Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашаршылық зобалаңдарын хаттаған жазба

Ашаршылық зобалаңдарын хаттаған жазба

Қайбір күні жиған-терген, көп қағазымды әдеттегідей аударыстырып-төңкерістіріп қарап отырсам, сарғыш тартқан, өзі жұп-жұқа бірнеше парақ пен бетінде жазуы бар алақандай қағазға көзім түсті. Мап-майда қолтаңбада: "Ерғали, мынау әнеугүні сұраған жазбаң, ұмытыңқырап кетіп, кеш те болса бүгін жіберіп отырмын. Бір кәдеңе жаратарсың. Сәлеммен Кеңес" деп жазылған. Қолыма алып қарап, көз жүгірте бастадым. Әлгі қолтаңбаның астына "Ашаршылық туралы екен" деп өз қолыммен жазып қойыппын. Есіме сонда барып түсті.Осыдан бес-алты жыл бұрын ауданымызға белгілі журналист Кеңес көкем Өмірзақов "Құрылтай" газетінің редакциясына жиі-жиі ат басын тіреп жүретін. Көпті көрген кісі. Екеуден-екеу бірнеше сағат бойы әңгіме-дүкен құрып отырамыз. Әрине6 негізінен сөйлеуші – ол, мен тыңдаушымын, ара-арасында қағазым мен қаламыма қол жүгіртіп отырамын. Маған керегі – өткен күндердің қызықты хикаялары, өңіріміздегі келелі-келелі оқиғалардың деректері, ауданымыздағы белгілі тұлғалар туралы әртүрлі әңгімелер.
Қарап отырып әрнені сұрай бастаймын. Кеңес көкемнің үлкейген әрі науқасы меңдеңкіреген шағы ғой. Дегенмен есте сақтауы мен жадысы сол күйінде. Асықпай отырып әріден тартып, беріден қозғап, сан салалы әңгіменің сорабын салады.
Екеуіміздің сондай бір кездесуімізде сонау бір отызыншы жылдардағы қазақ халқының басынан өткерген алапат ашаршылық, қасіретті замандар туралы сөз қозғап отырғанымызда, Кеңес көкем есіне бірдеңе түскендей:
– Бала-ау, сол ашаршылықтан ел босып, қырылған сол кездер туралы басынан кешкендерін жазған шалқарлық Сағнадин Есалиннің хат қылып жазған жазбасы бар менде. Сол хатты өзек қылып жазамын-жазамын деп жүргеніммен, ақыры жазылмай қалды...– деген еді. Тосын дерек болса, жабыса кететін журналистік қызығушылығыммен:
– Ол кім? Біздің Аралға қатысы қандай? – дедім мен нақтылай түскім кеп.
– Сағнадин Есалин – Арал теңізінің батыс жағалауында, Құланды жақта туған көкірек көзі ояу азамат. Сонда тұрған. Кейін теңіз қайтқаннан кейін Ақтөбе облысының Шалқар қаласына қоныс аударған кісі. Көпті көрген. Осы өңірдің ілгері-кейінді шежіре-тарихтарын жақсы біледі екен. Шалқарда тұрса да, туған жері Аралдың газеттерін үзбей алдырып оқып отыратын,– деді Кеңес көкем риза кейіппен. – Керек болса, әлгі маған жазған хатын балалардың біреуінен беріп жіберейін. Хатта сол аштық кезі туралы жазылған. Мен қазір жазуды қойдым ғой. Шаршаймын. Одан да бір қол жұмыстарын істегенді жақсы көремін...
Міне, менің қолыма тиген сол үш-төрт беттік хат – осы. Бас жағына С.Есалин өзінің 1924 жылы туғанын, алайда төлқұжат бойынша 1926 жылғы болып жазылып кеткендігін, сондай-ақ қазір Шалқарда Құландыдан шыққан Бақыт Басығараев, Әбибулла Үсенов, Төлеген Есалин, Оразбай Әділбаевтар тұратындығын және олар туралы мағлұмат бере отырып, таныстыра жазып кетіпті. Хат 2001 жылдың 9 қыркүйегінде Шалқардан жазылыпты. Енді хаттағы жазбаға үңілсек. Аздап қалыпқа түсіре отырып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім. Жалпы, С.Есалиннің жазбасы – оның оқыған-тоқыған, әжептәуір жақсы сауаты бар кісі екендігін көрсетеді.   
