Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕЙІРІМ – ТАСТАНДЫЛАРДЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ

МЕЙІРІМ – ТАСТАНДЫЛАРДЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ

Желтоқсанның сұрғылт мұнары ауыл үстіне шөгіп, түннің салқын демі терезенің саңылауынан сығалап тұр. Ас үйдегі ескі сағаттың тықылдаған сабырсыз дыбысы қараңғылықты түртіп өткен сайын, пештегі әлсіз жалын да қалтырай жанып қояды. Үй ішіндегі осы бір тыныштық сырт көзге жай ғана түнгі бейбіт тіршілік сияқты. Бірақ бұл түні Айгүл үшін бәрі басқаша еді. Оның жүрегін әлдебір белгісіз ауыр ой қысып, әрбір дыбыс көңіліндегі ертеңгі күнге деген үрейді қозғап тұрғандай.Балалары ертерек ұйықтап қалған, тек үлкені –тоғыз жасар Айым ғана ояу. Қыз кішкентай жастыққа жантайып, анасының әлденеге алаңдап отырғанын сезгендей, көзін алмай қарап жатыр.
– Анашым, ұйықтамайсыз ба? – деді ол ақырын ғана.
Айгүл орнынан қозғалып, қыздың қасына келді. Жымиып қойса да, күлкісі көздеріне толық жетпей, әлсіз жоғала берді. Қолына тарақ алып, қыздың ұзын, қара шашын жеңіл тарай бастады. Шашы тарақтың тістері арасынан сырғып өтіп, ана алақанына үйіріле қонды.
– Шашың қандай әдемі, қызым, – деді Айгүл баяу. – Осындай қалың шаш менде де болған... оқушы кезімде...
Айым анасына көзін ойнақшыта қарап күлді.
– Сонда сіз де мен сияқты өрім жасап жүрдіңіз бе?
– Иә... – деді Айгүл. – Бірақ сен үнемі таза, ұқыпты бол. Өзіңді күт. Шашыңды да таза ұста, жарай ма?
– Жарайды, анашым. Ертең маған мектепке өріп бересіз бе? – деді Айым.
Айгүл бір сәт ойланып қалды. Қолындағы тарағы босап, шаш арасынан сырғып түсті. Қызы анасының жүзіндегі бұлыңғыр мұңды, әлденеге алаңдаушылықты сезді. Шамнан түскен алакөлеңке жарық сырғып түскен жасты байқатты.
Айгүл қызын бауырына қысып, маңдайынан сүйді.
– Айым... – деді сыбырлап. – Бауырларыңа әрқашан мейірімді бол. Әкеңді ренжітпе. Ол сендер үшін бәріне төтеп беріп жүр.
– Неге олай дейсіз?..
– Есіңде болсын... – деді анасы, бұл жолы көзін тайдырып. – Кейде адам жүрегін тыңдамай тұра алмайды...
Осы сөздерден кейін бөлме бұрынғыдан бетер тыныш болып, пештің шоқтары ғана сыбдырласты.
Сол түні Айгүл үйінен мәңгілікке кетті. Себебі оның жүрегі алғашқы махаббатын таңдаған еді. Ал кейде адамдар оны тыңдамай тұра алмайды...
***
Таңертең үйдің іші салқын әрі бос еді. Тіпті қалыптасқан таңғы иістер – жаңа қайнаған шай, жылы нан – бәрі жоғалған. Ерлан ертемен тұрып, ас үйге кіргенде бос шәйнекке ұзақ қарады. Айгүлдің оны әрдайым керекті-керексіз болса да қайнатып қоятын әдеті бар еді... Енді оның ізіндей болып қалатын ыстық бу да жоқ.
– Балалар, тұрыңдар. Мектепке кешігесіңдер, –деді ол даусы солғын шықса да, сабырлы болуға тырысып.
Айым анасының орнын іздеп, барлық бөлменіқарап шықты. Жатын бөлмеде терезе сәл ашық қалыпты, жел пердені баяу желбіретеді.
– Әке, анам қайда кетті? – деді Айым.
