Музыка – бір өзгеше әлем

– Сіздің өз уақытында Қазанғап атындағы ұлт аспаптар оркестрінде домбырашы болғаныңызды біліп отырмыз. Жалпы музыка әлеміне келуіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Мен Қапанова (Сейілова) Қадиша 1955 жылы ақпан айында Арал қаласында дүниеге келіппін. Әкем, анам қарапайым жандар болды. Олардың музыканы жақсы көретінін білемін. Әсіресе әкем мандолина, домбыраны жақсы тартатын еді. Ал енді көңілдері көтеріңкі бір сәттерінде екеуі қосылып ән де айтатын. Бірақ ондай сәттер өте сирек болыпты. Жұмыстан екеуі де шаршап келетін. Сондықтан да домбыра тартып, ән айтуға мұршалары келмей жататын. Иә, олар қиын кезеңдерде өмір сүрді. Соғыстың сұрапылын бастан өткерді, одан кейінгі бейбіт заманның ауыр тіршілігін кешті.
Музыкаға деген әуестігім жас кезімнен басталған. Бір күні анам тоғыз пернеден тұратын, қолдан жасаған домбыра сатып әкеліп берді. Білемін, осы күнгі Мәмедова көшесінде Шымбай деген кісі қолдан кішкентай бақыраш сияқты етіп домбыра жасауды кәсіп ететін. Бес сом тұратын сол домбыраны бір-екі рет сатып алдық. Содан ертелі-кеш әурелегенім сол домбыра болды. Талаптың арқасы ма, әйтеуір жүргізіп тартатын дәрежеге жеттім. Өзім оқитын №13 Т.Шевченко атындағы мектепте 9-10-сыныпта оқып жүргенімде кештерде, жиындарда домбырамен жеңіл күйлер тартып жүрдім. Мектепте жақсы оқыдым. Тіпті сол үшін пединститутқа жолдама да берген. Сол кездегі отбасымның жағдайына қарайлап, өмірлік жолымды еңбек етуден бастауды жөн көрдім. Азды-көпті өнерімді көрген аудандық Мәдениет үйі мені жұмысқа қабылдады. Рас, ол кезде домбыраны ойнауым біраз жетіліп қалған. Осында жүріп күйлердің жүйесін үйрендім, күй өнеріне деген құлшынысым артты. Содан Қазанғап атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бір мүшесі болдым. Өнер ордасында болғандықтан да, ел аралап, жер көріп, түрлі мамандық иелерінің жұмыс барысымен танысып, үлкенді-кішілі адамдармен араласып, өмірлік тәжірибе жинадым.
1973 жылы Қызылордадағы М.Мәмедова атындағы педучилищеге оқуға түстім. Мұнда да училищенің көркемөнерпаздар үйірмесіне кіріп, түрлі концерттерге қатыстым. Бірнеше адамдардан құралған үгіт поезымен күрішшілерге барып, өнер көрсетіп жүрдік сабақ арасында. Оқудағы үлгірімім де жақсы болды.

– 1974 жылы бірінші курстан соң жазғы каникулға келгенімде Аралдың Қазанғап атындағы ұлт аспаптар оркестрі Мәскеуге барады екен деген хабар шығып жатқан. Облыс бойынша Мәскеуге баруға сенім білдіріліпті. Сол концертке мұндағылар қызу дайындық үстінде екен. Бір күні аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Құдайберген Жасекенов шақырып алып: «Қызым-ау, үйде бос жатып не істейсің? Оркестрге отырып, көмегіңді бер. Мәскеуге бару екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейді. Қаншама жер көріп саяхаттап қайтасың» деп өтініш айтты. Мен келістім.
Содан күн-түн демей дайындалып, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне жол тарттық. Бұл үлкен шара еді. Көрермендер алдында концертіміз өте жақсы деңгейде өтті. Ертеңіне біздерді одақтық радио хабар тарату орталығы шақырды. Солардың студиясына оркестрдің өнерін жазып алды. Ертеден кешке дейін студияда жүріп, әуелі репетиция жасап, қате жерлерін қайта ойнап, көп сабылдық. Дегенмен бәрі сәтті шықты. Кейде осы күні ойлаймын, мүмкін іздеген адамға сол жазылған шығармаларымызды табуға да болатын шығар деп.
Үлкен қала Мәскеуді армансыз араладық. Қаланың белгілі-белгілі жерлерін көрдік.
Педучилищенің музыка бөлімінде оқып, түрлі концерттерде көзге көрінгендіктен де, осындағы мұғалімдер мен студенттерден құралған «Нұргүл» ансамбліне мені де шақырды. 1976 жылы «Халықтық ансамбль» атағын алғаннан кейін Еуропа төріндегі ГДР еліне гастрольдік сапармен шықты. Кешегі соғыста әкелеріміз қан төккен неміс жерінде болдық. Осы елде он алты күн концерт бердік. Тұтқындарды азаптаған концлагерьдің орнындағы белгідегі ескерткіш тасты көріп қатты толқыдық. Бұл да ерекше сапар болды.
– Сіз өнер жолыңызды домбырашы болып бастағаныңызбен де, кейін ел-жұрт ғажайып қобызшы деп біледі және де қобыз сіздің кейінгі өміріңіздің мәніне айналғаны рас қой...