"Біздің қазақ халқымыздай мықты, қайсар, төзімді халық жоқ шығар деп ойлаймын, өйткені "мың өліп, мың тіріліп" не қиындықтарды көрсек те, көштен қалмай келеміз. Құдайға шүкіршілік айтамын, енді егеменді ел болдық...
Сонымен отызыншы жылдардың басындағы алапат ашаршылық уақыттардағы әңгімеге біраз тоқталайын. Сорымызға қарай, біздің республикамызға бірінші басшы қылып орталықтан жіберілген қандышеңгел революционер Голощекин деген қужақ қазақ халқына нағыз тажал болып келді ғой. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" дегендей, айналдырған бірнеше жылдың ішінде сайын далада мыңғырған малды түгелдей құрттырды. Қай уақыттарда да атам қазақтың төрт түлік малсыз күн көріп, тіршілік етуі қиын ғой. Компартияның, кеңестік өкіметтің сұрқия саясатының кесір-залалынан қолындағы барлық малдан қол үзген соң, халқымыз тоз-тоз болып, ішерге асы болмай, бір үзім нан іздеп, әрқайсысы әр жаққа, басы ауған жаққа үдере қаңғып кетіпті ғой. Құр сүлдерлерін сүйретіп, ішерге тамақ бар деген алыс-жақын жерлерге қарай, өлгені өліп, жолда қалып, өлмегені қу сүйегіне ілініп боса берген, боса берген.
Менің әке-шешелерім де сол қаптай қаңғыған отбасылардың бірі болып, ұшан теңіздің арғы жағындағы қарақалпақ жеріндегі Қоңырат, Шымбай, Қожелі деген аудандарға дейін барып жеткен. Көрген күндері күн емес. Бес-алты жасар бала нені білейін?! Әйтеуір жаяулап-жалпылап шұбыра көшіп, аштан қырылғаны қырылып, әр сайдың түбінде көмусіз қалған. Ал кеудесінде жаны барлары шөп-шалаңды, қолға ілініп, тамақтан өткеннің бәрін шайнап жеп талшық қылған екен. Зұлмат аштықтан қазақтың аман қалғаны өте аз екенін кейін үлкендердің жүректі қан жылататын әңгімелерінен естідік қой.
Сонымен 1931 жылдың тамыз, қыркүйек айларында Әмударияның Арал теңзіне құйылатын бір сағасындағы Қараөзек, Қандыөзек деген жерлерге қарақалпақ еліндегі көп босқын айдаумен келгендей болып келдік. Сол жылдары Қазақстанның Орталық комитетінде жауапты қызмет істейтін, кадр бөлімін басқарушы Сейітқали  Меңдешов деген белгілі қайраткер осы босқындарды жинап жатқан жердің басында екен. Ол мыңдаған қазақ отбасыларын қаңғыған, тентіреп босқан жер-жерге адам жіберіп жинатып, өз еліне – қазақ жеріне қайта қайтару үшін ел астанасынан әдейі жіберілген өкіл екен.
Қараөзекте аш-аламан көп халықтың алдына шыққан Сейітқали Меңдешовті өз көзіммен көрдім. Бұл кезде оң-солымды танып қалған жеті жастарға келген кезім. Оның айбарлы кескін-келбеті әлі күнге дейін есімде тұр, ұмытқан жоқпын. Қап-қара мұртты, кеңес көсемі Сталиндікіндей жіңішке шторлы фуражка киген. Өзі ат үстінде де, қасында тұрған жаяу біреуге қарап, қолындағы қамшысын анда-санда көтеріп қойып, бірдеңе деп сөйлеп тұрды. Бір жұмысты тапсырып, бұйырып тұрған сыңайлы.
Мен оның сөзін ұмсына тыңдаған әкем Досалыдан "Бастық кісі не айтып тұр?" деп сұрағанмын. Әкем "Қасындағы анау кісілерге "Аштыққа ұшырап, қарақалпақ жерінде босып жүрген қазақтарды тезірек осы араға жеткізіп беріңдер"  деп бұйырып тұр" деп түсіндірді.