– Ол... Ол аздап тынығып келеді, – деді Ерлан жұбатып.
Бұл оның қолынан келген жалғыз шындық жәнеөтірік еді.
Ерлан қарапайым жұмысшы. Ауылда не жұмыс бар, соның бәрін істейді: жазда трактор айдап, егінге жәрдемдеседі, қыста отын тасып, біреудің қорасын күреп береді. Қолдары жарылып, терісі күнге тотықса да, жүзіне сабыр мен шүкірден басқа ештеңе ұяламайтын.
Үйге келген сайын үш баласын жинап алып, сабақтарын сұрайды, кейде ас әзірлеп береді. Арасында шаршап отырса да, бала алдындағы жауапкершілігі оның басын тік ұстады.
– Әке, – деді бірде кенже ұлы Данияр, – анам бізді сағынып жүр ме?
Ерлан:
– Сағынып жүрген болар, балам... – деді ақыры. – Адам ата-ана болған соң баласын ешқашанұмытпайды.
Айым болса анасының орнын басқандай болып ерте есейді. Сабақтан кейін тамақ пісіріп, үй жинап, бауырларын жуындырып, әкесінің киімін үтіктейтін. Әр кеш сайын бір салмақ, үлкен жауапкершілік оның иығында тұрып алғандай сезілетін.
Бірде айна алдында шашын тарай отырып, өзін анасының орнында елестетті. Тарақ шашының арасынан өткен сайын жүрегі біртүрлі шым етті. Анасының баяғы сөздері санасында жаңғырып өткендей:
«Шашыңды таза ұста... өзіңді күт...»
Айым жанары жасаурап кеткенін байқамай да қалды.
***
Жылдар зулап өтті. Балалар өсті. Айым университетті бітіріп, ауылға мұғалім болып оралды. Әкесі сол баяғы – еңбек пен сабырдың адамы.
Сондай күннің бірінде ауылға бейтаныс әйел келгені жайында хабар тарады. «Баяғы Ерланның әйелі екен, бір жақта қиын өмір кешіп жүріпті», «Екінші рет күйеуге тиді деп еді, балалардың көз жасы аясын ба», «Отбасынан кешірім сұрап жүр екен, қайтадан шаңырақ құрауға келіпті» деген ауылдың жел сөзін әдеттегідей алдымен көршілер айтты.
Бұл қаңқу сөз Айымның сүйегінен өткен еді. Ішіндегі әлдеқайда үрей, әлде сағыныш белгісіз бір күйге түсірді. Десе де анасына барып, бетпе-бет келуге батпады. Бірнеше жыл бойы жиналған сұрақтар да, реніш те, сағыныш та шырмалған жіптей болып көңіл түкпірінде түйіліп қалған.
Сол кеште аспан жұлдызға толып, алыс көкжиекте тау етегі бозғылт тұманға көмілген. Жел баяу соғып, Айымның шашының ұшын сипап өтті. Түн салқындығына қарамастан, қыздың жүрегінде әлдебір жылы ой жылт еткен.
Айымның қара, қою шашы ай астында жылтырап, желге еріп тербелді.
– Анашым... – деді ол өздігінен, ешкімге қарамай. – Мен сіз айтқандай, шашымды таза ұстадым... өзімді де, бауырларымды да күттім. Әкемнің арқасында біз аманбыз...
Осы кезде ауыл шетінен трактордың күркіреген таныс дыбысы естілді. Бұл – Ерланның жұмыстан қайтып келе жатқанын білдіреді. Айым оның үнін алыстан естіп, ішкі тыныштығын тапқандай болды.
Көзін жұмып, анасының әлсіз иісін, қолының жылуын, шашынан сипап өретінін еске алды.Жылдар бойы жүрегін қысып келген түйін сол сәтте-ақ шешіліп түскендей болды. Себебі ол түсінді, махаббат кейде кетуді талап етеді, ал нағыз мейірім – тастандылардың жүрегінде.

Г.ӘЛНИЯЗИНА
20 қараша 2025 ж. 31 0