– Педучилищеде оқып жүргенімде домбыраны бір адамдай ойнасам да, өзім қатты қызығып қобыз аспабын игердім. Қобызда ойнау бірден баурап алды, киелі аспап қой. Жан-тәніммен осыған берілдім. Алайда ол кезде қобыздан мұғалімдер өте тапшы еді. Мамандар жоққа таяу. Қобыздан сабақ беретін мұғалімнің Шымкенттен уақытша келіп, бір семестр үйреткені бар. 3-4 айдан кейін ол апай Шымкентіне қайтып кеткен. Кейін әркім сабақ берді. Бірақ арман қарай өздігімнен көп ізденіп, аспапты ойнауымды жетілдіре бердім. Училищені бітіргенімде білім мен өнердегі жақсы көрсеткіштерім үшін мені осында жұмыс істеуге алып қалды. Сөйтіп қобыз менің негізгі мамандығым болды, өмірімнің мәніне айналды. Енді студенттерге өзім сабақ бердім. Жоғарғы білім алу үшін Қорқыт Ата атындағы пединститутқа түсіп, 1983-1988 жылдары оқып шықтым. Бұл оқу орнын да өте жақсы бітіріп, қызыл диплом иесі атандым. Сол жылдары педучилищенің музыка бөлімі жабылып қалды да, жолдамамен музыка мектебіне мұғалім болып бардым.
Қобызды киелі дедік қой. Түсімде Қорқыт бабамның батасын алғаным да бар. Тіпті осы күндері көптен қарамай, қара қобызымды ұстамай кетсем, түсіме кіреді. Қобдишаның ішінде тұрған қобызым қиналып, отта жанып жатқан ағаштай шытырлаған дыбыстар шығарады. Содан тұрып, қиналған қобызымды алып, бетін сипап, кешірім сұрап жатамын. Қазір зейнеткер болғандықтан да қобызды қойып кеткенім рас. Дегенмен әлгіндей жағдайлардан кейін кей жерлерге қобызымды алып, апарып, ойнайтын болып жүрмін. «Домбыра сыршыл, қобыз мұңшыл» дейді ғой. Әйтеуір қобызым ой-санама қатты әсер етеді.
– Жас кезіңізден Аралдың танымал өнер тарландарының арасында болдыңыз...
– Иә, оркестр сапында жүріп Мәдениет үйінде қызмет істеген аз уақытта көп адамдармен араласқаным бар. Соның ішінде әсіресе атақты «Аралым айдын шалқарым» атты терменің авторы Әбілхан Махановты айтар едім. Ол кезде зейнеткерлікке шыққан болатын. Өзі Мәдениет үйі жанындағы екі қабатты үйде тұратын. Өнеріне де, өнер туралы айтқан әңгімелеріне де қызығамыз. Мен сол кезде терме де үйренгім келген. Сөйтсем күй тартудың қағысы, мәнері термеден бөлек екен. Қанша үйренсем де терменің иірімдерін қағыспен келтіре алмадым. Өткен іске өкінбе дейді ғой. Сонда да Әбілхан аға жанымызда жүргенде сол кісіге «мені де үйретші» деп айтып, жанына үйірсектемеппін. Ал кейін, білеміз, ол көптеген термешілерді дайындап шығарды ғой. Рысбек Әшімов, Сұраған Мырзаев, Бекұзақ Тәңірбергеновтің өнерін жолға салып отырды. Осындай керемет өнер адамынан әдейілеп тәлім алмай, уақытымды өткізіп алдым. Мен үшін музыка - өзгеше бір әлем. Осы әлемге, әрине, қанша талабың болса да, тәлімгерсіз кіре алмайсың. Ал ол нағыз ұстаз еді ғой.
Тағы бір талантты жас Темірхан Ерғалиевті айтқым келеді. Ол да Мәдениет үйінде қызмет істеді. Оркестрмен де, домбырамен де ән айтатын. Содан көзге түсіп жүрген екеуімізді мәдениет бөлімінің басшылары шақырып алып: «Қызылордаға конкурсқа барасыңдар» деді. Мақсатын түсіндіріп айтпады. Сөйтіп Қызылордаға келсек, Алматыдағы эстрада студиясының Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбына қабылдайтын конкурс екен. Мен Ғарифолланың «Гурьев» және халық әні «Бір келіншекті» орындадым. Сөйтіп нәтижесін күттік. Жақсы өнер көрсеткен болармыз, екеуіміз де өтіп кеттік. Сонан Темірхан: «Бірге Алматыға барайық, оқиық» деп көп айтты. Бірақ мен «Әнші болмаймын» деп бармай қалдым. Темірхан сол студияны, ұлы әншінің сыныбын бітіріп шықты, филормонияның әншісі болды, аты дүркіреп елге танылды...
Менің өнерім өмірдегі жан жарамды да табуға себеп болды. Болатбек Қапанов Алматыдағы политехникалық инстутты бітіріп, Арал энергопойызында қызмет істеп жүрген. Өзі керемет домбырашы. Оркестрде бірге ойнадық, бірге ән салдық. Болатбек энергетика саласында Құмкөл кенішінің шамшырақтары жаққан мықты маман, «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» атағын да алды. Кейініректе тойларда екеуміз екі домбырамен өлең айтып жүрдік. 2015 жылы дүниеден өтті. Ал қыздарым Жанар, Анар. Дана әр түрлі салада еңбек етеді, немерелерім бар... Бәрі де әжесінің қобыз тартқанын жақсы көріп, ұйып тыңдайды
– Киелі өнеріңіз туралы берген сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Ерғали Абдулла
Фото: автордан