Содан Қараөзек, Қандыөзек маңына көп адам жиналды. "Жиналғандарды Аралдан пароход келіп алып кетеді" деген сөз тарады. Келетін пароходты сарғая күтіп, теңіз жағалауында біршама уақыт жаттық. Мұнда кілең түр-түсі кеткен аш-жалаңаш, әбден азып-тозған, бейшара күйге түскен адамдар жиналған. Аштарға бас-көз болып жүрген өкімет адамдары жиналған босқындар өліп қалмасын деп, екі күнге беретіні  – шала қуырылған бір қысым уыс бидай. Одан артық берері жоқ. Соны талғажау етеміз. Емшегінде баласы бар әйелдерге әлгі бір қысым уыс бидайға қосымша үш пешеней береді.
Бұл өзек жалғауға бергендері жанға сауға боп жатырған жоқ. Әбден аштық өтіп кеткен адамдар күн сайын серейіп-серейіп өліп жатады. Түнде өлген адамдарды таңертең біреулер сол өлген жерлерінен шамалы шұңқырлап қазған болады да, шыққан топырағымен бетін жауып көме салады. Олардың өлгеніне қайғырып жылап жатқан жан баласы, жақын-жуығы жоқ. Біреуді біреу жоқтап жылауға әл-дәрмені де келмейтін сияқты. Әркім өзінің қу кеңірдегінен өтер ішіп-жеріне бірдеңе тапсам деумен ғана әлек. Қалқалап қамыстан жасап қойып жатқан жеріміз теңіздің жиегі болғандықтан, екі-үш қарыстай лаждап қазсаң, тұп-тұщы су шығады. Тапқан-таянғанымызды сол суды қайнатқандай болып, шылап тамақтан өткіземіз.
Әмударияның салаланып келіп Аралға құяр тұсында иіріліп жатып, кемелерді неше күн күткенімізді білмеймін. Әйтеуір бір күндері әрқайсысы екі үлкен баржадан тіркеген "Коммуна" мен "Киров" кемелері келді-ау. Осы екі пароходқа, оның тіркеме баржаларына тиелген аш-арық, ісіп-кепкен халықты Арал қаласындағы портқа теңізде бірнеше күн жүріп әкеп түсірді. Аралға келген соң, форма киген өкімет адамдары келіп:
– Әркім өздерінің бұрынғы көшкен жерлеріне қайтып баруы керек. Жеткізіп тастаймыз,– деп халыққа жар салды.
Содан бірнеше күннен кейін біздер бір кемемен теңізді кесе жүзіп өтіп, батыс жағалаудағы өзіміздің туған жеріміз Құландыға келдік. Мұнда да құлазыған ауылдарды аштық жайлаған екен. Адамдарға қараудың өзі қорқынышты. Көздерінің аңғалағы айналып, терілері сүйегіне ілініп, қу сүлдерлері қалып әл-әзер жүр.
Құландының басында жаңадан құрылған балық аулайтын "Артель" деген бар екен. Оның басқарушылары – білетін жұрт "переселен– көшпенділер" дейтін, жер аударылып келген қаба сақал сары орыстар.
Артельдің басы-қасында жүрген переселен орыстар күйсіз емес сияқты. Балық аулау, басқа да жұмыстарына жергілікті қазақтарды салады. "Олардың істегендеріне қарай ай сайын түрлі азық-түлік беріп тұрады. Бұл да болса өлмеуге – сеп.
Әкем Досалы сол кезде қатты науқас еді, ауыр жұмысқа жарамайды. Орыстардың жағатын отындары кәдімгі қамыс екен. Ілмиіп жүрсе де шешем Нәзира таңертеңнен сүйретіліп кетіп, кешке дейін қамыс шабады. Шабылған қамысты апарып орыстарға өткізіп, олардан шамалы ұн, жарма әкеледі. Сол жұмысымен отбасымыздың аштан өлмеуіне әрекет етіп жүрді.
Адам айтқысыз, сондай ауыр күндер болды ғой. Аш адамның қандай болатынын басымыздан өткердік қой. Шешем Нәзира жеркепенің бір бұрышында бүкшиіп отырып қарлыққан қалжыраңқы үнмен:
– Орыстардың берген нанын алмаймын. Оның орнына шикі азық-түлік сұрап аламын. Өйткені нан берсе, үйге жеткенше көзім қарауытып шыдамай жеп қоярмын деп қатты қорқамын,– дейтін дірілдеп.
