Ақбайлық келіншек бие өсіріп, саумалдан табысқа кенеліп отыр

Бүгінде жылқысының саны үйірге жеткен Мейіз апаны ауылдықтар расымен-ақ құрмет тұтады. Еңбегі берекелі, сусыны шипалы жан саумалдан бөлек қымыз дайындап, тұрғындарға ұсынып келеді. Бірі қышқылын, бірі тұщысын таңдайтын адамдардың қайсысының талғамы қандай екенін де біліп алған. Ал қымыздың қасиетін «қымыз – қырық ауруға ем» дегеннен-ақ түсіне берсек болатындай.«Жылқы малы әдетте қазақ үшін төрт түліктің тектісі болып саналған. «Мінсең– көлік, ішсең–ас» дегендей, қай кезде де өзінің серігіндей, жолдасындай қарап, зор күтіммен баптаған. Көбіміз бәйге аттарының баптауын оқып- біліп жүрміз. Менің жылқы өсірумен айналысып отырғаныма көп болды. Мал баққанға бітетінін жақсы білемін. Сауын биелерге де мерзімімен жем-шөбін беріп, астын, қоражайларын тазалап тұру міндетті. Себебі, олар күніне 5 рет сауылады. Саумал ішетін тұтынушыларым осы уақыттарда үйіме келіп, алғысын айтып, ыстық ықыласын білдірген кезде, жігерленіп қаласың. Адам үлкейген сайын көңілі баладай болатыны рас екен ғой», – деп жымиып та алды.
Еңбекқор жан тек мал шаруашылығымен ғана айналыспайды. Кәсіптің қай саласы болмасын бел шешіп кірісе кетеді. Әсіресе,
жергілікті жердің ыңғайына қарай бейімделген егін шаруашылығын да жете меңгеріп, көктем, жаз айларында бақша да егеді. Дәмін татқанның қайсысы болса да мақтай жөнелетін Ақбай қауыны мен қарбызы, асқабағы да дөңгеленіп жатады. «Өзінің сүйікті ісін жасаған адам бақытты емес, өз ісін сүйіп жасаған адам бақытты» демекші, еңбектен бақытын тапқан апамыз ғұмырлы болғай.