ЕЛ ЖАДЫНДА ЖЕТЕС БИ
Өмірден өткеніне жүз жылдан астам уақыт өтсе де, Жетес би атамыздың әңгімелерін айтушылар ел арасында әлі де кездесуде. Соның бір айғағындай ел жадында жүрген, бұрын-соңды естімеген мына әңгімелерді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.Жақайым Жетес бидің билік қызметі Қазалы уезімен тығыз байланыста болғандықтан, Қазалы ауданында би бабамыздың әңгімелерін айтушылар көптеп кездеседі.Солардың бірі – Ақанжан Келімбетов 1937 жылы туған. Қызылордағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған. «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» атанып, әдебиетке де етене араласып бірнеше жыр жинағын шығарған.
Ол шежірешіл, әңгімешіл жан еді. Әсіресе Қазалы өңіріндегі Үмбет би, Басықара Көбек би, Сапақ би, тағы басқа билердің әңгімелерін көп білетін. Осы билердің ізінен Қазалы уезінде Ораз би де өмір сүріп, әділдігімен, іскерлігімен, шешендігімен елге кең танылады. Жетес би Ораз биді жас кезінде үш рет кездестіреді. Сонда Ораз биге айтқан сөзін Ақанжан ақсақал былай деп әңгімелеген еді.
Мен сені алғаш көргенде…
Жетес би Әлімнің үлкені, аға баласы деп бүкіл ел сыйлайтын дуалы ауызды, тілді би, елге қадірлі адам. Халықты бір ауыз сөзімен тоқтататын елі сүйген, халқы тыңдаған абыройға ие адам болса керекті. Жетес би Қазалы қаласына жақындағаннан бір шақырымдай жерден ояз жіберген қос ат жеккен көк пәуескі арбадан түсіп, шекпенінің белін шешіп жіберіп, ақ торғын жейдесінің омырауындағы түймесін ағытып, төсін аша қарсы алған қалың топтың ортасында кеулі тасып: «Қанша жерге барсам да, қанша адаммен дидарла¬сып жүрсем де маған Қазалының жеріндей жер жоқ, еліндей ел жоқ, еріндей ер жоқ. Салқын самал Сырдариядан есіп тұрады. Халқы қашаннан қонақжай, ісіне көңілің өсіп тұрады. Бейнетті белден кешіп тұрады, бірлігі мен ерлігі мықты, тапсырсаң да жұмысыңды абыроймен шешіп тұрады. Мен сондықтан Қазалы жеріне келгенде, бір шақырымдай таза ауада еркін жүргім келеді, адал халқыма омырауымды ашып, жүздерін көргім келеді» деп қасындағы адамдарына ойдағы адал сөзін айтып салады екен.
Осындай кезде, қаладағы орыс мектебін оқып бітіруге таяу қалып тұрғанда жолдастары Қаракесек Тәтіұлы Оразға:
– Сен қанша оқығанмен, Жетес бидей бола алмайсың, ана келе жатқан сол кісі. Қане, мықты болсаң, сәлемдесші. Бізге ғана «мықтылығыңды» көрсетесің, кәнекей» деп қайрайды.
Ораз алдынан шығып суырылып сөйлеп келе жатырған Жетеске:
– Ассалаумағалейкум, – деп сәлем беріп еді, оны елеген бір пенде болмады.
Ораздың әкесі Тәті Қазалыдағы белгілі бір бай адамдардың бірі, беделді адам екен. Сондықтан да пысық, отты баласын қаладағы орыс мектебіне оқытқан. Оқуды өте жақсы бітіріп келген баласы әкесіне: «Әке, мені үйлендір, мен үй болмасам, адам болып көзге түспеспін» дейді. Қуанған әкесі баласына жақсы жерден құда түсіп, қыз алып береді. Бір жеті өтпей жатып Ораз әкесіне: «Биыл күзгі сайлауда мені болыс сайлауына түсіріп, ояздан болыстықты алып бер. Менің орысша білімім, ел басқаруға қабілетім жетеді» дейді сеніммен.
Әкесі Тәті қуанып, туысқандарын жинап: «Мына баламның талабы жақсы, осыны туысқан болып орындауға көмек жасаңдар» дейді.
Аузы бір ағайындар сол күздегі сайлауда Оразға болыстықты алып беріп, ол Қамбашқа болыс болады.
Ораз болыс болып қатарынан дәрежесі асқан соң, Жетес ағаның ауылына келіп: «Ел билейтін болыс болдым, енді болыстығыма құтты болсын айтар» деген оймен ағасына өзі барып сәлем бермей, өзі келер деп дәметумен жүреді.
