділ шешім шығарылуына өз үлесін қосып отырды.
Бұл күндері Мүкең қоғамдық өмірге де белсене қатысады. 2023 жылы «Мұрагер» Варшава шарты әскери күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып, кейінгі жастарды Отан қорғау үшін әскери қызметке даярлауға шақырып Отан сүйгіштік бағытында насихат жүргізеді. Сондай-ақ аудандағы баспасөз ардагерлерінің қатысуымен өтетін барша іс-шаралардан қалыс қалып көрген емес.
Аудандық газет баспасының ардагері Мұратбек Нағашыбаев – бүгінде үлкен әулет атасы. Төрт ұл-қызы бір-бір үй болып, олардан он шақты немере сүйіп отырған жайы бар. Үйде отырса да Мүкең әр аптаның сейсенбі және сенбі күндері «Толқын» газетін күтіп, соның беттерін ашқанша асығып отырады.
Ерғали Абдулла








