Жерлесіміз ғылым докторы
Аймақтағы әрбір жаңалықтан тыс қалмай, облыстың жетістіктерін газет арқылы жанарымен шолып отыратын көзі қарақты оқырман білетін болар. Өткен жылдың қарашасында облыстық "Сыр бойы" газетінде Назерке Саниязованың "Күтумен өткен өмір немесе мәйіттік донор неге дамымайды" деген тақырыппен мақала жарияланды. Расында өзекті тақырып. "Қызылорда облысында қос бүйрегі істен шығып, тағдыры аппаратқа таңылған 450 адам бар. Соның 281-і донор трансплантациясына талай жылдан бері кезекте тұр" деп басталғанынан-ақ тақырыптың ауқымын анық аңғардық.Бірақ біздің назарымызды аударған тағы бір дүние – осы мақаланың кейіпкері, тілшінің сауалдарына жауап берген Қызылорда көпбейінді облыстық ауруханасының жоғары санатты дәрігер-нефрологы, трансплант үйлестіруші Лиза Нұрсұлтанова болатын. Себебі неде? Ендеше тыңдаңыз. Дәл сол мақаладағы дәрігер Лиза Нариманқызының айтуы бойынша 2014 жылы өңірде бірінші рет бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Жас жігітке туған қарындасы бір бүйрегін беріп, отаны А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталықтан келген трансплантологтар дәрігерлер жасады.
Ал көпбейінді облыстық аурухана басшылығына PhD докторы (медицина ғылымының докторы), трансплантолог дәрігер Жасұлан Баймахановтың, оның хирургия жөніндегі орынбасары трансплантолог дәрігер Ербол Серікұлының тағайындалуы тыңға түрен салды. 2023 жылдан бері дәрігерлер облыста тағы 11 адамның бүйрегін ауыстырды" деген сөзі ерексіз қызықтырды. Отаға жұптарды дайындап, операциядан кейінгі кезеңде бақылаған жерлесіміз Лиза Нариманқызының еңбегі ерекше. Өмір мен өлім арпалысындағы азаматтардың жанына араша болып жүрген Лиза Нариманқызының біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне таңдай қақтық.
Артынша "Сыр бойы" тағы сүйіншіледі. Биылғы жылдың алғашқы санында "Дәрігер жетістігі" деп айдар таққан мақалада "Қызылорда көпбейінді облыстық ауруханасының жоғары санатты дәрігер-нефрологы Лиза Нұрсұлтанова «Қызылорда облысында созылмалы бүйрек ауруларының (ҚҚСД) таралуы және бүйрек жеткіліксіздігінің өршуінің қауіп факторлары» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады" – деді . Өңір халқы үшін өзекті мәселені арқау еткен ол «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша PhD докторы (медицина ғылымының докторы ) атанды. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми алаңдарда ұсынылған және практикалық денсаулық сақтау саласына еңгізілді. Тағы да "Бәрекелді!" дестік.
Ал антына адал, еңбегі елге арналған Лиза Нұрсұлтанованың аралдық екенін естігенде тіпті төбеміз көкке жеткендей болды. Расында солай. Біз басылым бетінен оқып, жетістігіне сырттай қуанып, тілекші болып жүрген білікті дәрігер жерлесіміз болып шықты. Қоңырау соғып, құттықтауымызды жеткізген соң қарапайымдылығы әр сөзінен байқалып тұратын апайымызға төл басылым "Толқында" жазуға рұқсат сұрадық. "Табалдырықтан биік тау жоқ" деген емес пе?! Туған жерімде анамның жазбалары жарық көрген газеттен орын алсам, арманым жоқ" деп ағынан ақтарылып сала берді.
– Мен 1962 жылы Арал қаласында дүниеге келдім. 1980 жылы Н.К.Крупская атындағы №14 орыс орта мектебін бітірдім. Әлі есімде, сол кезде мектеп директоры Д.Ф.Федоров болатын. Сол мектептен көптеген білімді, талапты жастар шықты. Солардың бірі болып Ақтөбе мемлекеттік медицина институтынын емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы аяқтадым. 1986–1998 жылдары Қызылорда қаласындағы диагностикалық орталықта нефролог-дәрігер қызметінде еңбек жолымды бастадым. Ал 1998 жылдан бастап, Қызылорда облыстық медициналық орталығында нефрология және гемодиализ бөлімшесінде нефролог-дәрігер ретінде қызметімді жалғастырып, 2002 жылдың наурыз айынан бастап Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталықтың нефрология бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеп келдім. Жалпы медициналық еңбек өтілім – 40 жыл, – деген жерлесіміз Аралды айтқанда әуелі балалық шағы мен ата-аналары жайлы естеліктер еске түсетінін жасырмады.
– Әкем Нариман Нұрсұлтанов аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы болды. Зейнетке шыққан соң обаға қарсы күрес станциясында қызмет жасады.
Анам Күлпаш Оңдабаева ұстаздық етті. Мектеп директорлығына дейін көтеріліп, абыройлы еңбек етті. Аралдағы мұғалімдер арасында "Күлпаштан кейін сөз сөйлеу мүмкін емес" деген қалжың мен шыны аралас әңгіме де айтылатын. Сөзге шеберлігі осыдан-ақ аңғарылып тұр емес пе?! Анамның жазбалары "Толқын" газетінде де жарық көріп тұрды. Прозадан көрі поэзияға жаны жақын еді. Кейіннен шығармаларын жинақтап "Ана аманаты" деген атпен кітап шығардым, – дейді.
Ананың қанымен дарыған қасиет кейіпкеріміздің де қанында бар. Поэзияға қызығатын дәрігер заманауи және классикалық музыкаға да жаны жақын.
Өте білікті дәрігердің еңбегі еленбей қалмады. Медицина саласында барлық мүмкін марапатқа ие болған Лиза Нариманқызы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі, «Үздік еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның алтын нефрологы» номинациясы, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасы, «Алтын дәрігер» медалін иеленген.
Сонымен қатар біліктілігін үнемі арттыра отыратын дәрігер Алматы, Ақмола, Мәскеу, Беларусь, Санкт-Петербург қалаларындағы медициналық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру академияларында клиникалық нефрология, жедел нефрология (эфферентті терапия және гемодиализ), бүйректің морфологиялық диагностикасы және бүйрек трансплантациясынан кейінгі науқастарды жүргізу бағыттары бойынша білімін жетілдірген. 1998 жылдан бастап Санкт-Петербург нефрологтар қоғамы қауымдастығының және халықаралық нефрологтар қауымдастығының мүшесі ретінде ТМД және Еуропа елдерінде (Лондон, Испания, Италия, Дания, Германия, Норвегия) өтетін халықаралық конференцияларға жыл сайын қатысып тұрады. 2002 жылы облыста бүйректің тері арқылы пункциялық биопсиясын еңгізген. 25 жыл бойы облыстың бас штаттан тыс нефрологы болып қызмет атқарды.
Мұнан бөлек «Нефрологтар мектебін», «Пациенттер мектебін» ұйымдастырып, Қызылорда облысы тұрғындары арасында созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтау бойынша скринингтер жүргізген, 2025 жылғы 19 қарашада Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де «Қызылорда облысы тұрғындары арасында созылмалы бүйрек ауруының даму қауіп факторлары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған.
Иә, біз де қашанда елдің ықыласын, халықтың батасын алып жүрген Лиза Нұрсұлтанованың отбасына бақыт, еңбегіне табыс тілейміз. 40 жыл бойы антына адал, қызметіне жауапкершілікпен қарап, тиянақты жұмысымен таудай биік белесті бағындарған дәрігер медицинадағы нефрологиялық қызметті жітілдіру жолында әлі де жетістікке жетеріне сенім мол. Іс жүзінде талай білікті дәрігер ізбасарларына өзінің тәжірибесі мен білімін дарыта білген жерлесіміз Аралдың мақтанышы бола бермек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