Бір күні Қазалы оязында үлкен кеңес болатын болып. Жетес биді шақыртып, екі боз арғымақ жеккен көк пәуеске күймелі арбамен адам жібереді. Осыны көрген ел: «Жетес пәуескесімен қазір осында тоқтап өтеді. Ағаңа кездесетін кезің келді» деп, болыс Оразға ақыл-кеңес береді.
Қамбаштағы болыс кеңсесінің алдында ел ақсақалдары мен игі жақсылары Жетес ағаларымен сәлемдесіп қалайық деп үстіне таза киімдерін киіп, ортасында болыс Ораз би бар, күтіп дайын тұрады. Екі ақбоз тұлпар жеккен көк күймелі пәуеске келіп Қамбашқа тоқтайды. Күтіп тұрған болыс Ораз бен қасындағы ел азаматтары күймеге жақындап қалғанында, Жетес би торғын жібек терезе пердесінен бір қарап, қайта жапқанда, ат айдаушы көшірі делбені сілкіп жіберді де, ақбоз аттар арқырап шауып ала жөнеледі.
Ораз болыс ой орісі кең, болған іске берік, ағайынға қамқоршы, ойын ортаға салатын халықшыл жігіт еді. Өзінше ойлап-пішіп: «Жетес аға көпті көрген үлкен кісі ғой. Мен болсам бар болғаны болыс болғаным да. Жастығым шығар, қызулығым болар. Жетес ағама өзім барып сәлем беріп, батасын алайын мен туралы оның ренжитіндей ойы жоқ болар» деп Жетес ағасын көп күтеді.
Жетес би жер дауы, жесір дауы дегендей, бірде Арқаға, бірде Шалқарға, бірде Орынборға шақыртылып, Ораздың қолына түспейді.
Жетеc би ұзақ жолдан бір айдай сыртта болып үйіне келіпті. «Бүгін Қазалыға келеді» деген хабар жетеді. Мұны естіген болыс Ораз Қазалыда бір туысының үйін дайындатады. Жетес бидің жасынан әдет-дағдысы алыс сапардан келгенде ең алдымен мешітке кіріп, намаз оқып шығады да, онан соң хан базарға соғады екен.
Ағасына бір сәлем беріп, батасын алсам деп көптен аңсап жүрген Ораз көшелерге адам қойып Жетестің қайда болып, қайда бара жатқанын жеткізетін пысық жігіттерді дайындайды. Олардың бірі атпен шауып келіп, базар аузында күтіп тұрған Оразға: «Жетес аға мешіттен шықты, бағыты базар, қасында оншақты нөкерлерімен келе жатыр» дейді. Сөйткенше болмай Қазалының ортасындағы хан базарға Жетес те келіп, дарбазадан ішке кіре бергенде:
– Ассалаумағалейкум, Жетес аға! – деп Ораз қос қолын ала жүгіреді. Жетес би Ораздың қолын ұстап жібермей тұрады. Сонда Ораз:
– Аға, танымай тұрсыз ба? – дегенде Жетес би:
– Мен сені бірінші рет Қазалыда көргенімде мекиен едің, екінші көргенімде Қамбашта болыс болып құлпырған қораз едің, үшінші көріп тұрғаным осы, сен енді азамат Ораз болдың! Не дейді, қайда апарады, азамат Ораздың айтқаны болсын, – дейді де, Ораз інісінің дайындаған үйінен қонақасы жеп, ертеңіне батасын беріпті.
***
Қазалының тағы бір тарлан перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, республикаға танымал жыршы-термеші Сардарбек Қожағұловтың да ескі де, есті әңгімелерден айтары көп болатын. Онымен Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде қызмет етіп жүрген кездерінде танысып-біліскен болатынмын. Сол Сардарбек «Арал әлемі» газетіне Жетес би жайлы Аралбай молданың жазба жәдігерінен жазып алған мына бір әңгімесін жолдапты.
Жетес бидің бірінші билігі
Қыр шектісі Тілеу-Қабақ руының бір жігіті Жақайым аталығынан шыққан момындау бір жігіттің сұлу келіншегін алып қашады. Жақайымның азулы биі Байсалбай қанша барса да, ала алмай қайтыпты. Жетес бидің жастау шағы екен: «Мен барып көрейін» деп Байсалбайдан рұқсат алып жолға шығады. Бұл Қыр шектісі Мәмбет ханының тұсы екен. Жетес би сол ханға арызданып барады. Ол кезде Қыр шектісінің Нияз деген өте жүйрік биі бар екен. Хан сол биге: «Мына баланың ісін қарап шешерсің» депті. Нияз Жетестің арызын тыңдаған соң, бір төбенің басына барады. Сонда Жетестің: «Нияз аға, түбіміз бір ұялы терек, туысқан емеспіз бе, бір-біріміздің некелі қатынымызды тартып алып иемденсек, Құдай берген ақымызды тартып жесек, оның жүзін қалай көреміз» депті.