Ауру меңдеген әке мен жүдеп-жадаған балалардың қамын ойлаған шешем переселен орыстардың ішкен-жегендерінің қалдықтарын төккен қоқыстан балық қабыршақтарын, сүйектерін, шоғалдарын теріп әкеліп, оны қуырып, онан соң қол диірменнің тасынан өткізіп, талқан, быламық қылып береді.
Жоқшылық пен аштықтың ажал аузы талай-талай шаңырақтың түгін қалдырмай жалмады ғой. 1931-1932 жылдың ішектей созылған ұзақ қысында бір біздің үйдің өзінен ғана Сражадин, Айман,  Қален атты үш бірдей бала аштан өлді. Ары қарай тіршілік етудің мүмкіншілігі тарыла түсті. "Әйел адам қырық шырақты болады" деген шын екен, тарамысына ілініп жүрсе де қайратты шешем Нәзира 1932 жылдың маусым айында балаларынан тірі қалған жалғызы – мені соңына ілестіріп, пароходпен Аралға келіп түстік. Бұл жерде көп аялдамай, Ақтөбе облысының Зайсан деген станциясына жақын жерде жаңа ұйымдасқан "Ұшқын" деген колхоздың қой фермасындағы бір жақын жекжаттарымызға паналап бардық. Бұл жерде аштан өлмей тіршілік кешетіндей аздап жағдай бар екен. Хабар тиген соң, Құландыдан әжем мен әкем де осында жетіп, 1932-1933 жылдардың қыстарын лаждап өткіздік те, ит тырбаңмен тіршілігіміз жалғасып жатты...
Аштық кейбіреулерді жыртқыш аңнан бетер қылып жіберді ғой. Әкем Досалының жалғыз інісі Өтеулі он бес жаста еді. Сол ағамыз Өтеулі және Серікбай деген туыс кісі, оның әйелі, үш жасар баласымен Құландының Төбебұлақ деген жерінен 1933 жылдың қараша айында бір түйеге мінгесіп, Шалқарға қарай келе жатқанда, жол торып, кісі тонап қарақшылық жасап жүрген төрт ағайынды Ешмахановтар дегендер Алақозы деген жердің тұсында жаңағы туыстарымызды бауыздап өлтіріп, бір шұңқырға тастап кеткен.
Бұл қанішерлер көп ұзамай ұсталып, екеуіне ату жазасы беріледі де, екеуін ұзақ мерзімге соттайды. Олар да елге қайтқан жоқ...".
Осыдан тура 20 жыл бұрын жазылған ұзақ хатта басқа да жайлар жазылғанмен де, өткен ғасырдың 30-жылдарының басында қазақ халқына нәубет болып, қынадай қырған аштық уақытының бір үзік суреттерін оқып, іші-бауырымыз ұнырап, көкірегімізге бір ащы ыза мен нала толтырғандай болды.
Біздің ұрпақ халқымыз бастан өткерген аштықты көрген жоқ. Алайда аласапыранды, аламағайып ауыр замандарды бастарынан кешкен, тән мен жан азабын өлшеусіз  тартқан ата-әжелеріміздің күңірене айтып отырғандарын естіп өстік. Кеңес өкіметінің арнайы ұйымдастырған, қолдан жасалған аштықтың қандай болғанын осылайша шет жағалап құлағымыз шалғаны бар. Өйткені ол уақыттарда аштық тақырыбын жаздырмайтын, жасырып ұстайтын.
"Өзен жағалағанның өзегі талмайды", "Бізді өлтірмейтін үш торта" дегенмен де, теңіз жағалауындағы жұрттың бастарынан қандай шақтар өткенін біліп отырмыз. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев жақында "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында ашаршылық мәселесі зерттеліп, мемлекет тарапынан баға берілуі керек екендігін айтқан еді. Тарихшы ғалымдарымыз айғақтағандай, 1931, 1932, 1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық құрбандарының саны 2 миллион 300 мың делінеді, ал 1 миллион қазақ шетелдерге босып кеткен. Ел тарихындағы қысталаң кездерді  кейінгі ұрпақ білуі керек. Аштық құрбандарын еске ала отырып, егемен еліміздің бүгінгі жетістіктеріне марқаямыз. Ондай зұлматтар ешқашан қайталанбаса екен деп, тәубе етеміз.

Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
28 наурыз 2021 ж. 1 197 0