Үнсіздіктің үні
Мен – орталық алаңда үнсіз тұрған ескерткішпін. Бірақ үнсізбін деп ойлама. Менің ішімде тұтас тарих жатыр. Мен батырларға арналып қойылдым. Жай ғана тас емеспін – мен ерліктің, жанқиярлықтың, қайсар рухтың белгісімін.Күнде алдымнан талай адам өтеді. Бірі – асығыс, бірі – мән бермейді. Ал кейбірі тоқтап, үнсіз ғана тағзым етеді. Сол сәтте мен олардың жүрегіндегі құрметті сеземін.
Мен бұл жерде талай жыл тұрмын. Қыстың қақаған аязына да, жаздың аптап ыстығына да шыдадым. Бірақ мені тұрғызған рух ешқашан мүлгіген емес.
Менің кеудеме қашалған әрбір есім – бір тағдыр. Бір ананың үміті, бір әкенің арманы, бір елдің мақтанышы бар. Олар қайтып келмеді. Бірақ олардың ерлігі өлмейді. Өйткені мен арқылы өмір сүріп тұр.
Кейде балалар келіп, қасымда ойнайды. Соларға қарап, «Сендер – сол батырлардың жалғасысыңдар. Олар балалыққа да зәру болып өтті. Ойнамады, күлмеді. Сендер бейбіт өмірдің қадірін біліңдер» деп іштей тіл қатам.
Ал кейде мені ешкім байқамайтындай көрінеді. Тағы да ойға батамын. «Уақыт өткен сайын бізді ұмытпай ма екен?» деген сұрақ мазалайды. Бірақ мен әлі де сенемін. Себебі әр гүл шоқтары қойылған сайын, әр тағзым етілген сайын – мен қайта тірілгендей боламын. Азаттық таңы арайлай берсе, ешқашан ұмытылмайтыныма көзім жетеді.
Мен – ескерткішпін. Мен сөйлемеймін. Бірақ менің үнсіздігімнің өзі – тарих.
Оңталап ЖОЛДАСОВ