Сонда Нияз: «Болайын деп тұрған бала екенсің, би боламын десең, би түсетін үйің болсын, төбелі биге бере-тұғын сыйың болсын, шалқыған көлдей күйің болсын, өзімізді ойлайық, доңыз¬ың сатанына иттің аузын аяма деген сөз бар» депті. Жетес би сөздің мағынасын жете түсінсе де, параға жақын Нияздың ойын байқап: «Аға-ау, сонда қайсысымыз доңыз, қайсысымыз ит боламыз» депті. «Атаңа нәлет, Жақайым, сенімен билікке шыққан менде де ес жоқ» депті Нияз.
Екеуі ханға келеді. «Шиеленіскен істі тездетіп пісті-пісті қылыпсыңдар, не болды?» депті хан. Сонда Жетес: «Тақсыр-ау, Нияз ағам төрелік қылды, ынсапсыз қатынымды қайтып алатын болдым. Нияз ағам айтты: «Желіктірер жігітті, әсіре қызыл бояма, әсіре қызыл болған соң, желіктірмей қоя ма, сатанына доңыздың иттің аузын аяма» депті. Сонда мелшиіп тұрған қатын бұл төр¬лікке риза болмай жылай берді. Жетес қатынды іш-тепкінің астына алып: «Құдайда екілік жоқ, ханда екі төрелік жоқ, жұмысың бітті, бір доңыз үшін төрелігін хан бұзады ма…» деп еліне алып қайтыпты.
***
Менің аудандық «Толқын» газетінде істеп жүрген кезім. Бірде аудандық білім бөлімін талай жыл басқарған байырғы білікті басшы, елге қадірлі ардақты ардагер Ебейсін Исаев ақсақал жұмыс бөлмеме кіріп келмесі бар ма. Ешкімге жағдай айтпайтын, ешбір мекемеге бас сұқпайтын Ебейсін ағамыздың мына келісіне таң қалдым. Бір-бірімізге ақтарылып отырып, амандық-саулық сұрастық. Сосын Ебекең маңғаздана бір қозғалып қойып, басын паңдана көтеріп, маған сынай қарап:
– Сен Жетес атаңның мынадай бір әңгімесін білесің бе? – деді.
Әңгіме атам жайлы болғандықтан қуанып кетіп:
– Айтыңыз, аға, тыңдап көрейік, – дедім.
– Сен Жетес бидің әңгімесін жинап жүрсің ғой, атаңыздың Қыр шектісіне барғандағы осы әңгімесін саған айту көптен ойымда жүрген, соған бүгін әдейі келіп отырмын.
Сойғаным соғымыма бес жүз шабақ
Бірде Жетес атамыз елдегі дау-шарлармен Қыр шектісі Тілеу-Қабақ еліне барады. Нияз би бастаған Қыр шектілері Жетес биге аста-төк қызмет көрсетеді. Сонда дастархан басында Тілеу-Қабақтың бір айтқыры:
– Жетеке, сізге қырық жамбас асып отырмыз, осыған риза боларсыз, – деп мақтаныпты. Олар өздерінің салты бойынша Жетес биге соғымға сойған әр малдан бір сыбаға деп қырық малдан қырық жамбас асқан екен.
Сонда Жетес би саспастан:
– Иә, дұрыс айтасыңдар, мұндай соғым бізде де бар, – дей келіп:
– Сойғаным соғымыма бес жүз шабақ. Мұндай соғым сойған жоқ Тілеу-Қабақ, Қазанға бес шабақтан салғанымда, Қонаққа ет келеді-ау табақ-табақ, – деген екен. Сонда Қыр шектілері таң қалыпты.
– Ал сен осы әңгімені естідің бе, а? – деп Ебекең маңғаздана күлді.
– Естімеппін, Ебейсін аға, жаңағы атамыздың жауабын жазып алайын қайталап айтыңызшы, – деп қойын дәптеріме жазып алғанмын.
– Осыны жақында тауып алдым, оған да жиырма жылдың жүзі болыпты.
