Лотерея (Әзіл әңгіме)
– Көке, кітапханадан алған кітаптың ішінен лотерея тауып алдым. Осы айда ойнайды екен, – деп кіші баласы бөлмеге екі танауы желпілдей кірген.Жұмсақ диван үстінде теледидарға тас қадалып жатқан Байтоқ ерең-серең етіп ұшып тұрды. «Е, бір байғұстан түсіп қалды-ау. Тиражы кеше ғана шыққан. Е, кәне, үмітсіз шайтан...» деп мұрын астынан ыңылдап, бір құшақ газетті қобарсытып, ілезде тиражды тауып алды. Кенет жүрегі лүп етті. Нокдаун алған боксшыдай бірнеше секунд тыныс алмай, қатты да қалды... Бұлдырап кеткен көзін жұдырығымен уқалап-уқалап жіберіп, қайта үңілді. Шынымен, лотерея нөмірінің тұсында «Мерседес» деген жазу тұр.
– Пәтеш... Пәтеш... – деп қылғына айқайлап жіберді Байтоқ.
– Үйді басыңа көтеріп немене, жылан шағып алды ма?! – деп қазанастан қолы үн-үн болып Пәтімгүл шықты. – Сормаңдай-ау көзің ұясынан шығып кетіпті ғой...
– Ақ түйенің қарны жарылды, Пәтеш, ақ түйенің қарны... – Ауыр денесін ұмытып, шегірткеше секеңдеп кеткен Байтоқ келіншегін құшақтай алды.
Лотерея мен тиражды көргенде, Пәтімгүлдің аумағы ат шаптырымдай бетіне қан ойнап шыға келді. Тіл – құлақтан айрылғандай ыржия береді. Қып-қызыл ернімен Байтоқтың сол жақ иегінен құлағына дейін сүйкеттіп, сүю ырымын жасап өтті.
Ерлі-зайыпты екеуі денелері ысып, құшақтарын жаза алмай бір уақ тұрды.
– Шытырлатып санап, ақшасын алайық, – деді әуелі есін жинаған Пәтімгүл саусақтарын жыбырлатып.
– Іші күйген тұз жаласын, сырты күйген домаласын, жаңа туған айдай жарқыратып «Мерседес» мінеміз, – деп бір-ақ кесті кеудесіне нан пісіп тұрған Байтоқ.
– Бұт артар бір көліккерексе, үш аяқты мотоцикл-ақ аларсың. Онда-мұнда шауып барып, желіп қайтуыңа әбден жарайды. Шаңырақ көтергенімізге биыл жиырма жыл, ал осы үйде жөні түзу, іліп алар кілем жоқ, ең аяғы люстра екеш люстра да бір бөлмемізде болса, бір бөлмемізде жоқ... – Шыныдай шытынай бастаған Пәтімгүл мойнына оралған Байтоқтың білегін сілкіп тастады,
– Ту-у, тақыр жерден шаң шығарып, жан алқымнан алдың-ау... – Байтоқ келіншегінің пиғылына ырза болмай, алара қарайды.
– Жоқ-ау, сенің бас-аяғы қуарған жалғыз айлығың басымызға тартсақ аяғымызға, аяғымызға тартсақ басымызға жетпейді. Ана қисық аяқ, шақша бас Кәмілдің сенен несі артық. Баратындары – жылда Қырымның курорты, үйлері хан сарайындай кірсе шыққысыз, маймұрын салпы ауыз қатынының отыз екі тісі түгел алтын... Жолдас-жоралары шетінен түкірігі жерге түспейтін бизнесмендер мен коммерсанттар...– Әр сөзді қадап айтқан сайын Пәтімгүлдің басы қалт-құлт етеді.
– Жә, Кәміл сияқты автосервисте істемеймін. Он жерден тыраштансам да, қолымның епсептігі, аузымның салымы жоқ. Беттің арын бес төгіп, кісі алдай алмаймын...
– Ал, адырақ көз Апаш ше? Ана қаншырдай қатқан көкбет сылқымын көрдің бе? Үй арасына жүз мың теңгенің көйлегін киіп жүр... – деп Пәтімгүл көзінің жасын сығып-сығып жіберіп, мұрын тартып морқылдай бастады. – Мен болсам, анда-санда той-домалаққа барғанда үсті-басымнан ұялып, қара жердің тесігіне кіріп кете жаздаймын...
– Ойбай-ау, аштан өліп, көштен қалғанымыз жоқ... Сонша ағыл-тегіл боп не көрінді?! Ана бір гардероб толы көйлек-көншек, бір сандық толы аяқ киімді асқабаққа саласың ба?! – Не айтарын білмей дымы құри бастаған Байтоқ шырт сынды.
Күйеуінің райынан қайтпайтынын көрген Пәтімгүл көз жасын көлдеткен күйі еңкіл етіп ыңылық атып, үлкен бөлмеге кіріп кетті.
«Біздің Пәтештің ашуы шәйі орамал кепкенше-ақ. Шетелдік су жорғаны мінсек, қатарларымыздан айдынымыз бір елі болса да, асыңқырап тұрады-ау! Жаман мұғалім деп, сыртымыздан күліп ернін шығарып жүргендерді сонда көрер ме едім!»деп, ішінен көңілі тоғайып, миығынан марқая күлген Байтоқ лотерея мен газетті қайта қолына алған. Ыңылдап ән сала берген сол еді, жың қаққандай көзі алаң-ғұлан етіп, диваннан ұшып тұрды.
– Ойбай-ау, мынау өткен жылдың лотереясы ғой. Құдай ұрып, қалай аңдамадым. Адамды жынды қылғандай сәйкес келгенін қарашы! Қап, атаңа нәлет-ай... – Жаңа ғана қыз қойнынан шыққандай айдынданып отырған Байтоқтың жүні жығылып мойнына су кетіп, бәжбиген көздері жыпылықтап кетті. Санын оңдырмай соғып қалып, ауырсына ыңыранды.
– Әй, Пәтімгүл, ...әй, Пәтеш...
– О не, суға батып бара жатырсың ба?! – Үлкен бөлмеден көзі домбыққан, ұрты солбырайған Пәтімгүл шықты. Ашуы әлі тарқамай қабағы тырысып, көгереңдеп тұр.
– Мерседес түгіл тесік бір тиын да жоқ.. Нервімізді босқа шашыппыз, қат-ен... – деп, түңіле бас шайқаған Байтоқ лотереяны майдалап жырта бастады. – Кешегі тираждағы нөмірге келгенмен, лотерея өткен жылғы осы айдікі екен...
Қызарған көздерін еденде туралып қалған лотереядан айырмай, Пәтімгүл мелшиді де қалды. Сосын ебіл-дебіл денесін жиып алып:
– Батпан құйрық, тегіннен тегін қалайша жатқан құйрық деп ем-ау, түге! Міне ғой тасбақаны! – деп, ернін сылп еткізіп Пәтімгүл танауын бір тартып қойып, қазанасқа беттеді.
– Пәтеш, қат-ен, осы айлықтан өзіңе Италиядан шыққан юбка-костюм алып беремін, – деп оның артынан жағымпаздана дауыстаған Байтоқ мініп келе жатқан көлігінен біреу желкелеп түсіріп кеткендей көздері бозарып, отырып қалды.
Ерғали АБДУЛЛА
Фото: stan.kz