***
Қолымда аудандық «Толқын» газетінің 2015 жылғы 10 маусымдағы саны, онда зейнеткер Тыныштық Қаракүшікованың атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов жайлы жазған «Теңізбен тағдырлас тұлға» атты мақаласы жарияланыпты. Онда Әбдіжәмілдің арғы аталары жайлы айта келіп:
– Әбдіжәміл – жеті атасынан бақ қонған, мал біткен, елге төрелік жасаған Бәйімбет ағайынның ішіндегі белді жері Арғынбай ауылы деген атақ алған атаның ұрпағы. Арғынбай атасы белдеуінен ат, өрісінен мал кетпеген, өте ауқатты бай екен. Төңірекке сән-салтанатымен, қонақжайлылығымен танылған, – дей келіп:
– Бірде Арғынбайды сынау ойында бар атақты Жетес би сәлем беруге аялдайды. Жыл мезгілінің әрі де, бері де емес, шаруаға ыңғайсыз көкек айы болса керек. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақыты. Соған қарамастан тай-тай жүкті шештіріп, қырық адамға төсек-орын мен ыдыс-аяқ шығарып, түстікке тай, кешкі қонақасыға ту бие сойып, сый-сияпат көрсетеді.
Сөзден де, сән-салтанатынан да ұталмаған Жетес би: «Мал баққан шал ма десем, сөз баққан, жан баққан шал екенсің ғой» деп ризашылығын білдіріпті, – дейді.
Жетес би бабамыздың қай жерде болмасын аузынан шыққан сөзі желге ұшпай, жүрекке жетіп, осылай сақталып қала берген ғой.
***
Мына хаттың да өзіндік айтары бар. Сол кездегі аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаевтың бастамасымен 2005 жыл «Жетес би» жылы болып жарияланып жатқан уақыт. Соған орай би бабамыз жайлы алуан деңгейде жазылған материалдар газеттің әр саны сайын жарияланып жатты. Сол уақыттары мына хат аудан әкімдігіне келіп түсіпті де, олар редакцияға жолдапты. Бірақ бұл хатты әлі де зерттеуді қажет ететін тұстары болғандықтан, кейінге ысырылып қала беріпті. Одан бері де жиырма жыл уақыт өтті.
Енді хат құпиясы «Сары желке» анамызды әлі де анықтап, толықтыруды оқырман қауымның өзіне қалдырып, сол хатты сол күйінше жариялауды жөн көрдім.
Саржелке әже
«Осы мақаланы жазуыма себеп болып отырғаны Жетес би атаның кітабы. Оны кеңінен насихаттау керек. Жетес би ата шешендігімен, әділ сөзімен билік айтқан кісі. Бірде атымен ел аралап Қазалы жақтағы Базар қожа жанындағы «Қара арықтың» бойында бір үйге түседі. Сол жерде Жансұлу деген келіншек бар еді. Қаракесек руының қызы. Адамгершілігімен, ақылдылығымен, айтқан сөзін тыңдата білетіндігімен, айтқанына көндіре біледі екен. Жетес би сол Жансұлумен жолығайын, тілдесейін, ол қандай әйел болды екен деген оймен келсе, «Қара арықтың» бойында қыз-келіншектермен шомылып жатқан жерінде кездеседі. Жансұлудың шашы өте ұзын екен. Жетес би:
– Атың кім болады? – дегенде:
– Еділбай қызы Жансұлу, – дейді.
Сөйлеген сөзіне, ақылдылығына таңдана қарап тұрса желкесінде сары қалы бар екенін көріп,:
– Сенің атың енді Жансұлу емес, Саржелке болады, – деп атын қойып, – «Қара арықтың бойында қара мал сойып, халқыңды жинап, еліңді билей бер!» деп батасын берген екен.
Сол Саржелке әженің сүйегі Толыбай атаның қасында «Қара арықтың» бойында «Аук» деген жерде жатыр. Осы сөзді немересі, елге белгілі азамат Шынтас Жалғасбаев ағаның аузынан есіттім. Мен Анаркүл Зағымқызы Әлниязова сол Саржелке әжеміздің шөбересімін. Оның осы есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғасса екен, тұқым жұрағаты білсе екен деген ойда жазып отырмын.
9 март 2005 жыл»
Жетес би атамыздың бірауыз сөзімен аты аймаққа жайылған Саржелке әжеміздің тағдыры жайлы. Бұған не дейсіз, оқырман. Жетес би бабамыздың өмірден өткеніне ғасырдан астам уақыт болса да артында қалған сөздері әлі де халық жадында алтындай сақталып жүргеніне қуанбасқа, таңданбасқа амалың жоқ. «Халық қазына» деген осы болар.
Жұмабай ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ









